Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 01 Қазан, 2010

Аймақтық орталық ақпаратпен қамтамасыз етпек

Бүгінде аймағымызда шағын және орта бизнесті көркейту мақсатында тың істер қолға алынып жатқаны мәлім. Таяуда Павлодар қаласында республикамызда тұңғыш рет аймақтық кәсіпкерлікті қолдау орталығы салтанатты түрде ашылды. Аталмыш нысанды құру жөніндегі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының бастамасын С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті қолдаған екен.

Мамандардың айтуынша, Кәсіпкерлікті қолдау орталығын ашу идеясы бірден туындай қойған жоқ. Бұған дейін біз бұл мекеменің еліміздің әр түкіпірінде бизнесмендер үшін кеңес беретін курстар ұйымдастырғанынан хабардармыз. Осы оқытулардың нәтижесін сараптай келе «Даму» қоры бұдан былай арнайы орталық ашуды тиімді деген ұйғарымға келген.

Кәсіпкерлікті дамыту қорының мақсаты айқын. Кәсіпкерлерге ақпараттық және консалтингтік қызметтер ұсынады. Сондай-ақ халық арасында кәсіпкерлік ісін белсенді ету және аймақта бизнес саласын дамыту көзделеді. «Бизнес-кеңесші» атты  бағдарлама шеңберінде жүргізілген маркетингтік зерттеу нәтижесінде арнайы орталықтың тиімділігі қажет деген пікір басым болған.

Білікті мамандар кәсіпкерлерге сыртқы нарықта бизнесті жүргізудің қыр-сырын да үйрететін көрінеді. Олардың пікірінше, түрлі тренинг дәрістер осыған дейін өз ісін бастап үлгерген тәжірибелі бизнесмендер үшін де пайдалы. Орталық сонымен бірге аймақтағы тауар жеткізуші кәсіпорындар мен тұтынушылар жайлы кең мәлімет беретін ақпараттық базаны да қалыптастыруға мүдделі.

Жаңадан ашылған кәсіпкерлікті қолдау орталығының тағы бір тиімді тұсы бар. Ол ұсынылатын қызметтерге деген қолжетімділік. Бұған дейін елімізде ақпараттық-консалтингтік қызметтерге деген сұраныстың өсе түскені байқалды. Осыны аңдаған коммерциялық мекемелер бағаны да арттыра түсті. Бүгінде еліміздегі қаржылай емес қолдау көрсететін бизнес-орталықтар, технопарктер, бизнес-инкубаторлар, бизнес-қаумыдастықтар – барлығы қызметтерін коммерциялық негізде ұсынады. Басқаша айтқанда ақыл-кеңестері үшін аз ақша алмайды. Алайда қымбаттығына қарамастан ааталғна ұйымдардың қызметтері сапалы деуге келмейді. Бірақ ақпараттық кеңеске мұқтаждықты сезінген кәсіпкерлер үшін әлгіндей мекемелердің табалдырықтарын аттаудан басқа амал болмады. Ендігі жерде кәсіпкерлер үшін оңтайлы мүмкіндік туып отыр. Аймақтық орталықтың құрылуы тек ақпаратпен ғана қамтамасыз етіп қоймай, кәсіпкерлік пен мемлекеттің өзара диалогын қалыптастыруға да жол ашады. Айтпақшы, «Даму» қоры арнайы орталықты аудандарда да ашуды жоспарлап қойған.

Еркін ЕРТІСБАЕВ,

Павлодар облысы.

718 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз