Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 01 Қазан, 2010

Н.Назарбаев: Өңірлік интеграциялану – дамудың аса маңызды шарты

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауында мынадай сөздер айтылған: «Болашаққа белгіленген орасан зор міндеттерді ұйыстырушы ұлттық стратегиясыз орындау мүмкін емес. Егер біз табысқа жеткіміз келсе, онда мына төрт қағидатты басшылыққа алуға міндеттіміз: Біріншіден, біздің ең басты құндылығымыз – ол Отанымыз, Тәуелсіз Қазақстан! Екіншіден, мемлекет және оның әрбір азаматы қай жерде де қоғамның тұрақтылығы мен елдің әл-ауқатына кері әсерін тигізуі мүмкін  кез келген қадамға бармауы тиіс. Үшіншіден, экономикалық өрлеу – әрқайсымызға қатысты бүкілхалықтық іс. Бұл – қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешудің және баршамызды табысқа бастаудың кілті. Төртіншіден, өңірлік және әлемдік нарықпен интеграциялану – дамудың аса маңызды шарты».

     Өңірлік нарықпен интеграциялану осы өзіміздің Орталық Азия өңірінде қауіпсіздік жағдайының қалыптасуын қажет етеді. Бұл шарт үстіміздегі жылғы көктемде және жаздың басында көрші Қырғызстанда болған бүлікті оқиғалардан кейін әсіресе көп маңызға ие болып отыр. Осы жағдайда ресми Астана жай ғана сырттан бақылаушы ретінде қарап қана қалған жоқ. Еліміздің басшылығы түрік басшылығымен бірлесе отырып Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыруға арналған ортақ шараларды дайындау туралы шешім қабылдады. Бұл мәселеге түркітілдес мемлекеттер басшыларының 10-саммитінде де тиісінше назар аударылды. Онда өңірлік бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, экономикалық ынтымақтастықты арттыру, Қырғызстандағы ахуалды тұрақтандыру тақырыптары нақты түрде талқыланды.

     Мәселенің осылайша қойылуынан туындайтын қорытынды мынадай болса керек. Өңірде экономикалық ынтымақтастықты арттыру мақсатын орындау өңірлік бейбітшілік пен қауіпсіздіктің сақталуын қамтамасыз ету мақсатын қатар алып жүруді қажет етеді.

     Тарихта бәрі де айналып келіп, қайталана береді деген түсінік бар. Сол сияқты қазір, мiне, өңіріміз қайтадан әлемнiң ең қуатты күштерiнiң додасына түстi. Осы жағдай әрi қарай қалайша дамымақ? Бұл сұрақтың жауабын болжау үшiн аймақтағы көршi елдерде не болып жатқанын танып бiлуге талпыныс жасаған жөн.

     Бізге ең жақыны және ең жақсы танысы – сол баяғы қырғыз елі. Ондағы әлеуметтік-экономикалық жағдай өте нашар Осы фактор ақыр аяғында саяси тұраксыздықты тудырып қана қоймай, соның ушығып барып төнкерiске ұласуына мұрындық болды. Қырғызстанның өз қолының қайтадан өз аузына жеткенi ешкiмге де бас қатырар мәселе емес. Оның ең жанашыр деген серiктестерiнiң де ойлайтыны - өз қамы. Бұлардың iшiнде жақын және тағдырлас көршiлерi Қазақстан мен Өзбекстан да бар. Ол елдің мемлекет ретінде сақталып қалуы үшін ең алдымен көршілер тарапынан қолдау көрсетілуі қажет.

     Ал енді «өз ағамыз» дейтін өзбек еліне келейік. Өзбекстанның жалпы саясаты да, экономикалық саясаты да кеудесiн ешкiмге басқызғысы келмеу ниетiне негiзделген. Қалай дегенде де, экономикалық реформалар жүргiзу тұрғысынан қарағанда өзбек елі Қазақстаннан әлдеқайда артта қалды. Оларды ақырындап, бiрте-бiрте жүргiзу әдiсi құрылымдық (структуралық) өзгерiстердiң кешеуілдеп қалуына әкелiп соқтырды да, кейiнгi кезеңде экономиканы үлкен қиындықтарға ұшыратты. Бірақ Өзбекстанның сыртқы қарызы Қазақстандыкiнен әлдеқайда аз.

     Қазақ «төр ағам»  дейтін түрікпен еліне келетін болсақ, айтар әңгіме көп болмайды. Түрікпенстан экономикасының бар салмағы мұнай-газ бен мақтаға негiзделген. 1991–1998 жылдар аралығында оның көрсеткiштерi төмендеумен болды. 1997 жылы, мәселен, экономикалық көрсеткiш бiрден 25,9 пайызға кұлдырап кеттi. Оған Ресейдiң «Газпромының» түрікпен газын баға айтысына бола өз кұбырына жiбермей қоюы себепшi болған едi. Қалай дегенде де, түрікпен газы үшiн Ресейден басқа әлемдiк рынокқа барар жол өткен жылғы желтоқсан айында Түрікпенстан-Қытай газ құбыры ашылғанға дейін жоқ болды. Бұл рас. Бiрақ Ресейге жетпес бұрын да, Қытайға жетпес бұрын да түрікпен газы алдымен Қазақстанның үстімен өтуге тиiс. Сондықтан Түрікпенстан газының сыртқа көбiрек сатылғанынан Қазақстан тек ұтқанның үстiне ұта түспек.

     Бiрақ бұл жағдайда Түрікпенстан басқа мүмкіндіктерді де қарастырып жатыр. Оның басшылығы оңтүстік бағытта Ауғанстан арқылы Үнді мұхитына қарай жаңа үлкен газ құбырын салғысы келеді. Бірақ бұл талпыныстан не шығары әзірше белгісіз болып тұр.

  

 

Сәуле САМАТҚЫЗЫ

1103 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз