Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 13 Сәуір, 2017

Жаңа әліпби қазақтың түркі әлеміндегі жетекші орнын нығайта түседі - Дархан Қыдырәлі

Жаңа қаріп қашанда жаңарған елдің нышаны ретінде көнені келмеске кетіріп, ойды отарсыздандырады, сананы сілкіндіреді, жадыны жаңғыртады, мәдени тұтастықты орнықтырады, ұлттың қуатын арттырып, оның ақпарат кеңістігін дербестікке жетелейді. Бұл тұрғыдан алғанда әліпби өзгерту ісі - өз қалауымен астана ауыстыру сияқты тарихи маңызы зор мәселе.

Бұл кеше «Егемен Қазақстан» га­зетінде жарық көрген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты аса маңызды бағдарламалық мақаласына орай жазған Дархан Қыдырәлінің пікірі.

 «Әлмисақтан ұлттың ұлт екенін анықтайтын ең басты белгілерінің бірі әрі оның бірегей ұлттық қасиетін сақтайтын негізгі тірегі, мәңгілік құндылығы тілі мен әліпбиі екені әмбеге аян. Ел руханияты мен мәдениетіне айрықша жанашырлықпен қарайтын Қазақстан Президенті мақалада Мәңгілік Ел болу үшін ұлтымыздың осы екі тірегі де мәңгілік болуы шарт екенін тайға таңба басқандай айқындай отырып, латын әліпбиіне көшудің мән-маңызын дәлелді түйіндермен дәйектеп берген», - деп жазады Д. Қыдырәлі.

Оның айтуынша, әліпби тек мәдениеттің өлшемі, өркениеттің белгісі ғана емес, ол - ұлттың таңбасы, елдіктің айшығы, мемлекеттің тәуелсіздігі мен тұтастығын айқындайтын символдардың бірі. Бұл тұрғыдан алғанда таңба таңдау - өркениет жолын да таңдау деген мағына береді. Сондықтан, таңбасын өзгерту, әліпбиді алмастыру туралы қабылдаған шешімі арқылы Елбасы қазақ елінің тәуелсіздігін бекемдейтін, тұтастығын нығайтатын, Мәңгілік Ел мұратын тұғырлы ететін тарихи таңдауын жасады деген ойын жеткізеді.

Автор мың жылдан астам уақыт араб әліпбиін қолданған халқымыз орасан зор мәдениет қалыптастырғанын жазады. Ал төңкеріс арқылы билік басына келген большевиктер де жаңа кеңес адамын қалыптастыру үшін әуелі латын, артынша кирилл графикасын енгізді. Жаңа әліпби жасалғанда қазақ тілінің қағидаттары ескерілген жоқ, тіпті оған мүлдем қолданылмайтын таңбалар енгізілді. Оның айтуынша, тілді бұзу, оның заңдылықтарын өзгерту негізінен әліпби арқылы жүргізілген.

«Кеңестік кезеңде терминологияда қазақ тіліне өзге тілдерден енген сөздерді ұлттық қалыпқа сәйкестендіру, ал орыс тілінен енген сөздерді сол қалпында қабылдау туралы арнайы шешім болған. Сондықтан, 70 жылда қалыптасқан терминдер арқылы кеңестік кеңістік қалыптасты. Соның нәтижесінде қазақ халқы өзінің сөйлеу мәнерінен жаңылды. Батыстан енген терминдерді кириллица арқылы қабылдап, түпнұсқадан алшақтай түсті. Бұл үрдіс әлі де жалғасып келеді», - дейді Дархан Қыдырәлі.

«Тарихи таңдау» мақаласында жазылғандай, қазіргі қолданыстағы әліпби жазуды, сол арқылы қоғамдық сананы үшке жарып тұрғаны жасырын емес. Соның салдарынан төлқұжаттағы аты-жөніміз, тіпті ұлтымыз бен ұлысымыздың аттары да үш түрлі жазылып жүр. «Мысалы, Қазақстан, Казахстан және соның транскрипциясы негізінде Kazakhstan деп жазамыз. Латын қарпіне көшкен жағдайда мұны Qazaqstan деп тілдік ерекшелігімізді сақтай отырып, бірақ сөзбен жазуға мүмкіндік аламыз» дейді автор.

«Әліпби алмастыру арқылы біз қосамжар орфографиядан құтылып қана қоймаймыз, шет тілдерінен енген сөздерді де ұлттық ерекшеліктерге икемдей аламыз. Латын қарпін қазақ емлесі арқылы қабылдау арқылы бұл мәселе бір ізге түседі», дедйді Д. Қыдырәлі. Сонымен қатар, автордық пікірінше, кезінде кириллицаның әрбір түркі халқы үшін бөлек-бөлек жасалғандықтан, жаңа әліпби арқылы Қазақстандағы тамырлас халықтардың да қазақ тіліне жақындығы арта түседі. Бұл қазақ тілінің халықаралық деңгейде қолданылуына, бәлкім болашақта түркі тілдерінің тірегі болуына да жол ашуы мүмкін.

 «Латын әліпбиінің түбі бір туыс елдермен өзара байланысты арттырудың да бір жолы екені анық. Сондықтан, Қазақстанның әліпбиі болашақта оның қара шаңырақ ретінде түркі әлеміндегі жетекшілік орнын одан әрі нығайта түседі деген ойдамыз», - деп түйді ойын Дархан Қыдырәлі.

ҚазАқпарат  агенттігі

1327 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз