Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 09 Сәуір, 2017

Алаш қозғалысы – ұлт-азаттық қозғалыс

2017 жылдың 6 сәуірінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих, археология және этнология факультетінде «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің 100 жылдығына орай «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢА ЖАҺАНДЫҚ ЖАҢҒЫРУЫ: «АЛАШ» ЖӘНЕ «МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯЛАРЫ» атты IV халықаралық ғылыми-теориялық және әдістемелік конференция болып өтті. Конференцияны тарих, археология және этнология факуль­тетінің деканы, доцент М.С. Ноғайбаева ашып, «Алаштың 100 жылдығы» мерейтойының ұлт үшін, халық үшін, ұлттың болашағы, руханияты үшін орны ерекше екендігін атап өтті. Сонымен бірге, ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтановтың: «Үстіміздегі 2017 жыл қазақ елі үшін есте қаларлықтай әрі тарихи, әрі мерейлі жыл болып отыр. Осыдан тура 100 жыл бұрын, яғни 1917 жылы қазақ зиялы қауым өкілдерінің демократиялық бағыттағы күші тұңғыш рет Орынбор қаласында қазақ елінің болашағына арналған жалпы съезд өтті. Өкінішке орай, Алаш азаматтарының арман-мақсаттары сол кездегі тарихи жағдайларға байланысты жүзеге аспай қалды. Бірақ та асыл азаматтардың іс-әрекеттері мен рухани еңбектері ел есінен ұмытылмады. Қазақ зиялыларының 100 жыл бұрынғы армандары бүгінгі таңда жүзеге асты деп айта аламын» деген құттықтауын жеткізді.

  «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары, қоғам қайраткері, жазушы Қазыбек Иса құттықтау сөз сөйлеп, «Ақ жол» партиясының Алаш қайраткерлерін зерттеудегі атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып, барша қауымды «Алашорданың» 100 жылдығымен құттықтады.

Пленарлық мәжіліске қатысқандар: ҚР ҰҒА корр.-мүшесі, Абай атындағы ҚазҰПУ академик Т.С. Садықов атындағы Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Қойгелдиев Мәмбет Құлжабайұлы, т.ғ.д., профессор, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корр.-мүшесі, т.ғ.д., профессор Әбжанов  Хангелді Махмұтұлы, Аль-Азхар университетінің қауымдастырылған профессоры, Египет Араб Республикасы Ахмад Али Хасан Махмуд, Аль-Азхар университетінің қауымдастырылған профессоры, Египет Араб Республикасы ҚР ҰҒА құрметті академигі, Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерделеудің республикалық ғылыми-зерттеу орталығының директоры, т.ғ.д., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Омарбеков Талас Омарбекұлы, т.ғ.д., Халықаралық бизнес университетінің профессоры Абдиров Мұрат Жеткергенұлы, Халықаралық түрік әлемі мәдениет қорының стратегиялық  зерттеулер комитетінің төрағасы, ф.ғ.д., профессор Ислам Жеменей, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология, әдебиет және әлем тілдері факультетінің деканы, филол.ғ.д., профессор Әбдиманұлы Өмірхан, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Мұқаметханұлы Нәбижан, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Султангалиева Гульмира Салимжановна, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих, археология және этнология факультетінің деканы, т.ғ.к., доцент Ноғайбаева Меңдігүл Сағатқызы, ҚР ҰҒА корр.-мүшесі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Кәрібаев Берекет Бақытжанұлы.

         Пленарлық мәжілісте Алаш қозғалысының құрылу тарихымен қатар, Алаш қайраткерлерінің атқарған істері мен қызметі, тарихи тағдыры, қазақ елінің дамуына қосқан үлестері сөз болды. Алаш қозғалысына байланысты көптеген өзекті мәселелер талқыланып, ұсыныстар жасалды.

          Жиын барысында «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға 80 жыл» медалі Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корр.-мүшесі, т.ғ.д., профессор, ҚазҰУ-дың тарих факультетінің  даңқты түлектерінің бірі Әбжанов  Хангелді Махмұтұлына табыс етілді.

Жиында М.Қойгелдиев Алаш қозғалысына қатысты көптеген тың мәліметтер айтып: «Сталин қазақ қайраткерлерінің Қазақстанды басқара алатынын жақсы білді. Бірақ оларды басшылыққа жібермеді. Неге жібермеді? Ондағы мақсат Қазақстанға байланысты.

Алаш қайраткерлері ешқандай ұлтшыл емес. Олар ұлттың езілмеуі үшін жанын берген ұлт-азаттық қозғалыстың қайраткерлері еді, ұлт-азаттық қозғалыстың белсенділері еді. Алаш, Алашорда терминдері аз. Алаш қозғалысы – ұлт-азаттық қозғалыс», – деп Алаш қозғалысының – ұлт-азаттық қозғалыс екендігін көрсетіп, ерекше баяндама жасады.

        Ал, Ислам Жеменей: «Алаштықтар ұлттық мемлекетті қалыптастырды. «Алаш» партиясы ұлттық сананың шыңына жеткен» – деп, алаш қайраткерлерінің ұлт бостандығы жолындағы атқарған жанкешті еңбектеріне тоқталды.

          Талас Омарбеков өз баяндамасында Қазан төңкерісі кезіндегі Алаш қайраткерлерінің қызметіне баса назар аударып: «Ресейде Қазан төңкерісінің түкке керегі жоқ еді. 1917 жылы патша өкіметін тақтан түсіруді қолға алды. Қазан төңкерісі кездейсоқ болған. Және ол автономиялық қозғалысқа жол ашқан. Қазақ интеллигенциясы қандай  мүмкіндіктерді пайдалана алмай қалды? Оның себебін М.Шоқай көрсеткен болатын» – деп Алаш зиялылары туралы тың мәліметтер беріп, Алаш қозғалысының алар орнын көрсетті.

Жиынға шетелден келген қонақтар да қатысты. Египет Араб Республикасының, Аль-Азхар университетінің қауымдастырылған профессорлары Ахмад Али Хасан Махмуд, Мадих Абдулла Абделжауад Хасан пленарлық мәжілісте баяндамаларын шығыс ғалымына деген құрметіне арналған сөздерден бастады. Ахмад али хасан: «Бұл Әбу Насыр әл-Фарабидың тұлғалығы оның  білімі, оның ойшылдығының арқасында тек қана осы Орта Азия мен Араб елдері арасында ғана емес, Еуропамен де байланысып жатқан ұлы тұлға», – деп баға берді.

Пленарлық мәжіліске қатысқан қазақстандық және шетелдік ғалымдар Алаш қайраткерлерінің ұлт бостандығы жолындағы еңбектерін жан-жақты талдап көрсетті. Сонымен бірге, Алаш тарихындағы әлі де шешімін таппаған өзекті мәселелерді көтерді.

Алаш арыстары ұлт мүддесі жолында күресіп, еліміздің азаттығы жолында өздерін құрбан еткен болатын. Олардың  отарлау саясатына қарсы күресі мен ұлт бостандығы жолындағы жанкешті еңбектерін терең де түбегейлі зерттеу қазіргі күннің, бүгінгі жастарымыздың еншісінде. ХХ ғасыр басында өмір сүрген Алаш зиялыларының ұлт мүддесі жолындағы атқарған қызметтерінің қай қырын алсақ та бүгінгі ұрпаққа үлгі, өнеге.

Бүгінде Алаш қайраткерлері армандаған азаттыққа қол жеткізіп, көптеген жетістікке жетудеміз. Сондықтан да Алаш зиялыларының жасампаз ұлы істері мен ғибратты мұраларынан әрбір жас тағылым алып, тәуелсіздігіміздің мәнін сезініп, баянды болашақ үшін еңбек етуі керек!

Лесханқызы Балнұр

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің

тарих, археология және этнология факультетінің

1-курс магистранты

 

2396 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз