Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 25 Қаңтар, 2011

Алматы, «Ақиқат» журналына Өтеген Оралбаев Тәуелсіздік және қазақ жырының рухы

Бүгінгі тәуелсіздігімізге жету үшін тарих алдында ұзақ жол кешкен қазақ даласы осы кезеңдерде 300-ден астам көтерілісті бастан кешті. Олар жан алып, жан беріскен ұлт-азаттық күрестері еді. Жеңер жерде жеңді, жеңілер жерінде, өкінішке орай, жеңілді. Қазақ жұртының қай қиырында да бас көтерген сол ұлт-азаттық дүрбелеңдер мен жорықтар, көтерілістер мен толқулар өз кезеңдерінде жыр-дастандар – поэзиялық шығармалар тудырды. Ол шығармаларда ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап келе жатқан азаттық пен бостандық жырланды. Азаттық жолындағы азаптық күрестер мен қан кешулер жыр-шежіреге түсті. Қаратаудың басынан көш құлатқан сол зарлы заманның мұң-шері халықтық жыр-дастандарға тиек болды, олар ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса жетіп отырды.Біздің бүгінгі поэзияны сараптап қарағанда, сол халықтық сарынның арғы даусы мен үні күні бүгінге дейін жетіп, кешегі желтоқсан көтерілісі кезінде шырқап, шығандап кеткені толық түсінікті. Азаттықтың рухына бөккен Алматы алаңындағы халықтық хор сонда «Менің Қазақстаным» болып шырқалды: Менің елім, менің елім, Гүлің болып егілемін, Жырың болып төгілемін, Елім, Туған жерім менің – Қазақстаным! Жиырмадан енді асқан Жұмекен Нәжімеденовтің осы өлеңі саз саңлағы Шәмші Қалдаяқовтың жан дүниесінен қуатты марш боп маздап шықты. Демек, қазақ даласы – менің Қазақстаным қай кезде де, қай ғасырда да азаттық пен еркіндікті аңсаған ақын жүректердің жыр жазар алып полотносы болды. Қадыр Мырза Әлидің: Уа, далам кеңдігіңе тамсандым көп, Айта алман бәрін жазып, тауса алдым деп. Сен алып пластинка дөңгеленген, Инең боп тұрады ылғи ән салғым кеп...- деп толғануы осыдан шыққан. Қазақ ақындары туған даламызды жырлау үшін ешқашан барын бүгіп қалмаған. Төңкерістен кейінгі дүниеге келген кеңесшіл жырлардың өзінде де осы рух, осы ұлттық мұрат социалистік реализмнің алуан бояуына малынып, бірде ашаң, бірде жасаң, бірде қасаң болып көрініп отырды. Бірақ, асыл жырлар, алтын шумақтар қай кезде де ақын қаламына ілігіп отырды. Мұндай мазмұнды жырлар бір ғана ақынның маңдайына емес, қазақ жырының таңдайына ұя салды: Уа, дариға, алтын бесік туған жер, Қадіріңді келсем білмей, кеше гөр! Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей, Ақын болмай, тасың болсам мен егер. Неткен байтақ, неткен ұлы жер едің, Нендей күйге жүрегімді бөледің?! Сенде тудым, сенде өстім мен, сенде өлсем, Арманым жоқ бұл дүниеде дер едім! Отты жырдың иесі Қасым Аманжолов 1946 жылы осылай деп жазды.[Жиырмасыншы ғасыр жырлайды, 1 том, 70-бет]. Бұл тамаша жырды оқыған адамның өзі ақынға айналып кеткендей әсерде болады. Туған жерін осылай сүю, туған жерін осылай құрметтеу тек қана асыл жүрек ақындарға ғана тән бақыт деген осы болар. Ақын еркін елін, өз Отанын осылайша шексіз махаббатпен сүйді, жанын да, қанын да арнады. Отан соғысының сұрапыл өртінен аман оралып, қазақ жырының антологиясына осындай тот баспас тамаша жырлар қалдырды Қасым ақын. Осы өлеңнің өн бойында да ақындық, азаматтық көңілмен өрілген азаттық идеясы жатыр. Зер салып қарасақ, ол сарын айқын сезіледі. Ақынның ақыннан айырмашылығы оның идеялық және тақырыптық ізденістеріне тікелей байланысты. Әдетте біз ақындарды жақсы ақын, орташа ақын немесе оқырманы жоқ ақын деп шартты түрде атағанда, оның поэзиясының қуаты мен күшін, көркемдік деңгейі мен тіл шеберлігін, тақырыптық аясының кеңдігі мен тарлығын, жырлап отырған тақырыбын ақындық биіктен толық игеруін, айтар ойы мен көзқарасының рухани деңгейін, азаматтық позициясының күшті-әлсіздігін, жеке басының қуанышы мен күйінішін жалпыға ортақ тұрғыда жеткізе алуын, поэзияның ең басты шарттары мен қағидаттары - өлеңінің мазмұны мен түр бірлігін, жазған жырының заман тынысын қалай жеткізгендігін, ақынның адамдық қасиетінің туындысында қалай көрінгендігін айтамыз. Ұйқасқанның бәрі өлең емесін кез-келген оқырман біледі. Өлең адамды тебірентуі, ойландыруы, толғандыруы, қуандырып, шаттандыруы, өзінің жүрек түкпіріндегі дірілмен үндес, сырлас, мұңдас, тілектес, жүректес келуі қажет. Тақырыбы кез-келген оқырманға ортақ болып көрініп, жырлап отырған мәселесі адамның көкейінен шығып, бейне бір сол жырды оқып отырған адамның өзі жазғандай әсер беруі тиіс. Міне, сонда ғана ол туынды шынайы, талантты туынды болмақ. Осындай аса қатаң шарттар мен кіді талаптарға жауап бере алған ақындар ғана поэзия бәйгесінің көмбесіне кең тыныспен жетті. Қазақ поэзиясының кезең-кезеңдік сәттерін шолып қарасақ, сол ақындардың есімдері де елге етене танымал екенін айқын сезінеміз. Сол үрдіс, сол дәстүр – қазақ жырындағы тәуелсіздік рухы, тәуелсіздік идеясы әсіресе, 80-ші жылдардың ортасынан бастап тіптен үдей түсті. 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі осы азатшыл идеялар мен бостандық сүйген халық жүрегінің дәуір тынысына орай дүрсілдей соққаны шығар. Еңбегіміздің негізгі нысаны болып қаралу үстіндегі мемлекеттік сыйлықтың иелері бес ақынның туындыларына көз жіберсек, бұл ойымыздың жаны бар екеніне сене түсеміз. От дариясын кештім, Шыңдардың үстімен бұлт боп көштім. Арсы-күрсі шулаған теңіздерден өттім, Қанымды төктім, қабырғамды сөктім... Темір етігім теңгедей болды, Темір аяғым тебендей болды, Мен оған зорға жеттім,-дейді бір өлеңінде Темірхан Медетбек. Дәл осылай, біз тәуелсіздікке осылай қамығып, сағынып, табынып жеттік. Қалайда жетеміз деген идея, мәңгілік мұрат кеудемізде жанып тұрды. Белгілі ақын Марфуға да осылай айтып, осылай жазады: Күндер кештік көңілсіз, бастан өгей, Бар ма менде өлеңнен басқа мерей?! Жасын ойнап жауады, Жадырайды, Көңіл деген немене, Аспан емей! Азат күнге жеткен ақынның алақай-көңілін тап басып танисыз, өзіңіз де қуанып, шуақтанып қаласыз. Адамның, нақты айтқанда әрбір қазақтың жан дүниесін баураған еркін де егемен күндердің қуанышын тілмен айтып жеткізетін тек ақындар болар, сірә. Нәзік сыр мен назира жырдың өкілі Күләш Ахметова не дейді бұл туралы? Назар аударалық: Мен Алладан сұраймын мінәжат қып, Заман бізге жасамай сірә, жаттық. Бұл далама, Ұлтыма, Ұрпағыма Шын мәнінде келгей деп шын азаттық! Азаттық келді, оны көз көрді, көңіл сенді. Енді оны мәңгілік ұстап тұрар ұлағатты ұрпақ, ұлысты ұлт аман болсын. Тарих қана, Халық қана туатын, Алыптардың арқа тұтпас кім атын? Ұлы арманын жырлау үшін қазаққа, Керек болды Абай сынды ұлы ақын,-деп марқұм Жарасқан Әбірәшев жазғандай, енді біздің ақындарға осал болуға болмайды. Абай абыз айтқандай: «ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз». Ғылымды ғана емес, халқыңызды сүйсеңіз сіз де кішкентай ақын емессіз, ақын бауырым. Шүкір, біздің қазақ поэзиясында ондай ойлы ақындар баршылық. Бұл орайдағы Нұрлан Оразалиннің ойы тіпті әріге кетеді: Керегі не көп сөздің – бояма мұң, Кейде шошып, сілкініп оянамын. Ақын үшін алаңдау – Тәңір сөзі, Тәңір сөзін мен қалай қоя аламын?.. Алаңдаумен келеді дала-мүскін, Алаңдаумен келеді қала-мүскін. Жүрегімді жұлқиды Тәңір сөзі Тамырына тығылып қаламұштың. Ендеше қалам ұшына тығылған, жүректің басында ұйыған сезім мен сенімді жазар, айтар, көрсетер заман келді. Бұл біздің заман, біздің дәуір! Тәуелсіздік рухы жаңғырып, жасана бергей? Пайдаланылған әдебиеттер: 1. «Екімыңжылдық дала жыры», антология, Алматы, «Қазақ энциклопедиясы», 2000 жыл, 750 б. 2. «Жиырмасыншы ғасыр жырлайды», 2 томдық антология, құрастырған Сауытбек Абдрахманов, Алматы, 1 том, «Раритет», 2007 жыл, 503 б. 3. «Жиырмасыншы ғасыр жырлайды», 2 томдық антология, 2 том, Алматы, «Раритет», 2007 жыл, 520 б. 4. Әбіш Кекілбаев. «Азаттықтың ақ таңы», Алматы, «Қазақстан», 1998 жыл, 717 б. 5. Марфуға Айтқожа. Алатаудың ақбатасы. Алматы, «Мұрагер», 2005 жыл, 222 бет. 6. Нұрлан Оразалин. Қоздағы шоқ. Алматы, «Атамұра», 2008 жыл, 303 бет. 7. Күләш Ахметова. Құт. Алматы, «Дәуір», 2005 жыл, 143 бет. * * * Оралбаев Өтеген Оралбайұлы, ақын, журналист, ҚР Президенті Сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының кеңесшісі.

1367 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз