Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 13 Наурыз, 2019

ҚАСІРЕТ

"Қазақ мың өліп, мың тірілген халық". Оған тарих беттері куә. Сонау нәубатты, зұлматты жылдардың тарихына қарайтын болсақ, қазақ небір оқиғаларды бастан өткерді. Соның бірі - қазақ жеріндегі ашаршылық және геноцид тақырыбы. Бұл оқиғалар әлі күнге дейін халықтың жүрегінен өшкен емес. Сондықтан да, бұл тақырыпты қозғамай өтуге болмайды.  1920-1930 жылдардағы қазақ тарихындағы "ұлы жұт" атауымен сақталған алапат экономикалық және демографиялық зұлмат Алтайдан Атырауға дейінгі аймақты қамтыған. Сондықтан, қазақтардың біржолата жойылуына шақ қалған қауіпті қасіретті қашан да күйзеліспен еске аламыз. КСРО аумағында жүргізілген күштеп ұжымдастыру науқаны қазақтың бай-бақуатты, дәулетті байларынан бастап, хан ұрпақтары, тіпті шаруаларына дейін жаппай тәркілеу құрығына ілікіті. Елдегі дәстүрлі мал шаруашылығы күйзеліске ұшырап, бірден-бір күн көріс көзінен айырылған халық, жұтылып кетуге сәл-ақ қалды. Ал енді мұны "геноцид" демей көріңіз... Тіпті, бұл халыққа тосыннан соққы жасау. Сондықтан бүгінгінің тілімен айтқанда "тероризмнің" бір түрі. https://www.youtube.com/watch?v=F0g89-pI9pE&t=610s Талас Омарбеков, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры,  ҚР ҰҒА Құрметті академигі:  -Сталиндік 1920-30 жылдардағы қуғын-сүргінді шынында да тероризмінің бір бөлшегі ретінде қарастыруға болады. Өйткені, бұл шын мәнінде, әртүрлі науқандардың негізінде жүргізілді. Халыққа қарсы бағытталған, халықтың қаймағына, ақыл-ойына қарсы жасалған саяси іс-әрекет. Сондықтан да, мұны тероризм ретінде айтуға келіп тұр. Екінші жағы, осы науқандардың барлығы күтпеген жерден жасалды. Жоғарыдан Орталық комитеттің қаулылары немесе төтенше құжаттары қабылданып, солардың негізінде аяқ астынан осы зобалаңдарды қолдан ұйымдастырды. Бұл зобалаңдарсыз өмір сүруге болатын ба еді, болатын еді. Сондықтан мұны халыққа жасалған нағыз қылмыс, оның ішінде кейбір әрекеттерін тіптен терористік қылмыс деп әбден айыптауға болады. Қасіретті жылдардың жаңғырығы қазақ прозасында да көрініс тапты. Смағұл Елубаевтың романы сол тарихи кезеңді қазақ әдебиетіне алғашқылардың бірі болып таныстырды. Сондықтан халық басынан өткерген ауыр ахуал мен жаппай аштыққа ұшыраған кезең романда тарихи шындығымен суреттеледі. Автор өзінің айтулы еңбегін КазГУ-ге оқуға түскен жылы, қазіргі Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының ғимаратында жүргенде бастағысы келіпті. Смағұл ЕЛУБАЕВ, жазушы: -Сол балалық алып ұшпа сезімменен 1-курста "роман жазсам" деген ой келді. Оған себеп болғаны-бала кезден құлаққа сіңген ашаршылық кезіндегі әңгімелер-ғой. Біздің ауыл сол ашаршылықтан Қазақстанның батысынан Қарақалпақстан, Түркіменстан, Иран, Ауғанстанға өтіп кетуі үшін көшкен ауыл болатын.  Сол ауылдың баласы болғаннан кейін, сол әңгімелердің барлығы құлағымызда жаңғырып тұрғаннан кейін, сол "Ақ боз үйді" жазуды бастаған едім. Ол кезде оның атын да қойған жоқпыз. Тек жобамен "Қашқан ауыл" деп қана атаған едім. Оның жоспарын жасағанда, тым үлкен тақырып екеніне көзім жетті. Сондықтан, бұл бірінші курс студентінің қолынан келмейтін шаруа екенін біліп, жылы жауып қоя салдық. Сосын, жеңілдеу әңгіме-хикаяттар жазуға кірісіп кеттік. Жасым отыз беске келген кезде осы романды жазуға отырдым. Өйткені, зерттеу жүргіздік, сол заманның романын, баспасөзін оқыдық және сол заманда өмір сүрген кісілермен сөйлестік. Ақтөбеге, Қарақалпақстанға, Түркіменстанға барып, сол көшкен ауылдың адамдарымен сөйлесіп, біраз материал жиналғаннан кейін, Алматыдағы Ақсай сайында Шоқан ағамның киіз үйін тігіп, жазда сол романды жазуға отырдым. Үш жаз сол жерде жалғыздан-жалғыз отырдым. Үш жылда бұл роман жазылып бітті. Алайда ол кезде бұл тақырыпты жазу тұрмақ, айтуға мүмкін емес еді. Айтсаң, КГБның құлағы елең етіп, сені бақылауға алатын. Айтқан адамадардың жолы байланатын. Бұл тақырыпқа баруымның себебі, біріншіден Алла тағаланың, екіншіден сол ашаршылықта жер жастанған, сүйегі шашылып қалған миллиондардың аруағы бізді тынышымызға қоймады. Солар сыбырлап тұра берді. Жанымызды тыныштыққа қоймады. Сондықтан, оны жазбау деген сөз -  тірі өлу деген сөз еді. Сондықтан жұмысты тастап, қолымызды босатып, кітапты жазуға отырдық. 1985 жылы кітап жазылып біткенімен, баспалар ат-тоңдарын ала қашты. Кітаптың шығуына қарсы жабық рецензиялар ұйымдастырылды. Еңбегіміздің жарық көрмейтіндігінен кейін, біздің еңсеміз түсіп кетті. Алты жыл өткеннен кейін, Коммунистік партия да, Совет үкіметі де құлап қалды. Сөйтіп, "Ақ боз үйге" жол ашылды. Мінеки, бұл да болса, сол сұраусыз, жоқтаусыз кеткен миллиондардың қарғысына ұшыраған "Қызыл империяның" сол қалпақтай түскені деп едім. Сондықтан, бұл идеология қарғысқа ұшырады. Содан кейін, бұл тақырыпты жазуға жол ашылды. Қазақ жеріндегі аштық оқиғасы - Алматы секілді үлкен қалаларда да орын алды. Осындай оқиғаларды кезінде өз көзімен көрген Мәриям Хакімжанова апайымыз өзінің естелігінде баяндайды. Соның бірі 28 гвардияшыл-панфиловшылар паркінде болған оқиға еді.
-1932 жылы біз техникумның студентіміз. Түні бойы аштан өлген адамдар паркте, қала көшелерінде жиналып қалады. Таңғы алагеуімде студенттерді шығарады. Біз өліктерді арбаға тиеп алып, қаланың сыртындағы сайға апарып төгіп тастаймыз. Студенттердің күнделікті жұмысы осылайша қаланы аштан өлгендерден тазарту болды. Бір күні қыздар болып, өліктерді арбаға тиеп жүргенімізде паркте ағашқа арқасын сүйеп, тіп-тік бір ірі шал отырғанын көрдік. Басында тұмақ, үстінде белін буып алған тон. Өзі қимылсыз. Біз өліктерді жинап жүргендіктен, тірі отырған адамды көріп шошып кеттік. Жақындап келіп қарасақ, өліп қалыпты. Үңіле қарағанымызда, бір қолында қысып ұстаған домбырасы, екінші қолын да кеудесіне қысып ұстаған екен, тонның ішкі жағынан кішкене нәрестенің басы қылтияды. Ол да өліп қалған. Яғни, аштық меңдеген шал тік отырып өліп кеткен. (Дереккөз: Абай.кз)
Смағұл ЕЛУБАЕВ, жазушы: -Сталинизмді кім кінәламайды. Айтып отырмыз ғой, 100-деген миллион халықтың обалына қалды. Оның ішінде украин да, орыс та, қазақ та, қалғандары да бар. Сол халықтың обалын айту - бүгінгі тірілерге парыз-ғой! Әсіресе бүгінгі демократиялық қоғам құрып жатқан Ресей мен Қазақстан бұны айтуға тиіс. Ол - айыптау емес, айту. Ақиқатты қанша ауыр болса да, мойындау ғой. Бірақ, мұны түбінде мойындайды. Ақиқаттың аты - ақиқат.
-Шешем және екі бала ғана қалдық. Шешемнің аты Сүбебаева Батима еді.Ол кезде баламыз. 1933 жылдары бізде ашаршылық болды. Өзімнің білетінім 3 жылдың қысында 4-қанат үйді серіктестікке бердік. Сонан соң азық-түлік келіп содан Жөнтеммге жеттік. Апайым болды, кейін қайтыс болды. Жазға  түрлі тұқым тауып сонымен күн көрдік. 34-жылы шешелеріміз егін салды. 33-тің жазында қалған масақты теріп, сонымен күн көрді. 34-жылдары егін жақсы шықты. 34 жылдары біз жаңа қоғам колхозында болдым. Сол кезде колхоз бастығы Көшісінбаев Рахым болды ғой деймін. Бұл жерде 1928-29 жылдары Мойын Серік болып, 1934 жылдары колхозға бірікті. Елде мал болмай, егін салдық.Шешеміз жәй жұмысшы болды. Осы жерде шопаң белсенді дегендер елге қысым жасады дегенді естімедік. Көп адамдар Қытайға кеткен. Бұл естелік 1991 жылы 25 қыркүйекте жазылды. Жазып алушы Амангелді Әліпбаев "Егемен Қазақстан" газеті мен ҚазМУ-дің тарих факультетінің "Ұлы нәубет құрбандары"атты бірлескен зерттеу тобының мүшесі.
Қазақ жеріндегі - геноцид тақырыбы әлдеқашан ғылыми зерттеулерге ие болған. Тарих ғылымдарыының докторы, профессор Талас Омарбековтің өзі мұны нақты деректермен айтып отыр. Ғалымның жетекшілігімен- 34 шәкірті ғылым кандидаты атанған. Олардың жиырмаға жуығы біз сөз етіп отырған зұлматты жылдарға тарихи баға беріп, "Қазақстанның ұлттық кітапханасында" сақталған. Талас Омарбеков, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, ҚР ҰҒА Құрметті академигі: -Бұл тақырыпта менен басқа да, диссертациялық еңбектер жазғандар бар. Осыған жақын тақырыпта тарих ғылымдарының докторы, профессор Жұлдызбек Әбілғожин докторлық диссертация қорғады. Менің шәкірттерімнің ішінен, ғылым докторы Жамиға Таңатарова 1930 жылдардағы шаруалардың отырықшыландыруына байланысты қылмысты ашса, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Жұмазия Жұмабаева сол жылдардағы халыққа салған салық саясатының халыққа қалай ашаршылық алып келгені туралы диссертация қорғады. Осылай айта берсем көп. Мысалы, Жетісу Мемлекеттік университетіндегі Күлімкөз Сантаева деген шәкіртім, дәстүрлі мал шаруашылығының қалай күйрегені туралы кандидаттық диссертация қорғады. Интеллигенцияға қарсы қуғын-сүргінге байланысты Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетіндегі профессор Дана Махат қорғады. Сол 34 шәкіртімнің ішінде, кем дегенде жиырма шақты адам осы колективтендіру, ашаршылық жылдарынан диссертациялар қорғады. Ал кейбір журналист-жазушылар осы диссертацияларды оқымастан, "Қазақстанда ашаршылық зерттелген жоқ" деп айқай көтеріп отыр. Бұл шындыққа қайшы. Ол үшін біздің ұлттық кітапханадағы диссертация залына барып, сол жерден еңбектерді оқу керек. Олардың тарихнамасы бар. Сонда барып, мәселе айқындалады. Сондықтан, ашаршылық жалпы зерттелген жоқ деген бекер сөз! Ашаршылық зерттеліп қойды. Толық зерттелді. Ашаршылыққа саяси баға берілген жоқ деген де қате түсінік. Неге десеңіз, 1992 жылы Жоғары кеңес жанынан коммисия құрылды. Оған жиырмадан аса адам кірді. Ол жерде ең мықты тарихшылар болды. Қасымбаев, Қойгелдиев, Әбілғожин, Алдажұмнов, заңгерлерден Қайрат Сапарғалиев және өзім де қатыстым. Министрлер де құрам да болды. Шерхан Мұртаза, Ақұштап Бақтыгереева, Камал Смайлов сияқты депутат болған аға-апаларымыз да кірді. Міне, осы үлкен мәртебелі парламенттік коммисия  бір жыл бойы жұмыс істеп, өзінің шешімін "Егемен Қазақстан" мен "Казахстанская правда" газеттерінде 1992 жылы 22 желтоқсан күні жариялады. Жоғары кеңестің "Советы Казахстана", "Қазақстан Кеңестері" газеттерінде орысша-қазақша толығымен жарияланды. Сонда бұл ашаршылық қана емес, ХХ ғасырдағы қуғын-сүргін халыққа қарсы саяси қылмыс деп бағаланған. Ондағы ашаршылық құрбандарының саны 2 млн. 200 мыңннан асып кетеді деп көрсетілген.
 Ашаршылық қазақ халқының дамуын бір ғасырдан астам уақытқа кейін шегерді. «Бір күн ашыққаннан қырық күн ақыл сұрама» дейді қазақ. Жылдарға созылған ашаршылық қасіретінен ұлтымыздың əбден сансырағаны анық. Тарихшы, ғалым Талас Омарбековтың ғылыми еңбектеріндегі деректерге сүйенсек, 1926 жылдың соңында Кеңестер Одағындағы қазақтардың саны – 3 млн. 968 мың адамды құраса, ал 1937 жылғы санақ мәліметі бойынша қазақтар – 2 млн. 862 мың адам, ал 1939 жылдың басындағы санақта – 3 млн. 842 мың адамды құрады. Ашаршылықтың демографиялық салдарларын зерттеушілер әдетте осы мәліметтерді басшылыққа алып, оларды салыстырмалы түрде талдайды. Қазақстан үкіметінің 1933 жылы Мәскеуге берген ресми мәліметтеріне қарасақ, 1931-1933 жылдары Қазақстан бойынша ауыл халқының саны – 2 млн. 600 мың адамға кеміген. Бұл негізінін қазақ қожалықтарына қатысты. Жылдар бойынша қарастырар болсақ, 1930-1931 жылдары (маусым айындағы есеп) ауыл халқы 759 мың адамға кемісе, 1931-1932 жылдары 1 млн. 887 мың адамға, 1932-1933 жылдары 733 мың адамға, барлығы – 3 млн. 379,5 адамға кеміген (Т.Омарбеков. Түркістан газеті)
Ел президенті Н.Назарбаев: «Егер ашаршылық болмағанда біз қазір 45-50 миллион халық болып отырар едік», — деді. Демек, сол уақыттағы оқиға ашығында геноцид екендігі тағы да  алдымыздан шыға келеді. Бірақ, неге халықарылық деңгейде "геноцид" екендігі мойындалмай келеді? Талас Омарбеков, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, ҚР ҰҒА Құрметті академигі:  -Қазақстандық жантүршігерлік жағдайға апарған Сталиндік тоталитарлық- коммунистік жүйе. Соның ішінде, ашаршылыққа ең бірінші кім жауапты дегенде, егер мұны ең бірінші геноцид деп дәлелдей алсақ, ол үшін БҰҰ-ның 1948 жылғы Геноцид туралы конвенциясын өзгерту керек. Ондағы "әдейі, қасақана" деген сөзді алып тастап, "Бір халық бүкіл жер бетінен құрып кетуге жақындаса, жарым-жартылай қырылып қалса (мақсатына қарамастан)- геноцид",-деген қайта жазу керек. Сонда бізде геноцид деп жүргеніміз, халықаралық деңгейде БҰҰ-да қабылданатын болады. Ал Қазақстандағы ашаршылықты геонцид деп атасақ, мен оған "Голощекин геноциді" деп атар едім. Осыдан жиырма жыл бұрын "Қазақ әдебиеті" газетіне дәл осы тақырыпта үлкен деректі мақаламды жазғанмын. Меніңше, геноцидті дәл осылай бағалау керек. Голощекиннің қазақты жек көргені рас, қазақ ауылынан шықпағаны рас, қазақтың тұрмыс дәрежесін біле отырып, сондай күштеу шараларына дем беріп отырғаны да рас. Оны тоқтатуға әрине, шарасы болған жоқ. Өйткені, оның өзін Мәскеуден "халық жауы" етіп жіберетін болды. Бірақ, ол ең болмса, Сталинге барып, жағдайды айтып, түсіндіріп "Қазақ деген - мынандай көшпелі халық екен, оның 90-пайыздан астамы малдың етімен қоректенеді. Егерде біз етті жинай беретін болсақ, бұл қазақ деген халықтан түк қалмайды екен. Сіздің бұрынғы 17 сьезде айтқан социализм дамыған сайын, халықтың тұрмысы жақсарады, халықтың саны өсе береді деген көзқарасыңызды мынау, теріске шығарайын деп отыр. Сондықтан да, қазақтың аштан қырылуына жол бермеуміз керек",-деп  Голощекин айтуы керек еді ғой. Қашан айту керек еді? Оны ол ең кеш болғанда, ашаршылық басталмай тұрып, 1930 жылы барып айтуы керек еді немесе 1928 жылы қазақ байларын кәмпіскелеу басталғанда Сталинге барып "Қазақтың байларын, ауқаттыларын кәмпіскелеуге болмайды екен. Өйткені, әрбір қазақтың байы, қаншама қазақтың орташа, кедей жанұясын асырап отыр. Біреуі малшы, біреуі жалшы, біреулер кірме, енді біреулері бақташы. Бір қазақ байы, бүкіл ауылды асырап отыр екен. Ал оның малын тартып алсақ, қазақ деген халық аштан өліп қалады",-деп айтатын-ақ жөні бар еді. Голощекиннің оңбағандығы, адамгершіліктен жұрдай екендігі, қазақты жек көретіндігі, қазақты халық деп санамағандығы (көшпелі, надан, сауатсыз, артта қалған деп ойлады) анық еді. Бұл қырғынды болашақта БҰҰ-да геноцид деп бағалатып, конвенциясына шығара алатын болсақ, оны "Қазақстандағы Голощекин геноциді" деп сипаттау керек. Тарих-ақиқаттан құралуы тиіс. Сонда ғана, ол - шынайы, әрі құнды болады. Ұлт тарихында ашаршылық, геноцид тақырыптары жан-жақты зерттеліп, пікірлер берілгенімен жоғарыдағыдай мәселелер әлі күнге дейін алдымыздан шығып келеді. Бұл оқиға бір жағынан, тероризмнің бір құбылысына айналды. Халықтың бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүрулеріне кедергі жасап, үрей тудырып, түрлі қиындықтарға апаруын терроризм демей, не дейміз?!. Сондықтан, бұл қасіретті жылдар халықаралық деңгейде өз бағасын алуы тиіс. Дайындағандар: Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ, журналист. Әлихан ЖАНАРБЕК, оператор және бейнемонтаждаушы.

42578 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз