Жәнібек ӘЛІМБАЕВ: «Атамның нақыл сөздері өмірлік бағдарыма айналды»

547

Жеңіс мейрамы қарсаңында Қазақстанның халық жазушысы, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұзафар Әлімбаевты еске алғымыз келеді. Соғыс басталған кезде М.Әлімбаев 18-ге тола қоймаған жігіт еді. 1941 жылдың желтоқсан ­айында әскер қатарына шақырылып, Калинин майданында, Ржевтің түбінде 1942 жылдың қарашасынан ұрысқа кіріскен. Оның соғыс ішінде жүріп-ақ «Батырға» деген бірінші өлеңі Балтық майданының «Жауға қарсы аттан» газетінде жарияланған. Бейбіт өмірде де қазақ әдебиеті мен балалар әдебиетіне, қазақ журналистикасына елеулі еңбек етті. Еліміздегі барлық бала Мұзафар Әлімбаевтың өлеңін жаттап өсті. Газетіміздің бүгінгі санында Халық жазушысының немересі Жәнібек Әлімбаев атасы туралы ыстық естеліктерімен бөлісті.

– Жәнібек Арнұрұлы, мамандығыңыз дәрігер екенін білеміз. Қазіргідей қиын ­кезде уақыт тауып, атаңыз туралы сырласуға келіскеніңіз үшін алғыс білдіреміз. Әңгімемізді әуелі Әлімбаев тегінен бастайықшы. ҚР халық жазушысы, ҚР алғашқы әнұраны авторларының бірі Мұзафар Әлімбаевтың ұрпағы (немересі) болудың жауапкершілігі қандай?

– Өздеріңіз білесіздер, атам көрнекті ақын, балалар жазушысы, қазақ балалар әдебиетінің маршалы, «Балдырған» журналын ашып, көп жылдар бойы, анығы 28 жыл бас редактор қызметін атқарған жан. Таңдаулы өлеңдері 39 тілге аударылған, 300-ден аса өлеңіне ән жазылған. Атамның кітаптарымен бірнеше ұрпақ тәрбиеленді. Мен де сол ұрпаққа жатамын.

Әлімбаев фамилиясына ие болу – мен үшін үлкен жауапкершілік пен үлкен мәртебе. Қызылтаудың баурайындағы «Қара-төбе» – менің ата-бабаларымның ата-қонысы. Қазір жұрты жатыр. Ал Әлімбай атамның ескі-жұртына тоқталсам, қазіргі Павлодар облысындағы Шарбақты ауданындағы атамның қаламының арқасында Қазақстанға танымал болған Маралды атырабы – атамның кіндік қаны тамған жер. Қазақтың ежелгі салты – кімде-кім араға жылдар салып кіндік кесіп кір жуған жеріне, ата-бабасының жұртына соқса, оны жерлестері сол топыраққа бір аунатып алады, сондай ырым бар. Атаммен елге барған сайын жерлестеріміз бізді жерге бір аунатып алуды ұмытпайтыны әлі есімде. Атам «Атажұртты әулие тұтып, оған тағзым ету – өмір бойы парызың!» деуші еді, осыны өз басым анық сезініп, әрдайым жадымда сақтаймын.

Павлодар педучилищесі – атамның поэтикалық бесігі. Педучилищеде оқып жүргенде алғаш рет облыстық «Қызыл ту» газетінде 1939 жылы  18 тамыз күні Максим Горькийге арналған тырнақалды туындысы жарық көрді. Сол жылдары аға достары мен аяулы ұстаздары Төлеутай Ақшолақов, Зейтін Ақышев, Ләбиба Ғұсманова және тағы басқа жандардан әдеби ғана емес, ­адами тәлім алып өсті.

Жалпы атам көзі тірісінде 3 ұл, 6 ­немере,  3  шөбере сүйген. Ешкімді бөлмей, барлығымызды бірдей сүйетін, ерекше бағалайтын және барлығымыздың есімімізді өзі қойған. Атамның 3 ұлы – Арнұр, Жаннұр мен Баламер. Мен атамның тұңғыш баласы Арнұрданмын, кенжесімін, үлкен ағам Әсет – атақты қазақ халқының композиторы Әсет Бейсеуовтың құрметіне, ал менің атымды атам әнші, жазушы, қазақ КСР-нің еңбек сіңірген артисі Жәнібек Кәрменовтің құрметіне қойған екен.  Еркелетіп мені «Жолбарысым» деуші еді. Әр немереге өзінің арнаған өлеңі болды.

Қазақтың байырғы салт-дәстүріне сай ата-әжесінің тәрбиесін көрген баламын. Екі әжемнің (нағашы әжем де) екеуінің орны ерекше. Кішкентайымнан әжелеріміз қазақ ертегілерін, халық дастандарын, Абай өлеңдерін жатқа айтатын, кітапқа, білімге баулитын.

Атамның орны одан да жоғары екені сөзсіз. Маған ең бірінші әріп тануды, қазақша жазуды, қазақ тілінің түсіндірме сөздігімен жұмыс істеуді атам үйреткен. Бір сөздің мағынасын білмегенде сол сөзді әліпби ретімен өзім  іздейтінмін. Бала кезімде сөзжұмбақ құрастыруды, хат ­жазуды, сөзжұмбақ пен қысқаша төрт жол өлең құрастыруды, дауыс үндестігіне сай сөзге ұйқас табуды да атам үйретті. Әлі есімде, мен баратын балабақша атамның үйіне жақын еді, күндізгі ұйқы кезінде балабақшадан атамның үйіне жиі қашып кетемін. Сонда атам маған ешқашан ұрыспайтын, қасына отырғызып өмірдегі қызық-қызық әңгімелерін айтып беретін.

–Зиялылардың әңгімесін тыңдап өскен баласыз ғой… Жазушымен кімдер жақын араласты? Үйге қонаққа кімдер келуші еді?

– Иә, кішкентайымнан атамның үйінде тірі классиктерді немесе үйдегі фотосурет, газет беттерінен, хаттардан, өзінің  атақты аға-інілі замандас­тарымен араласқанын көріп өстім. Олар Сырбай Мәуленов, Қалижан мен Қайыржан Бекхожиндер, Ғабит Мүсірепов, Әсет Бейсеуов, Әнуарбек Дүйсенбиев, бала кезімде өзім көрген атамның қайынағасы мен ұстазы Төлеутай Ақшолақов, Қасым Қайсенов, іні ақын-жазушылары Тұманбай Молдағалиев, Қадыр ­Мырзалиев, Герольд Бельгер, қырғыз халқының ақыны Сооронбой Жусуев, Ахат Жақсыбаев, Софы ­Сматаев, Несіпбек Айтұлы, татар композиторы Ғалымжан Тамендаров, туған қарындасындай болған Жадыра Дәрібаева апамыз және тағы басқа кісілер үйге жиі келіп тұратын, телефонмен жиі сөйлесетін кездері де есімде. Өзара әзілдері жарасып, қатты сыйласты. Бүкіл отбасымызбен жақсы араластық, бүгінгі күні де араласамыз. Құттықтау телеграммалары мен хаттар жиі келіп тұратын, солардың ішінде: ­Сергей Михалков, Расұл Ғамзатов, Шыңғыс Айтматов, Андрей Вознесенский, Давид Кугультинов және тағы басқа адамдар бар.  Өзіңіз айтқандай, жастық шағым, есею жылдарым, толысу кезеңдерім кілең бір өнегелі ортада, білікті үлкендердің қасында өткені сөзсіз.

Атам үйге қонақ келгенді және мейрамдарды жақсы көретін. Отбасымыздың ең ерекше мерекесі  9 мамыр – Жеңіс күні. Әңгіме барысында атамнан соғыс туралы сұрағанда көп нәрсені айтпайтын, көбінесе үнсіз ғана, басын шайқап қоятын. Осы орайда атамның екі жан досы, құрдас жерлестері туралы айтып өтейін. Олар: Кәкен Әбенов пен Олжабай Темірханов аталарымыз. Кәкен ата – соғыс ардагері, ҰҚК полковнигі, «СМЕРШ» әскери контр­барлауында қызмет атқарған. Олжабай ата – соғыс ардагері, отставкадағы полковник. Үшеуі де Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері. Әр кездесулері бір ерекше ­жылышырайда өтетін, көбінесе атамның үйінде бас қосатын.  Кәкен Әбенов ­атамды орысша «мой ненаглядный» деп, ал атам болса оны немісше «шварцман» деп атаған, себебі қараторы адам болған. Қазір үшеуінен Олжабай атамыз ғана қалды арамызда.

Атамның жары, өмірдегі серігі Шәпау Сүлейменова әжеміз туралы айтпай кету мүмкін емес. Өзі ашық мінезді, ақылды, әрі жуас кісі еді. Әжеміз Төлеутай Ақшолақовтың туған ағасының қызы еді,  ағайынды Қалижан мен Қайыржан ­Бекхожин аталарымызбен жақын туыс ­болды. Атамыз әжемізді «менің бас критигім» деп айтатын, себебі атамның қаламынан шыққан туындыларына өзінің ой-пікірін, ұнаған-ұнамағанын әжеміз айтып отыратын, сол пікірлеріне атамыз құлақ түретін. Ең қызығы, атам әр сапарында әжем мен балаларын тастаған емес.

Атамның кітапханасының қорында ­жалпы алғанда он мыңнан аса кітап бар: қазақша кітаптардан, алып энциклопедияларға, әлемдік көркем әдебиетке дейін сансыз түрі тізіліп тұр. Сол себепті кітап оқуға, білім алуға құштар болып өстік. Ал әжеміз атамның өмір бойы жинаған кітаптарының бас кітапханашысы десем, артық болмас. Біз, немерелер, кітапты оқуға алғанда кітап сөрелеріндегі қалған бос кеңістікті әжеміз бірден байқайтын, сонда тез арада оқып алып орнына кітапты әкеліп қоятынбыз. Барлық немерелер атам мен әжеміздің жылы құшағында бірге өстік…

Атамыз өлеңді бірден аппақ қардай қағазға жазбайтын, біріншіден ескі қағазға, блокнотқа, газет шетіне, бір жағы жазылған қағазға түсіретін. Қаламы мен жеке парақтары үнемі қалтасынан табылатын, жаңа ой, шабыт келгенде қаламы мен қағазын алып, бірден қағаз бетіне түсіре қоятын. Ал біз жаңадан шыққан нақыл сөздерін, өлең жолдарын ақ қағазқа көшіретінбіз. Біздің үйде үлкендер ­карта ойынын ойнағандары әлі есімде. Қызығушылықпен түн жарымына дейін ойнайтын кездер де болды.

– Атаңыз «Балдырған» журналының алғашқы бас редакторы болды. Немерелері де балалар басылымдарымен тығыз байланыс­та болған шығар? Өзіңіз шығармашылыққа жақынсыз ба?

– Менің әрбір қызығушылығымды атам шын ықыласпен жақсы көрді. Бала кезімде «Ұлан» газетінің жас тілшісі болдым, сол кезде газеттің бас редакторы Сұлтан Қалиев ағамыз еді. Бір қызық оқиға есіме түсіп отыр: бірнеше рет қаламақы алдым. Екінші-үшінші сынып оқығанда, сөзжұмбақ, төрт жолды, 1-2 шумақтан тұратын өлең құрастыратынмын. Сонда ең көп алған қаламақым 173 теңге болған екен. Сол кезде әжептәуір ақша. Атаммен бірге үйдің жанындағы пошта бөлімшесіне барғанда мен өз қаламақымды, атам өз қаламақысын алатын. Сонда атамның қаламақысының сомасын көргенде, атамнан: «Ата, неге сенің қаламақың менікінен көп?» деп сұрадым. Сонда атам маған күлімсіреп: «Көбірек жазсаң, сенің де қаламақың қомақты болады!» деп маған шабыт беретін.

Мен Алматыдағы ең алғашқы қазақ мектебі – Ш.Уәлиханов атындағы №12  орта мектепті бітірдім. Біздің кезімізде мектеп директоры атақты режиссер, драматург, қазақтың ұлттық кәсіби ­театр өнерінің негізін салушылардың бірі Жұмат Шаниннің немересі Шанина ­Жанна Қасымханқызы болды. Әр ­жылдары мектепте Күләш Байсейітова, Нұрғиса Тілендиев, Сыдық Мұхамеджанов, Әбілхан Қастеев, Абдолла Қарсақбаев, Әсет Бейсеуов және тағы басқа қазақтың атақты тұлғалары кездесуге келіпті. ­Атамды жиі мектепке шақыратын, әдеби кеш өткізетін кездерде де атам қадірлі қонақ болып келетін. Атамның балаларға арналған өлең жолдарын, тақпақтарын қазақ тілінің оқулықтарында да оқып, жаттап өстік. «Он саусақты» білмеген қазақ баласы жоқ шығар, үйде де атамызға өлеңдерді жатқа айтатынбыз. Керемет балалық шақ еді. Мектептегі мұғалімдер де өте қатаң болды, білім алуды, оқуды талап етті. Мұзафар Әлімбаевтың немересі болғандықтан, ұятқа қалмауға тырыстым, талай жарыстарға қатыстым.

Атам әрдайым бізге «Кітапқа, білімге құштар болыңдар, халыққа қызмет етіңдер» деп тәрбиеледі. Өзім ішімнен ғана ата-тегімді мақтан тұтамын, бірақ елге дуылдатып мақтанбаймын, жұмыстағылардың көбі Мұзафар Әлімбаевтың немересі екенімді білмейді. Атам мақтаншақтықты жек көретін. Ол әрқашанда бізді сөз өткірлігімен, біліммен қарсыласты жеңуді үйретіп, адал еңбектену мінезін бойымызға сіңдірді. Қазақ тілін, ана тілімізді құрметтеуді үйреткен де – атам. Ана тілімізбен қоса өзге тілдерді де білуге ынталандырды. Мен, өз басым, шетел тілдерінен неміс және ағылшын тілдерін оқыдым, әңгімені үзбей көптеген тақырыптарға сөйлесе аламын. Әр сапарымның алдында атам мен әжемнің батасын алғанмын!

Атамның кейбір нақыл сөздері өмірлік позицияма айналды. Олардың кейбіреулерін айта кетейін: «Шабытты еңбек – шаршатпайды», «Әділет үшін алысқан, Ағайын табар алыстан» және т.б.

– Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев өмірінің соңғы сәттерін қалай өткізді? Қандай естеліктеріңіз бар?

– Атамның өмірінің соңғы жылдарында біз атамның үйінде тұрдық. Атамның еңбекқорлығы мені әрқашан тамсандыратын. Қазірдің өзінде кітаптарды ақтарыстырғанда кез келген кітаптың бетінде атамның таңба-белгілерін, жазбаларын кездестіремін. 90 жастан асқанда да қаламы қолынан түспегені есімде, теледидардан жаңалықтарды қызыға көретін, картаны ойнағанда бізді жиі жеңіп кететін. Апталық газеттерді міндетті түрде күнде оқитын, газет кешіксе, қабағы шытылып кететін. Күнде дене шынықтырумен айналысып, таңғы астан кейін  дастарқан алдында «Ықылас» сүресін оқып, аруақтарды еске алып «әумин» деп тілек тілеген соң, кабинетке коляскасымен баратын.

Мектеп оқушыларынан хаттар келетін, кейбір мектептердің бастауыш класс оқушылары үйімізге келіп, жыл сайын ашық сабақ өткізетін. Сонда атам әрқашан да балалармен шамасы ­келгенше отыратын. Бұл 90-нан асқан ­жасында да жас бүлдіршіндердің алдындағы жауапкершілігін сезгені деп білемін. Жаңа кішігірім өлеңдерді қағаз бетіне жазған, қуанышымен бізбен бөліскен сәттері әлі есімде. Атам нағыз бақытты адам болды. Бақыты мен байлығы – өзінен қалған  Ұлы еңбегі, өлеңдері, кітаптары, ұрпақтары, ­достары мен шәкірттері.

Өмірімнің барлық кезеңдерінде атамның жанында болғаныма Аллаға шүкір айтамын!

Атамның бір орындалмаған арманы бар. Ол – 2003 жылы шыққан көптомдық шығармалар жинағы. Бұл көптомдық ­туралы М.Әлімбаевтың өзінің айтқан сөзі бар. «Осы қолыңызға тиген көптомдық – менің бүкіл өнериетімнің құндысы, құнарлысы». Бірақ «Қазығұрт» баспасында 7-ші томы ­басылып шыққанда қаражаттың жетіспеуіне байланысты тоқтатылды. Барлығы 15 том болып шығуы керек еді. Енді осы атамның орындалмаған арманын жүзеге асыру – менің борышым деп санаймын.

– Сөз соңында өзіңіз туралы толық әңгімелеп берсеңіз. Жалпы медицина ­саласын қалай таңдадыңыз? Дәрігер ретінде айтыңызшы, бүгінгі таңда әлемді алаңдатқан коронавирус жұқпалы дертіне байланысты ойыңыз қандай?

– Мен өзім мектеп жасымнан дәрігер, хирург болам деп армандадым. Атамның әулетінде дәрігер-мамандар бар деуге ­болады, соның ішінде ҚазКСР-нің және ­Павлодар облысының атақты дәрігер-терапевті, атамның нағашысы Ғалым Тәшімбайұлы Сұлтанов. Атамның айтуын­ша, ол кісі өте білімді, жоғары санатты, халқы жақсы көретін жарқын адам болған. Қазір Павлодар облыстық ауруханасы сол кісінің атымен аталады. Атам дәрігер мамандығын таңдауымды қолдап, өте қуанды.

Менің бірінші мамандығым ­педиатр, оны С.Ж.Асфендияров атындағы ­ҚазҰМУ-де бітірдім, содан соң 1-жылдық интернатураны «балалар хирургиясы» ­кафедрасында оқыдым. Оқуды бітіргеннен кейін атамның туған жеріне, Павлодарға бардым, сонда облыстық ­балалар ­ауруханасында 1 жыл қызмет істедім. Барған себебім – Павлодар қаласында неонаталды, яғни нәресте хирургиясы мектебі жақсы дамыған, Қазақстанда балаларға күрделі операцияларды ­жасайтын мекемелердің бірі. Бір жылдан кейін Санкт-Петербург қаласындағы А.Л.Поленов атындағы Нейрохирургиялық Ғылыми-Зерттеу Институтына оқуға түстім.  Осы 2 жылдық ординатурада «нейрохирургия» мамандығымен оқыдым.

Қазір Алматыдағы Қазақ Онкология мен Радиология ғылыми-зерттеу институтында нейрохирургпын және Алматыдағы №4 Қалалық ­ауруханасында қоса атқарушы дәрігер-нейрохирург қызметінде жұмыс атқарамын. 1 санаттағы дәрігермін. Нейрохирургия саласындағы негізгі бағытым – нейроонкология, бас-ми жарақаты мен омыртқа бағанына ота жасаймын. Білімімді жетілдіруге, жаңа нәрселерді үйренуге мүмкіншілігім ­болса шетелге барып үйренуге тырысамын. ­Заман талабына сай болу керек!

Бүкіл әлемді сілкіндірген ­коронавирус пандемиясы туралы айтатын болсақ, әлемде жұқтырғандар саны 3,5 млн асты. Бұл індет Қазақстанды да айналып өтпеді. Жалпы бүгінгі күні емдеудің бірнеше түрі ұсынылған, бірақ вирус әлі толық зерттелмегендіктен, көбінесе симптоматикалық ем жүргізіледі. Біздің елімізде карантиннің енгізілуі вирустың таралмауына өзінің оң ықпалын тигізді деп ойлаймын. Сол себепті Денсаулық сақтау министрлігінің халыққа ­арналған нұсқауларын орындаған жөн. Халқымыздың дені сау болып, індеттен аман шығайық!

– Әсерлі әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *