Бүгін– Қадір түні!

137

Бүгін, яғни мамырдың 19-нан 20-на қараған түні Рамазан айының соңғы он күнінің бірінде атап өтілетін – Қадір түні.

Бүгін мешіттер таңғы сағат 07:00 мен кешкі 20:00 аралығында жұмыс істейтін болады. Осы ретте Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы Қадір кешін өз үйінде өткізу қажеттігін елдің қаперіне салады, тәртіпке бағынуды сұрайды.

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы Бас санитарлық дәрігердің қаулысын негізге алып және қазіргі жағдайды ескере келе, жамағатпен оқылатын бес уақыт, жұма, тарауық намаздарына қатысты қойған уақытша шектеуді өз күшінде қалдырған еді. Бұл жайлы ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хабарлаған болатын.

ҚМДБ-ның мәліметінше, қасиетті түннің құрметіне орай «Хикмет» студиясы және Діни басқарманың YouTube каналы арқылы 00:30-дан 02:40-қа дейін «Мың айдан да қайырлы Қадір түні» атты онлайн бағдарлама көрсетіледі.

Тікелей эфир Бас мүфтидің Қадір түніне арналған құттықтау сөзімен басталады. Одан әрі Мырзатай Жолдасбеков, Ғарифолла Есім, Бақытжан Ертаев және тағы басқа ел ағалары мерекелік лебізін білдіреді.

Елордадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде 24 сәуірде басталған «Рамазандағы Құран хатым» атты онлайн хатым оқу («Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы) шарасы түйінделіп, Құран хатым дұғасы жасалады. «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов «Құлшылық жасаудағы ықылас-ниеттің орны», ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров «Зікір, салауат және тасбих айтудың артықшылығы», ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков «Ислам – мейірім діні» тақырыптарында уағыз-насихат айтады.

Онлайн бағдарлама барысында ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрсақов көрермендер тарапынан қойылған дін тақырыбындағы сұрақтарға жауап берсе, ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің маманы Хамзат Әділбеков тікелей эфирде викториналық сұрақ жолдайды. Сондай-ақ «Қадір түніндегі құлшылық», «Қадір түнінің дұғасы» бейнероликтері көрсетіледі. Бағдарламалардың ойдағыдай өтуін «Хикмет» студиясының тілшісі Еркін Шәкір қадағалайды.

Айта кетейік, еліміздің кейбір телеарналары мен радиолары да Қадір түніне хабар арнайды.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *