Бүгін – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні

356

Бүгін, яғни 21 мамырда жылдағы дәстүр бойынша Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні аталып өтеді.

Мәдениет пен өнер саласындағы мәртебелі мамандық иелерінің атқарар жұмысы, халық назарына ұсынар жаңалығы да мол. Биыл коронавирус инфекциясының шеңгелінде қалған елімізге өнер қызметкерлері ерекше қызмет етіп, көптің көңілін аулап, онлайн концерт өткізіп жатыр.

Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші Роза Рымбаева бастап берген онлайн концертке елмен бірге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та алғысын білдірген болатын. Оның ізінше Майра Мұхамедқызы, Сәкен Майғазиев, Кенжебек Жанәбілов, «Жігіттер», Ninety One тобы тың дәстүрді жалғастырып, көпшіліктің құрмет-қошеметіне бөленген еді.

Жалпы 2013 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығына сәйкес 21 мамыр Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні деп бекітілген болатын. Содан бері Қазақстанның барша өнер, мәдениет қызметкері кәсіби мерекесін дәл осы күні атап өтеді.

Еліміздегі мәдениет пен өнер саласындағы біршама ілкімді істер «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде қолға алынғанын атап өту керек. Атап айтқанда «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында қазақ мәдениеті мен өнерін жаһанға насихаттау жолында қыруар жұмыс жүзеге асырылып, сапалы нәтижелерге қол жеткізілді.

Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен қолға алынған жоба аясында қазақ өнері мен мәдениеті әлемді шарлап, Италия, Франция, Түркия, Жапония, Ресей, Қытай сынды ірі елдер қазақтың классикалық музыка өнерінің жауһарлары – «Абай», «Қыз Жібек», «Біржан-Сарадай» шығармаларды төл сараптауда тыңдау мен баға беру бақытына ие болды.

«Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасы шеңберінде «Ұлы даладағы көшпенділер тарихы» атты көрме негізінде ұлтымыздың көне жәдігерлері төрткүл дүние назарына ұсынылды. 2019 жылы бірінші болып «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесі Татарстан астанасының тұрғындары мен қонақтарына «Қазан Кремлі» мемлекеттік қорық-музейінде таныстырылған болатын.

Кейін Өзбекстан, Солтүстік Македония, Түркия, Малайзия және Грекияның жетекші музейлерінде өткен көрмеде Алтын адаммен бірге Тақсай ханшайымы да көрсетілді.

Әлем қазіргі таңда қазақ мәдениетіне біршама қанық. Жас буыннан Димаш Құдайберген, Ержан Максим қатарлы өнерпаздар дүние жүзіне қазақ әнін паш етіп, тыңға түрен сала білді.

Осынау айтулы күнде мәдениет пен өнер қызметкерлерін «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлы құттықтап жатыр.

«Отандық мәдениет пен өнердің дамуына, рухани байлығымыздың еселене түсуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген барша мәдениет қызметкерлеріне зор алғыс айтамын. Құрметті әріптестер, кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын. Сіздерге сарқылмайтын шабыт пен өнер жолында жаңа табыстар тілеймін», — деген ұйым басшысы барша мәдениет және өнер қызметкерлеріне құттықтауын арнайы видеомен жолдады.

ҚазАқпарат




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *