«Арасан-Қорасан» туралы не білеміз?

469

Алматы қаласынан батысқа қарай 135 шақырым қашықтықта шипалы су көзі орналасқан шатқал бар. Жетіжол жотасында Жаманты өзені бойындағы жер қасиетті саналады. Ол жерді жұрт «Арасан-Қорасан» бабалар қорығы деп атайды.

Бесмойнақ ауылына бастар жол. Ауыл фонында Жетіжол жотасы көрініп тұр.

Әсіресе, бұл шипалы мекенді Алматы облысының Жамбыл ауданы мен көршіліс Жамбыл облысының Қордай ауданы тұрғындары жақсы білсе керек. Біз шатқалға түсіп келе жатқанда, Қордайдан арнайы келген екі атты кісіні жолықтырдық. Олар шипалы суға арнайы келгендерін айтты. Негізі, бұл жерге шет елдерден де келетіндер бар екен. Бірақ, көпшілік арасында қатты танымал жер емес.

Бесмойнақ ауылының қақпасы. Жамбыл ауданы, Алматы облысы.

Арасан-Қорасанға бастар жол. Жетіжол жотасының етегі.

Алматыдан батысқа тау жағалап жүретін жол Бесмойнақ ауылына келіп аяқталады. Ары қарай осы Арасан-Қорсан шипалы суына бастайтын дала жолы бар. Сол жолмен Жетіжол жотасына қарай көтерілдік. Негізі жеңіл көлікте көтерілетін жол. «Арасан-Қорасан» жазу көрінетін асуға дейін көлікпен баруға болады. Ол жердің теңіз деңгейінен биіктігі 1672 метрді көрсетіп тұрды, ал шипалы бұлақтар бар орын 1489 метр биіктікте төменде жатыр. Төменге тек жаяу ғана жүруге болады. Шамамен 2-3 шақырым. Оған апаратын соқпақ біресе төмен, біресе жоғары көтеріліп, қайта төменге апарады. Төменде Жаманты өзені ағып жатыр.  Осы орайда өзен неліктен Жаманты аталған деген сұрақ туындайды.

Жетіжол жотасындағы асуға көтеріліп келеміз.

Қасиетті «Арасан-Қорасан» бабалар қорығы тау асуындағы белгісі. Осы жерден төменге жаяу жүреміз.

Қазақтарда киелі жер деп — ағаштарға, бұталарға мата байлаған. Бұл бір жағы — ырым. Тағы бір дерек бойынша, бұл бастауларды білдіретін белгі болған.

Арасан-Қорасан бастауларына жету үшін шатқалға түсіп келеміз.

Бұл жерде Жетіжол жотасының керемет табиғаты ашылады.

Жаманты өзенінің аңғарындағы ағаштар.

Жаманты атауының шығу тарихына келсек, өзі аттас өзеннің іші талға толы болыпты. Сол заманда сай ішімен көшкен ел қалың талдың жол бермей бөгет жасағанына байланысты «Жаман тал» деп атап кетіпті. Жаман тал сөзі кейіннен өзгеріске ұшырап «Жаманты» атауы пайда болған екен. Жергілікті Жаманты өзені ағып жатқан тұстағы шипалы су көздерін «Қайнар арасан» деп атайды.

Жаманты өзені.

Бұлақтар Жаманты өзенінің аңғарын кесіп өтетін, беті борпылдақ шөгінді жыныстармен жабылған тектоникалық жарықтардан шығып жатыр. Бұлақтардың жалпы су өнімділігі тәулігіне 235 м3, минералдылығы 0,4 – 0,7 г/л, температурасы – 26,3°. Суының құрамында сульфат, гидрокарбонат, кальций, натрий және денсаулыққа пайдалы микроэлементтер: ортокремний қышқылы (36 – 40 мг/дм3), фтор (3,7 – 5,0 мг/дм3) бар. Жаманты минералды суы аяқ, қол, жүйке, т.б. ауруларды емдеуге пайдаланылады (wikipedia.org).

Жаманты минералды бұлақтары

Жаманты минералды бұлақтарында қасиетті жылан өмір сүреді деген сенім бар. Оның басында тәжі болады. Ол тек шынайы ниет еткендерге көрінсе керек.

Әр бұлақтың өзіне тән қасиеті бар.

Адамдар мұнда емделетіндіктен, су көзін ластамау қажет.

Арасан-Қорасан кімдер? Сөздердің мағынасы қандай? Ендеше, осыған аз-кем жауап іздеп көрейік. Арасан (моңғ. аршан – бұлақ), шипалы су – емдеуге қолданылатын жер асты су көздері деген мағынаны білдіреді. Ал Қорасан сөзі парсы немесе соғды тілінде «күн шыққан жерден» деген мағынада. Бірақ, бұл жерде неліктен екі атау қатар қолданылған? Біреулердің ойынша «Арасан-Қорасан» жай ұйқас сөз ғана, ал аңызда өз сипаты бар.  Соның бірі алғаш мұсылмандықты уағыздаушы Арасан, Қорасан есімді екі дінбасының қоныстанған аймағы деген аңыз. Тағы бір аңызда, Арасан деген әулие адам болған. Жаудан қашып келіп, Жаманты өзенінің бойын мекен қылған екен. Сондықтан ол аймақ киелі саналады. Киелі десе киелі, таудың бүйірін тесіп шыққан оншақты бұлағы бар, әрқайсысы әртүрлі ауруға ем. Әр бұлақтың өзінің емдік қасиеті бар. Бірі асқазан ауруына, енді бірі бүйрек қызметін жақсартуға, енді бірі басқа ауруларға шипа болады. Әр бұлақтың суының суық-жылылығы, дәмі әртүрлі. Жаманты минералды бұлақтарының басында үңгір мешіт бар. Өзеннен 70 метр биікке дейін созылған үңгір шапқыншылық жылдары талай отбасын жаудың қанды қылышынан аман алып қалса, қаншама балғын махаббатты үкілегенін санап бергені санаусыз (matritca.kz).

Жартас ортасындағы «үңгір мешіт».

Үңгір мешіттегі жартас тастары қауіпті. Негізі мұнда көпшілікпен шығуға шақырмаған жөн болар. Өйткені, тастар құлап кетсе, қатты жарақат алып қалуыңыз мүмкін. Сондықтан, қатты тәукел етудің қажеті жоқ дер едік.

Жартас ортасындағы «үңгір мешіт» алыстан осылай көрінеді. Жетіжол жотасы.

Жер астынан шығып жатқан бұлақ суының температурасы — 17-28C. Мұнда  бір ғана  салқын бұлақ бар. Оны шипа іздеп келушілер Қорасан бұлақ деп атайды.  Ресми түрдегі жарнамасы қалыптаспаған өңір болса да, мұнда алыс-жақын шетелден келіп тынығушылар көп. Көбіне шілде айында барады. Сол айда таудағы салқын ауа сәл жыли бастайды. Бұлақтар орналасқан кеңістіктің дәл қасында Жаманты өзені ағып жатыр. Осы өзеннің атауына қатысты шипалы бұлақтарды ресми тұрғыда «Жаманты минералды бұлақтары» деп атаған. Алайда аталмыш шипалы өңір туралы ізденгенде Алакөл өңіріндегі Жаманты өзенімен  шатастырып алмаған дұрыс (Ел.кз).

Жаманты өзенінің атауы осы ағаштармен байланысты.

Бір қызығы осы ағаштардан бір ерекше тамшы тамып тұрады. Дегенмен, ағаштың жапырақтарында ылғал байқалмайды.

Шатқалда адам бойынан асатын өсімдіктер бар.

Шатқалдың жоғары бөлігінде итмұрын жеміс салған, ал мұнда енді ғана гүлдепті

Әріпдәрі деген гүл. Кейде жөтелшөп деп атайды. Туберкулез ауруына ем.

Біз шатқалдағы керемет уақытта барған екенбіз. Мұнда дәрілік өсімдіктер гүлдеп бастапты. Мынау- орыс гүлкекіресі.

Шатқалдан жоғары көтерілгенде осындай көрініс ашылады. Теңбіл-теңбіл жасыл өсімдіктер — тораңғы өсімдігі. Ол Жетіжол жотасына ерекше әдемілік сыйлап тұр.

Шипалы бастау басында келушілерге арналған орындықтар, жатын орындар, мешіт бар. Сондай-ақ, бұлақ суына түсуге арналған қызғылт матамен қоршалған бастаудың табиғи хауызы бар.

Арасан-Қорсан аймағында емдік шөптердің түрі көп екен. Мысалы, біз осы сапарда жалған бөденешөп, будан бозкілем, орыс гүлкекіресі, күмән тегеурінгүл, ломонос кодонопсисі, әріпдәрі, лақса сияқты тағы басқа да дәрілік өсімдіктерді кездестірдік. Шатқалдан жоғары көтерілгенде таудан Жетіжол жотасының ең биік нүктесі-Суықтөбе шыңы көрінеді.

Арасан-Қорасан шатқалынан жоғарғы биіктен Жетіжол жотасының ең биік нүктесі-Суықтөбе шыңы көрініп тұр.

Өркениет әлемінен жырақта жатқан осынау тыныш та, ғажайып жерге сіз де барып көріңіз. Табиғаты көрікті, сулары шипа — Арасан-Қорасан әлі талай жұртты тамсандыратыны сөзсіз.

Дайындаған- Досжан Балабекұлы

(Суреттерді түсірген автор)

Арасан-Қорасан шатқалы, Жамбыл ауданы, Алматы облысы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *