Мұстафа Шоқай: Мұратымыз – ұлттық тәуелсіз Түркістан

258

Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылым докторы, профессор

Бiз, Түркiстан тәуелсiздiгiн жақтау­шы­лар, елiмiздiң еркi үшiн және жұртымыз Түркiстанның бодандықтан құтылуы үшiн күресемiз. Түркiстандықтарда бұдан басқа жол болмаған. Қазiр де жоқ және бұдан соң да болмайды [1, 21-б.].
Ал бiздiң мұратымыз Түркiстанда түрi жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық болатын мемлекеттiк құрылымға қол жеткiзу болмақ. Сонда ғана халқымыз өз жерiнiң нағыз қожасы бола алады [1, 22-б.].
Большевиктер іс басына келер алдында (17.ХI.1917) бүкіл Ресей мұсылмандарына және түркістан­дықтарға өз қалауы бойынша өздерін басқару деген сарында үгіт насихат жүргізді. Алайда «қызыл сөздерге боялған» мұндай үгіт насихаттың нәтижесі іс жүзінде «орыстың ұлттық рухына негізделген пролетариат диктатурасынан басқа ештеңе де болмай шықты..» [1,39-б.].
Дүние жүзінде Түркістаннан басқа да көптеген елдер бар. Ол жерлерде де үстем ұлттың озбырлығынан жәбір шеккендер аз емес. Алайда дәл орыстың отаршылдық саясатындай сұмдықтарды тарих әлі көрген жоқ [1, 45-б.].
Халқымыздың мәдени және рухани жақтан қол жеткізген жетістіктерінің бәрі тек ұлтшылдық қозғалысына тән [1, 49-б.].
Қанқұмар коммунистер халқымызға хайуандықпен зұлымдық істей отырып, ұлтшылдық идеясынан баз кештіре алар ма? Егер кімде кім бұл өлмес идеяны Мәскеудің күнде өзгеріп тұратын түсі сияқты деп білсе, сөзсіз қателескен болар еді. Ол – халқымыздың жаны мен жүрегі. Ұлтымыз өмір сүрсе, ол да бірге өмір сүреді [1, 49-б.].
Біз құл болып тұра алмаймыз. Біз ұлт азаттығымызды аламыз. Мәскеудің «азабынан» құтылып, ұлт азаттығымызға тезірек жеткізетін бірден бір дұрыс жол – түрікшілік жолы [1, 60-б.].
Түркістанда ұлттық қозғалысты тудырған екі түрлі себеп бар. Оның біріншісі: Түркістан халқы орыстардан мүлде басқа ұлт екендігі. Екіншісі: Түркістанның ұлттық экономикасының мүддесі Ресейге қасы екендігі [1, 63-б.].
Біздің ұлттық мұраттарымыз бен ұлтты құтқару күресіміздің талаптары арасында пәлендей бір алшақтық жоқ [1, 83-б.].
Большевиктер өзара айтысып, қырқыса берсін. Біз оларды бір жаққа қоя тұрып, бәрінен бұрын өзіміздің шын мәніндегі тәуелсіздігіміз үшін күресе беруге тиіспіз [1, 84-б.].
Кеңес үкіметі тепкісіндегі халықтардың арасында толассыз бас көтеріп келе жатқан бір халық болса, ол – біздің түркістандықтар екеніне де шүбә болмаса керек. Оған себеп – Түркістандағы орыс большевиктерінің әдеттен тыс езуі мен қанауы, қатыгездігі болып отыр. Түркістан халқы орыс большевиктерінің жекелеген саясатына ғана қарсы күресіп жатқан жоқ, «орыс пролетарлары билігінің» тұтас жүйесіне қарсы күресіп келеді [1, 85-б.].
Ең алдымен барлық күштерді бір мықты саяси ұйымның маңына топтастыру керек. «Түркістан ұлттық бірлігінің» бірінші кезектегі міндеті және таяу арадағы мақсаты: «1) Түркістанды орыс пролета­риаты үстемдігінен құтқару; 2) Түркістанда орыстың кез келген үстемдігінің орнауына жол бермеу; 3) Бәрінен бұрын ұлттық, тәуелсіз Түркістан мемлекетін құру болып табылады [1, 86-б.].
Біздің ұлтты құтқару жолындағы күре­сімізде табыстарға жетуіміз бен өз тағды­рымызды өз қолымызға алуымыз ұлты­мыздың ауызбірлігіне байланысты [1, 87-б.].
Біздің мұратымыз – ұлттық тәуелсіз Түркістан. Ұлтшылдық біздің, соның ішінде менің де, саяси идеяларымыздың соңы емес, басы. Олай болса, біздің барлық іс қимылымыз өз билігіміздің өз қолымызға өтуін қамтамасыз ету тұрғысынан жасалуы керек [1, 99-б.].
Бір халықтың тартқан тауқыметі қанша ауыр, көрген қорлығы қанша көп болса, оның бойындағы намысының оянуы және қарсыласу күшінің артуы да сонша тез болады [1, 103-б.].
Ұлттық тәуелсіздік – бізді дүниеден оқшаулап тастайтын Қытай қорғаны болмайтыны сияқты, ешкімнің құқығына қарсы қойылмайды да. Ұлттық тәуелсіздік – отаршыл озбырлардың езгісінен, талан таржысынан атамекенімі бен халқымызды құтқару қозғалысы болып табылады [1, 115-б.].
Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл. Кешегі Ресей тіліміздің дамуына жол бермеді. Ол кезде біздің ұлттық басылымдар шығару құқығымыз жоқ болатын [1, 133-б.].
Асылында халықтың рухани дүниесі (мәдениеті) біртұтас нәрсе. Оны «мазмұнға» және «формаға» бөлуге болмайды. Кез келген рухани мәдениет өзінің мазмұнымен айқындалады [1, 134-б.].
Келешектегі тәуелсіз Түркістан үкіметінің ең басты міндеті – байыпты да парасатты саясат жүргізе отырып, бүкіл түрік атаулыны бір қазанда қайнатып, ақырында бір ұлы ұлттық мемлекет түзу болып табылады [1, 141-б.].
Біздіңше, белгілі бір мұрат мақсаттардың соңында жүрген және сол белгілі мұрат мақсаттар төңірегіне жиналған оқымыс­тыларды ғана зиялы деп айтуға болады. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады [1, 154-б.].
Зиялылардың міндеті ұлы да қасиетті болуы себепті өте ауыр [1,154-б.].
Халықты ұлт деңгейіне көтеру, яғни жері, суы, қазынасы, тілі мен діні бір болған халық бұқарасын бірлестіріп, олардың санасын біртұтас саяси, әлеуметтік, ұлттық санаға жеткізуде ұлы тарихи міндеттің маңызды бір бөлігі зиялылардың үстіне жүктеледі [1, 155-б.].
Ұлт – басқаларға тәуелді болмаған, өзінің мекемелеріне ие және өзінің бірыңғай мүддесі бар халықтар жиынтығы [1, 155-б.].
Дүниежүзінде зиялыларсыз ұлтқа айнал­ған саяси, әлеуметтік халық бұқарасы бір­лігі ешқашан болған емес. Сондай-ақ халық бұқарасынан қолдау көрмеген жағдайда зиялы қауым ештеңе істей алмайды [1, 155-б.].
Зиялылар өз халқына қызмет етудің, халықпен ортақ тіл табыса білудің неғұрлым тиімді жолдарын таба білуі тиіс [1, 155-б.].
Батыс тәрбиесін алған зиялылардың аянышты жері – рухани жақтан өз халқына өгей болып қалуы еді. Батыс тәрбиесі көптеген туыстарымызды халқымыздың жан дүниесіне сіңген, ұлттық тарихымыздың өн бойында жатқан «Шығыс зердесінен» айырды. Олар, яғни Батыс тәрбиесін алған туыстарымыз басқа жақтан жинаған білімдерін өз халқының өмірімен бірлестіре алмады [1, 155-б.].
Біз бүгін «Шығыс рухы басым болуы себепті мешеу қалған» деп саналатын Түркияда Батыс білімі жергілікті жағдайларға сәйкес сәтті қолданылып жатқанын көріп отырмыз. «Батыс білімін» «Шығыс рухымен» ұштастыру үстіндегі Түркия тәжірибесі біз үшін аса құнды. Біздіңше, дүние тарихында бұрын соңды көтерілмеген жетістіктердің түпкі себептері – Түркия ұлттық күштерінің Еуропа тәрбиесін алған түрік зиялылары мен шығыс зерделі зиялылары түркі менталитетін сәтімен үйлестіре алуында жатыр [1, 157-б.].
Біздің болашағымыз, біздің ұлттық төңкерісіміз бен ұлттық мемлекетіміз жастарымыздың үміті мен сеніміне байланысты [1, 160-б.].
Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсiздiгi болуы мүмкiн бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, бiлмейдi де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесi. Ал ұлттық рухтың өзi ұлт азаттығы мен тәуелсiздiгi аясында өсiп дамиды, жемiс бередi [1, 166-б.].
Рухани мәдениет үстем жауын табанда жусатып тастамағанымен, дұшпандарын мысымен басып, өзге халықтардың құрметіне ие бола алады. [1, 171-б.]
Халқымыз жәй әншейінгі адамдардың жиынтығы емес, өзіне тән мәдениеті бар қауым екенін, сондай ақ қазіргі жүріп жатқан саяси талас тартыстар тек «күн астынан бір жағырафиялық орын» алу үшін ғана емес, өз мәдениетін күллі әлемге, соның ішінде Еуропаға да таныту екенін білуге тиіспіз. Біздің ең басты саяси міндетіміздің бірі, міне, осындай [1, 171-б.].
Түркістан түріктері ұлт ретінде құл болғысы келмейді. Олар өз халықтарының мүддесі үшін, тәуелсіз ұлттық мемлекетін құру үшін күресетін болады [1,175-б.].
Адаспау үшін, адаса қалғанда дұрыс жолды табу үшін де білім керек. Біз, түркістандықтар, орыстандыру дәуірін артқа тастап, ұлтты құтқару күресін жүргізіп жатқанымызды естен шығармайық [1, 180-б].
Таптық күрес ұлттық өнеркәсібі қалыптасқан саяси, әлеуметтік және экономикалық мүдделері бір біріне қарама қарсы тұрған, ұлттық буржуазия мен ұлттық пролетариат таптары бар тәуелсіз елдерде ғана болуы мүмкін. [1, 192-б].
Ой еркіндігін құрметтеу бұлжымас заңға айналған батыстың ең демократиялы деген елдерінің өзінде, егер сол ойда қылмыс жасаудың бір белгісі сезілсе, біреудің мүддесіне қауіп төңдіру немесе нұқсан жеткізу сынайы байқалса, онда жаңағы «еркін ойға» заң жүзінде тыйым салынды [1, 204-б.].
Ресей – дүниежүзінде ең қомағай, ешқашан тойымы жоқ мемлекет. Ол жерді қанша көп иемденсе, соншалықты араны ашыла түседі. «Тәбет тамақ үстінде ашылады» деген мақал Ресейдің осындай ашкөздігіне байланысты шыққан десе де болады.. [1, 227-б. ].
Ашығын айтқанда, өздерінің тәуелсіздігі жолында күресіп жатқан Түркістан, Кавказ, Еділ Орал, Қырым және казактардың жеке жеке әрекетіне пәлендей бір нәтиже шықпайды. Барлық күшімізді біріктіріп, бірлескен шеп және бірлескен бір тәуелсіз орталық құруымыз лазым… [1, 239-б.].
Большевиктер «отарлық құлдықта» деп санайтын үнділер Үндістанның тәуелсіздігі хақында шетелдіктермен ашық сөйлесе алады. Ал «Кеңес ұлттық республикасындағы» туысқан халықтар болса «тәуелсіздік» туралы жұмған ауыздарын ашуы мүмкін емес [1, 243-б.].
Жауымыз күшті. Ол біздің барлық өмірлік мәні бар буындарымызды өз қолында ұстап отыр… Сол себепті біз армандап отырған мақсатымызға жетудің бір ғана жолы бар десек, ол жол – тәуелсіздік жолындағы барлық күрескерлердің күш біріктіруі [1, 246-б.].
Қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен … – бәрі бір кісідей жұмылып Түркістанның ұлттық ұраны астына топтаспайынша, Түркістанның болашағын қамтамасыз ету мүмкін емес [1, 256-б.].
…Қазір қолымызда ешқандай бір билік жоқ. Атамекеніміз дұшпандардың тепкісінде жатыр. Біз қазір билік үшін емес, атамекенімізді қанішер жауларымыздан құтқару үшін күресудеміз [1, 262-б.].
Бізді 1918-1919 жылдарда жеңіліске душар еткен нәрсе орыс большевиктерінің қарулы күші ғана емес еді, сонымен қатар өзіміздің ұйымшыл және батыл бола алмағанымыз және ұлттық күресімізді ұйымшылдықпен батыл жүргізе алмауымыздан да еді [1, 262-б.].
Біздің ұлттық мұратымыз – азат және тәуелсіз ұлттық Түркістан мұраты – жеке адамдардың әлсіздігі мен Мәскеу диктатурасының террорлығына қарамастан жасай беретін болады. Және біз оған, сөзсіз, сенеміз [1, 272-б.].
Автономия – біздің басымыздан өткен бір үзік ғұмырымыз. Ол – біздің орыс төңкерісіне, орыс демократиясына сенген аңғал дәуірімізден қалған бір белгі [1, 287-б.].
Ал «Яш Түркістан» – біздің болаша­ғымыз, Түркістанның азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы күресіміздің туы. Күрес туы – бұл әлі жеңістің өзі емес. Тек жеңіске шақыру ғана [1, 287 б.].
Біздің саяси және ұлттық азаттығымыз ең алдымен біздің өз ісіміз. Біз осы ұлы мақсатқа өз ішіміздегі ынтымақты күшейте отырып, біз сияқты ұлтының азаттығы жолында күресіп жатқан басқа да ұлттар тізе қоса қимылдағанда ғана тезірек жете алатын боламыз [1, 288-б.].
Рухани салада маңызды рөл ойнайтын әліпби мәселесінде де кеңестердің саясаты белгілі. Олар өз тепкісінде отырған түріктерге орыс әліппиін зорлап таңу арқылы түркиялық бауырларымызды бөліп тастауды көздейді [1, 292-б.].
Ұлттық күрестің мүддесі осы күреске белсене қатысқан әрбір жеке адамның мүддесіне немқұрайды қаралмауын талап етеді [2, 29-б.].
Біз саяси қайраткерлерді оның ұран­дарына қарап емес, іс қимылдарына қарап бағалаймыз [2, 30-б.].
Қазіргі жағдайда ұлттық қозғалыстарды басқарып, жетекшілік ететін жеке тұлғаларды қорғап қана қоймай, олардың беделін арттыруға да күш салуымыз керек [2, 30-б.].
Біздің ұлттық талаптарымыз – Түркістан­ды жат жұрттықтардың тепкісінен біржола құтқарып, өз тәуелсіздігімізді өз қолымызға алып, ұлттық мемлекетімізді құру. Большевиктерге қарсы жүргізіп жатқан күрестеріміз – біздің сол мақсатқа жету жолындағы іс қимылдарымыз бен тәсілдеріміз болып табылады [2, 95-б.].
Саяси партия дегеніміз – сол халықтың саяси қимылы (әрекеті) және оның өмірі мен болашағының бағыт бағдарын таңдауы болып табылады [2, 108-б.].
Ол (Әлихан – Ә.Б.) өз халқына жат пролетариат қозғалысы мен пролетариат диктатурасының кесір кесапатын жұрттың бәрінен бұрын сезді. Түсінді. Ол Сталинге өзінің осы көрген білгендерін батыл да ашық айтқан болатын. [2, 109-б.].
Асылында, халық арасында тек дін таратушы ғана емес, жат мәдениет таратушылар да миссионерлер болып саналады. [2,111-б.].
Атамекенді сүю дегеніміз – өзіңнің жеке басыңның талаптарын қанағаттандыру немесе белгілі бір топтың не бір жеке адамның мүдделерін қорғау дегендік емес. Атамекенді сүю – оның тұтас мүддесіне қызмет ету, осы жолда әрқашан қызмет етуге, керек болса жан пида қылуға дайын тұру болып табылады [2, 127-б.].
Тарих рақымсыз. Ол ғұламаны да, білгірді де, өнер иесін де, хандар мен патшаларды да аямайды. Ол өз заңына қарсы келгендердің бәрін езіп жаншып жүре береді [2, 128-б.].
Жалпы ұлттың мүддесін жеке қожа­лықтар мен жеке топтың мүддесінен жоғары қоя білген, өзінің белгілі бір түзімге белгілі бір себептермен қалыптасқан қатынасын, оған тәуелділігін жалпы ұлт мүддесі тұрғысына сәйкес, ұлттың жалпы жағдайына үйлесетін түзім жолында құрбан ете білген адамдар ғана нағыз ұлттық патриот және ұлтқа пайдалы қызметші бола алады. [2, 128-б.].
Үміт, сенім, иман – ұлттық күреске бел байлап кіріскен адамдар үшін аса қажетті қасиеттер. Әрине, жалғыз осылармен ғана жеңіске жете алмайсың. Жеңіске жету үшін осы аталған қасиеттермен қатар білім қуаты керек. Техникалық білімге ие болу, қару жарақтарды емін еркін қолдана білу керек. Олай болса, азаттық күреске аса қажет нәрселер – үміт, иман, сенім тәрізді рухани моральдық факторлармен бірге ғылыми техникалық білімнің өзара тығыз бірлігі. Азаттық күресте бұдан басқа тура әрі қысқа жол болмайтынын зердемізге тоқып, санамызға сіңіріп алғанымыз жөн. [2, 214-б.].
Біз бостандық пен тәуелсіздікті жеңіп алуға мәжбүр болып отырмыз. Содан соң біз ұлттық тәуелсіздігімізді құрметтеп қана қоймай, бізбен тең тұрғысы келетін күштермен ғана келісім жасау жөнінде пікір алысулар өткізуге әзір екенімізді мәлімдейміз. [2, 252-б.].
Әлихан бізге ылғи да: «Ұлтқа пайдалы адам болғыңыз келсе, бәрінен бұрын орыс үкіметінің атамекеніміздегі жер саясатын мұқият зерттеп үйренуге тырысыңыздар. Сізге не істеу керектігін осы саясаттың өзі ақ көрсетіп береді» деуші еді [2, 369-370-бб.].
Түрік бірлігі туралы менің қашаннан бері дәріптеп келе жатқан уәжім мынандай: бізге қатыссыз және біздің еркімізбен жоғалып кетпейтін себептермен байланысты біз қазірге дейін өзіміз қатысып келген «Прометей майданына» адал болып, соның ішінде тұрып та түркістандықтар, еділ-оралдықтар және қырымдықтар дос дұшпанның көз алдында бір бірімізге мәдени рухани байланыстарымызды нығайтып, әйгілеп жүрейік дегендік еді [2, 383-б.].




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *