Қанат Ержігіт,  «Домбыра» телеарнасының директоры: Арнамыз тығырыққа тірелді…

167

Қазақ үшін домбырадан қастерлі аспап бар ма? Заманалар бойы қазақтың көрген-түйгені домбыраға саз болып құйылып, домбырадан мұң болып ақтарылған жоқ па? Сол домбыраның атын иеленген арнаның бүгінгі жағдайы қалай? Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен еліміз Домбыра күнін атап өтіп жүр. Алғашқы Домбыра күнінде қазақ даласының әр өңірінде домбыра күйі шалқып, үлкен қуанышпен, шаттықпен тойланған еді. «Домбыра қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт-дәстүрі, бүкіл бітім-болмысы деп айтуға болады. Ол ұлы даланың төсінде ерте заманнан бері халқымызбен бірге жасап келе жатыр. …Тыңдаушысын жігерлендіретін төкпе күйлер мен сыршыл шертпе күйлер қазақтың табиғатын танытады. Күміс көмей әншілеріміз домбыраны қолға алып, сайын даланы жаңғыртып, әуелетіп ән салған. Қастерлі аспап бүгінде симфония мен операға әр беріп, классикалық өнердің ажырамас бөлшегіне айналып келеді. Ол қазақтың бренді мен паспорты, ешкімге ұқсамайтын қайталанбас келбеті… «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы ұлттық мәдениетімізді әлемге танытуға домбыра ерекше үлес қосады. Құрманғазы мен Дәулеткерейдің, Тәттімбет пен Сүгірдің, Қазанғап пен Динаның күйлері төл мәдениетіміздің бірегей үлгілері. Кешегі арамыздан өткен Нұрғиса Тілендиев домбыра арқылы өзінің өшпес өнерін қалдырды. Олардың бәрі ұрпақтан ұрпаққа мұра болып жалғасып, халықтың жадында сақталып келеді. Елімізде қасиетті қара домбыраға деген құрмет ешқашан төмендеген емес…» деген Нұрсұлтан Әбішұлының да сөзі есте. Бүгінгі әңгімемізде қазақ үшін қадірлі аспаптың атын иеленген арнаның жағдайы, болашағы сөз болды… 

– «Домбыра» телеарнасының ашыл­ғанына бір жарым жыл уақыт болып қалды. Осы уақыт аралы­ғында қанша хабар, бағдарлама жасадыңыздар? Қазақ­тың қанша әні, күйі телеарна эфирінен берілді?

– «Домбыра» арнасын аша салғаннан қазақтың дәстүрлі өнері, ән-күйі, ұлттық тәрбиесі, салт-жоралғысы мен қолөнері, байырғыдан сақталған дала заңдары туралы арнайы хабарлар ашып, бағдарламалар жасаймыз деген асқақ жоспарымыз, биік амбициямыз болды. Бұл арнаны ұлттың иісі аңқып тұратын мекен болады деген мақсатпен ашқан едік. Иә, қолымыздан келгені бар, қаржылық, кәсіби кедергілер мен қолбайлауларға қатысты ойға алған ісімізді әлі толық атқара алмағанымыз бар… Әйтеуір осы кезге дейін бірнеше бағдарлама ашып, әр бағдарламаның бірнеше бөлімін шама-шарқымыз келгенше түсіріп, көрерменнің назарына ұсынып үлгердік. Мәселен, «Домбыра үйрету» бағдарламасына арнап жиырмаға жуық хабар түсірдік. Одан бөлек, өнерпаздың портреттік бейнесін жасауға ұмтылатын хабарлар жасадық. Қазақ өнерінің өмірден өтіп кеткен майталмандарының келбетін мәңгі есте сақтауға арналған да бағдарламаларымыз бар. Мұндай бағдарламаларымыздың көпшілігін өзім бар, өзге де жүргізушілер бар, арнайы дайындықпен шығаруға күш салып келеміз. Қолөнер шеберлері жайлы да 15 шақты бағдарлама дайын­дадық. Ұлт аспаптар оркестерінің қатысуымен бірнеше бағдарлама жасадық. Биыл Домбыра күніне байланысты Алматыда екі жарым сағаттық, Нұр-Сұлтанда бір жарым сағаттық концерт өткіздік.

Өзіңіз білесіз, биыл дүниежүзілік пандемияға байланысты біздің ел де карантин тәртібін сақтап, бірнеше ай болды, үйде отыр. Сол уақытта елдің рухани жаңғыруына қосқан үлесіміз болсын деп, әлгі хабарларды, қазақтың ән-күйін, өлең-жырын арна эфирінен шамамыздың келгенінше бердік.

Осы уақытқа дейін арна эфирінен берілген қазақы ән-күйдің санын, шынымды айтсам, білмейді екенмін. Бірақ 2018 жылдың қазан айынан бастап, еліміздің біраз аймағын аралап шықтық. Табанымыз тиген өңірлердің әрқайсысында, ауыл-ауылдарды аралап жүріп, дәстүрлі ән-күйлерді, жыр-термелерді жазып алдық. Ол шығармалардың барлығы да түгелдей арна эфирінен берілді. Телеараның әлеуметтік желілердегі парақшаларына салынды.

– Көрерменнің пікірі қандай?

– Көрермен пікірі әртүрлі болады ғой. Көпшілігі сағыныштарын айтты. «Мына әнді сағынып қалыппыз», «Мына әнді әкем, ағам айтатын еді», «Мына ән бала күнімнен сіңісті болған дүние еді», «Мына әнді тыңдап, балалық шағыма барып келгендей болып отырмын» деп хабарласатындар көп. Орыс тілді азаматтар да хабарласып, керемет жоба жасап отырғанымызды айтып, алғысын жаудырып жатады. Үлкен кісілер көп хабарласады. «Домбыра» арнасын қосып қойсам, немерем қасыма келіп қарап отырады. Сол кезде ішім жылиды» дейді. «Балаларға айтып арнайы тыңдата алмайсың, алайда үйде осы арна қосулы тұрса, дәстүрлі ән мен күй құлақтарына ақырындап сіңе береді екен» дейді. Әйтеуір осындай сөздерді естігенде мерейіміз асып қалады. Жұмысың туралы жылы пікір есту кім-кімге болса да ұнайтын шығар деп ойлаймын. Бұл сыннан қашамыз деген сөз емес. Арнадағы бағдарламалар, ән мен күй туралы сыни пікірлерге тіптен ашықпыз. Олармен кездесіп, мәселені жан-жақты талқылап, сабақ алғанымызға қуанбасақ, ренжімейміз.

Төтенше жағдай басталғанда қара­жаттан таршылық көріп, абоненттік төлемге қиналып, халықтан қолдау сұрадық. Сонда қаншама адам хабарласты. Олар біздің арнаны мемлекет қаржыландырады деп ойлап жүр екен. Көрерменіміздің көпшілігі сол кезде барып біздің жеке арна екенімізді білді.

– Арнаның хабар тарату ауқымы туралы да білгіміз келеді.

– Арнаның ауқымы аз. «Қазақ­телекомның» кабельдік жүйесіндеміз. Ауқымымызды кеңейтейік десек, қол қысқа. Өткен жылы мемлекеттік байқауға қатысып көрдік. Барлық құжатымызды хаттама бойынша реттеп, өткіздік. Бірақ телеарнаны тегін хабар тарату ауқымына қоса алмадық. Басқа арналар өтті. Сол кезде Президент аппаратында қызмет атқарған, қазіргі министр Аида Балаева ханыммен кездесудің сәті түскен еді. Былтыр, 5 қарашада жүзбе-жүз отырып сөйлестік. Ол кісі сөзімізді мұқият тыңдап, мәселемізді шешуге атсалысатынын айтқан болатын. Жағдайымызды айтып Елбасыға хат жазып, оны Қырымбек Көшербаевқа тапсырдық. Президентке да жағ­дайымызды айтып, хат жазған болатынбыз…

Өкінішке қарай, былтырғы бай­қаудан өте алмадық. Оның жай-жап­сарын сұрағанымызда құжаттағы кейбір мәселерге орай туындаған қиындық екенін білдік.

– Мысалы, ол қандай қиындық?

– Мысалы, байқауға өткізетін құжатта сатып алатын бағдарламаларды көрсетуіміз керек екен. Үлкен арналар басқа орталықтарға тапсырыс беріп, бағдарламаларды сатып алады ғой. Ал біздің олай істеуге жағ­дайымыз жоқ. Бар декорациямызбен бағдарламаларды өзіміз түсірдік. Екіншіден, ретрансляция жасайтын хабарлар жоғын айтты. Қай арнаның хабарлары біздің арнаға сәйкес келетінін іздей бастадық. Дүниежүзінің 118 мемлекетіне тарайтын «Kazakh-tv»-да біздің арнаға лайық ұлттық бағдарламалары бар екен. Соны сұрап көрдік. Министрлік арқылы сұра­ғанның өзінде әлгі хабарларды ақ­шаға сатып алуымыз керек. Оған, тағы да қаражат қолбайлау болып отыр.

Биылғы көктемде Төтенше жағ­дай жарияланғанын білесіз. Каран­тин тәртібін сақтап, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрімен тікелей кездесе алмағанымызбен, осы жақында ғана Аида Балаевамен онлайн кездесуге қатысып, скайппен сөйлестік. Кезінде сізге мәселемізді түсіндіріп айтып едік, енді министр есебінде біздің жағдайға оң көзіңізбен қарайтын болдыңыз деп қуанып жүрміз деп ағымыздан жарылдық. «Шілде соңында тағы байқау болады, соған құжаттарыңызды тапсы­рыңыздар» деді. Сол байқаудан үміттіміз.

– Телеарна ашылған сәтте «Қазақ аспаптарының қалыптасуын, күйшілік өнерді кеңінен насихаттаймыз» деген едіңіз. Қазақ музыкалық дәстүрлі аспаптарының тарихы туралы қызғылықты хабарлар жасау жағы қалай? Басқа аспаптар туралы, олардың тарихы туралы хабарлар түсірілді ме?

– Оның бәрін түсірсек дейміз. Ақселеу ағамыз секілді азаматтардың көзін көріп қалған зерттеушілерді телеарна эфирінен бергіміз келген. Көбі аяқсыз қалайын деп тұр.

Біз, жалпы осы арнада жұмыс істегісі келетін немесе осы арнаның ұстанған саясатына үн қосқысы келетін кез келген маманға ашықпыз. Жүргізіңіз, техникалық жағынан қолдайық деп отырамыз. Халыққа да ашықпыз. Халықтың арнасы болғымыз келеді. Мемлекетке де ашықпыз, себебі мемлекеттің де арнасы болғымыз келеді. Бірақ жоба­мыздың көпшілігі аяқсыз қалып жатқаны қынжылтады. Министрлік қолдап қалар деп алты бағдарлама ұсындық. Олардың қаржылай қолдауға мүмкіндігі болмады. Облыстардағы әкімдіктерге жібердік, олар да керемет жоба екен деп жылы жауып қойды. Әрбір өңірдің өз мектебі, авторлары, өнерпаздары, қолөнер шеберлері бар ғой. Сол өңірдегі шығармалық қауымды бөлек түсірейік деген мақсатпен «Ұлы дала әуендері» деген жобаны қолға алғымыз келген. «Асыл мұра» деген атпен, сол өңірден шыққан азаматтарға арнап бөлек бағдарлама дайындауға ұмтылып едік. «Атакәсіп» деген атпен қолөнер шеберлеріне бағдарлама арнағымыз келген. «Жеті қазына» деп те хабар жасауға ұмтылдық. Бірақ, өкінішке қарай, қолдау таба алмадық. Өз қаражатымыз аз болды. Кәсіби деңгейде ізденіп, арнайы мамандарды жинастыру керек. Салмағы бар дүние жасағымыз келген, ол қазір болмай тұр. Егер қолдап жатса, болашақта осы хабарларды жасаймыз деген ой бар.

– Қазір арнада қанша қызметкер бар? Арнаның техникалық құрал-жабдығына, хабарларды таратуға кететін және басқа да шығындарды айтып бере аласыз ба?

– «Домбыра» телеарнасын ашып, бастаған кезде бизнесте жүрген едік қой. Қазақ эстрада жұлдыздарының бейнеклиптерін көрсететін, шоу-бизнес туралы хабарлар тарататын «Жұлдыз» музыкалық телеарнамыз бар болатын. Коммерциялық болғаннан кейін, онда эстрада жұлдыздарының бейнебаяндарын көрсеткеніміз үшін қаржы жинай алатынбыз. Одан бөлек, жиын-тойларды, мерекелік іс-шараларды түсіретін «Ақ отау» деген агенттігіміз болды да, жыртығымызды содан түскен қаражатпен жамап отырдық. Концерт, жарнама түсірумен де қаражат табатынбыз. Қазір ол агенттік жұмысын тоқтатты. «Жұлдыздың» да жағдайы қиындап кетті. Қазір ешкім бейнебаян түсірмейді, ротация бермейді. Міне, осы себептермен «Домбыра» арнасына қолдау көрсетіп отыратын, өз қалтамыздан шығатын қаржы көздерінің аясы тарылып кетті.

Ал техникалық құралдарға қа­тысты айтсам, түсірілім техникамыз бұрыннан бар ғой. Сол техниканы пайдаланып, «Домбыра» арнасының хабарларын түсіріп келеміз. Бұрын­дары техниканы жалға беріп те қара­жат табатын едік, қазір карантин шараларына байланысты ол жағы да қиындап кетті.

Арнамыз шағын болған соң, қызметкерлеріміз де көп емес. 20 шақты маман бар еді, тағы да сол карантиндегі жағдайдың төмендеп кетуіне байланысты олардың қа­тарын азайтуға тура келді. Қалған қызметкердің өзіне жалақыны беру жағы қиындап тұр. Шүкір, қыз­меткерлер бұл қиындыққа түсініс­тікпен қарап отыр.

– «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дейді Қадыр Мырза-Әлі. Осы қазақтықтың символына айналған домбыраның атын иеленген арнаның нағыз көрермені кім?

– Шынымды айтсам, біздің көрермен, негізінен, үлкен кісілер. Байырғының әні мен күйін жүрегінде мәпелеп жүрген өнерпаздар да біздің арнаны көреді. Үлкен кісілер біздің арнаны көріп отырғанда орта буын да, бала-шаға да арнаға қарап қояды. Демек, біздің арна – отбасылық арна. Нағыз қазақы отбасы біздің көрермен деп толық сеніммен айта аламын.

Қазақтың барлық болмысы ән мен күйде, жырда ғой. Термелерде бабалар айтқан даналық сақталған. Жасымыз 45-ке келді. Сол жыр-термені тыңдап өстік. Қазіргілер де сондай ән-жырды тыңдаса екен, телеарналардан музыка іздегенде дәстүрлі ән тыңдауына да мүмкіндік туса екен дейміз.

Дәстүрлі өнерде жүрген, соған өмірін арнаған жандар бар. Дәстүрлі өнер мамандығы бойынша оқу орнын бітірген қаншама жас бар. Олар да өнерін елге паш еткісі келеді. Бірақ олар шығатын телеарна жоқ. Ол жастардың көпшілігі облыстар­дағы қаржысы аз филармонияларда жұмыс істеп жүр. Олардың да телеар­надан көрінгісі келіп, эстрадаға ұрынады. Қазіргі эстрадада жүрген азаматтардың көбі сахнаға дәстүрлі өнер арқылы келді ғой. Ендігіде сол жастар эстрадаға кетіп қалмай, қара домбырасын, қобызын аялай жүріп, өнерін паш етсе екен деген ниетпен әрі дәстүрлі әнді аңсаған үлкен кісілердің құлақ құрышын қандырайық деген мақсатпен осы жұмысты қолға алып едік.

– «Домбыра» телеарнасы ID TV арқылы тарайды. Арнаның You Tube каналы бар. Одан бөлек, түсірілген хабарлар арнаның әлеуметтік желідегі парақшасына да салынады…

– Қазір қазақтың көбі «Отауда» отыр. Оған ақша болса бүгін-ақ кіріп кетуге болады. Ай сайынғы абонеттік төлем 2 млн 200 мың. Бір жылда отыз млн қаражат керек. Бұдан басқа кабельдік желідегі, спутнигі бар Alma TV-ге де шыққымыз келген. Жақсылап хат жаздық. Елбасының айтуымен Домбыра күні белгіленіп, сол қазақтың домбырасынан төгілген күй мен әнді насихаттайтын арна екенімізді айттым. «Домбыра» телеарнасы жеке болғанымен, коммерциялық арна емес екенін түсіндіріп, сол үшін бізді тегін таратуларын сұрадым. Әрине, олардың жарнамасын арна эфирінен беретінімізді де жеткіздім. Бірақ олар мұндай келісімге бармады. Кабельдік желі үшін 1 млн 600 мың, спутниктік желі үшін 1 млн 800 мың, ай сайын 3 млн 400 мың ақша сұрады. Сондықтан, бұл саладағы талпыныстарымыз да тығырыққа тіреліп тұр.

Депуттатар да арнаның жай-күйін үлкен мінберлерде көтерсе деп үміттеніп, біраз азаматтарға хат жібергенбіз, әзірге хатымыз жетпеді ме, әлде басқа бір себептер бар ма, олар да үнсіз. Қазақтың шаңырағында қаншама ұлт отыр. Соларға өз домбырамызды, ән-күйімізді таныта берсек, құлақтарына сіңіре берсек, көздерін үйрете берсек деп едік… Өкінішке қарай, арнаны жандандырудың қандай жолын іздесек те, әзірге бар есік жабық тұрғандай көрінеді. Сондай сәттерде көңілім құлазып-ақ қалады…

– Біраз уақыт бұрын «Домбыра» арнасына көмек керек» деп эфирге шығардыңыздар. Көмек болды ма?

– Болды, әрине. Біраз ақша жиналды. Үш-төрт азамат қомақты қаржы салды. Одан кейінгіде де біраз ақша жиналды да соңы саябырсып кетті. Халық өзі де қиналып жатқан кезде біз тағы қинамайық деп, кейін эфирден алып тастадық. Меценаттар көмек жасар, карантиннен шықсақ, жағдай дұрысталар деп ойлағанбыз. Несін жасырайық, дәстүрлі өнерге қолдау көрсететін азаматтар шығатын болар деп үміттеніп едік. Ол жағы да болмай тұр ғой.

Өз дәстүрімізді білмесек, ұлттық болмысымызға ұмтылсамақ, біре­гейлігімізді жоғалтып алмаймыз ба деп алаңдаймын. Бұрын қазақша, орысша сөйлейтіндер бар еді. Енді арабша мен ағылшыншаны білетін­дер қазақтың тілін кірме сөздермен бұрмалап жүр. Осы жайттардың барлығына алаңдап, таза қазақы әуенмен, әуезбен, сөзбен көмкерілген арна болса деп, ашқан едік. Өткенің қандай дегенде әке-шешеміздің, ата-бабамыздың ғана суретін көрсетіп отыра бермейміз ғой. Ұлттық дәстү­рімізді, салт-жоралғымызды да көр­сетпейміз бе? Осының бәрін бағамдап, үлкен бір жоба жасасақ деп едік…

Иә, біздің арнада жастарды, енді-енді шығып келе жатқан өнерпаздарды көрсетеміз. Олардың әнді сауатты орындайтыны, орындай алмайтыны да бар, оны жасырмаймыз. Сол үшін бізді кейбір мамандар «көркемдік кеңес жоқ» деп айыптап жүр. Қазақтың үлкен тұлғасы Мырзатай Жолдасбеков арнамызды көріп отырады екен. Сол сынын айтыпты. Сөзімнің басында сынға, ескерту, пікірге құрметпен қарайтынымды айттым ғой. Әрине, ағамыздың да сынын жақсылап тыңдадық. Әзірге қолбайлау болып тұр, алайда алдағы уақытта қолдау тауып жатсақ, көркемдік кеңес те ашылып қалар деп ойлаймын.

Еліміздің түкпір-түкпірінде қанша өнерпаз насихатталмай жатыр? Карантинге дейін біраз өңірді араладық қой. Карантин бітсе барамыз деп отыр едік. Сол әр өңірдегі өнерпаздардың басын қосып, ­WhatsApp топ ашқанмын. Мына індеттің кесірінен айналдырған төрт-бес айда сол WhatsApp-топта отырған бірнеше азаматтан айырылып қалдық. Олардың әрқасысын видеоға түсіріп, архив жасасақ деп жүр едік. Олар өнерді дәріптеушілер ғой. Қазақта жеті мыңға дейін күй бар дейді. «Мына кісі мынандай күйді жақсы біледі» деген адамдар бар. Соларға барып, телеэфирге жазып алсақ деп жүрміз. Қазір ауыл-елдегі өнерпаздарды түбегейлі зерттеп жүрген мамандар аз. Бар болса да, негізінен, аудиотаспаға түсіреді. Ал біз видеотаспа арқылы үлкен архив қорын жасағымыз келеді.

– Ол архив қалай жасақталып жатыр?

– Архив қомақты болып қалды. Барлығы серверімізде сақтаулы тұр.

– Арнаның арғы тағдыры қаржылық кедергілердің шешілуіне байланысты болып отыр ма?

– Иә, солай болып тұр. «Соғыстың әңгімесін сол соғыста жүрген біледі» дегендей, осы арнаның ыстық-суығына күйіп отырмыз ғой. Баланы ұлттық тәрбие негізінде ғана азамат қатарына қосамыз. Осы орайда ата- апаларды түсіріп, балаға бұрынғының әңгімесін жеткізгіміз келген. Әзірге бұл жұмыстар, жобалар, жоспарлар тығырыққа тіреліп тұрғандай…

– Болашақтарыңыз жарқын болсын. Әңгімеңізге рақмет!

 Әңгімелескен

Қарагөз Сімәділ

«Ана тілі» газеті

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *