Қазақстан мен АҚШ кең масштабты ынтымақтастықтарын тереңдетуге ниетті

217

ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов АҚШ Президентінің арнайы көмекшісі – АҚШ Ұлттық қауіпсіздік Кеңесінің Ресей және Орталық Азия жөніндегі аға директоры Селестэ Уолландермен кездесу өткізді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Baq.kz хабарлады. 

Кездесу барысында саяси және сауда-экономикалық салалардағы ҚР мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағы талқыланды.

Тараптар өңірдегі елдердің қауіпсіздігі мен жалпы таратпаудың жаһандық жүйесін барынша нығайтатын,  Нью-Йоркте қол қойылған «ядролық бестік» елдерінің Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аумаққа мүше елдерге кері кепілі туралы Хаттаманың тезірек күшіне ену маңызын атап өтті.

Сұхбаттасушылар, сондай-ақ, Стратегиялық әріптестік жөніндегі комиссия мен Энергетика саласындағы әріптестік жөніндегі бірлескен комиссия сияқты қазақстандық-америкалық ынтымақтастықтың даму құрылымдарының табысты жұмыстарын атап өтті.

Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңызды элементі болып табылады. Б.Обаманың көмекшісі Бурабайдағы ҚР Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің 27-ші толық отырысында ҚР Президенті Н.Назарбаев жариялаған инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша шаралар пакеті туралы ақпаратты қызығушылықпен қабылдады. С.Уолландер Б.Обама Әкімшілігі АҚШ-тың іскер топтарын инвестициялық тұрғыдан да, ЭКСПО-2017 сияқты жобаларға қатысу үшін де Қазақстанмен ынтымақтастыққа тарту бойынша олармен тығыз жұмыс жасайтынын растады.

Сұхбаттасушылар арасында халықаралық саясат пен өңірлік қауіпсіздіктің, оның ішінде Украинадағы жағдай, елден халықаралық коалиция әскерлерін шығару бойынша Ауғанстан тұрақтылығы сияқты өзекті мәселелері бойынша пікір алмасу өтті. АҚШ Әкімшілігі атынан С.Уолландер Қазақстан мен оның көшбасшысына шиеленіскен өңірлік және жаһандық мәселелерді шешудегі оң рөлі үшін алғысын білдірді.

Тараптар қазақстандық-америкалық әріптестіктің барлық бағыттарын нығайту және кеңейту жұмыстарын одан әрі жалғастыра беруге келісті.