Исламофобияның шығу тарихы-1

414

850 жылы Перфектус деген монах сауда жасамақ болып Кордованың базарына барады. Ол кезде Кордова – Испаниядағы мұсылман елінің астанасы болатын. Базарда христиан киіммен жүрген монахты еріккен араб саудагерлері қоршап алып, мазақтап, тиісе бастайды. Олар:

– Ең мықты пайғамбар қайсысы? Мұхаммед пе, Ғайса ма?» – деп сұрайды. Перфектус мұның арандату екенін бірден сезеді. Себебі Мұхаммедке тіл тигізген адам шариғат бойынша өлім жазасына дейін жазаланатын. Сондықтан ол барынша сақтықпен бейтарап жауап береді. Бірақ, саудагерлер тоқтамайды. Олар барлық христиандарға, әулиелерге, тіпті Ғайса пайғамбарға да тіл тигізеді. Перфектус ары қарай шыдай алмайды. Ашуға булығып:

– Сендердің Мұхамбет пайғамбарларың жәдігөй, әйелқұмар. Керек десең Тажалдың өзі, – дейді.  Перфектус сол сәтте-ақ зынданнан бір-ақ шығады.

Бұл оқиға Кордова бейбіт тұратын және аралас-құралас өмір сүретін христиандар мен мұсылман арасына үлкен жіктей қадалды. Себебі Кордовада ешкім өзгенің дініне, тіліне, дәстүріне тіл тигізбейтін. Екіншіден, ондағы христиандар арабтарды жақсы көретін. Олармен тату-тәтті тұратын. Сырттан келген монахтың оқиғасы оларды қатты әбігерге салды.

Перфектус зынданға қамалғасын онан сайын қырсықты. Ақталуға еш әрекет жасамады. Бірақ, қазы оқиғаны әділ байыптап, оның пайғамбарды әдейі тілдемегенін, базардағы арабтардың қасақана арандатқанын ескереді. Сөйтті де, монахты жазадан босатып жібереді. Бірақ, Перфектус арада бірнеше күн өткенен кейін қазының алдына екінші мәрте келеді. Бұл жолы да Мұхаммедке қатты тіл тигізген. Абайсызда емес, бұл жолы қасақана. Қазы сонда да монахты өлімге қимайды. Одан көпшілік алдында кешірім сұрауды өтінеді. Бірақ, бұл жолы санасын жалған сезім билеген монах жақ ашпайды. Қырсыққан күйі тұра береді. Қазы амалсыздан монахты шариғат жолымен жазалап, өлімге кеседі.

Осыдан соң испан христиандарының көңілі орнына түскен еді. Бірақ, тағы бір сыбыс ел арасында «бұрқ» ете қалды. Перфектустің өлі денесін түнде біреулер қазып алып, кескілеп кетіпті. Сөйтсе, Перфектус еуропадағы христиан арасында діни жапа шеккен қайраткер ретінде танылыпты. Оның кескіленген денесі тәбәрікке айналыпты. Оған кейбірі «әулие» деп сыйына да бастайды. Ел ішінде «азап шеккен дене» туралы аңыздар пайда болады. Христиан дініне берік екенін дәлелдегісі келген жұрт Мұхамбетті балағаттауды ерлікке санайды. Сөйтіп, Кордоваға ағылады. «Бұл – тарихтағы Мұхамбет пайғамбарды  қаралаудың басы еді» — дейді ғалымдар.

Перфектус өлгеннен кейін, қазының алдына Исхак есімді екінші бір монах келеді. Ол шектен шыққаны сонша, Мұхамбет пен ислам дінін базардың ортасында ашық тілдей бастайды. Қазы оны алғаш көргенде ішіп алған мас немесе есі кеміс деп ойлайды. Есін жиғызу үшін жағынан бір-екі рет шапалақпен тартып жібереді. Бірақ, Исхак одан сайын құтыра түседі. Сорақы қылығы үшін оны жазаламаудан басқа амалы қалмайды.

ІХ ғасырдағы испаниядағы мұсылмандар өздеріне өте сенімді, әрі мықты болатын. Оларға христиан фанатын немесе жанкештілерін өлім жазасына кесу ешқандай бедел, күш әкелмейтін. Екіншіден, дін үшін азап шеккісі келген монахтардан «әулие» культін дамыту тіпті қажет емес. Сондықтан қазы Перфектусты, не Исхакты өлім жазасына кесуді қаламады. Бірақ ондай сорақылықты заңмен жазаламау әсте мүмкін емес еді.

Исхактың өлімінен соң араға тағы бірнеше күн салып оның монастрынан алты монах келеді. Олар да Мұхамбет пайғамбарға тіл тигізіп, өлім құшады. Осылайша Кордова қазысы жаз айында елуге жуық «азап шегушіні» өлімге кеседі. Оларға Кордованың епископы, мозарабтары, тіпті кейбір христиандардың өздері де ұрысып, тыймақ болды. Бірақ, надандық тұмшалаған лек тоқтамады. Оларды, тіпті, шіркеудің діндарлары да қуаттай бастады. Евлогий, Пабло Альваро есімді священниктер «азап шегушілерді» «Құдайдың әскері», «дін үшін жан беретін жауынгерлер» деп жариялады. Ғайсаның сөзіндей көрінген бұл теңеулер Исламға қарсы шабулды одан сайын күшейтіп жіберді. Олардың аузын тыюдан шаршаған мұсылман билігі де жанкештілерді өлтіре-өлтіре шынымен жәбірлеуші бейнесіне енеді. Исламды қаралау, өзін азапталушы сезіну тек монахтар арасында емес, барлық христиан бұқарасында белең ала бастайды.

Бұған себеп, арабтың дамыған мәдениеті христиандарды қатты рухани күйзеліске ұшыратты. Жоғары мәдениеті бар арабтың алдында еуропа өздерін төмен санады. Былай айтқанда, дискомфорт халді бастан кешті. Өз мәдениеті өркениеттің тамырынан үзілгендей немесе мұсылман әлемінің көлеңкесінде қалғандай сезінді. Мәдени тамырын жоғалту өте қатерлі ауру сияқты. Адам автоматты түрде дін үшін өзін өлімге байлайды. Мұндай психологиялық комплекс қазір ислам жиі кездеседі. Расын айтқанда, өзін-өзі жару, өлтіру дін үшін жапа шегу емес. Жәй мәдениет өкілінің өзге өркениет алдында өзін-өзі жұбатудан туатын әрекеті. Мәселен, ол жердегі испандықтар араб мәдениетімен тығыз қатынасты өмір сүрді. Кейбірі мемлекеттік қызметте карьера жасау үшін мәжбүрліктен өз есімін арабша қоюы да мүмкін. Қоршаған ортасы араб тілінде сөйлейді. Киімдері де жат жұрттікі. Ең жанға бататыны – өзінің мәдениеті, діні қауқарсыз әрі үмітсіз. Ислам сияқты жеміс бермейді. Ал, дінін өзгертейін десе ата-бабадан бері ұстап келгені христиандық сенім. Амалсыз өз сенімі үшін өзін отқа жағып, құрбан болады. Қазіргі кезде кейбір радикальды мұсылман жамағатының өшпенділігі мен ашу-ызасын көргенде, мүмкін, Кордовада «азап шеккен» христиандардың жайын да бір ойлаған жөн шығар. Себебі батыс мәдениеті мен техникалық дамуы да қазіргі күні дәстүрлі мұсылман құндылықтарына психологиялық қатер төндіріп келеді.

Сондықтан, Кордовадағы Перфектус пен Искактің «азап шегушілік» қозғалысы мәдени қауқарсыздықтан басталды.

«Христиандар арабтардың прозасы мен өлеңдерін жақсы көреді; олар араб ойшылдары мен философтарының еңбегін теріске шығару немесе сынау үшін емес, арабша таза әрі көркем сөйлеу үшін оқиды. Қасиетті жазбаның латын тіліндегі түсіндірмелерін оқып немесе пайғамбар мен апостолдардың Евангелиясын жаттап отырған бір мирянинді таппайсыз. Әттең… Барлық талантты христиан жастары араб кітаптарын таңдана оқып, жаттап жатыр»– дейді Пабло Альваро. Ол амалсыздан осылай күйініп отырғанда Перфектустің жайын естиді. Оқиғаның жапсарына бармастан ол Перфектусті екінші Ғайсаға теңеп жібереді. Осыдан бастап, исламофобия тарихы басталады.

Альвароның Евлогий деген замандасы болды. Ол да священик қызметін атқаратын. Исламның гүлденуі, христиан дінінің надандыққа батуы оны да қатты күйзеліске салатын. Ол көрші христиан қаласы Памплонға барып, ол жақтан латынша мәтіндер және римдік Вергилий мен Ювеналдың классикалық трактаттарын ақтарып ізденді. Мұсылман мәдениетінің ықпалын жою үшін латын Ренессансын қарсы қойып көрді. Бірақ испандық христиан жастары оған қызықпады. Осылай өз-өзі жұбата алмай жүргенде Перфектус пен Искахтың өлімі оған жігер сыйлады. Ол да базарға барып жұртты жинап, Мұхамбет пайғамбардың өзін, отбасын балағаттайды. Ислам билігі алдыңғы монахтар сияқты Евлогийді де өлім жазасына қимайды. Оған символикалық түрде болса да Исламға бағынуды және пайғамбар мен оның отбасына қатысты теріс пікір білдірмеуді өтінеді. Тіпті христиан жастарының арасында ағартушылық жұмыстарын жалғастырып жүргізе беруіне де ашық рұқсат береді. Тек алдындағы «ақымақтар мен есуастар» секілді «аянышты, әрі өзі үшін қатерлі» әрекетті қайталамауын ескертті. Бірақ, дін үшін құрбаны ретінде өлуді аңсаған Евлогий өзін барынша қинап, кескілеп өлтіруді сұраған.

Евлогийдің өлімінен кейін «азап шегушілер» легі тоқтайды. Испанияда қайтадан мамыражай заман орнайды. Еврейлер де, христиандар да, арабтар да тату-тәтті, сыйластығын жалғастыра берді. «Азап шегушілердің» келеке тірлігі көрген түстей ұмытылып, жадтан жоғала бастап еді. Бірақ, ол испанияда ұмытылғанмен аңыз болып батыстың өзге жерлеріне жайылыпты. Кейіннен Батысқа тән үйреншікті қарым-қатынастың негізін өрнектейді. Бұл жайында келесі жолы баяндаймыз.

Дайындаған Айбек Нәби