Беташар: сәлем салу кімнен қалды?

1273
2013 жылдың қазан айында ол кезде әлі аты жоқ «Салт-дәстүр сөйлейді» кітабын қолға алдық. Мақсат — салт-дәстүрдің өміршеңдігіне платформа болған иләһи мазмұнды аңыздарды табу. Ойды ой түртеді. Бұл идея бізге британдық дінтанушы ғалым Карен Армстронгтан жұқты. Карен әжей «The battle for God» атты кітабында салт-дәстүр мен аңыздың байланысы туралы мынадай тамаша қорытынды жасаған. «Мифтер салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға араласып, сіңісіп олармен біте қайнасқанда ғана барлық ырымдар мен тыйымдарға эстетикалық жағынан жан бітіреді. Мазмұны киелі аңыздармен байытылған салттар мен ғұрыптар ғана оның сакральді мәнін ашып, тіршіліктің терең сырларына бойлауға мүмкіндік береді.

Егер салт-дәстүр мен иләһи ғұрыптар болмаса, жай ғана діни уағыздар мен аңыздар жұтаң тартып, адамға мәні ашылмас еді. Салыстырып айтар болсақ, дәстүрге айналып, тұрмысқа сіңіспеген аңыз-әңгімелер қағазға таңбаланған ноталар сияқты құрғақ абстракцияға айналады. Ноталарды музыкалық аспапқа салып ойнағанда ғана жаныңды рахатқа бөлейтін кереметтей күйлер төгіледі. Дәл сол сияқты салт-дәстүрлер ұрпақ арасында жалғасын тауып, ықыласпен орындалған кезде ғана мифтер мен аңыздар адам жанына жұбаныш беріп, рухына шабыт бітіреді».
Ағылшын апаның осы ойы ұйықтап жатқан бір ойды түртіп жіберді. Жұмыс бастала салысымен Мұхит пен Айбекке «өліңдер-тіріліңдер — Беташардың аңызын табыңдар! Жаңа түскен келінге ақ жаулық жауып, шымылдыққа отырғызып, ертесіне оны елдің алдында салтанатпен таныстырып, бетін ашудың мазмұнды аңызы болуы тиіс. Көшпенді қазақтардың Беташардай ірі мәдени элементке қисса шығармауы мүмкін емес» дедім. Беташарға ерекше акцент берудің тағы бір маңызды қыры болды. Оған да түрткі болған Карен әжейдің «Мифтік таным әлсіреген қоғамда өктемшіл, үкім айтқыш діндарлар көп болады» деген пайымды пікірі еді. Соңғы он жылда исламшыл жамағаттың қазақ салттарын мансұқтаумен қарқынды түрде айналысып жатқанын жақсы білеміз. Сол топтың сойылын соғушы бір танымал айтыскер ақын «Беташар күнә. Келіннің иіліп сәлем салуы-Құдайға ортақ қосу» деп интернетті бір шулатып тастады. Сондықтан, Беташардың аңызын табу — стратегиялық тұрғыда өте маңызды орынға шықты. Іздеу жұмыстары қарқынды басталды. Жігіттер кітапхананы қопарып жатыр. Бірақ, Беташардан тырс кеткен хабар болмады. Кенет маған «Бұны бір білсе Болат Бопайұлы білу керек» деген ой сап ете қалды. Ол кісіге арнайы барып сұрадым. Болат аға ойланып отырды да:
— Мен оның аңызын бала кезімде Имам ағзам қариядан 10 жасымда
жазып алғаным есімде. Бірақ одан бері 40 жыл өтті. Қай дәптерге жазғанымды бір Құдай өзі біледі. Оны табу үшін бүкіл қолжабаны қопару керек. Енді ол табылса жақсы,-деді. Мен:
— Анық Беташарды жаздыңыз ғой?
— Ия, анық есімде. Ақ жаулықтың астында иіліп тұрған Хауа ананың
ақша жүзін Адам атаның алғаш рет ашып көретін әдемі аңызы болған. Бірақ бас-аяғын ұмытып қалыппын. Оны ол кезде керек еткен кісі баласы да болмады. Сонымен қалды ғой.
— Аға, кітап шықпай кетсе де тап осы аңызды табу өте маңызды болып тұр. Осылай кешіге берсек, бұл дәстүрді қаралау қарқын алатын сияқты. Қопарыңыз қазынаңызды.
— Жақсы. Қопарайын. Табылып жатса, саған бірден хабар берем.
Мен үміттеніп қалдым. Ары қарай жұмыс жалғаса берді. Ойламаған жерден Мұхиттың бағы жанып, жарты жолда PhD-ге оқуға түсіп, Кайсериге кетіп қалды. 4 айдан соң мен де шетелден бір-ақ шықтым. Айбек Шымкентте жалғыз қалды. Кеткенше Болат ағаның миын жедім. Ол кісі де «жоқ, Сәке, табылмай жатыр» деген бір жауабын қайталай берді. Үш ай шетте жүргенде «Беташар не болды екен?» деген сұрақ көкейден кетпей тұрып алды. Елдегі Айбекпен хабарласып Болат ағадан сұратып отырдым. «Жоқ» деген жалғыз жауап келеді. Мен мазасыздана бастадым. Наурыз айында Мұхит Кайсериден хабарласып: «Мына жақта қазақ аңыздары жиналған кітаптар бар екен. Түркияның ғалымдары 1994-1995 жылдары Созақ ауданын аралап, талай аңызды жазып әкетіпті. Мен біразын таптым» деді. Беташардың аңызы сол жақтан табылып қалар деген үміт қайта күшейді. Мамыр айының басында Кайсериге ұшып бардық. Талай қазына табылып жатыр. Бірақ Беташар жоқ. Тағы да елге хабарласып, Болат ағадан сұраттым. «Жоқ» деген қысқа жауап тағы келді. Кайсериден кеткенше «ертең табылып қалса екен» дәме жоғалмады. Кітап жазылып бітті. Елге оралдық. Келе сала Болат ағаға хабарластым. Жоқ. Кітаптың коррекциясы біткенше тағы да 1 ай уақыт бар еді. Сол күйі табылмады. Кітап дизайнын жасайтын күн де келді. Мен Мұхитқа қарап:
— Мұхит, Беташарға қатысты жинаған жырларды кітаптан алып таста.
Мифтік платформасы болмаған соң бәрібір мағынасы терең ашылмайды. Құр жыр кітаптың формасына үйлеспейді,-дедім ауыр күрсініп. Мұхит өн-бойы мән мен мағынаға шылқып тұрған Маңғыстаудың Беташар жырларын өшіріп тастады. «Орхон» баспасының дизайнері кітапты сәндеп болған соң:
— Атамұраға барып, бағасына келісіңдер. Сонымен бәрі тамам,-деді.
Ішіміз қан жылап, қысқарып кеткен жырларды қимай, Атамұраға қарай үнсіз жол тарттық. Көлік Көк базарға жеткенде телефон шар ете қалды. Жүрегім шым ете қалды. Алсам Болат ағаның аты шығып тұр.
— Алло?
— Ал, Сәке сүйінші! Таптым аңызды.
— Рас па? – дедім қуаныштан жүрегім жарыла жаздап.
— Ия, оқиға былай болған,- деді де Болат аға қиссаны баяндай бастады.
Тура сол кезде телефон ыңылдап, шыңылдап лақты-ау бір кеп! Түк естілмейді. Қанымның қайнағаны –ай!
— Аға, тұра тұрыңыз. Қазір үйіңізге барам. Бетбе-бет отырып
сөйлесеміз,- дедім.
«Атамұраға» жетіп тұрып, аттың басын шұғыл кері бұрдым. Қаланың шығысынан батысына дейінгі қалың пробканы жарып өтіп жетіп бардым. Қуанғаным сондай Алматының сол күнгі қалың пробкасы еш жүйкеме тиген жоқ! Керісінше нөпір машина өте сүйкімді болып көрінді. Тіпті ішімнен «қаланың көшесі осылай толып жүрсе әдемі екен ғой» деп қоям. Қойшы әйтеуір, ағаның үйіне жеттім. Болат ағаны талдың түбіндегі орындыққа отырғыздым да:
— Ал енді басынан бастап айтыңыз,- дедім.
— Шәнжархан, оқиға былай болған,- деді де шағын қиссаның
майын тамызып айта жөнелді. Аңыз маған керемет ұнады. Құлаққа құйып алдық та үйімізге қарай шаптық. Мәтінді әбден илеп, ширатып бірнеше күн жаздық. Архивке лақтырып тастаған Маңғыстау жырларын қайтадан суырып алдық. Жыр мен аңыз бірін бірі толықтырып, мағынасы мен мазмұны байи түсті. Беташар салты аңызымен, жырымен, түсіндірмесімен енген кезде «Салт-дәстүр сөйлейді» масатыға құндыз қондырғандай құлпырып шыға келді. Менің үстімнен 10 тонна жүк түскендей болды. Тіпті «енді өлсек те арман жоқ» дегендей ой жылт ете қалды. Аңыз жырды құтқарды. Жыр аңызды сақтады. Екеуі қосылып, кітаптің абыройын көтерді. Атақты кітап салттың салтанатын асырды. Оның салтанаты біздің мейманамызды тасытты. Қысқасы қалың жұрт қазынаға батты да қалды.
Сонымен, кітап авторларын жынды қыла жаздаған қысқа қисса қалай еді? Енді кезекті қиссаның өзіне береміз. Оқиға қадым дәуірінде былай болыпты:

Адам жәннатта жалғыз жүрмесін деп, Алла тағала оған жұп жаратуды ойға алады. Ұлық Алла Хауа ананың тәнін жасау үшін Адам ата ұйқыда жатқанда, оның сол жақ бұғана қабырғасын таңдайды. Себебі, Тәңірі тағала Адамның бұғана сүйегін жердің қиыршық тасы жоқ, ұлпа құмынан жаратыпты. Адам атаның ең нәзік, ең жұмсақ етінен жаралғандықтан, әйел адамның денесі мамықтай жұмсақ, мақтадай нәзік болыпты. Адамның сол жақ қабырға асты босап қалғандықтан, көкіректің ортасында тұрған ет жүрек босап қалған тарапқа қарай ойысады. Ет жүрек содан бастап, адамның сол жақ кеудесінің астында соғатын болыпты. Ерлі-зайыптылар ұйықтағанда әйел баласының ерінің сол жағына жататыны содан екен. Тіпті олар қандай да бір себеппен бөлек жату керек болса да әйелді қол созым қашықтықта ғана бөлек жатқызатын тәртіп қалыпты. Ерлі зайыптылар татулығы бұзылып, бөлек жата бастаса үйдің берекесі қашып, махаббаттары тез сөнеді екен.
Адам ата ұйқыдан оянған соң аппақ жаулық жамылып отырған әдемі келіншекті көріп таңқалып:
– Иә, Алла, мына ақ жаулық жамылған кім? – деп сұрайды. Ұлық Алла:
– Бұл-Хауа ана. Сенің жан жарың, өмірлік серігің болады. Бар, жаулығын ашып, жүзін көр. Жарыңмен таныс, – деп бұйырады.
– Ия, Алла, сен оны не үшін ақ жаулықпен жасырдың?-дейді.
– Ібіліс деген қас дұшпаның бар емес пе? Ойлағаны саған тек қастық. Сол малғұнның теріс назары түсетін болса жас келіншегің кеселге ұшырауы мүмкін. Сол себепті жұбыңның ай дидарын ақ жаулықпен жасырдым. Осы амалым сенің де кейінгі ұрпағыңа салт болып жалғассын, – дейді.
Адам ата адал жарына тақап барып, ақ желекті ашып, оның дидарына көз салады. Сол кезде екі беті иба мен ұяттан нарттай боп қызарып тұрған Хауа ана оң қолын оң тізесіне қойып, еріне бірінші рет иіліп сәлем етіпті.
Адам ата Хауа ананың дидарын бір көргеннен-ақ ғашық боп қалады. Себебі Хауа ана айрықша сұлу еді. Сипаттауға тіл жетпейтін. Себебі, Ұлық Алла бір тамшы нұрынан сұлулықты жаратты. Сосын оны 100-ге бөлді. Оның 99 бөлігін Хауаға дарытты. Қалған бір тамшыны тағы да жүзге бөлді. Оның 99 тамшысын алды да Жүсіп пайғамбардың рухына сыйлады. Одан артылған бір тамшыны тағы да жүзге ыдыратты. Оның тоқсан тоғыз тамшысын Хадиша анамызға, Айша анамызға, Бибі-Батима анамызға және Бибі Мәриямға теңдей етіп бөліп берді. Төрт анамыздан артылған бір тамшы нұрды алды да миллиардтаған сансыз зәрреге бөлді. Сосын есебіне жете алмайтын сұлулық сәулесін әуелден ақырға дейін келіп кететін күллі әйел затына шашып жіберді. Осылайша көркем бейне мен сұлу дидар Хауа ананың себебінен барлық әйелге нәсіп болды. Қыз келіншектердің ер адамға қарағанда ажарлы болатыны содан екен.
Адам ата қолын созып қалыңдығын өзіне шақырады. Хауа ана иба сақтап кері шегінеді. Екінші рет шақырады. Хауа ана ұялып жақындамайды. Үшінші ретишара қылғанда, Хауа ана:
– Көңілің болса өзің кел. Менің барғаным ұят болады, – дейді. Сол кезде Адам ата жарына өзі тақап барады. Әйелге ғашық болған ердің бірінші боп сөз салуы Адам атадан қалыпты. Әйел заты ер адамға қанша жерден ынтық болса да сезімін сыртқа шығара алмай қиналатыны Хауа анадан қалыпты. Әйел адамның осы ибасы кеткен кезде қиямет орнайды екен. Адам ата Хауаның қолынан ұстаған сәтте Ұлық Алла:
– Әй, Адам қалыңдығыңның қалын малын төле, – деді.
– Иә, Алла мен оған қалыңмалын қалай төлеймін? Мендегі бар мүлік өзіңдікі. Тіпті үстімдегі киімді де сен бердің, – деді. Сонда Тәңірі тағала:
– Ақырдың соңында шығатын сүйікті пайғамбарың, өзіңнің ұрпағың Мұхамбет пайғамбарға салауат айт, – деді де, салауат айтудың үлгісін Адам атаға өзі үйретті. Адам ата Мұхамбет пайғамбарға он рет салауат айтты. Содан бастап Мұхамбет пайғамбарға салауат айту парыз болыпты, ал қызға қалыңмал беру дәстүрі сүндет болыпты.
Жебірейіл періште Адам ата Хауа ананың некесін қиып, екеуі үйленіпті.

Санжар КЕРІМБАЙ