АҚПАРАТ КЕҢІСТІГІНДЕГІ мерейлі белес

265

 Қазақ журналистикасы сан асуларды бастан өткерді, сөз құдіреті арқылы өз тарихын жасады. Сөйтіп, журналистік шеберлік мектептері қалыптасты. Бұған болашақ журналист кадрларына сапалы білім беру және оларды мерзімді басылымдардың «кухнясында» қайнатып, шыңдау арқылы қол жеткізілгені – бір бөлек әңгіме.
Қазіргі заманғы ақпараттар кеңістігінде аға журналистердің эстефетасын ілгері жалғастырып, елдік сөз бен еркін ойдың жаршысы, журналистиканың қабырғалы, қайратты ұжымы болып қалыптасқан, атына заты сай медиахолдингтің бірі – «Қазақ газеттері» ЖШС-нің шаңырақ көтергеніне 15 жыл толуы – елеулі, мерейлі белес екендігі даусыз.
Бүкіл елімізге және шетелдік оқырман қауымға кеңінен танымал бұл үлкен шығармашылық ұжым өз құрамына алты бірдей беделді басылымның басын біріктіріп, осы жылдар ішінде баспасөздің биік мінберіне, оқырманның рухани сырласына, жан серігіне айнала білді. Сондықтан да онбес жылдық бұл белес – тек қана осы серіктестіктің ғана емес, бүкіл қазақ елі оқырмандар қауымының мерейлі мерекесі болып саналады. Осыған орай 2014 жылдың 5 желтоқсанында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Баспа ісі және дизайн кафедрасы мен «Қазақ газеттері» ЖШС ұйымдастыруымен  «Қазақ газеттері» серіктестігінің 15 жылдық мерейтойына арнап, «Қазақстандағы ақпараттық үдерістер: заман талабы мен талғамы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.


Еліміздегі ең таңдаулы жоғары оқу орнының бас ғимаратында өткен халықаралық үлкен жиынның жұмысына өз республикамыздың, алыс және жақын шетелдердің  ғылыми қауымдастықтарының сарапшылары, БАҚ өкілдері, сондай-ақ, ЖОО оқытушылары мен магистранттары, докторанттары қатысып, Қазақстанның ақпараттар кеңістігіндегі түйінді мәселелерді іскерлік тұрғыда талқылады.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияны ректордың қызметтік сапарда болуына байланысты университет проректоры Шолпан Жаманбалаева құттықтау сөз сөйлеп, ашты.
Конференцияға қатысушылар алдында мерейтой иесі – «Қазақ газеттері» ЖШС  Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы, белгілі публицист-жазушы, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының иегері Жұмабек Омарұлы Кенжалин өз қолымен құрған киелі қарашаңырақтың 15 жылдық мерейтойына байланысты қысқа да тұжырымды баяндама жасады.
«Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Ж.О.Кенжалин Серіктестің құрылуына 15 жыл толуына арналған «Қазақстандағы ақпараттық үдерістер: заман талабы мен талғамы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда жасаған баяндамасын: «ХХ ғасырдың алғашқы жиырма жылдығы қазақ рухани ой-санасының жаңа бір биікке көтерілген кезеңі болды. Осы кезеңде ғаламдағы озық атаулының бәріне деген ұмтылыс, өзін өзгелермен салыстыра қарау үдерісі қанат қағып, кейін ол қалыпты жағдайға айналды. Оның да нақ себебі бар еді, – деп бастады. – Өткен ғасыр басында Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынов атамыз айтқандай «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дейтін анықтамаға ие болған мерзімді басылымдар тұсау кесіп, ол қалың бұқараның көзайымына айналды. Газеттер мен журналдар дала санасына сілкініс әкелді, ұлт тағдыры туралы ой машығын қалыптастыруға септесін болды. Ұлан-ғайыр дала төсінде тұсауын кескен «Қазақ», «Сарыарқа», «Алаш», «Айқап», т.б. басылымдар жалпы халықтық мінберге айналып, елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын жоқшысы атанды. Бұл дәстүрге адалдық қазір де жалғасын тауып жатыр.
«Қазақ газеттері» медиахолдингін құру – кезінде қазақ руханиятына қалтқысыз қызмет еткен ұлт басылымдарын сақтап қалудың амалы еді. Оның ақпарат кеңістігінде қанат қағуына Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей шешімі әсер етті. Өзінің құрылғаннан бергі шежіресіне көз салсақ осынау шешімнің әділ де байыпты шешім болғанына уақыт куәгер.
Бір мәселе айқын: қылышынан қан тамған шолақ саясат кезінде қазақ басылымдары ұлттық сананың, мәдениет пен тарихтың талайлы мәселелеріне орай ретін тауып мақалалар жариялай білді. Көкейдегіні астарлап жеткізу, меңзей жазу арқылы көкірегі ояу, көзі ашық азаматтарға ой салып отырды. Осы дәстүр қаламгерлер әлеуметінде ағадан ініге бойтұмардай табысталды.
Өзінің шаңырақ көтергеніне 15-ші жыл толып отырған «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен оның құрамындағы мерзімді басылымдар да аға ұрпақ дәстүріне адалдықтың үлгісін көрсетіп келеді. Бұл қаламгерлеріміздің туған топырағымызды, Қазақ елін ең асыл құндылығымыз деп тұшынуынан, Тәуелсіз мемлекетіміздің ізгілікті қадамына шын қуанып, толағай табысын әспеттеп, әуезелей білуінен, ұлт мұратын ұлықтау жолындағы кешенді шараға білек сыбана кірісуінен айқын байқалады.
«Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген қанатты қағиданы Серіктестікке қарасты еңбек ұжымдарының әрқайсысы өз тыныс-тіршілігінің өзегіне айналдыра білген. Осы орайда, алдымен, медиахолдингтің флагманы «Ана тілі» газетін ауызға аламыз. Өзінің тарихын 1990 жылдың 22 наурызынан бастайтын бұл газет ширек ғасырдан бері қалың оқырман қауымның көзайымына айналып келеді. Өзінің негізгі тақырыбы газет аты айтып тұрғанындай, ол ел көлемінде жарияланған «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020» жылдарға арналған бағдарламасын кезең-кезеңімен жүзеге асыруда қыруар күш жұмсап келеді. Осы бағытта қазақ зиялы қауымы өкілдерінің түйдек-түйдек мақалалары жарияланып, түрлі форматта дөңгелек үстелдер мен оқырмандар конференциясы өтті. Газеттің өзін-өзі жарнамалаудағы таңдаулы бір жобаларының алдыңғы легінде «Ана тілінің аруы» мен «Ана тілінің сұлтаны» байқауы. Жуырда ғана осы жобаның  думанды бір  кеші осы өзіміз конференция өткізіп отырған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қабырғасында өтті. Осы мәртебелі мінберді пайдалана отырып университет басшылығына, оның ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы Мұтановқа сан мыңдаған оқырмандар атынан алғысымызды жеткізгім келеді.
Оқырмандардың көзайымына айналып отырған басылымға бүгінде белгілі жазушы-журналист, мәдениет қайраткері Самат Ибраим жетекшілік етіп отыр.
Медахолдингтегі  өзіндік ерекшелігі бар басылым-дардың бірі – «Экономика» газеті. Газет бүгінгі өмір талабынан оқырмандар сұранысынан туған деуге болады. Біз қазір ғаламдық экономиканың мың сан ирімдеріне бойлап бара жатқан елміз. Газет екі тілде шығады – қазақ және орыс тілдерінде. Оның бас редакторы белгілі көсемсөзші, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты Ақас Тажутов. Редакцияның еңбек ұжымы газет жанынан құрылған Ақылдастар алқасымен бірлесіп жұмыс істейді. Ал Ақылдастар алқасына Қазақстан экономикасының шын мәніндегі білгірлері, теоретик ғалымдар мен практик мамандар тартылған.

«Ұйғур авази» газеті, негізінен, халықтар достығын, ұлттар жарасымдығын кеңінен толғап жазудың өзіндік дәстүрін қалыптастырып келе жатқан басылым. Шыға бастағанына 58 жыл болған бұл газеттің шығармашылық ұжымы өз оқырмандарының шын мәніндегі жансерігіне айналған. Оған газеттің Алматы облысының үш ауданынан ғана 15 000 тираж жинауы айқын дәлел. Газетке талантты журналист Ершат Асматов басшылық жасап отыр.
Серіктестік жанынан үш журнал шығады. Оның басты-бастылары 95 жылдық тарихы бар «Ақиқат» және «Мысль» журналдары. Бұл басылымдарда ежелден қоғамдық-саяси өміріміздің ең өзекті мәселелерін талдап таразылайтын мақалалар жариялау дәстүрі қалыптасқан. Бүгінде осы дәстүр лайықты жалғасымын тауып келеді.  Айталық, «Ақиқат» журналының дөңгелек үстелдер басындағы сұхбаттар өткізу дәстүрі қазір оқырмандар тарапынан лайықты қолдауға ие болып отыр. «Ақиқаттың» толғаулы мәселелер төңірегіндегі дөңгелек үстелдер туралы мақалалары сайттарда, әлеуметтік желілердегі әңгіме өзегіне айналып жүретіні қуанышты. «Мысль» журналының  бірнеше нөмірлерінде еліміз тарихының толғаулы мәселеріне айналған сериялы мақалалар жарияланды. Оған мамандар мен оқырмандар үн қосты. Еліміздің ақпараттық кеңістігінің ажарын әрлеп отырған осындай журналдарға – «Ақиқатқа» қазақтың белгілі ақыны, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты Аманхан Әлім, ал «Мысль» журналына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, саясаткер, қаламгер Сейдахмет Құттықадам редакторлық етіп отыр.
«Үркер» журналы бастапқыда роман-газетаның форматында тұсау кесіп еді. Алайда, қазіргі нарықтық экономикада талап-талғамына сай бұл журналдың болмысын түбегейлі өзгертуге шешім қабылдадық. Сөйтіп, ол еліміздің жасөспірімдері мен студент жастарының сүйіп оқитын журналына айналды. «Үркерге» қазақтың белгілі жазушысы, Алаш сыйлығының лауреаты Қуандық Түменбай редакторлық етіп отыр. «Үркердің» қанатының қатаюына редакция жанынан ұйымдастырылып отырған «Үркер – үміт» шығармашылық жастар бәйгесі себепкер болып келеді. Бұл конкурс жылма жыл өтіп оның қорытындысы бойынша жас таланттар лайықты марапатталып, арнайы жинақ шығару дәстүрге енген.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласындағы «Отандық БАҚ-тарды жаңғырту» бағдарламасына сәйкес «Қазақ газеттері» серіктестігіне қарасты басылымдар 2013-2016 жылдар аралығында жаңа сапалық дәрежеге шығудың жоспарын жасады.
Кәсіпорынды модернизациялау жоспары бойынша редакциялардың материалдық-техникалық базасы әлме-әл жаңартылып келеді. Әлемдік ақпараттық кеңістікке құлаш жаю мақсатында заманауи технологияларды, ғаламтор мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануға тура келеді. Қазір басылымдардың барлығы да электронды нұсқада беттеліп, қатталады.
«Қазақ газеттері» ЖШС 2010 жылдың 1-қаңтарында www.kazgazeta.kz сайтын құрды. Ал 2011 жылдың 1-қаңтарынан бастап Серіктестікке қарайтын басылымдар өз алдына жеке-жеке сайт болып ашылды. 2013 жылдан бастап «Қазақ газеттері» басылымдары сайттарының дизайны жаңартылып, түрлендірілген жаңа форматқа көшті.
«Қазақ газеттері» серіктестігіне қарасты басылымдардың рейтингін көтеретін жеке жобалары бар. Жоғарыда айтқан  «Ана тілі» аруы» байқауы жыл сайын дәстүрлі түрде Қазақ ұлттық университетінің ұжымымен бірлесе өткізіліп келеді. Биылғы байқау серіктестіктің он бес жылдығына орайластырылды. Биыл екінші рет «Ақиқат» журналының жүлдесі үшін «Тұңғыш Президент – Елбасы Қорының» атқарушы директоры Еркін Исраиловтың тікелей ықпалымен Алматы қаласындағы журналистер арасында шахмат турнирі ұйымдастырылды. Турнирдің шахматтан әлем чемпионы Жансая Әбдімәліктің академиясында өтуі оған жоғары мәртебе берді. «Үркер» журналының жас таланттардың шығармашылығын қолдауға бағытталған «Үркер үміт» байқауына түскен үздік шығармалар жинақ болып басылып шықты.

Серіктестік еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен тығыз әріптестік байланыс орнатқан. Қазақ ұлттық университетінен бастап, Қыздар педагогикалық университеті, «Тұран» университеті, Абай атындағы ұлттық педагогикалық университеті, т.б жоғары оқу орындарында ұдайы оқырмандармен кездесулер өтіп тұрады.

«Қазақ газеттерінің» кең байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде  штаттан тыс тілшілері аз емес. Алыс аймақтарда тұратын, үнемі қоғамдағы  өзекті мәселелерге үн қосып отыратын қаламы қарымды журналистер де бар. Алайда, баспасөзге жазылу науқанында, жалпы өңірлермен тығыз байланыс орнату мақсатында Қазақстанның ірі қалаларында аймақтық өкілдіктер ашу Серіктестік қызметін одан әрі жандандыра түсер еді. Осы орайда  Шығыста – Өскеменде, Батыста – Ақтөбеде, Оңтүстікте – Шымкентте, Орталық және солтүстік облыстарда – Астана қаласында төрт аймақтық өкілдіктер ашу көзделеді.
Халықаралық конференцияның жарыссөз мінберіне бірінші болып көтерілген қазақ журналистикасы абыздарының бірі, белгілі жазушы-журналист Сарбас Ақтаев  жиналғандарды «Қазақ газетттері» серіктестігінің 15 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтап. оның осы мерзімде атқарған қызметі мен қол жеткен жетістіктерін жіліктің майын шаққандай етіп әсерлі әңгімелеп берді. Сөз орайында белгілі қаламгер тоқырау, нарық заманының баспасөз саласы қызметкерлеріне өте ауыр тигенін, газет-журналдардың басына көп ретте жабылып қалу қауіпі жиі төнгенін қинала сөз етті. Қаржы дағдарысы ушығып, халықтың күнкөрісі қиындап тұрған сол сәттің өзінде алты бірдей басылымды қанатының астына алып, «Қазақ газеттері» атауымен үлкен медиахолдингтің аяғын тәй-тәй бастырып, ақпараттар кеңістігіне жаңа түрен салуды батыл қолға алған жас әрі бас төраға, тәжірибелі журналист, іскер басшы Жұмабек Кенжалиннің бұл жаңа қадамы ерлікке пара-пар шаруа болатын. Аз сөзбен көп мағына беретін Сарбас аға «Қазақ газеттері» бірлестігін алға сүйреген жаңашыл төрағаның осы алты басылыммен қоса әдебиет айдынындағы «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз», «Простор» журналдарының бастарына түскен қиындықтарды жеңілдетіп, олардың өмірлерін ұзартуға үлкен шапағаты тигенін ашық айтты. Бұдан әрі шешен қолмен ұстап, көзбен оқитын, қағаз бояу исі аңқып тұрған газет-журналдардың қазіргі айтылып жүрген электрондық басылымдардың қатарында артықшылығы әлдеқайда көп екендігін, ал, «соңғы нұсқаның» оқырманға пайдасынан гөрі, зияны көбірек тие ме деген қауіп бар екендігін де ескертті. Өйткені жастар кітап, газет-журнал оқудан қалып барады. Бұған жол беруге болмайды. Сондай-ақ, көпті көрген қарт қаламгер серіктестіктің жекешенің қолына беруге қарсы екендігін ашық айтты. Ол кісінің тіл, аударма мәселесіндегі шалағайлықтарды жою, онымен пәрменді күрес жүргізу керектігі жөніндегі аталы пікірлері де көп көкейінен шықты.
Конференцияда «Мысль» журналының Бас редакторы, жазушы Сейдахмет Құттықадам, ардагер журналист Нұрмахан Оразбеков, шетелдік меймандар – Белоруссиядағы Гродно мемлкеттік университетінің профессоры Владимир Янчук,  Варшава (Польша) журналистика институтының «Журналистика және саясат» факультетінің профессоры Владимир Гоголек, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубеков журналист мамандығының қыр-сырлары, журналистік ынтымақтастық пен мәдени байланыстардың ауқымын кеңейту, заман талабы мен талғамынан шығу жолындағы ізденістерді күшейту және басқа да көкейкесті мәселелер төңірегіндегі ой-пікірлерімен бөлісті, өз тәжірибелерін ортаға салды.
Абай атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі Тіл институтының директоры, ғалым Балтабай Әбдіғазиев сөз алып, ректордың атынан «Қазақ газеттері» серіктестігіне  15 жылдыққа орай Құттықтау хаты мен ескерткіш сыйлығын табыс етті.
Халықаралық конференцияның соңында Қазақстан баспасөз клубының қолдауымен  әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттік баспасөз орталығының тұсауы кесілді.

Ибрагим Бекмаханұлы