ТАРАЗДА ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНА БАЙЛАНЫСТЫ КӨРМЕ АШЫЛДЫ

1049

Ұлтымыздың ұлылығын ұлықтайтын Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы ұлан-байтақ еліміздің әр түкпірінде кеңінен тойлануда. Тарихы терең Әулиеата өңірінде Жамбыл облыстық көрме залында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Өнер ата дәстүр мұрасы» атты көрме ұйымдастырылды. Көрмеге Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының оқытушылары мен студенттерінің картиналары мен өнер туындылары қойылған.

10967865_654571914670677_397975929_nОқу орнының ректоры Дария Қожамжарова жиналған жұртшылық алдында өткізіліп отырған шараның мән-маңызына тоқталып, бұл мерейтой қарсаңында өткізілмек ауқымды істердің бастамасы һәм бір парасы екендігін жеткізді. Д. Пернешқызы өз сөзінде: «2015 жыл – еліміз үшін тарихи жыл. 2015 жыл – өткен тарихымызды түгендеп, кемел келешегіміздің көкжиегін айқындайтын жыл. Биылғы жылы киіз туырлықты халқымыз Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлағалы отыр. Кәрі тарихтың қойнауына үңілер болсақ, «аттың жалында, түйенің қомында» күн кешкен қилы-қилы замандарда қаншама ел мен жұрт түрлі алапаттардың жойқынына төтеп бере алмай, жұтылып кете барды. Тіпті, жер бетінен жоғалып кеткендері де жетерлік. Ал, бізде – қаймана қалың ел де бар, шапқан тұлпардың тұяғы талатын, ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-байтақ жер де бар. Төрткүл дүние мойындаған егеменді мемлекетіміз бар. Дана халқымызда «өткенін ұмытқан өшкендіктің белгісі, өткенін еске алған өскендіктің белгісі» деген қанатты сөз бар. Міне, бұл тұрғыда осы тақілеттес шаралардың маңызы – зор екендігі бесенеден белгілі» деді.

10979266_654572021337333_1079350101_nКөрмеге аталмыш оқу орнының Шығармашылық мамандықтар факультетінің оқытушылары мен студенттерінің 60-тан астам қолданбалы өнер және кескіндеме жанрындағы туындылары қойылған. Атап айтқанда, Қ. Нұрбайқызының «Айша бибі», А. Аманжолдың «Шебер қолы», А. Нейфелбдтің «Бесік», А. Жанқожаеваның «Караван» атты картиналары тарихтың терең қойнауынан сыр шертеді. Ал, Ж. Тұрмаханованың «Бәйтерек тарихы», Ш. Жұмалиеваның «Астана жолы», Г. Нұрпаштың «Ертегі әлемі», Ж. Қилыбаеваның «Көктем көңілі», А. Фиешканың «Нежность» тақырыбындағы өнер туындыларында егемен еліміздің жеткен жетістіктері мен толайым табыстары көркем бейнеленген. Сонымен қатар, ұлттық музыкалық аспаптар мен киімдер, күнделікті тұрмыс-тіршілікте қолданылған заттар қойылған.
Көрмеге қойылған өнер туындылары екі апта бойы Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылмақ.

Өз тілшімізден