Қазақ хандығынан — «Мәңгілік елге»

302

11543112_846264835458966_36627325_oӘл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің философия және саясаттану факультетінің Дінтану және мәдениеттану кафедрасының Мәдениетттану мамандығының 1-курс магистранттары маусым айынан бастап М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми зерттеу практикасы негізінде институттың ішкі жұмыстарымен, өткен іс-шаралармен танысып, зерттеу жұмыстарына қажетті құнды деректермен толықтыруда.

Осындай игі мақсатта қолға алынған іс-шараның бірі — Қазақ хандығының 550 жыл толуына орай Астанада 9-маусымда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті мен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бірлесіп ұйымдастыруымен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған конференция өтті. Басқосуға ұлт зиялылары, тарихшылар, ғалымдар қатысты. Конференцияда университет ректоры Ерлан Сыдықовтың бастамасымен жарық көрген «Қазақ хандығынан Мәңгілік елге» атты кітаптың тұсауы кесілді.

Кітапта қазақ хандығының тарихынан сыр шертетін деректер қамтылған. Конференцияда сөз алған Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, ф.ғ.д., профессор Әбсаттар Дербісәлінің «М.Х. Дулати тұңғыш қазақ хандығы жайлы» атты баяндамасында Керей мен Жәнібектің ортағасырда Қазақ хандығын құру тарихы сипатталады. Ғалым өз баяндамасында Керей мен Жәнібек хандарға «Қазақ хандығы» атты жаңа бірлестікке негіздеген мемлекетті құру және оны басқарудың тарихи міндеді жүктелгенін және олардың ол міндетті атқаруға толық негіз бар екенін атап көрсетеді.

Ал аталған институттың жетекші ғылыми қызметкері, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, т.ғ.д., профессор Меруерт Әбусейітованың «Қазақ хандарының дипломатиясы» атты баяндамасында автор Қазақстан мен Орталық Азиядағы дипломатиялық қарым-қатынастардың тарихынан біршама деректер келтіре отырып, олардың арасында шығыс жазбаша дереккөздері: елшілік кітаптары, сыртқы саясат мұрағаттары, тарихы актілер, ресми хат алмасулар жататындығын айтады.  Қазақ хандығының өзінің тарихында ханша Сұлтан-Нигар ханым елдің ішкі және сыртқы саясатына да белсене қатысқан айғақтаған айтарлықтай факт айғақтайтындығын көрсеткен. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Қалқаман Жұмағұловтың «Түркілер мен қазақтар тарихына қатысты жаңа батыс деректері» атты баяндамасында автор Рим папаларының хаттары, хроникалар, саяхатшылардың, миссионерлердің жазбалары және миссионерлердің жазбалары және өзге де нарративті сипаттағы мәліметтер ғұн, түркі қағанаттары, Дешті қыпшақ, Алтын Орда Шығыс пен Батыстың Ұлы Жібек жолындағы ықпалдасу тарихына қатысты құнды мәліметтері бар сирек кездесетін деректер қатарын Ватикан мемлекетінің Vaticani Latini залының қолжазба манускриптерінен тапқандығын айтты.  Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, т.ғ.д., профессор Ханкелді Әбжановтың «Қазақ хандығының құрылу алғышарттары» атты баяндамасында Қазақ мемлекетінің пайда болу тарихындағы қашан, қай кеңістікте, қалай дүниеге келгенін анықтауға байланысты дереккөздерге сүйене отырып жауап берді. Қазақ хандығының шаңырақ көтеруі халқымыздың бәсекеге қабілеттілігін куәлендірген ұлы бетбұрыс, «Мәңгілік ел» идеясының өміршеңдігіне бұл да бір айғақ-дәлел екенін тілге тиек етеді. «Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау және қазіргі Қазақстан: дәстүр, сабақтастық және жаңа сұраныстарға жауап» атты Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д. Е.Сыдықовтың баяндамасында автор тарихтың қоғам өмірі мен ұлттың дамуындағы орны мен маңызын бүгінгі күн биігінен сараптады.

Қазақ елінің тарих тамырынан сусындатып, бүгінгі жайқалған мәңгілік бәйтерек қалпына дейінгі кезеңі жан-жақты сөз болатын М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, ф.ғ.д. У. Қалижановтың «Қазақ хандығынан тәуелсіз Қазақстанға дейін» атты баяндамасы да тың деректерге толы болды. Баяндамада автор бүгінгі қазақ елінің сонау түркі дәуірінен, Еділ патшадан (Атилла) басталған ұлан-ғайыр мәдениеттің заңды мұрагері екендігін айта ете келе, танымал орыс ғалымы А.И. Левшин және швед саяхатшысы, географ, жазушы Свен Андерс сынды ғалымдардың еңбектері негізінде «қазақ» сөзінің шығу тарихына үңіліп көрді. Одан әрі Қазақ хандығы тұсындағы мемлекеттік басқару формасының өзегі болған Тәуке ханның «Жеті жарғысы» негізінде хандық құрылымға талдау жасады. Сөз соңында Тәуелсіз Қазақстанның елбасымыз Н.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылған Еуразиялық экономикалық одақ шындыққа айналғанын тілге тиек етіп, бұл одақ бейбіт елді біріктіріп, олардың игілігіне қызмет етеді деп қорытындылады.

Сондай-ақ, конференция барысында қазақстандық ұлт идеясы талқыға алынып, бірқатар ғалымдар өз ойларын ортаға салды.
Конференция барысында айтылған құнды деректер мен мәліметтер қазіргі Қазақстанның имиждін қалыптастыруда үлкен маңызы бар екенін айта кетуіміз керек.

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің

 философия және саясаттану факультетінің

мәдениеттану мамандығының 1-курс магистранты

Құдайбергенов Серғазы Ережепұлы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *