КӘСІПКЕРГЕ ӘЛІППЕ (экономист Б.Нәлібаевтың кітабы туралы)

380

11667481_1611331362453573_2190586044441119392_nСоңғы жылдары жастардың  ғылыми ізденіске баруы жиіледі. Әсіресе, ер азаматтардың  ғылыми үрдіске араласып, ғылыммен шұғылданып жүргені көңіл қуантарлық жайт. Талапты жастардың бірегейі – Бейбіт Нәлібаев. Мерзімді басылымдарды жиі оқитын оқырмандар Бейбітті жақсы білуі тиіс, өйткені, ол осы күнге дейін республикалық газеттерге экономика саласы бойынша зерттеу мақалалар жазып, өзін  экономист-журналист  ретінде таныта білген өз саласының шебері. Жуырда Бейбіттің  «Мультимиллионерлер: Нөлден бастап 1 000 000 $ — ға дейін» атты кітабы жарық көрді. Осы кітапты оқып шыққаннан кейін алған әсерімізді көпшілікпен бөлісуді жөн санадық.  Әрі көтерер жүгі ауыр құнды деректерге толы кітаптың жоғары деңгейде жазылғанын көре тұрып, оның жақсылығын, сапасын  айтпау – әділетсіздік болар…

Сонымен, Бейбіттің бұл кітабы – экономика саласындағы  игерілмей жатқан мәселені оңтайлы шешуге бағытталған,  әлемдік экономика тарихының  кемшін тұсын толтырған сапалы зерттеу екен. Енді сөзіміз нанымды болу үшін экономика саласының жай-күйі жайлы аз-кем айта кетейік: біз де студент болдық. Біз де  «экономика негіздері» атты курсты оқыдық. Сол кездері оқытушы реферат жұмыстарын беретін еді…  Реферат тақырыптары көбінесе – әлемдегі атақты бизнесмендердің өмір жолына арналатын. Бұл жайында қазақ тілінде бірде-бір мәлімет болмайтын. Амалсыз ғаламтордан тапқан орысша деректерді қазақ тіліне аударып, қорғайтынбыз. Және  «экономика»,  «аудит және есепші» мамандықтарында оқыған курстастарымызға «экономика тарихы» атты міндетті курс өтілетін еді. Сол сабақтың сенесіз бе, қазақ тілінде жазылған оқу құралы болмаған. Әлі де солай. Ал, біз сөз қылып отырған Бейбіттің мына аталмыш еңбегі – осындай ауқымды мәселенің күрмеуін шешкен еңбек болып тұр! Осы уақытқа дейін «экономика ғылымдарының кандидаты» , «докторы» сынды ғылыми дәрежесі бар мамандарымыз қолға алмаған өзекті мәселені, жас зерттеушінің кезек күттірмей қолға алып, ғылыми айналымға енгізіп, көпшіліктің назарына ұсынуы – мынадай алмағайып кезеңдегі (жаһандану дәуірі)  жанашырлық пейілден туындаған ерлігі  деп түсінуге тиіспіз.

Жас зерттеушінің еңбегіне әлемдік экономикалық сферада резонанс тудырып, үлкен жаңалық әкелген 24 танымал бизнесменнің өмір жолы, оның қалыптастырған жеке коды мен бренді туралы мемлекеттік тілімізде сауатты әрі нақты түсініктер берген. Еңбекті жазу барысында 14 кітап, 167 мақала, 6 деректі фильмді басшылыққа алған. Асқан ыждағаттылықпен  жазылған еңбек тілге жеңіл, оралымды болып оқылады. Сөйлемдерінде стилистикалық қателер мен тілдік нормалардың кемшілігі жоқ, бұрын-соңды экономика саласында қолға алынбаған,  қазіргі кезде  қадір-қасиеті азайған мемлекеттік тілдегі сапалы, сауатты жазылған №1 еңбектің – еліміздегі жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған көмекші-әдістемелік құрал болып тұрғанын осы салада ұйқылы-ояу еңбек етіп жүрген мамандар қаперлеріне алып, оқу бағдарламасына енгізіп жатса, автордың көп жылғы табанды ізденісі еленер еді…

Сөз соңында айтарымыз, экономист Бейбіт Нәлібаевтың  бұл еңбегі – кәсіпкер болып, өзінің атағын шығарып, әлемдік бренд қалыптастырғысы келетіндерге арналған  кәсіпкерлік  әліппемен пара-пар құнды еңбек!Және де автор алдағы уақыттарда осындай игі бастамасын жалғастырып, өнімді еңбек етсе, көпшілікке пайдасы тиері сөзсіз.

Зерттеушінің қуатты қаламының суымауына әрқашан тілекшіміз!

 

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

әдебиеттанушы.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *