аударма

Жалған купон (Лев Толстой )

Бірінші бөлім

Мемлекеттік қазына төрағасы Федор Михайлович Смоковников, өте әділ кісі еді, және онысын мақтан тұтатын. Өзі аздап либералды болса да, тек қана еркін ойлайтын емес, кез-келген діндарлықты жақтырмайтын, оны бір артта қалушылық деп түсінетін. Бүгін ол қызметтен көңіл-күйі түскен күйде оралды. Губернатор, тап бір осы Федор Михайлович әділетсіздік жасағандай қылып, оған орынсыз ескерту жасап, қағаз жазып жіберіпті. Федор Михайлович бұған қатты ашуланып, сол сәтте өте бір өткір жауап жазып жіберді.
Ол кісі үйіне келген кезде, үйіндегілер тап бір оған әдейі қарама-қарсы

тірлік жасап жатқандай болды.

Сағат, бес минуты кем бес болатын. Ол түскі асты осы сәтте тез бере қалады деп ойлап еді, бірақ түскі ас әлі дайын емес екен. Федор Михайлович есікті тарс жауып өз бөлмесіне кетті. Біреу есік қақты. «Бұл тағы қайсысы?»-деп ойлаған ол:
-Бұл кім тағы?- деп айқайлады.
Бөлмеге бесінші сыныпта оқитын он бес жасар гимназист ұлы кірді.
-Саған не керек?
-Бүгін айдың басы ғой.
-Не? Ақша ма?
Әр айдың бірінші күні, әкесі, ұлының бос уақытына, көңіл көтеруіне үш сом ақша беріп тұратын. Федор Михайлович қабағын түйіп, қалтасын ақтарып 2,5 сомдық купон тапты, сосын ұсақ тиындар салған жерден елу тиын алды. Ұлы берген соманы алмастан үндемей тұрды.
-Әке, өтінемін, маған келесі айдың үлесін де алдын ала беріңізші.
-Не дейсің?
-Сұрамай-ақ қояр едім,уәде беріп қарызға алып едім. Енді ары таза адам ретінде уәдеде тұрмасам болмайды ғой… Маған тағы үш сом керек болып тұр. Шын айтамын, қайтадан сұрамаймын… Көке, өтінемін.
-Айттым-ғой саған…
-Әке, бір рет сұранып тұрмын ғой…
-Сен ай сайын үш сом аласың, оны да азсынасың. Мен сенің жасыңда елу тиын да алмайтынмын.
-Әке, менің қатарымның бәрі бұдан әлдеқайда көп алады. Петров, Иваницкийлар айына елу сомнан алып тұрады.
-Егер сен бұлай кете берсең, бір күні нағыз алаяқ болып шығасың деп тұрмын.
-Әке, енді олай демеңізші. Сіз ешқашан менің жағдайымды түсінуге тырыспайсыз, мен енді уәдесінде тұрмайтын оңбаған адам атанамын ғой. Сізге жақсы, ондай қауіп-қатер жоқ.
-Кет бар ақымақ! Аулақ жүр!
Федор Михайлович атып тұрып, ұлына ұмтылды.
-Аулақ кет. Сендерді сабау керек.
Ұлы қорқып кетіп ашуланды. Бірақ қорыққанынан ашуланғаны молдау болды. Сосын басы салбырап, есікке қарай тез-тез адымдады. Федор Михайлович оны ұрғысы келмеді, бірақ ол өзінің бүгінгі ашуына разы еді. Кетіп бара жатқан ұлының арқасынан неше түрлі боқтық сөздерді қосып айқайлады.
Үй қызметкері келіп түскі асқа шақырғанда Федор Михайлович орнынан тұрды.
-Рас па, өтірік па,-деді ол, -менің тәбетім тартпай қалды.
Сосын сүмірейіп ас бөлмесіне кетті.
Дастархан басында әйелі оған бірдеңе деп еді, ол ашулы түрде қысқа ғана бұрқ етіп үнін өшірді. Ұлы да тостағына ғана қарап, үндемей отырды. Үндеместен тамақтанып, үндеместен тарқады.
Түс қайта гимназист өз бөлмесіне кірді, қалтасынан купон мен ұсақ тиындарды шығарып, стол үстіне қойды. Сосын мундирін шешіп, күртесін киді. Гимназист алдымен көп ұсталған латын грамматикасын қолына алды, сосын есігін ішінен іліп алып, стол үстіндегі ақшаларды жәшікке салды. Жәшіктен темекі алып тұтатып, шеге бастады.
Грамматика мен дәптерлерін ұстап , ол екі сағаттай отырды, ештеңе түсінбеді. Сосын орнынан тұрып, өкшесін тықылдатып, әкесімен арада болған әңгімелерді есіне алып біраз жүрді. Әкесінің боқауыз сөздерін дәл қазір, бірінші рет естігендей болып, оның ашулы жүзін еске алды. «Ақымақ, сабау керек». Көп ойланған сайын әкесіне деген ашу-ызасы арта берді. Әкесінің оған: «Сенен бір алаяқ шығады екен, соны біліп қой,»-дегенін есіне алып, «Мынандай бола берсе, әрине менен алаяқ шығады. Өзіне бәрі жақсы. Жас кезін есінен шығарып алған. Мен сонда қандай қылмыс жасаппын? Театрға барып едім, ақшам болмаған соң Петя Грушецкийден қарыз алдым. Мұның несі айып? Басқа біреу болса оны аяп, анық-қанығын сұрап анықтап алар еді. Ал бұл болса  бас салып ұрысқанды ғана біледі. Кейде өзі бір затын таба алмай қалса – үйді басына көтеріп шу шығарады, ал мен алаяқ екенмін. Әкем болса да оны жек көремін. Мүмкін бұл дұрыс емес шығар, сонда да оны жек көремін.»
Есікті қызметкер тықылдатты. Ол бір қағаз әкеліпті.
-Жауабын тез берсін,-деді.
Қағазда: «Міне мен сенен үшінші рет қарызға алған алты сомды қайтар деп сұрап отырмын, ал сен қарызыңды қайтарудың орнына үндемей қашып жүрсің: Әділ адам бұлай жасамайды. Осы қағазды жеткізген адамнан беріп жіберіңіз. Маған да ақша өте қажет болып тұр. Сен не, шынымен тауып бере алмайсың ба?
Қарызды қайтаруыңа байланысты, не сені жек көруші, не сыйлаушы жолдасың Грушецкий.»
«Ал енді ойланып көр. Осындай да болады екен ғой. Күтуге болмас па еді. Қайтаруға тырысып көрейін.»
Митя енді анасына барды. Бұл оның соңғы үміті еді. Анасы өте мейірімді болатын. Әдетте қарсы келмейтін. Мүмкін ол көмектесер ма еді, тек қазір ол ауырып жатқан екі жасар Петяға алаңдаулы еді. Келе салып шу шығарған Митяға ол өкпелеп, оны тыңдамастан қуып шықты.
Митя болса мұрнының астынан міңгірлеп, есіктен шығып кетті. Шешесі баласын аяп кетіп, кері қайтарып алды.
-Митя, тұра тұршы,-деді ол. –Менде қазір ақша болмай тұр, ертең тауып беремін.
Митя әкесіне әлі ашулы еді.
-Маған ертең емес, қазір керек! Амал жоқ енді, жолдастарымнан сұрармын.
Есікті тарс жауып, шығып кетті.
«Басқа амал жоқ, сағатымды қайда, қалай сатуды ол жақсы біледі,»-деп ойлады ол, қалтасындағы сағатын сыртынан сипалап.
Митя столдан купоны мен майда ақшасын алып, сырт киімін киіп, көшеге шығып, Махинге тартты.

 




Пікір қалдыру