Құбыланы көрсеткен — Шегіртке

Аңыз бойынша топан судың кезінде шегіртке мен құмырсқа кемеге алғаш болып кірген екен. Сондықтан Нұх пайғамбардың осы екі жәндікке назары ерекше түсіпті. Нұх Қазығұртқа тоқтағасын шегіркеге ризашылық батасын беріпті деген де сөз бар.

Бірде Мұхамбет пайғамбар жорықта жүргенде күн райы қатты бұзылады. Жер мен көкті қара түнек басып, айналаны бағдарлау мүмкін болмай қалады. Намаз уақыты болғанда құбыланы таба алмай қиналады. Сол кезде бір топ шегіртке ұшып келіп, бір жерге шоғырланады. Олар жаппай құбылаға қарай ыршып, ишара қылады. Пайғамбар олардың құбыланы көрсетіп жатқанын бірден түсінеді. Намаз қатесіз сәтімен өтеліп, мұсылмандар риза болысады.

Тағы бірде сахабалар жиналып, мешіт салғанда оның михрабын қарату үшін құбыланы айқындау қажет болады. Сол кезде де шегірткелер қосыны ұшып жетіп, құбыланы көрсетеді. Содан бастап шегіртке мұсылмандар үшін қасиетті жәндік саналып, оларды бейсауат өлтіруге тыйым салынған екен деседі[1].

Сонымен бірге қара шегірткеге байланысты ел аузында қызықты аңыз бар.

Перғауын өзін: «Мен – Құдаймын!» – деп жариялайды. Ел-жұртты өзіне сәжде жасауға бұйырады. Әміріне көнбеген момындарды азапқа салып қинайды. Өзін адамдық қасиеттерден ада, Тәңір ретінде көрсеткісі келеді. Елге көрсетіп тамақ жемейді, жұрттың көзінше түзге отырмайды. Бір күні жорықта қарны ашып, нан жеп отырғанда, қасына нөкерлері жетіп келеді. Перғауын дереу нанды жұдырығына жұмып қалып:

– Уа, Алла, мен елге өзімді «Құдаймын!» деп жариялап қойдым. Абыройымды төгіп, масқара етпе. Нанды жоқ қыл! – деп жалбарынды. Құдай тілегін қабыл алады. Перғауын алақанын ашып қалғанда, қара шегіртке ыршып түседі. Жерге түскен бетте толассыз шырылдап, жұрттың мазасын алады. Қара шегіртке перғауынның тілегімен жаралғандықтан, Алла тағала оған ырзық-несібе жазбапты. Сондықтан ол нәр татпай, үйдің іргесінде шырылдап қана жата береді екен. Тіпті оның асқазаны жоқ екен деген де әңгіме бар.

[1] Roger Caillois. Le Mythe et L’homme, 1938




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *