Путинге күресуді үйреткен кім?

Сочи олимпиадасына саяхатшы ретінде қатыстық. Ол да рахат екен. Уақыт көп. Көбіне мамандармен сөйлесесің, ойларын білесің. пікір алмасасың. Бізге ұнады. Бірде Путин жайлы әңгіме жүрді. Ресей журналистерінің бірі бастады. Хоккей жайлы деректі дүние түсірілген. Соны талқыладық. Алдымен әлгі фильмді көрдік. Ресей патшасы кезекті ойынға келе жатады. Айдынға шығу үшін. Алдынан тілші шыға келіп, Путинге сұрақ береді:

— Матчты тамашалауға келдіңіз бе?
— Жоқ. Ойнауға!
— Қай команда сапында?
— Ресей хоккейінің ардагерлерімен.
— Кәдімгі Фетисовтермен бе?
— Ия. Қазір уақытым аз. Киім ауыстыру керек. Сосын раскатка. \Ойын алдындағы сырғанау\.
— Киім ауыстыратын бөлмеге барсақ бола ма?
— Еркіңіз білсін.
Екеуі бірге кереді. Опретор да бар, әрине. Путин киіне бастайды. 11 нөмірлі жейдеге қол созады. Тілші тағы әңгімеге тартады.
— Нөміріңіз жақсы екен.
— Бергені осы.
— Нөмірдің тегін еместігін түсінесіз ғой. Бұл енді таңдаулы немесе сыйлы хоккейшіге…
— Демек сыйлайды!
Сосын ойынға араласқаны көрсетіледі. Анау келіп итеріп құлатады, мынау алдын кес-кестейді. Қысқасы қарсыластары кәдімгідей кедергі келтіреді. Енді үзіліске шыққан сәті. Тілші қарсы алады.
— Көсілуге көп мүмкіндік бермеді ме, қалай? Дөрекі ойнайтындары бар екен.
— Бұл хоккей! Мұнда қорқақтарға орын жоқ. Әркім өз мықтылығын танытуға тырысады. Шын шебер табысқа кенеледі. Дөрекі дейсің бе, ойын салты ғой. Кімнің тасы өрге домалайтынын қазір көресің.
Екінші кезең. Путин қарсы келген ойыншыға заңға томпақ келмейтін күш әдісін қолданды. Ол ұшып түсті. Келесісі де мұз құшақтап қалды. Енді қолға ұстаған имек таяқты шайбаға сүйкеді. Гол! Тағы да соққы. Тағы да гол! Кезең аяқталғанда алдын тілші кес-кестей берді. Сөзді Путиннің өзі бастады.
— Көрдің ғой, қарсы келгендер сыбағасын алды. Голыңды да соқтық. Адам ісіне қанық, сеніміне берік болуы керек. Табыс сонда келеді.
Бас-аяғы осы. Немесе бізге үзінді көрсетті. «Орысбасының хоккейі қалай екен?» — деді жергілікті тілшінің бірі. Шет ел журналистері ғой, әркім өз ойын айтып жатты. Көпшілік назары бізге қадалғанда айттық. Саясат, нағыз саясат. Фильмді саясат ретінде қабылдап отырған жоқпыз. Ойыншың саясаткер екен. Сөзді қалай сілтейді. Талайы сілтідей тынды. Путиннің спорттағы жолы бізге таныс еді. Алғашқы бапкерлерінің бірі Анатолий Рахлинмен талай рет тілдестік. Соңғы рет Алматыда жолықтық ау деймін. Әңгіме былай өрбіген. Алдымен дзюдо жайында, сосын үздік шәкірті туаралы. Үзінді ұсынайық.

— Сізден кейін ұлттық құраманы жаттықтырғандар жайында тосын пікір айтыпсыз.
— Орайы келген соң айтқан шығармыз. Сергей Табаковты аспазға теңедім. Өйткені ол сорпа қайнатқаннан ас мәзірі туралы кітап жазуға епті. Анатолий Ларюковты кезінде мен тарттым. Ол әлі шикілеу. Рас, мықты маман. Бірақ сәл ерте секілді. Спорттан енді ғана қол үзді ғой. Түбінде шыңдалып, нағыз шебер аталады.
— Тізімді бекіту өз құзырыңызда көрінеді. Ресми жарияламасаңыз да іштей түйген шешімдер бар шығар?
— Болады ғой. Көптен жасыратын дәнеңем жоқ. Дәрігерлер пікірін тыңдап, кешенді ғылыми топтың есебінен кейін жібі түзулерін сынға саламыз. Бабы келіскендері барады да..
— Ең беделді шәкіртіңіз де бабында ма?
— Солай ойлаймын. Себебі оған да додаға түсуге тура келеді. Қарсыластары осал емес. Дегенмен дәл қазір оның алдын орайтын ешкім жоқ, Ресейдегі саяси татамиде.
— Көріп тұратын шығарсыз…
— Кездесеміз. Сан-Петербордағы оқу-жаттығу жиынға өзі келді. Кимоно киіп, бір-екі белдесу де өткізді.
— Ескерту жасадыңыз ба?
— Бұл жолы жасамадық. Бәрін дұрыс істеді.
— Сіздің қолға 1965 жылы тап болды ғой?
— Ия, көп баланың бірі ретінде келді, жаттығуға. Бірақ ұқыпты екен. Күші көп. Әдіс қолдануға тырысады. Сонысы ұнады. Жалпы ғасырға жуық уақыт шәкірт тәрбиеледік. Олар келеді, кетеді. Біздер қаламыз. Әрқайсысы көкейде жатталады, көңілде сақталады. Қалай жаттықты, сол қалады. Кімнің қай биіктен көрінгені маңызды емес.
— Дегенмен орыс патшасының бапкері болу да екінің бірінің маңдайына жазылмаған ғой..
— Тағдыр- талайымыз солай екен. Әйтпесе мыңдаған балалардың арасында жүрген Владимирді кейін орыс патшасы болады деп ойлады дейсіз бе. Қырық жылдан асыпты. Путин он үш жаста еді. Үйінің маңындағы жұпыны залға келіп, жазылды. Қабылдап алдық. Дзюдоны үйренгісі келді. Барымызды салып үйреттік. Ол кезде спортты кәсіп деңгейінде көретіндір өте аз еді ғой. Жазылады, жаттығады. Өседі, кетеді. Болды. Санаулы балалар ғана кейін жалғастыруы мүмкін, өте аз мөлшерде. Өйткені спорт көп ештеңе бермейтін. Дзюдо мен самбо ер балаларды қатты тартты. Оның де себебі түсінікті. Өзін қорғау үшін керек шығар. Әйтпесе күші тасығандықтан немесе еріккендіктен емес. Теннисті былай ысырып, күрес түрлерін таңдайтыны да маған аян, себебі бойда жиналған қуатты кілемде шашады. Әбден сілелелеп барып, үйлеріне кетеді. Көшеде төбелесуден сақтайды. Оны да олар жақсы түсінеді. Сондай ойға оранған кезекті топтың ішінде Путин де жүрді.
— Владимир Владимировичтің өзіндік бір ерекшелігі болған шығар..
— Әр бала өзінше бір әлем. Ол татамиде өзін еркін ұстайтын, сырын білмейтіндер сан соғып қалады. Әдісті әдемі қолданатын. Қазір қарап отырсам қара күштің иесі емес, айла-тәсілдің спортшысы болыпты.
— Ұстаханаңызда көп жүрді ме?
— Он бір жыл. Оның спорттың соңына түспейтіні белгілі еді. Бірақ үнемі бапта болуды қатты қажетсінді. Сондықтан да үздіксіз жаттықты. Айтпақшы, басында самбода жүрді. 1972 жылы дзюдоға ауыстырдым. Төрт жылдан кейін қала чемпионы атанды. Он сегіз жасында самбо мен дзюдодан да КСРО спорт шебері талаптарын орындады. Сол заманда біздің залда Еуропа чемпиондары мен әлем біріншілігінің жеңімпаздары дайындалды. Әлі есімде. Бірде Путин әлем чемпионы Владимир Кюлленинмен күрескен. Біздің залда болашақ ғалымдар тер төкті. Атағы алысқа ұзағандар баршылық. Мынау спорт, кешегі самбо, бүгінгі дзюдо тәрибе құралы. Қиындыққа төзе білу керектігін біледі. Жеңіске жету жолдарын түсіндіреді. Қазақ балалары да спортқа көп тартылатын шығар. Сол бағыттан таймасын. Кемі жақсы азамат болып өседі. Өзім ақкөңілмін. Тілшілер сәлем берсе, көңілдерін қимаймын. Қазір қыздар татамиге шығады. Газетің арқылы алыстағы жұртқа сәлем айт. Бапкерлердің бағы жансын. Қазақ спортшы ел. Күреске жақын, біз оны әбден білеміз.
— Әңгімеңізге рахмет, Анатолий Семенович..
Кейін Сочидегі спорт тілшілері Путинмен кездесті. Қатысушылардың бірі Анатолий Семеновичке қатысты сауал қойды. Орыс патшасы былай деді:
— Мықты маман екені анық. Үйірмеге жазылғандарды емтихан арқылы қабылдады. Турникке тартыламыз. Күші тасығандар көп болды. Олар тізімге ілінбеді. Әлсіздерді алмайтыны екібастан. Орта деңгейдегілерді таңдады. Таңданыс тудыратын жағдай ғой, анау мықтылар, бізден әлденеше рет көп тартылғандар қалып қойды. Неге солай істегені түсініксіз болатын. Ол кезде сұрауға батпайсың. Кейін сұрадым. Сәл езу тартты да жауап берді: «Ә, біледі екенсің ғой, ол рас. Анау күштілер көп тартылды. Бірақ одан да көп тартылатын шамалары бар еді. Сендерді қарады да, сол нәтиже жеткілікті деп қарады. Сендер шама келгенше тартылдыңдар. Демек олар кейін спортта да жарытпайтын еді. Ал, әлсіздер… Олардың күреске шамасы келмейді ғой», — деді.
Сочи олимпиадасына саяхташы ретінде барғанымызда да өкініш жоқ екен.

Амангелді Сейітханның фейсбугтегі парақшасынан




Пікір қалдыру