1332310232_88fdf4eb26fa71bf1cb87685757cbf85cf649b10

Қайырымдылық қат болып бара ма?..

Қазір теледидарлар мен басылымдардан  қатыгездік  жайында көп көріп, біліп жүрміз. Өкінішке орай бұқаралық ақпарат құралдары  осы тақырыпты күн сайын жарыса көтереді.  Өйткені қоғамда түрлі қатыгездіктің сипат алуы бүгінгі күннің ащы да болса шындығы екені рас.

 Жақында қоғамдық көлікте кетіп бара жатып, осы құбылыстың еріксіз куәсі болуыма тура келді. Жұма күні  336 — нөмірлі автобусқа мініп, жұмысқа бет алған едім. Бір-екі аялдамадан соң көлікке қария кісі кірді.  Оған орын бердім. Соғыс ардагері екен. Омырауына медальдарын тағып алыпты.  Ол жүргізушіге ақшасын ұмытып кеткендігін, Таугүл мешітіне бара жатқанын және қай аялдамадан  түсетінін білмейтіндігін жеткізді. Жүргізуші болса, қарияға дөрекі  сөйлеп, ақшасы болмаса, түсіп қалуын талап етті. «Ағасы, осы сіздер неге қартайғанда үйде отырмайсыздар? Елмен жағаласып жүресіздер. Қалшылдағанда тыныш отыру керек қой. Мен тегін жүретін такси емеспін!», – деді. Бұл сөздерді естігенде жолаушылар жағамызды ұстадық. Тіпті өзге ұлт өкілдері де наразылықтарын білдірді. Жүргізуші өзіміздің қаракөз. Оның сөзіне намыстанып барамын.

Атаның құлағы естімейді екен. Бір жағынан жүргізушінің аузынан шыққан былапыт сөздерін естімегеніне қуандым да. 80 теңгеге бола әкесімен жасты қартқа осыншама ауыр сөздер айтқанына қатты қынжылдым. Арамызда тұрған бір жолаушы жүргізушіге 80 теңгесін берді. Оның айтылып жатқан дөрекі сөздерін естігенше, ақша беріп, тоқтатқанды жөн көрді ғой деймін.

Әрине, қазір әркім күнкөрістің қамымен жүргенін, жүргізушінің де жұмысы оңай еместігін жақсы түсінеміз. Бірақ 80 теңгеге бола… «Атаңа не істесең, алдыңнан сол шығады» дейді қазақ. Жылдар өтіп, ол да қартаятынын, әл кетіп, қауқарсыз болатындығын ойламайды-ау, сірә…   Жұмысқа келе жатып, адамдардың дүниеге бола, ақшақұмарланып, адамгершіліктен ада болып бара жатқанына қынжылдым…  Онсыз да қатары сиреген қарттарымызды қорғап, демеудің орнына, көңілдеріне селкеу түсіріп, қабақтарына кірбің ұялататынымыз өкінішті-ақ…

Үміт Жұмаділова.




3 пікір “Қайырымдылық қат болып бара ма?..

  1. Инабат

    Қайырымдылық жасасақ, жан дүниеміз де тазарып қалады. Сондықтан күн сайын кем дегенде бір жақсылық жасауды дағдыға айналдырсақ, жаман болмаймыз.

  2. Іңкәр

    Жылы сөз бен демеуге зәру қаншама адамдар жүр жанымызда…

  3. Мөлдір

    Қоғамда қайырымдылық қазір тым аз. Адамдар қатайып кеткен.

Пікір қалдыру