Beibit Atamkulov

Өркениетке ұмтылған оңтүстік. Шаруа шашетектен. Ал оны лайықты атқару елін сүйген ерлерге сын

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұловпен сұхбат

Ханқорған қалашығы  Абылай ханның ордасы болған

– Құрметті Бейбіт Бәкірұлы, биыл – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы. Осы айтулы датаға орай қандай шаралар қолға алынып жатыр. Тағы бір мәселе – тарихы терең Оңтүстік өңірінде ғылыми-экспедициялық жұмыстар жүргізу жайы. Мәселен, археологиялық деректер жинау, тарихымыз үшін құнды мәліметтер табу жұмыстары жолға қойылған ба? «Қазыналы Оңтүстік» 500 томдығының жарық көргені туралы оқыдық. Мәдени мұраларды жинақтап, келешек ұрпаққа аманаттау жұмыстары одан әрі жалғасын таба ма?
– Ата-бабасының тарихына үңіліп, түп-тұқиянын зерттеп, көнеден жеткен салт-дәстүрлерін келешек ұрпаққа аманаттау болашағынан үлкен үміт күтетін кез келген ұлттың ұлы мұраты деп білем. Біздің тарихымыз, мәдениетіміз бен салт-санамыздың сан ғасырлар бойы атадан балаға аман-есен жетуі ұлы жауапкершілікті сезінген алдыңғы буынның арқасы. Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық тойына тұспа-тұс келген осынау шақта киелі Күнгейде өтетін көптеген іс-шаралар азаттықтың ақ таңының туғанын дәріптеуге, егеменді еліміздің еңсесін одан әрі тіктеуге бағытталатыны сөзсіз.
Қазір Оңтүстік Қазақстан облысында 737 мәдениет және өнер мекемесі осы ұлы мақсатты насихаттау аясында халыққа мәдени қызмет көрсетіп келеді. Жыл басынан жастарға патриоттық тәрбие беруде, жас таланттарға қолдау көрсету және халық шығармашылығын дамыту мақсатында республикалық 2, облыстық деңгейдегі 13, жалпы клуб мекемелерінде 7764, кітапханаларда 8385, музейлерде 382 көпшілік іс-шаралар мен байқау-фестивальдер ұйымдастырылды.
Осы уақытқа дейін Тәуелсіздік мерекесін өткізудің түрлі қалыптағы шаралары ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Алтын шаңырақ» облыстық байқауы, «Арай – 2016» жас эстрада әншілері мен іс-шара жүргізушілерінің байқауы, Алғыс айту күніне арналған «Қазақ еліне мың алғыс!» салтанатты іс-шарасы, айтыскер ақын, жыршы Мәделіқожа Жүсіпқожаұлының 200, Қазанғап Байболұлының 125 жылдығына арналған «Наурыз» ақындар айтысы өткізілді. «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты облыстық өнер фестивалі, «Наурызнама» іс-шарасы, суретшілердің «Дархан далам» симпозиумы, «Мәдени қызмет – мерейлі міндет» мәдениет және өнер қызметкерлеріне арналған салтанатты іс-шарасы, «Балдәурен» балалардың облыстық өнер байқауы, «31 мамыр –саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні», т.б. іс-шаралары да мәнді, мағыналы болғаны сөзсіз.
«Театр көктемі – 2016» театр фес­тивалі де ҚР Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығына арналды. Онда облыстың 8 театры бір ғана автор Рахымжан Отарбаевтың спектакльдерін қоюмен ерекшеленді.Мұнан өзге, Қазақстанның халық артисі Айша Абдулинаның 100 жасқа толуына арналған мерейтойлық шығарма­шылық кеші өткізілді. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын таба беретіні айқын.
Ал түп тарихымызды түгендеуге арналған сауалыңызға келсем, шежіресі шексіз Оңтүстікте археологиялық деректер жинап, құнды мәліметтер топтастырып отыру бұрыннан жолға қойылған мәселе. Сөзім дәлелді болуы үшін бірер мысал келтірейін.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы ұлттық құндылықтарымыз бүгінде өлкемізге алыс-жақыннан келіп-кетіп жататын қонақтар мен жергілікті қауымның игілігіне айналуы үшін ғылыми-зерттеу жұмыстарының жылдық жоспары негізінде тарихи-мәдени ескерткіштерді жүйелеу, зерттеу және жинақтау жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, музей қыз­мет­керлері облысымыздың ау­мағында «Мәдени мұра» бағдар­ламасы аясында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстарына белсене қатысады. Атап айтсақ, тарих жанашырлары Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының Түркістан археологиялық экспедиция­сымен бірлесіп Түркістан аумағында, Күлтөбе қалашығында зерттеліп жатқан ежелгі қамалдағы қазба және камералды өңдеу жұмыстарын, Сауран, Қаратөбе, Міртөбе, Құрлық қалашығында, Ордабасы ауданындағы ежелгі Бөріжар, Жуантөбе қалашықтарында, Түркістан, Сауран, Сидақ ортаға­сыр­лық қалашықтарындағы зерттеу жұмыстарын жүргізді. Сонымен бірге Оңтүстік Қазақстан Мемле­кет­тік педагогикалық институтының А.П.Подушкин басқаратын архео­логиялық экспедициясымен бірлесіп Шымкент қаласынан 80 шақырым жерде, Ордабасы ауданының Сарыарық ауылының маңайындағы, Шардара ауданындағы археологиялық объектілеріне және Ұзыната кесенесіне ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп қайтты. Нәтижесінде, Сауран қалашығынан салмағы 20 келі мыс теңгелер көмбесі, керамикалық бұйымдар, темірден жасалған жебе ұштары, тас, шыны пас­тасынан жасалған моншақтар табылып, фотофиксация жұмыстары жүргізілді. Ал Түркістанның ежелгі қабаттарын зерттеу кезінде алынған жаңа материалдар, аймақтағы қала құрылысы мәдениеті үдерістерін толықтай түсінуде, жеке алғанда, Түркістанның ежелгі тарихын түсінуде көптеген жаңашылдық енгізуде.
Сонымен қатар Сайрам ауда­­нын­дағы Ханқорған, Ошақты қалашығының орнына археоло­гия­лық қазба жұмыстары жүргізіл­ді. Нәтижесінде, Ханқорған қалашы­ғы­ның тұрғын үй кешендерінің ерекшеліктері, діни және әкімшілік құрылыстары анықталды. Тарихи деректерге сүйене отырып, ғалымдар Ханқорған қалашығы ХVІІІ ғ. Абылай ханның оңтүстік ордасы болғандығын дәлелдеді. Ошақты обалар кешені бойынша үш оба зерттелді. Қазба нәтижесінде обалардың астында жерлеу құрылыстары ашылды, жерлеу кезінде заттардың қалдықтары табылды. Қазба жұмыстарының барысында табылған 200-ден астам қыш ыдыстар музей қорына өткізілді.
Археология институтының Астанадағы филиалымен бірлесіп арнайы мамандар Созақ ауданындағы «Үңгірлі» үңгірінде, Өгем тауында орналасқан Үшбастөбе қалашығында жүргізілген барлау және зерттеу жұмыстарына қатысты. Филиал экспедициясының «Қазақ даласының ортағасырдағы мәдени-тарихи процестері» жобасы аясында Өгем тауларының ерте дәуірін және орта ғасыр ескерткіштерін, Ордабасы ауданында орналасқан Бөріжар қорымын зерттеу жұмыстарына да атсалысты. Зерттеу барысында Терексай, Үшбастөбе қорымының ғұрыптық құрылыстарының топографиялық жобалары жасалып, стратиграфиялық кескіндемелері қазылды, алтыннан, қоладан, сүйектен, күмістен жасалған зергерлік әшекейлер (алтын алқа, қола айна, білезік, қаптырмалар, семсер бөлшегі, қола тоға, жебенің ұштары, пышақ, қанжар, шашқа тағатын түйреуіштер), керамикалық бұйымдар (қыш ыдыстар құмыралар, торсықтар, көзелер, саптыақтар, табақтар, шелек тәрізді ыдыс), сағанаға кіреберіс қыш есік сияқты археологиялық артефактілер алынды.
Сондай-ақ Созақ ауданындағы Таң­балы тас петроглифтерін анықтау, белгілеу және есепке алу бойынша жұмыстар жүргізілді. Аталған жерден шамамен ХІV-ХV ғасырлардың қазақ ру, тайпаларының таңбалары, неолиттік тұрақ және орта ғасырларға жататын көне қорымдар мен белгі тастар анықталды. Табылған нысандар цифрлік аппараттармен, тас бетіне қашалған жазулар мен таңбалар арнайы қағаз бетіне түсіріліп, лазерлік теодолитімен орналасқан жерлердің топографиялық жобалары жасалды.
Айта кету керек, өңірімізде тарих және мәдениет үшін айрықша маңызы зор археология және сәулет ескерткіштерінің саны – 1278. Оның ішінде, халықаралық маңызы бар 1 ескерткіш (Қожа Ахмет Ясауи кесенесі), республикалық маңызы бар 33 (25 сәулеттік, 8 археологиялық), жергілікті маңызы бар 434 (56 сәулеттік, 378 археологиялық), алдын-ала есепке алу тізімінде 810 (оның 136 сәулеттік, 674 археологиялық) тарихи-мәдени мұра нысандары бар.
Қазір ОҚО тарихи-өлкетану музейінің халықаралық деңгейде шетелдік мұражайлармен байланыс орнату тәжірибесі қолға алынып, ЮНЕСКО-ның ИКОМ Қазақстан ұйымының құрамына кірді.Нәтижесінде, музей Халықаралық конференцияларға, фес­тивальдерге, ғылыми-практикалық семинар-форумдарға, іс-шараларға қатысу мүмкіндігіне ие болды. Бірер мысал келтірер болсақ, Ресей Федерациясының Мәскеу қаласында өткен «Интермузей – 2014» Халықаралық музейлер фестиваліне белгілі ғалым Кемел Ақышевтың 90 жылдығына орай өткізілген Халықаралық ғылыми конференциясына, Қазақстан, Ресей, Польша, Украина мемлекеттерінің археологтары мен музей мамандары қатысқан. Украинада өткен Халықаралық ғылыми конференцияға, Санкт-Петербургтағы Эрмитажда ұйымдастырылған «Орталық Азия мен Шығыс Иранның Исламға дейінгі кезеңі» атты Халықаралық археологиялық конференция жұмыстарына қатысып, Түркістанда жүргізілген археологиялық жұмыстар жөнінде баяндамалар жасады.
Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі Германияның Бохум қаласындағы Тау-кен музейінде еліміздің құнды археологиялық жәдігерлерінен жасақталған «Бейтаныс Қазақстан – Азия жүрегіндегі археология» атты көрмеге қатысты. Көрмеде музей қорынан зергерлік бұйымдар, теңгелер, ыдыс сынықтары, күміс құймалар, қола ыдыстар, т.б. жалпы саны 160 жәдігер көрініс тапты. Әсіресе, Германия жұртшылығы 1974 жылы Отырар ауданынан табылған «Отырар көмбесі» деп аталатын күмістен жасалған XIII ғасырға жататын зергерлік бұйымдар және Азияның көне қалаларында соғылған тең­гелерге ерекше қызығушылық танытты.
Қазіргі таңда, облыстағы жалпы музей­лердің қоры 162,8 мың данаға жетіп отыр.
Мәдени-рухани дүние дегенде кітапханалар жұмысы да ойға оралады. Руханият – Әбу Насыр әл-Фараби мұражайы, Тарихи-мәдени-этнографиялық орталық пен «Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханаларында сирек қолжазбалар мен көне кітаптар жинауда да үлкен жұмыстар атқарылуда.
Облыстағы 423 кітапханада ағымдағы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша кітап қоры 7 млн 389 мың данаға жетті. Олардағы электрондық кітап қоры 17,1 мың дананы құрады. Кітапханаға оқырмандарды тарту мақсатында осы жылдың мамыр айында «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына – 25 модельді ауылдық кітапхана» атты жобаның аясында Созақ, Түлкібас, Мақтаарал аудандарында 7 модельді ауылдық кітапханалар ашылды.
«Қазыналы Оңтүстік» 500 томдығы жайлы айтар болсақ, Мәдени мұраларды жинақтап, келешек ұрпаққа аманаттау жұмыстары одан әрі жалғасын таба береді. Бастапқыда «Қазыналы Оңтүстік» атты 200 томдық кітап шығару жоспарланып, соңынан табылған мұралардың ауқымына байланысты 500 том етіп шығару мақсат етілгенін жақсы білесіздер. Осыған байланысты, қазіргі таңда көп томдықтың 311 томы жарыққа шықты. 2009 жылдан бері қолға алынып, жүзеге асырылып келе жатқан еңбектің басы-қасында ғұлама ғалым Мекемтас Мырзахметұлы, ғалым Саттар Өмірзақовтар жүр.

«Ана тілі» – менің айырықша назарымдағы газет

– Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңірдегі мемлекеттік тілдің ахуалы туралы ой қозғасаңыз. Қазақ тілін қолдау, дамыту, іс-қағаздарды мемлекеттік тілде жүргізу, жер-су атауларын қазақыландыру және т.б. толғаулы мәселелер қалай шешімін табуда? Осы орайда, қазақ басылымдарына жазылу мәселесі қаншалықты дәрежеде өсті? Күнделікті жұмыс барысында өзіңіз қандай басылымдарды оқисыз, Сіз оқитын басылымдар қатарында «Ана тілі» газеті бар ма екен, оны да білгіміз келеді.
– Оңтүстік Қазақстан облысында қазақ тілін қолдану, іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу, яғни құжаттама айналымы 100 пайыз қазақ тілінде жүргізіледі.Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, насихаттау және қазақстандық рухани бірлікті қуаттау, отансүйгіштік сезімді арттыру, қазақ мәдениеті мен тілін дәріптеу мақсатында «Бала болашаққа – ана тілімен», «Абай оқулары», «Оралхан Бөкей», «Тіл шебері» атты т.б. облыстық байқауларын өткізу дәстүрге айналған.
Ал жер-су атауларын қазақылан­дыру жайына келсек, облыста185 ауылдық округ, 930 елді мекен, 11263 көше бар. 2010-2015 жылдары елді мекендердің, көшелердің тарихи атауларын қайта қалпына келтіру, кеңестік кезеңдерден қалған, моральдік тұрғыдан ескірген атау­ларды реттеу бойын­ша жүйелі жұмыстар жүргізілді. Атап айтсақ, Шымкент қаласында жаңадан құрылған төртінші ауданға «Қаратау» атауы беріліп,4 шағынауданның, 5 ауылдық округтің, 14 елді мекеннің, 861 көшенің атауы ауыстырылды.
Сонымен бірге ҚР Премьер-министрі орынбасарының тапсырмасына сәйкес, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, облыстағы 24 көшеге Кеңес Одағының Батырлары мен бірнеше орден-медальдармен марапатталған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдері берілді.
Жеңісті жақындатқан батырлардың есімін білім мекемелеріне де беру жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, облыстық ономастика комиссиясының отырысында Бәйдібек ауданындағы «№1 жалпы орта мектеп-интернатына» Кеңес Одағының Батыры Садық Әбдіжаппаровтың есімін беру, Қазығұрт ауданындағы «Комсомол» жалпы орта мектебін Бауыржан Момышұлының есімімен қайта атау, Мақтааралдағы №123 жалпы орта мектебіне Рақымжан Қошқарбаевтың, №120 жалпы орта мектепке Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рақымовтың, Жантақсай ауылындағы №116 жалпы орта мектебіне қазақтан шыққан ұшқыш-әйел, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың есімін беру, Сарыағаш ауданындағы №117 орта мектебіне Нұрмаханбет Жұматаевтың есімімен қайта атау, Шардара қаласындағы №3 мамандандырылған мектеп-интернатына Халық Қаһарманы Мәулен Қалмырзаевтың есімін беру туралы ұсыныстар қаралып, оң шешімін алды. Алдағы уақытта облыстық әкімдік пен облыстық мәслихаттың бірлескен шешімімен Республикалық ономастика комиссиясының қарауына ұсынылады.
Мұнан бөлек, алдағы уақытта арнайы бейнероликтер әзірленіп, жергілікті телеарналардан көрсету, «Ұлты қазақ азаматтардың аты-жөнін ресімдеуді реттеу мәселелері» атты дөңгелек үстел өткізу, ономастика мәселелеріне байланысты «Көше атауының маңыздылы­ғы» тақырыбында семинар-кеңес ұйым­дастыру, «Оңтүстік өңірдегі оно­масти­каның мәселелері» атты аймақтық конференция өткізу жоспарда бар.
Ал басылымдарға жазылу жайына келсек, өзім елімізде шығатын барлық басылымға жазылуға тырысамын. Мен оқитын газет, журналдардың жартысынан көбі, тіпті барлығы дерлік мемлекеттік тілдегі басылымдар десем қателеспеймін. Себебі бұқараның көзі, құлағы һәм үніне айналған қазақтілді БАҚ-та қандай ақпараттардың тарап, халықты нендей өзекті мәселелер толғандырып жатқаны мен үшін өте маңызды. Әрине, «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген ғибратты сөзді оқырман зердесіне сіңіріп отырған «Ана тілі» Ұлт газеті менің айрықша назарымдағы басылым. Ұлттық тілдің бірден-бір жоқшысына айналған газеттердің мүддесі үшін өзекті мәселелер реті үнемі көтеріліп отыратыны ұнайды. Елімізде жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға бағытталған бағдарламаларды бұқараға насихаттау мен күнделікті ақпараттардан бөлек, басылым тілшілерінің руханият, әдебиет, тәрбие бағытында жазған ой салар мақалалары ұрпақ тәрбиесінде таптырмас жауһар мағлұмат деп білемін.

Бес реформаға білекті  сыбанып кірісіп кеттік

– Бүгінде әлемнің озық елдерінің қатарына енуді, өркениет көшіне ілесуді көздеген Егемен Қазақстан халқы үшін Елбасы белгілеген бес институттық реформаны жүзеге асырудың «100 нақты қадамы» қызмет бағдарламасына айналып отырғаны белгілі. Осыған байланыс­ты, әңгімемізді өзіңіз басқарып отырған берекелі оңтүстік өлкесінде «Ұлт Жоспары» аясында қандай жұмыстар атқарылып жатқанынан бастасақ…Baidibek audany
– Әлемде экономикалық дағдарыс белең алып, оның салқыны көптеген мемлекеттерге тиіп тұрған кезеңде осынау белестен абыроймен өтудің соны жолы ретінде Елбасының бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары дер кезінде және сәтті қолға алынған құжат деп білем. Сонымен бірге бұл жоспар дамыған мемлекеттердің отыздығына кірудің төте жолы деуге болады.
Осыған байланысты, Ұлт Жоспарын іске асырудың нақты кезеңі басталғаны белгілі.Облысымызда аталған Жоспар бойынша бірқатар шұғыл және жүйелі шаралар іске асырылып жатыр. Бес институционалдық реформаның біздің өңірде орындалу барысына тоқталып өтейін.
Бірінші реформа – кәсіби мемлекеттік аппарат құру. Қазіргі уақытта жаңа кадр саясаты кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастырудың ең қажетті алғышарты болып табылады.Бұл бағытта ауқымды іс-шаралар қолға алынды. Мәселен, респуб­ликамызда алғаш рет облыстың атқарушы органдары үшін Бірыңғай персоналды басқару қызметі құрылды. Сондай-ақ Әдеп жөніндегі уәкіл тағайындалды.Облысымызда мемлекеттік қызметте сатылап өсу және орналасу меритократия мен жариялық қағидаттарына сәйкес болуы тұрақты бақылауда.Бос лауазымға конкурстар ашық түрде өткізіліп жатыр.Қазір арнайы сарапшылар тобын жинаудамыз.
Жақында олардың кез келген аудан мен қалалардағы конкурстарға видео-конференция арқылы қатысуын қамтамасыз ететін боламыз. Сонымен қатар біз «Кадрлардың алтын резервін» қалыптастыруға кірістік. Осы тұрғыда, Президенттік «Болашақ» бағдарламасы аясында білім алған және Мемлекеттік басқару академиясын бітірген белсенді, отансүйгіш жастарды мемлекеттік қыз­метке тартып жатырмыз. Мысалы, қазірдің өзінде осындай түлектердің қатарынан іріктелген 12 азамат облыстағы басшылық лауазымдарда жұмыс жасауда. Ол азаматтар жаңа идеяларды енгізіп жатыр.Бұдан басқа, өңірдегі жоғары оқу орындарының түлектерін ауыл-аймақтарға кеңінен тарту жоспарда бар. Осылайша облыс пен аудандардың, сонымен қатар ауылдағы кадрлық потенциалды күшейтетін боламыз.
Қазір облыстағы кадрлық ахуалды сараптап, өңірлік кадр саясатының жаңа стра­тегиясын дайындауға кірістік. Аталған өңірлік Стратегия келесі бағыттарды қамтитын болады. Бірінші бағыт – кадр­ларды іріктеудің талаптарын күшейту арқылы шынайы таланттарды іздеу және оларды қызметке тарту. Түпкі мақсатымыз – өзінің біліктілігі мен қабілеттілігін, отан­сүйгіштігі мен еңбекқорлығын көрсет­кен әр азаматқа – мемлекеттік қызметке кіруге, ал мемлекеттік қызмет­шіге – жоғарылауға жағдай жасау.
Екінші реформа – заңның үстемдігін қам­тамасыз ету. Елбасымыз Ұлт Жоспа­ры­ның екінші бағытында халық алдында есеп беретін жергілікті полиция қызметін құруды тапсырды. Осыған орай, облыстың барлық аудан, қалаларында жергілікті полиция қызметі құрылып, оларға 19 басшы тағайындалды.Бүгінде жергілікті полицияның құрамында 2 747 қызметкер бар. Жергілікті атқарушы билік пен полицияға ортақ міндеттер қойылып, көптеген жобаларды бірлесіп іске асыруға кірістік.Мәселен, облыстағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында Сарыағаш ауданында құрылған «Сарбаз» еріктілер жасақтарының тәжірибесін өзге аудан, қалаларға ендіретін боламыз. Сонымен қатар 262 учаскелік полиция бекетінде қоғамдық кеңестер құрылды.Учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп 1 мыңға жуық қоғамдық көмекші кезекшілікке түсуде.
Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 30-қадамына сәйкес Жол-көлік, учаскелік және ювеналдық полиция қызметкерлері видеорегистратормен және кеудеге тағатын видеожетонмен қамтылады. Бұл құқық бұзушылықты азайтып, қоғамдық тәртіпті сақтауға септігін тигізетін болады.Ұлт Жоспарының 32-қадамына сәйкес облысымызда алғаш рет «Қылмыстық құқық бұзу картасы» әзірленіп жатыр. Бұл жүйе қылмыстық әрекетті немесе оқиғаны ашудың заманауи озық тәсілі болып табылады.
Бес институционалдық реформаның үшінші реформасы, ол – индустрияландыру және экономикалық өсім. Бұл бағыт экономикалық өсім мен әлеуметтік жағдайдың жақсаруын көздейді. Сонымен қатар инвестициялық ахуалды жақсарту – негізгі міндеттердің бірі болып табылады.
Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 2016 жылы 16 жобаны іске асыруға, 27,2 млрд теңге инвестиция тартып, 845 жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінгі таңда, «Шымкентмай» АҚ өндірісін кеңейту жобасына 1,9 млрд теңге инвестиция тартылып, қосымша 26 жаңа жұмыс орны ашылды. Өнеркәсіп саласын дамыту үшін «Оңтүстік» Арнайы Экономикалық Аймағында тоқыма кластерін қалыптастыру, облыстың әр ауданында индустриалды аймақтардың құрылысын жүргізу және дамыту, фармацевтика кластерін қалыптастыру, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу бағыттарында ауқымды жұмыстар іске асырылуда.
Сонымен қатар басымды салаларға сыртқы инвестицияның көлемін ұлғайту мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізілуде.
Төртінші реформабіртектілік пен бірлік. Қазақстандағы қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайтуды көздейтін «Бірегейлік пен бірлік» реформасы Мәңгілік Елге жетелейтін бірден-бір белес. Бұл бағытты іске асыруда – Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі ерекше. Бүгінде аталған ұйым тарапынан республикалық «Үлкен Ел – Үлкен отбасы», «Менің елім», «Нұрлы болашақ» сияқты жобалар мен шаралар ұйымдастырылып, өтуде. Реформаны жүзеге асыру мақсатында өңірлік ассамблея жұмысының жаңа бағыттары қалыптастырылды. Бұл – қайырымдылық, медиация, Қоғамдық келісім кеңестерінің қызметі.
Ұлт Жоспарының 5-ші бағыты «Есепті мемлекетті қалыптастыру» – Қазақстанның өркениетті елге айналуы үшін елімізде есеп беретін мемлекетті қалыптастыру қажеттілігін көздейді. Осы реформа бойын­ша жұмыстар екі бағытта жүрізіледі. Ашық­тылықты және есептілікті қамтамасыз ету.
Ашықтылық бойынша ҚР Президенті Әкімшілігінің қолдауымен «Ашық әкімдік» жобасы іске асырылуда, бұл жобаның шеңберінде мемлекет тарапынан бизнес процестерге көрсетілетін қызметке реинжиниринг жүргізіледі. Оның негізі епкіні басқару органдары тарапынан қабылданатын шешімдерді қабылдау барысында олардың ашықтығымен баршаны қамтамасыз етуге, оңтайландыруға және автоматтандыруға бағытталған.shardara1
Есептілік бойынша ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңына сәйкес, 40 мүшеден тұратын облыстық «Қоғамдық кеңес» және жалпы мүше саны 323 құ­райтын әрбір аудан, қалаларда Қоғамдық кеңестер құрылған. Қоғамдық кеңестердің мақсаты – азаматтық қоғамның мүд­делерін білдіру және жергілікті деңгейдегі шешімдерді талқылау кезінде жұртшылық пікірін ескеру.
– Оңтүстік Қазақстан облысы халық санының өсуі, яғни демографиялық көрсеткіш бойынша өзге өңірлерден көш ілгері келе жатқаны белгілі. Жуырда «Ана тілі» газетінде демографиялық мәселеге арналған «Отан – отбасынан басталады» атты проблемалық мақала жарияланған болатын. Мақалада бірқатар өзекті жайттар атап көрсетілген еді. Мысалы, жас отбасыларды әлеуметтік тұрғыдан қолдау, тұрғын үймен қамтамасыз ету, ана капиталын енгізу және т.б. Бұл жөнінде өзіңіздің жеке азаматтық ой-пікіріңіз қандай?
– Дұрыс айтасыз, киелі Оңтүстік өңірі қазақтың қара домалақтарын көбейту жағынан өңірлер арасында көш бастайды.Жылына 80 мыңға жуық сәби дүниеге келетін Күнгей үшін бұл мақтанарлық жайт деуге болады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2016 жылдың 1 тоқсанына біздегі бала туу өсімі 21,9 мың адамға жетіп, бұл 2015 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 113,9%-ды құраған.
Жалпы облысымызда 169 мыңнан астам көп балалы аналар саны тіркелсе, оның 6241-і Батыр аналар, 25580-і «Алтын алқа» орденімен, 34304-і «Күміс алқа» орденімен марапатталған аналар, 8998-і І, ІІ дәрежелі Ана Даңқы орденімен марапатталған аналар және 94288-і 18 жасқа дейінгі 4 және одан да көп баласы бар аналар болып табылады.
Әрине, еліміздің болашағы – жас отбасыларды түрлі бағыттар бойынша қолдау жұмыстары үздіксіз жүріп келеді. Біз оған айрықша мән береміз. Мәселен, өткен жылы облыста 300-дей жас отбасы баспаналы болып, оларға әлеуметтік қолдаулар жасалды. Биыл да бұл жұмыстар жалғаса бермек. Жыл соңына дейін тағы 200-ден астам жас отбасы пәтер кілтіне қол жеткізетін болады деп жоспарлап отырмыз.
Мұнан бөлек, өңірімізде күнкөріс деңгейінен төмен тұратын отбасыларды әлеуметтік қолдау ретінде 18 жасқа дейінгі балаларға жәрдемақы және аз қамтылған отбасыларға атаулы төлем көмегі төле­не­ді. Алайда тәжірибе көрсеткендей, мем­ле­кеттік қолдаудың төмен болуы көмек алушы­ларды кедейліктен шығуға ынталандырмайды.
Осыған орай, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл бағыттағы әлеуметтік көмек пен қолдаудың идеологиясы өзгертіліп, әлеуметтік қолдау шараларының атаулылығын күшейту үшін оңтайландырылу және жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазіргі ұсынатын үш түрлі әлеуметтік төлемдер орнына (арнайы көп балалы отбасылар үшін мемлекеттік жәрдемақы, 18 жасқа дейінгі балалар үшін мемлекеттік балалар жәрдемақысы) атаулы әлеуметтік көмек жаңа форматы енгізілетін болады. Оның мәні, шындығында қиын жағдайға тап болған және объективті себептерге (жасы, денсаулық жағдайы, мүгедектік және өзге әлеуметтік осалдық) байланыс­ты осы жағдайдан шыға алмайтын отба­сыларға шартсыз көмек ұсынылатын болады.
Отбасындағы еңбекке қабілеттілігін сақтаған, көмек алушы үміткерлер белсенді бағдарлама қатысушысы ретінде әлеуметтік қолдауды шартты ақшалай түрінде алатын болады (кәсіби дайындық, әлеуметтік жұмыс орындарын құру, жұмысқа орналастыру және т.б.). 2015 жылдан бастап жоғарыда аталған шартты ақшалай көмек, яғни «Өрлеу» жобасы облысымыздың төрт аймағында пилоттық режімде жүзеге асырылды. Нәтижесінде, жобаға 139 отбасы (913 адам) қатысып, оның еңбекке жарамды 167 отбасы мүшелері жұмыспен қамтудың белсенді шаралармен қамтылды. 2016 жылы «Өрлеу» жобасын жүзеге асыруды облыстың барлық аймағында енгізу жоспарланып, 2512 отбасын (14927 адам) қамту көзделуде. Бүгінгі таңда 361 отбасыға (2171 адам) шартты ақшалай көмек төленіп, еңбекке жарамды 242 отбасы мүшелері жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысып отыр.

Өңірдің өндірісі  өркендеп келеді

– Бүгінде өзіңіз жақсы білесіз. Елбасы өңірлер мен аймақтардың дамуына үлкен көңіл бөліп отыр. Осы орайда, ырысы мен берекесі тасыған, шырайлы Шымкент қаласын еліміздегі үшінші мегаполиске айналдыру межесін белгіледі. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуынан бөлек, рухани келбетіне, бұл ретте қолға алынып жатқан іргелі жұмыстардың жүзеге асырылу барысына Аймақ басшысы ретінде қандай баға берер едіңіз? Өңірдегі өндіріс орындары, ірі кәсіпорындардың қазіргі аяқ алысы қандай? Құрылыс саласын, жол салу, байланыс салаларының жетістіктеріне де қысқаша тоқталып өтсеңіз.
– Әрине, қазақы қаймағы бұзыл­ма­ған Оңтүстік өңірі қашан да қонақ­жай­лылығымен, ақпейіл жомарттығымен ерекшеленетін өлке. Халқы тығыз орналасқан осынау еңбекқор аймақтың рухани келбеті өзіме ерекше ұнайды. Күйбең тіршіліктен бөлек, халқымыздың ұлттық салт-дәстүрлерін берік ұстанып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан киелі мекендегі оңды істерге оң баға бермеу мүмкін емес. Облыс орталығы – Шымкентте атқарылып жатқан сан түрлі шаруа күнделікті БАҚ арқылы тарап, халықтың үнемі назарында екеніне Сіз бенен Біз күнде куә болып жүрміз. Еліміздің үшінші мегаполисіне айналдыру жолында әлеуметтік-экономикалық дамумен қатар, руханиятты байытудың түрлі тәсілдері мен амалдары жүзеге асырылып жатқаны рас.Бес реформаға білекті  сыбанып кірісіп кеттік
Енді өңіріміздегі өндіріс орындары мен кәсіпорындарына тоқталсам. Әлбетте, әлемдік экономикадағы орын алған дағдарыс облыс экономикасына да кері әсерін тигізуде.Соған қарамастан, жалпы облыстың ірі өнеркәсіп кәсіпорындарында өндіріс көлемінің өсуі байқалады. Атап айтқанда, 2016 жылдың 5 айында облыста 345,8 мың тонна ұн өндірілді немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15%-ға артты. Бұл ретте, «Алтын-дан», «Дани-нан», «Кasimhan Grain Products», «Grain House 555», «Miller & K» ЖШС сияқты ірі кәсіпорындардың табысты жұмысын айтуға болады. Сәйкесінше, тиісті мерзімде 9845 тонна сүт өнімдері (о.і. «Компания Фудмастер-Шымкент» ЖШС) өндіріліп, жалпы көрсеткіш 29,3 %-ға артты. Таратып айтсақ, 1607 тонна балмұздақ (о.і. «Балмұздақ» ЖШС) өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 63,5 %-ға артты, 11053,6 мың литр сыра (о.і. «Шымкент сыра» ЖШС) өндіріліп, 1,5 %-ға артты, 37107,0 мың литр алкогольсіз сусындар (о.і. «ВИЗиТ» АСЗ», «Рауан» ЖШС) өндіріліп, 59,9 %-ға артты.
Мұнай өнімдерінің де көлемі ұлғайған. Жыл басынан бергі 5 айда 1930,1 мың тонна мұнай өнімдері («ПетроКазахстан Ойл Продактс» ЖШС) өндіріліп, 45,5 %-ға артты.
Салалардың негізін құрайтын ірі және орта кәсіпорындарында өндіріс көлемінің өсу салдарынан, жалпы өнеркәсіп өнімінің көлемі 2016 жылдың 5 айында 312,7 млрд теңгені құрап, 2015 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 74,2 млрд теңгеге артық өнім өндірілді. Нақты көлем индексі – 105,1%-ды құрады (ҚР-97,8%). Бұл көрсеткіш бойынша облыс республикада 2-орынды иеленді.
Өңірдегі жол саласына қатысты жұмыс­тарды жеткізсек, соңғы бес жылда облыста 3680,5 шақырым жол жөнделіп, 54 ша­қырым жол жаңадан салынды. Оның өткен 2015 жылы 489,1 шақырымы жөн­деліп, 30 шақырым жол жаңадан салынды.
– Кеңестік кезеңде-ақ ақ алтын – ақ мақтасымен әлемге танылған оңтүстік өлкесінің ауылшаруашылығының деңгейінен де оқырманды қысқаша хабардар ете отырсаңыз. Мақта кластерінің жай-күйі қандай?
– Ақ алтын мақтасымен әлемге та­ныл­ған Оңтүстікте мақта кластерін құру жұмыстары бірнеше жылдардан бері қолға алынғаны белгілі. Қазіргі таңда осы мақсаттағы жұмыстар жүйелі жүзеге асырылып келеді. Олай дейтініміз, бүгінде облыстағы шитті мақтаның 35 пайызы облыстың тоқыма кәсіпорындарымен өңделеді десек, өңірдегі тоқыма саласын­дағы кәсіпорындарды тұрақты түрде шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында егіс көлемін арттыру, мақтаның жаңа сұрыптарын өсіру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Мәселен, былтыр ОҚО-ның мақталы аумағында 99 мың гектар алқапқа «ақ алтын» егілсе, биыл оның көлемі 11,4 пайызға артып, мақта алқабы 110,6 мың гектарға жеткізілді. Осылайша жыл қорытындысымен өңірдегі шитті мақтаның көлемін 9 пайызға немесе 298 мың тоннаға арттыру көзделуде. Ал 2020 жылға дейін аймақтағы ақ мақтаның көлемі 420 мың тоннаға жетіп, өсім 54 пайызды құрайды деп күтілсе, оның 90 пайызы облыстағы отандық тоқыма кәсіпорындарымен өңделеді деп болжанып отыр. Оған қоса, өңіріміздің ауылшаруашылық мамандары мақта егу технологиясына қарқынды әдісті енгізе отырып, мақта алқабын көбейтпей-ақ, мол өнім алуды көздеуде. Айта кету керек, болашақта тоқыма кластерінің орталығына айналуы тиіс Оңтүстік өңірінде бүгінде құны 27,8 млрд теңге болатын 10 жоба іске асырылып, 2,2 мың жұмыс орны ашылған.
Атап айтқанда, облыстағы мақта тал­шы­ғын өңдейтін ірі тоқыма кәсіпорындар – «Ютекс» АҚ-ның қуаттылығы –18000 тонна болса, «Меланж» АҚ – 5000 тонна, «Окси текстиль» ЖШС – 6200 тонна және мақта линтнен жұмыс жасайтын «Хлопкопром целлюлоза» ЖШС-ның қуаттылығы – 3000 тонна. Жалпы, облыстағы тоқыма кәсіпорындарының жобалық қуаттылығы 32200 тоннаны құрайды.

Түркістан туристік  кластер ретінде дамиды

– Тарихи орындарға бай өлкеде туризмді дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Тоғыз жолдың торабында орналасқан Ұлы Жібек жолының жүрегі – Оңтүстік өлкесінде туристік кластер құру мақсатты жұмыстарымыздың бірі. Бүгінгі таңда өңірдің туристік потенциалын күшейтіп, дамытуда саладағы инфрақұрылым жайы реттеліп, арнайы маршруттар жасалуда. Алдағы 2016-2020 жылдарға қойылған мақсаттардың ретін баяндасам.
Атап айтқанда, Төлеби ауданында тау-шаңғы туризмін дамыту мақсатында «Қасқасу тау-шаңғы курортының» сырт­қы инженерлік-инфрақұрылымын жүр­гізу үшін (2 899,745 млн теңге ) 2014 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» мем­лекеттік бағдарламасы аясында рес­пуб­ликалық бюджеттен 198,0 млн тң., сондай-ақ, облыстық бюджеттен 100,0 млн тң., ал 2015 жылы 150,0 млн. тң. қаржы бөлінді.

MINOLTA DIGITAL CAMERA

MINOLTA DIGITAL CAMERA

Бөлінген қаржыға электр энергиясын тарту, автомобиль жолдарының дайындық жұмыстары (жер өңдеу жұмыстары), кәріздік тазалау ғимаратының орнын дайындау жұмыстары жүргізілді.
Облыста халық санының тығыз орналасуы және қолайлы климаты жағажай туризмін дамытуға өз септігін тигізеді. Осыған орай Шардара су қоймасы жағалауында 255,0 га жер учаскесі анықталып отыр. Су қойманың бойында жағажай кластерлік туризмін дамыту мақсатында облыстық бюджеттен 17,0 млн теңге бөлініп, егжей-тегжей жоспары әзірленді.Қазіргі таңда Шардара су қоймасының бойында жағажай туризмін дамытуға қызығушылық танытып отырған инвесторлар бар. Жағажай бойында қонақ үйлер, жағажай спорттық алаңдары, ресторан және т.б. нысандарды салу жоспарланып отыр. Анықталған жер учаскесі орман қоры жері балансында болғандықтан елді мекен санатына ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Облыстың басты курорттық аймағы – Сарыағаш шипажайлары болып табылады. Осыған орай, Сарыағаш ауданы Көктерек елді мекенінде заманауи талап­тарға сай жаңа курорт қалашығын салу жоспарланып отыр.2015 жылы жаңа курорт қалашығының эскиздік жобасы әзірленді.
Бұдан бөлек, Шымкент – Ташкент авто­көлік жолының күрделі жөндеу жұ­мыс­тары жүргізілуде, 2016 жылы құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. Төлеби ауданында жеке инвестиция есебінен 50 орынды «Изу­ми» (жобаның құны 386,0 млн теңге) демалыс аймағының және 200 орынды «Тау самалы» (жобаның құны 1 104,0 млн теңге) емдік-сауықтыру орталығының құрылысы жүргізілуде. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойында Түркістан, Шымкент қалалары, Сарыағаш, Қазығұрт, Сайрам, Түлкібас және Бәйдібек аудандарында 8 жол бойы қызмет көрсету нысандарының құрылысын жүргізу қарастырылған. 2014 жылы Сайрам ауданы Ақсу ауылында және 2015 жылы Шымкент қаласы Бозарық елді мекенінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойында 4 жол бойы қызмет көрсету орталықтары іске қосылды.
2016 жылы «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көр­месі шеңберінде ұсынылатын ту­ристік маршруттардың бойындағы инфрақұрылымдарды ретке келтіру жұмыстарын жүргізу, туристік нысандарға алып баратын жол бойында туристік көрсеткіштерді орнату жоспарланып отыр. Тарихи-мінәжат ету туризмін дамыту мақсатында Түркістан қаласында «Саяхатшыларға қызмет көрсету орталығы» және «Халық қолөнері шеберлерінің орталығы» салынды, сондай-ақ, «Тарихи-мәдени этнографиялық мұражай» жұмыс жасауда. Соңғы үш жылда Сауран қалашығына, Үкаш ата және Гауһар ана кесенелеріне баратын жолдар салынды, сондай-ақ «Ақбура» кесенесіне баратын жол құрылысының жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Бұдан бөлек, Отырар ауданындағы әл-Фараби мұражайын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
ЭКСПО – 2017 халықаралық маман­дандырылған көрмесін ұйымдастыру және өткізу аясында Жібек жолы бойында маршруттар әзірленіп, ол маршруттарға Түркістан қаласы, Отырар, Бәйдібек аудандарының нысандары енгізілді. Түркістан қаласы Оңтүстік Қазақстан облысында тарихи-мәдени құндылығымен ерекше орын алатын, өңірдің рухани орталығы болып табылатын қала. Жыл сайын Түркістан қаласында тарихи-танымдық, мінәжат ету мақсатында 900 мыңнан астам адам келеді. Осыған орай, қаланы арнайы «Түркістан» туристік кластер ретінде дамыту мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, Көне Түркістан қаласын жаңғырту бойынша эскиздік жоба әзірленді. Жобаға сәйкес, Қ.А.Ясауи кесенесінің аумағын аббаттандыру, шығыс үлгісіндегі моншалар (хаммам), сау­да орындары мен мейрамханалар, ойын-сауық орталықтары мен қонақүйлер, туристерге арналған алаңшалар, саябақтар салу жоспарлануда. Қазіргі таңда эскиздік жобалар әзірленуде.
Қ.А.Ясауи кесене аумағынын (99,6 га) дамыту концепциясы ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ғ.Ахмедьяровтың төрағалығымен өткен мәжілісте қаралып, жоба жалпы концептуалдық тұрғыдан мақұлданды. Осыған орай 99,6 га жер учаскесіне егжей-тегжей жоспарын әзірлеуге қалалық бюджеттен 6,0 млн.теңге бөлінді. Сонымен қатар аталған аумақта орналасқан, қалыптасқан құрылыс нысандарына бағалау жұмыстарын жүргізу үшін қалалық бюджеттен 1,7 млн теңге бөлініп отыр. «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС тәжірибесі бойынша практикалық жұмысты енгізу бойынша атқарылған жұмыстар туралы тарқатып айтсам, 2015 жылдың 15 қазанында Оңтүстік Қазақстан облыс әкімдігінің №325 Қаулысымен «Ontustik tourism Center» Туристік ақпараттық орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесі құрылды.
Туристік ақпараттық орталықта (әрі қарай – орталық) «Бір терезе» қағидасы бойынша жергілікті тұрғындарға және шетелдік туристерге қызмет көрсету механизмін енгізу, яғни ішкі туризм бағытында жұмыс жасайтын туристік мекеме, гид-экскурсавод, көлік компанияларының өкілдерін орналастыру жоспарланып отыр. Орталық базасында туристік бизнес өкілдеріне қызмет сапасын арттыру мақсатында семинар-тренингтер өткізу жоспарланған.
Енді аймағымызға жыл сайын келіп, демалып жүрген шетелдік және отандық туристердің жай-күйіне тоқталсам. Өңіріміздің демалыс аймақтарындағы орналастыру орындарына өткен жылы 144 мыңнан астам қонаққа қызмет көрсетілсе, соның 11 мыңнан астамы шетелдік туристер екен. Орналастыру орындары мен көрсетілген қызмет көлемі былтыр 1 915,3 млн теңгені құрап, 2014 жылмен салыстырғанда 24 %-ға артып отыр. Соның ішінде, ерекше атап өтетін жағдай, өткен жылы Түркістан қаласына келген келушілер саны 981 300 азаматты құрады.
Ал ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда 2015 жылы ішкі туризм бойын­ша 18 736 адамға, кіру туризмі бойынша 1772 адамға қызмет көрсетіліп, оның көлемі 19 537 753 теңге құрап, 2014 жылмен салыстырғанда 29% артып отыр.
– Басшылық қызметіңізде қандай мәселеге бірінші кезекте ерекше мән бересіз? Ойға алған және де орындалған жоба-істеріңіз көп пе?
– Меніңше, кез келген басшы өзі жетекшілік ететін ұжымда, ең алдымен, тәртіп мәселесіне жіті мән беруі тиіс. Себебі тәртіп болған жерде ғана жүйелі жұмыс пен оңды нәтиже болады деп есептеймін. Сәйкесінше, тәртіп орнаған жерде жауапкершіліктің де қатар жүрері сөзсіз. Мұндай қасиетке ие маманнан оңды нәтижелі жұмыс күтуге болады. Сондықтан, тәртіп, жауапкершілік, нәтиже –менің үнемі назарымдағы мәселе. Ал ойдағы жобаларға келсек, жоспарымыз өте көп. Оның бірқатарымен бөлісіп те үлгердім. Ендігісі, киелі Оңтүстіктегі оңды істердің қатарын одан әрі көбейтуде аянбай еңбек етіп, нәтижелі жетістіктерге қол жеткізу ғана. Оның барысын алдағы уақыттарда міндетті түрде көріп, танысатын боласыздар.

Сұхбаттасқан
Жұмабек КЕНЖАЛИН




4 пікір “Өркениетке ұмтылған оңтүстік. Шаруа шашетектен. Ал оны лайықты атқару елін сүйген ерлерге сын

  1. Дина

    Өңтүстік өлкесі қарыштап дамуда. Ондағы қонақжайлық таңдай қақтырады.

  2. Әнуар

    Еліміздің ірі үшінші қаласы тізіміне енгелі отырған шырайлы Шымкент құлпырып, гүлденіп жатыр.

  3. Сәбира

    Иә, Оңүтүстікте жетістіктер аз емес. Атқарылған жұмыстар да көңілден шығады. Бұл, әрине, бірінші кезекте басшының мықтылығы.

  4. Жанар

    Басшы болып отырған ерлердің қай-қайсысына да атқарып отырған ісі халық алдында үлкен сын.

Пікір қалдыру