Kanat

Қанат Ислам: Жанкүйерлер қолдауын ерекше сезінемін

Қазан айының 29-ы күні Алатау баурайында қазақтың батыр ұлдарының бірі Қанат Ислам ганалық Патрик Аллотеймен жұдырықтасады. Бұл кездесуде жартылай орта салмақта IBO (Intercontinental), WBO (International) тұжырымының чемпиондық белбеуі сарапқа салынады. Осы жекпе-жекке тыңғылықты дайындалып жатқан спортшы жақында Алматыда жанкүйерлері үшін ашық жаттығуын өткізді. Сондай-ақ бокспен айналысып жүрген алматылық жастармен тәжірибесін бөлісті. Уақытының тығыз болғанына қарамай, боксшымен жекпе-жек алдында сұхбаттасудың сәті түсті.

– Алдағы жекпе-жекке дайындығыңыз қалай?
– Мен қазір WBA тұжырымы бойынша әлемде бесінші орында тұрмын. Ендігі жекпе-жектердің барлығы өте маңызды болмақ. Қазір нағыз бабымдамын. Америкадан жаттықтырушым келіп, соңғы бір айдың жаттығуы өте сапалы болды. Аллаға шүкір, тас түйін дайынбыз. Күнделікті күн тәртібім жаттығудан басталады. Ендігі кезекте шаршы алаңға шығып өзімізді көрсету ғана қалды.
–Жанкүйерлеріңіздің қолдауы қалай әсер етуде?
–Қарсыласым мықты екені рас. Оның рекорды да менікінен жоғары. Бірақ, мен кәсіби рингте алғаш рет өз елімде, жергілікті жанкүйерлер алдында шаршы алаңға шыққалы отырмын. Халқым маған сеніп, үлкен үміт артып отыр. Сонымен бірге биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, Алматы қаласының 1000 жылдығы атап өтілуде. Мұның өзі үлкен жауапкершілік жүктейді. Жанкүйерлерімнің қолдап, сенім артуының өзі мені жігерлендіреді. Қазақ ­боксын әлемге таныту басты міндетім.
– Патрик Аллотейді қаншалықты зерттеп үлгердіңіз?
– Патрик Аллотей де тәжірибелі боксшы. Осыған дейін кәсіпқой бокста 36 жекпе-жек өткізген. Оның 34-інде қарсыластарынан басым түскен. 24-де қарсыласын нокаутпен ұтса, 2 жекпе-жегінде ғана есе жіберген. Cоңғы рет 24 маусым күні шаршы алаңға шығып, отандасы Сани Идананы жеңген. Жекпе-жектерінің барлығын дерлік Ганада өткізген. Үш кездесуі ғана өзге елде өткен. Кәсіпқой бокста «Улы жебе» деген лақап атқа ие. Сондықтан бапкерім екеуміз қарсыласымның осал тұстарын зерттеп, соған орай жаңа жаттығулар мен айла-тәсілдер ойластырудамыз. Қарсыласымның соққылары да жойқын. Өте сақ болған жөн. Сол үшін жан-жақты дайындалып жатырмыз.
– Спарингтік кездесулерде кімдермен бақ сынадыңыз?
– Спарингтік жекпе-жекте Айдар Шәрібаев, Айдос Ербосынұлы, Жәнібек Әлімханұлы сынды өзіміздің боксшыларымызбен кездестім. Бұл бір жағынан кәсіпқой және әуесқой бокс арасында үлкен тәжірибе алмасу.
– Бір кездері мексикалық Канело Альвареспен спарингтік жекпе-жектен бас тартқаныңызды білеміз. Бұл туралы не дейсіз?
– Мені Канело Альварес спарингтік жекпе-жек­­­­­ке шақырған. Алайда, мен бас тарттым. Менің командам біраз уақыттан соң Альвареспен де шаршы алаңда кездесуің мүмкін деді. Сол себепті өз қарым-қабілетімді әзірше оның алдында көрсетпеймін деп шештім.
–Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз…
–Алматыдағы жекпе-жектен бөлек, осы жылдың аяғына дейін АҚШ-та тағы бір кездесу жоспарланған. Ал келесі жылға 4-5 кездесу бар.

Айта кетейік, Қанат Ислам мен Патрик ­Ал­лотей арасындағы жекпе-жек 29 қазан күні Алматыдағы «Алматы Арена» спорт кешенінде өтеді. Бұл ғимаратқа 12 мың көрермен сияды. Сондай-ақ осы бокс кешінде Жанқош Тұраров, Руслан Мырсатаев, Әли А­хметов, Айдар Шәрібаев, Айдос Ербосынұлы және Жәнібек Әлімханұлы өнер көрсетеді. Соңғысы кәсіпқой бокста алғашқы рет бақ сынайын деп отыр.

Ақбота ИСЛӘМБЕК




1 пікір “Қанат Ислам: Жанкүйерлер қолдауын ерекше сезінемін

  1. Марал

    Қанаттай қазақтың қара домалақ баласын қолдамағанда, кімді қолдаймыз?

Пікір қалдыру