Бизнеске алып мұхит кедергі емес

Қазақстан және Бразилия кәсіпкерлері ынтымақтастық мәселелерін талқылады  

Алматыда алғаш рет Қазақстан-Бразилия бизнес-форумы өтті. Бразилия Федеративті Республикасының Қазақстандағы Елшісі Деметрио Буэно Карвальо жетекшілік еткен делегация құрамында, Apex Brasil (Бразилияның сауда және инвестицияны дамыту агенттігі) өкілдері мен бразилиялық сиыр және құс еті, кофе, қант, соя бұршақтары, жүгері ұны, автокөліктер мен ұшақтар, мұнай-газ өнеркәсібіне қажет құрылғылар шығаратын ірі өнеркәсіп орындарының өкілдері болды.

Кездесу барысында қонақтар Қазақстанның инвестициялық тартымдылығының жоғары екеніне тоқталды. «Қазақстан мен Бразилия арасындағы визасыз режим экономикалық ынтымақтастық орнатуға сөзсіз ықпал етеді. Мәселен, алматылық компания қызметімен танысқымыз келсе, Алматыға жылдам ұшақпен жетіп үлгереміз. Яғни, виза рәсімдеу, декларацияларға қатысты әуре-сарсаңға түсіп жатпаймыз. Өкінішке қарай, біздің елдер арасында орасан зор қашықтық жатыр. Алайда, бүгінгі кездесу бұдан да тығыз экономикалық қатынастар орнатуға ықпал етеді деп сенемін. Десе де, біздің компаниялар бүгінгі күннің өзінде-ақ, Эйр Астанаға ұшақтар мен ет әкелуде. Біз сіздердегі супермаркеттерді аралап, бразилиялық сиыр етін көріп, қуанғанымызды жасырмаймыз», – деді Apex Brasil өкілі Альмир Америко Рибейро.

Өз кезегінде, Кәсіпкерлер палатасы директоры Юрий Тілеумұратов, Алматыда шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасалғанын атап өтті.

«Қазақстан соңғы 25 жылы ішінде, шетелдік инвесторлар үшін кедендік және салық жеңілдіктерінен бастап, арнайы инвестициялық субсидияларға дейін, барлық қолайлы жағдайлар жасады. Сонымен қатар, Алматыда екі экономикалық аймақ бар. Бұл сіздерге қосымша жеңілдіктер ұсына отырып, бірлескен өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Қазақстан мен Алматы шетелдік инвестициялар легі үшін, өкілдіктер ашуға және бірлескен жобаларды жүргізуге дайын», – деп хабарлады Юрий Тілеумұратов.

Шара барысында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Kaznex Invest, «ҚазАгро» ұлттық холдингі мен ауыл шаруашылығы саласындағы ірі қазақстандық өндірушілердің жобалары таныстырылды.

Айта кетерлігі, Бразилия Латын Америкасындағы Қазақстанның ірі сауда серіктесі болып табылады. Екі жақты тауар айналымы 2015 жылы 161,3 млн АҚШ долларын (экспорт – 55,7 млн долл., импорт – 105,6 млн долл.) құраған. Қазақстанға Бразилиядан құрақ қант пен сахароза, азаматтық ұшақтар, темекі шикізаты, ірі қара малдың тоңазытылған еті, жеміс шырындары, қара металл сынықтары импортталады. Ал, бізден оларға күкірт экспортталады.

Бразилияның экономикасы, ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі, өңдеуші өнеркәсібі мпен қызмет көрсету саласы жоғары деңгейде дамыған. Бразилия экономикасы Оңтүстік Америкадағы өзге елдер экономикасынан көш ілгері тұр және әлемдік нарыққа шығу көрсеткіші жыл санап артып келеді.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *