Егемен елдің мерейі

Елорда төрінде Тәуелсіздіктің  25 жылдығына  арналған салтанатты жиын өтіп, оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Тәуелсіздік сарайында ұйымдастырылған мерейтойлық жиын Әнұранмен ашылды.  Бұдан кейін шараны Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп ашты.

«Қазақстанның Тәуелсіздігі мен Елбасының есімі – егіз ұғым. Сондықтан біз, бәріміз, Тәуелсіз мемлекеттің атынан осынау ең қастерлі мерекеге орай, Қазақстан Республикасының негізін қалаушы, бүкіл әлем көреген саясаткер, мемлекет қайраткері ретінде мойындап отырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты шын жүректен құттықтап, үлкен рақметімізді айтамыз» деді Сенат Төрағасы. Осылай деген Қасым-Жомарт Кемелұлы алғашқы сөзді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа берді. (Президенттің сөзі бөлек жарияланып отыр).
Қасым-Жомарт Кемелұлы келесі сөзді Қазақстан Жоғарғы сотының Төрағасы Қайрат Мәмиге берді. Ол өз сөзінде еліміздің иесі де, киесі де қазақ ұлты осы уақыт ішінде өзгені елеп-екшеп, өзін таныта білгеніне, дәстүрсіздікке бармағанына, ағайыншылдықтың алтын арқауын үзбегеніне, досты – бауырға, бауырды – тәуірге айналдырғанына айрықша назар аударды.
Бұдан кейін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед сөз сөйлеп, Елбасының Тәуелсіздік жылдарындағы ерен еңбегін атап өтті. Одан әрі елді ілгерілету, алға жылжыту бағытында жасалған стратегиялық реформалар мен жобаларға тоқталды.
Келесі кезекте сөз алған Қазақстан Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Божко ел парламентаризмі дамуының тарихына тоқталды. Ол Елбасының ширек ғасыр ішінде 2 мың 643 заңға қол қойғанын, бұдан бөлек мемлекетаралық келісімдерді ратификациялау туралы – 1083, Қазақстанның халықаралық келісімдерге қосылуына қатысты 175 заң қабылданғанын жеткізді.
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев тарих өлшемімен қарағанда, 25 жылдың көп уақыт емес екенін, алайда осы уақытта ғасырларға тең жолдан өткенімізді айтты.
Премьер-Министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов Тәуелсіздік туралы өз ой-толғамын ерекше тебіреніспен жеткізді. «Адам үшін алаңсыз өмір сүру бір бақыт болса, халық үшін тәуелсіз болу – мың бақыт! Ал «бақыт» дегеніміз орындалған ақ арман. Ашығын айту керек. Бұл жолғы бақ – біздің маңдайымызға бұрын-соңды қонбаған бақ. Оған осынау сайын даламыздың келбеті, әз аталарымыздың сөзі, ақбас тарихтың өзі куә. Өз алдына ел боламын деген халқымыздың сонау Түркі қағанатынан жалғасқан 15 ғасырлық тамыры, 1500 жылдық ғұмыры куә» деді ол.
ERA_9955
Сонымен бірге жиын барысында Ұлттық кардиохирургия орталығы балалар кардиохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Дмитрий ­Горбунов, ­­­­­«Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ басшысы Әсем ­Мамытова, ­­Парламент Сенатының депутаты Ақан Бижанов, Еңбек Ері Ұзақбай Қарабалин, Ақмола өңіріндегі Есіл ауданына қарасты Заречинск ауылының әкімі әрі аймақтағы ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Наталья Милюк, Конституциялық Кеңес мүшесі Унзила Шапақ сөз сөйлеп, жиналғандарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.
Сөз алған Парламент Мәжілісіндегі еліміздің ең жас депутаты Геннадий Шиповских, Мемлекет басшысының алғаш болып «Қазақстан халқы» деген сөз айтқанын қатысушылардың қаперіне салып, мұндай қасиетті сөздің астары қазақстандық бірегейлік сарынындағы терең пәлсапамен ұштасатындығын білдіре келіп, өз ойын өлең шумақтарымен өрбітті.
Ел спортшыларының атынан мінберге шыққан Олимпиада чемпиондары Дмитрий Баландин мен Данияр Елеусінов те ел Тәуелсіздігінің айтулы мерекесін ұлықтай отырып, Елбасы мен қалың бұқараға ұсыныстарын айтып, жастарды жігерлендіретін ұран сөзді ортаға тастады. Салтанатты жиынның соңына қарай Қазақстандағы 5 млн 575 мың бүлдіршіннің атынан үн қатқан Астана қаласының бір топ мектеп оқушысы Нұрсұлтан Әбішұлын төл мерекемен құттықтай отырып, Елбасының әндеріне жазылған сөздерден үзінділер оқыды.
Содан кейін алқалы жиынды қорытындылаған Мемлекет басшысы рес­публика халқын ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, бұдан былай 25 жылдықтың екінші кезеңі басталатындығын тілге тиек етті. Келесі ширек ғасырда ел болашағының баянды болуы үшін бүгінгідей береке-бірлігімізді сақтай отырып, дамудың даңғыл жолына түсуге белсенді атсалысу әрбір азаматымыз үшін парыз болып табылатынын айрықша атады.

Ақбота ИСЛӘМБЕК




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *