Ерлан ҚАРИН, Қазақстанның Стратегиялық зерттеулер институтының директоры:Әлемдік саясатта үлкен жаңалықтар болмақ

– Сіздің ойыңызша, әлемдегі геосаяси жағдай 2017 жылы қалай дамиды?
– 2017 жыл әлемдік саясатқа үлкен жаңалықтар әкелетіні сөзсіз. Өйткені өткен жылы әлемде түрлі конфликтілер мен елеулі оқиғалар орын алды. Кейбір мәселелер шешімін таппады. Қазір әлемдік белгілі сараптау орталықтары өз болжамдары мен шолуларын жасады. «Eurasia group» зерттеу орталығы әлемдік саясаттағы 10 негізгі қауіп-қатерді жария­ласа, «Financial Times», «Economiс», «The Diplomat» деген атақты басылымдар да болжамдарымен бөлісті. Бұл орталықтар жылдағы дәстүр бойынша негізінен экономикалық жағдайға баға беріп қана геосаяси жағдайды сөз ететін. Биылғы жылдың ерекшелігі, ғаламдық экономикада үлкен қауіп-қатерлер жоқ. Керісінше оң өзгерістер орын алмақ. Соның ішінде Орталық Азия экономикасында да қолайлы жағдайлар орын алады деген болжам бар.
Биылғы саяси болжамдардың тағы бір ерекшелігі, саяси оқиғаларда нақтылық жоқ. Яғни кездейсоқ іс-әрекеттер мен оқиғалар болу ықтималдылығы жоғары. Сарапшылардың негізгі ұстанып отырған пікірі әлемдік геосаясатта тұрақсыздықтың орын алуына, негізгі ойыншылар арасында тұрақсыз қарым-қатынас пен нақты стратегияның жоқтығын меңзейді. Бұл жерде АҚШ-тың әсері де бар. Себебі, Американың жаңа басшысы Дональд Трамптың нақты саяси бағыты әлі анықталмаған, негізгі саяси ұстанымы да нақтыланбаған. Міне, сондықтан конфликтілерде кездейсоқ шешімдер қабылдау ықтималдығы жоғары болып отыр. Бұл саясаттағы басқа да ойыншыларға әсер етуі бек мүмкін. Мысалы, Еуропалық одақ пен АҚШ арасында қарама-қайшылықтар болса да, бір бағытта жүруге тырысатын. Олардың Украина, Ресей сая­сатына берген бағалары әртүрлі болғанымен де, шешімдерді келісе отырып қабылдайтын. Бірақ сарапшылардың айтуынша, Трамп билікке келген соң АҚШ пен Еуропалық Одақ арасындағы қарама-қайшылықтардың одан бетер тереңдеу қаупі бар. Бұл өз кезегінде Еуропалық Одақтың ішіндегі бірлік пен ынтымақтастықтың әлсіреуіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Мәселен, көрші ­Ресей мемлекеті үшін биыл президенттік сайлау алдындағы маңызды, дайындық жылы. Президенттік сайлау алдында Ресейдің стратегиясында ішкі де, сыртқы да факторлар әсері бірдей болады. Сондықтан болжам жасау қиын. Ал Қытайда 2017 жылдың екінші жартысында кезекті съезд өтеді. Бұл съезде Қытайдың қазіргі төрағасы Си Цзин Пинь алғашқы бесжылдығына баға беріліп, келесі бесжылдыққа өкілеттілігі ұзартылады деп күтілуде. Сондықтан Қытайдың сыртқы саясаты да ішкі жағдайға байланысты. Биыл геосаясат пен ішкі саясат қатар келіп отырған жыл. Сондықтан кездейсоқтық үлесі жоғары болады.
– Әлемдегі саяси оқиғалардың Қазақ­станға әсері қандай болмақ?
– Бұл әлемдегі алып мемлекеттердің саясаты әлбетте Қазақстанға әсер етеді. Қазір жаһандану үрдісі жылдан-жылға жаңа ауқымға ие болуда. Әлемдік геосаясат тарылып бара жатыр. Әлемдік саяси үрдістерден бір мемлекеттің оқшау қалуы мүмкін емес. Тікелей болмаса да, жанама әсері болары сөзсіз. Биыл Түркия президенті Ердоған үшін шешуші жыл. Ол бұрыннан мақсат қойған жоспарларын іске асыруы керек. Ол үшін ол түрік қоғамы алдында мобилизация жасауы қажет. Сондықтан Түркия Сирия не болмаса басқа да дағдарыстарға араласып кету ықтималдығы жоғары. Сарапшылардың болжамдарына сүйенсек, Түркия әлемде негізгі шешуші ойыншыларға айналуы мүмкін.
Ал Қазақстан барлық геосаяси күштермен тең қарым-қатынас ор­натуға мүдделі болады. Биылғы жылы Қазақстанның сыртқы саяси жағдайдағы белсенділігі арта түседі. Мәселен, биыл Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті сынды үлкен халықаралық кездесулер өтеді. Осы жерден айта кететін бір жайт бар. Шетелдік сарапшылар биыл саяси шолуларына Қазақстанды енгізді. Әлемдік саясатта аласапыран жағдайында тұрақтылыққа жол іздейтін мемлекеттердің рөлі арта түседі. Америкалық «El Monitor» басылымы Қазақстанның тұрақтылық саясатының маңыздылығы артып отырғанын жазды. Биыл Қазақстан БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің Тұрақты емес мүшесі болды. Бұл үлкен жауапкершілік. Бұған қоса жаңа мүмкіндіктер береді. Яғни Орталық Азияның мүддесін алаңға шығарып, жеткізуге жол ашады. Атап айтсақ, Ядролық қауіпсіздік мәселесі көкей­кестілігін жоғалтпай отыр. Көпшілік мұның маңызын ұғына бер­мейді. Біз екі ядролық мемлекеттің ор­тасында орналасқанбыз. Ядролық жарылыстарға тыйым салу бойынша келісімге 1996 жылы қол қойылғанымен, үлкен 6 мемлекет қол қоймай отыр. Егер кез келген уақытта әлемдік саясатта тұрақсыздық күшейетін болса, бұл мемлекеттер қайтадан ядролық қаруға шешуші фактор ретінде жүгінуі мүмкін. Ядролық сынақтар қайта бас­талуы да мүмкін. Сондықтан бұлар аумақтық қауіпсіздікке сай келетін негізгі мәселелеріміз. Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретінде аумақтың өзекті мәселелерін халықаралық деңгейге көтеріп отыратын мүмкіндікке ие болады.
Экономикада осы уақытқа дейін теріс факторлар болса, биыл жағымды жайттар орын алмақ. Әрине, бұл ғаламдық не аумақтық экономиканың өсуіне әкеліп соқтырмайды. Бірақ жағымсыз факторлар ықпалын әлсіретеді.
– Орта Азиядағы, соның ішінде Қазақ­станның демографиялық ахуалына қандай баға бересіз?
– Биыл Орталық Азияда демография­лық дамуда бетбұрыс жылы болмақ. 1991 жылы Орталық Азияда 50 миллион адам тұратын болса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 70 миллионға жетіп отыр. Бұл меніңше, өте жақсы жаңалық. Сарапшы ретінде осыған дейін де Орта Азия аймағының ішкі әлеуетін пайдалану керектігін айтқанмын. 2000 жылдардың басында Орталық Азия нарығын дамытамыз дегенге қарсы уәждер айтылуы мүмкін еді. Орталық Азия республикалары егер де өзара қарама-қайшылықтарды шеше алатын болса, аймақтық кооперацияны дамытуға негіз жасалса, интеграция артса нарыққа жаңа мүмкіндіктер ашылады. Себебі, Орта Азияда қазір туу саны артып, өлім-жітім азаюда. Осының барлығы Орта Азия елдерінің жылына 3,5 пайызға өсуіне дем беріп отыр.

Ақбота Исләмбек




3 пікір “Ерлан ҚАРИН, Қазақстанның Стратегиялық зерттеулер институтының директоры:Әлемдік саясатта үлкен жаңалықтар болмақ

  1. Рүстем

    Елбасы саясаты қандай геосаяси жағдай болмасын, әр елмен ынтымақ орнатуға бағытталғандықтан үлкен қолдауға әрі мәртебеге ие.

  2. Лашын

    Әрине, демографиялық ахуал жақсарып қалды деп нық сеніммен ауыз толтырып айтуға болады. Қарадомалақтар саны артып келеді. Аналарға қолдау артса, демография да жақсарады.

  3. Қанипа

    Әлемдегі жағдайлар ел экономикасына теріс әсер етпесе екен. Дағдарыстан шыққымыз келеді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *