BAiterek

«Бәйтерек» холдингіне жаңа басқарушы директор тағайындалды

Вячеслав Сон «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның басқарушы директоры болып тағайындалды, деп хабарлайды холдингтің баспасөз қызметі.

Оның құзыретіне құқықтық қамтамасыз ету мәселелері кіреді.

Вячеслав Сонның заң саласындағы 12 жылдық басқарушылық жұмыс өтілі бар. Еңбек қызметін ол 2002 жылы «Қазақстан Даму банкі» АҚ тобында бағалы қағаздармен жұмысты құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің заңгері лауазымынан бастап, Заң департаментінің директорына дейін көтерілген. Одан кейін «Тау-кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы» АҚ басқарушы директоры, ҚР Қорғаныс министрлігінің «Қазарнаулыэкспорт» РМК бас директорының орынбасары қызметтерін атқарған. 2013 жылдан бастап «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Аудит және бақылау департаментінің директоры лауазымын атқаруда.

Вячеслав Сон Қазақ Гуманитарлық Заң Университетін (құқықтану), Заманауи Гуманитарлық Университетін (лингвистика), сондай-ақ Халықаралық бизнес университетін (МВА, қаржы және кредит) аяқтаған.  Еске сала кетсек, 2016 жылдың қарашасында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы «Бәйтерек Development» АҚ басшыларының парамен ұсталғанын, артынша тұтқындалғанын мәлімдеген болатын.

Астана қаласы Алматы аудандық №2 сотының санкциясымен «Бәйтерек Development» АҚ басқарма төрағасының орынбасары А.Жақыповқа, мемлекеттік-жеке әріптестік дирекциясы департаментінің басшысы Б.Айтымбетовке, бұрынғы және қазіргі басқарушы директорлар Г.Анарбайға, Г.Сәриевке, «Project City Group» ЖШС басшылары мен құрылтайшылары К.Смағұловқа, Б.Есмұхановқа, Е.Жұманазарға және А.Комароваға «тұтқындау» бұлтартпау шарасы тағайындалды.

ҚазАқпарат  агенттігі




Пікір қалдыру