b21182633aaa8c7d418f1a6a8323ffc4_resize_w_520_h_

Астананың жаңа вокзалы мамыр айында пайдалануға беріледі

Елорданың жаңа теміржол вокзалы 2017 жылдың мамыр айында пайдалануға беріледі. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминнің төрағалығымен өткен көшпелі кеңесте айтылды. Кеңес Астана қаласының жаңа теміржол вокзалының құрылысы және Астана станциясының теміржол торабын дамыту мәселелеріне арналған болатын, деп хабарлайды primeminister.kz.

 Аталған жобаларды іске асыру барысы жайлы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшысы Қ.Алпысбаев баяндады. Ол қазіргі таңда Астананың вокзал кешенінің және теміржол торабының әзірлігі 80%-ды құрайтынын мәлімдеді.

Қазіргі уақытта бетон, шатыр жұмыстары, ғимараттың металл қаңқасын құру, ғимараттың жылыту бөлігінің қасбеттерін қаптау аяқталды, орталықтан жылыту іске қосылды.

Кірме теміржол эстакадасында металл аралық құрылыстарын құру аяқталды, шуылдан қорғау экранының тірек бөліктері мен металл құрылыстарын монтаждау соңына таяп қалды, жолдың жоғарғы құрылысы салынып жатыр.

Вокзалдың карниздерін қаптау жұмыстары, вокзалдың жылытылмайтын бөлігінің қасбеттерін әрлеу, ауа алмастыру жүйесін монтаждау, сыртқы электрмен қамту жұмыстары 90% аяқталды.

Вокзал ғимаратының ішіндегі әрлеу жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр.

2017 жылдың 1 мамырына қарай вокзал ғимаратындағы лифтер мен эскалаторларды монтаждау, іске қосу және жөндеу, төңіректі абаттандыру және көгалдандыру, сонымен қатар әрлеу жұмыстарын аяқтау жоспарланған.

Елорданың жаңа теміржол вокзалы аумағындағы инженерлік коммуникациялар мен жол құрылысы жұмыстарының барысы туралы Астана қаласы әкімінің орынбасары Қ. Айтмұхаметов есеп берді.

Сондай-ақ, мердігер ұйымдардың басшыларының құрылыс-монтаждау жұмыстарын атқару, жаңа теміржол вокзалын пайдалануға беру қызметінің жұмыстары туралы есептері тыңдалды.

Аталған нысан құрылысында шамамен 1 150 адам жұмыс істейді. Астананың жаңа теміржол вокзалының өткізу қабілеті – тәулігіне 35 мың жолаушы.

Көшпелі кеңес қорытындысы бойынша ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары А.Мамин вокзал кешені мен Астана станциясының теміржол торабы құрылысын аяқтауға байланысты бірқатар нақты тапсырма берді. Ол аталған нысандардың халықаралық «ЭКСПО» көрмесі қарсаңында сапалы әрі уақытылы тапсырылуының маңыздылығын айтып өтті.




Пікір қалдыру