Технологияны тегіс іске асырсақ, олқылық орын алмайды

342

Серік Кененбаев,
Қазақ егіншілік және өсімдік
шаруашылығы ҒЗИ Бас директоры,
ауыл шаруашылығы ғылымының докторы,
профессор,
ҚР АШҒА және МАҒА академигі

Еліміздің азық-түлік бағдарламасының алтын қазығы болып отырған ауыл шаруашылығы салаларының көтерер жүгінің барған сайын көлемі ұлғайып, атқарар міндетінің салмағы мен жауапкершілігі арта түсуде. Егін шаруашылығындағы органикалық егіншілік мәдениетін заманауи талаптарға сай дамыту алдымыздағы айқын талаптардың бірі болып тұр. Оны технологиялық талаптар бойынша орындай білсек,ғылыми тұрғыдан ізденіс пен зерттеуді тереңдете түссек олқылық атаулыдан да арыламыз. Сондықтан да осыған орай органикалық егіншіліктің бүгіні мен ертеңі жайлы ой толғап, өзіндік ұсыныстарым мен ой-пікірімді ортаға ортаға салуды жөн көрдім.

Неизвестный объект

Атап айтқанда, егіншілік өнімін өз мәнінде өндіруді молайту нәтижесінде әлемдік қа­уымдастық азық-түлік мәселесіне қатысты проблемаларды шешуде үлкен табыстарға жетіп келеді. Дей тұрғанмен, аса жоғары маңызы бар осы бағыттағы жетістіктермен қатар, түбегейлі шешімін таба алмай отырған проблемаларды да туындатып отырғанын жасыра алмаймыз. Соның ішінде экологиялық сипаттағы мәселелер алдыңғы қатарда тұр. Әлемнің көптеген аймақтары егіншілікті серпінді әрі қарқынды қарыммен жүргізгенімен, жаһандық деңгейдегі экологиялық дағдарыста тұрған аймақтар қатарына енді. Америкалық эколог Барри Коммонсом «Бәрі де өзіміздің үйлестіре білуімізге байланысты» деген түйінді тұжырымдаманы дұрыс айтқан. Біздің планетамыз қандай үлкен болып көрінгенмен, онда болып жатқан процесстердің барлығы өзара байланыста. Мәселен, Еуропа мен Солтүстік Америка елдерінде қолданылатын пестицидтер (ДДТ) Антарктиданы мекендейтін пингвиндердің бауырынан табылған. Ал, Чернобыль АЭС радионуклидтері Украина, Белоруссия мен Ресейдің ғана емес, сонымен қатар ФРГ, Швеция, Норвегия және басқа да батыс еуропалық елдерде тұратын әйелдердің сүтінің құрамынан табылғаны таңдандырмай қоймайды.
Соңғы кездері адамзаттың қисынсыз әрекет­терінің салдарынан жерлердің шөлейт­тену үрдісі үдей түсті. Адамзаттың даму тарихы кезінде өнімді болған жерлердің 1 миллиардтан астамы шөлейтке айналып кетті. Табиғатты үнемді пайдаланбаудың, ауаны, су мен топырақты химиялық ластаудан, сонымен қатар бүлдіргіш табиғи процесстердің салдарынан әлемде жыл сайын 6 миллион гектар жер шаруашылық айналымынан шығып қалуда. Тағы 20 миллион гектар жер ауылшаруашылық мақсатта пайдалануға жарамсыз жағдайда жатыр. Мұның өзі топырақ құнарлылығын қалпына келтіру үшін экономикалық тұрғыдан көл-көсір қаражатты талап етеді. Осы қауіпті жаһандық экологиялық күйзелісті топырақтың азуы мен тозуынан ғана емес, сондай-ақ экологиялық тұрақсызданудан, тіпті, табиғи көріністердің бүлінуінен де анық байқауға болады.

Өзінің шаруашылық қызметі про­цес­інде, ауылшаруашылық дақыл­дарының өнімділігін арттыру мақ­сатында көптеген агро амалдар пайдаланылады. Соның ішінде минералдық тыңайтқыштардың бастапқы мөлшерін, аурулардан, зиянкестер мен арамшөптерден қорғаудың химиялық заттарын енгізу. Жыл сайын әлемде миллионнан астам пестицид өндіріледі. Минералдық тыңайтқытармен бірге пестицидтерді әлемдік деңгейде өндіру үнемі өсіп келеді. Пестицидтер, ыстағыштар және тағы басқалары негізінен топырақта ыдырамайды әрі топырақта ландшафт өсімдікке көп ретте кері әсер етумен болады. 2014 жылы жер бетінде 170 миллион тонна минералдық тыңайтқыштардың әрекет етуші заттары шығарылды.
Әрине, химиялық заттарды енгізу ауыл­шар­уашылық дақылдарының өнімділігін арттыруға айтарлықтай ықпал етеді. Алайда, химиялық тұрғыдан тосқауыл қоюмен қатар, топырақ құнарлылығының негізін, оның гуминді заттарын бұзады. Дәл химиялық амалдарды қолдану нәтижесінде топырақтың қайта құрылымы жүзеге асады. 17-22 пайызға өсімдіктермен өңделетін, жеңіл еритін минералдық тыңайтқыштар желге қағылады және топырақтан шайылып шығарылады. Ал, тез ерімейтін тыңайтқыштар топырақта жинала береді, өсімдіктерге жайсыз сыртқы пішінге айналады. Қорек элементтерінің жетіспеушілік тапшылығын тудырады. Сөйтіп, топырақты жай­сыз пішіндегі қорек заттарымен молайтады.
Мәселен, 1 тонна фосфор тыңайтқышынан топыраққа 150 келе фтор (өткір иісті, ашық түсті газ), 1 тонна калий тыңайтқыштарынан – 600 келе хлор түседі. Күшәла, қорғасын, кадмий, стронций сияқты минералдық тыңайтқыштар қоспасы мен басқа да элементтер қауіп төндіреді. Бұл құбылысты топырақ қасиетінің өзгеруі ретінде ғана емес, экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы ретінде қарастыру керек. Оның тезарада қайта қалпына келуі қиын. Нәтижесінде, топырақ өлі болып, өсімдіктердің өсу мен даму қажеттілігін өтей алмайды. Топырақ құрылымының бұзылуының әсерінен оның үстіңгі қабатын тозаңдық құрылымға әкеліп соқтырады.
Ісік ауруларын зерттеу жөніндегі халықара­лық агенттіктің мәліметтеріне сәйкес, адамдарда пайда болатын ісіктердің 85 пайызын қоршаған ортаның негативті факторларымен байланыстыруға болады. Олардың арасында пестицидтердің тыңайтқыштардан туындаған немесе құрамдастырылған әсері орын алады. Планетамыздағы халық саны ұдайы өсуде, сонымен бірге азық-түлікке деген қажеттілік те үнемі ұлғаюда. Тұқымдық инженерия әдісімен ауылшаруашылық дақылдарының жаңа, жоғары өнімді сорттары мен жануарлардың тұқымы шығарылып, кеңінен қолданылуда. Бүгінгі таңда гендік модификацияланған ағзаны тамаққа жүйелі түрде пайдалану адамға биологиялық жаңа белгінің пайда болуына алып келетіндігін кішкентай балаға дейін біледі. Сондықтан да, заманауи агроландшафтарда экологиялық жағдайларды жақсарту мәселелері, топырақ құнарлылығын сақтау мен жаңғырту, дақылдардың өнімділігін арттыру мен ауыспалы егістіктердің алуан түрлілігімен экологиялық қауіпсіз агроэко жүйелерді жасаумен өсімдік шаруашылығын жүргізу қазіргі таңда өте өзекті болып отыр. Қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық таза өнім алу мақсатында жалпы егіншіліктің органикалық жүйесін жүргізу, эко­логиялық тұрақты және қауіпсіз технологиялар мен амалдарды жасау қажеттігі туындауда.
Органикалық ауыл шаруашылығын зерттеу институты (FiBL) және Халықаралық органикалық ауыл шаруашылығы қозғалысы федерациясының (IFOAM) мәліметтері бойынша әлемде органикалық егіншілікке пайдаланылатын жерлердің көлемі ұдайы артуда. Соңғы 16 жылда олардың көлемі 4 есеге ұлғайды және 2016 жылы 48,7 миллион гектар алқапты құрады. Органикалық өндіріс туралы статистикалық мәлімет 172 елден келіп түседі. Әлемде барлығы 2,3 миллион органикалық өндірушілер сертификатталған, олардың ¾ бөлігі дамушы елдерде орналасқан. Яғни, әлемдік ауылшаруашылық жерлерінің 1 пайызы көлемінде. Жалпы, органикалық ауыл шаруашылығына үлкен жер көлемі бөлінген. Соның ішінде: Австралияда – 17,3 млн.га, Латын Америкасында – 6,6 млн.га, Еуропада – 11,5 млн.га, Азияда – 3,4 млн.га, Африкада – 1,2 млн.га. Еуропалық елдердің ауылшаруашылық жерлерінің құрамында 43 пайызы егістік жерлер, 41 пайызы жайылымдық, 12 пайызы көпжылдық екпе алқаптары.
Органикалық өнімнің негізгі мөлшері әлемнің жоғары дамыған индустриалды елдерінде сатылады. Жалпы тұтыну жағынан шамамен 78 пайызы Батыс Еуропа мен Солтүстік Америка елдеріне тиесілі. Нарықты талдау жөніндегі халықаралық эксперт Эндрю Уорктың және халықаралық сараптамашы Мажид Бенжилонның пікірі бойынша, жуық арадағы 10 жыл көлемінде нарықта геномдық түрленген бидайдың үлкен партиялары болады. Қазақстанға да экологиялық таза ауылшаруашылық өнімдерін шығарып, сатудың тиімділігі көп. Осы бағытта берік мақсаткерлікті ұстанып, әлемдік нарықта нық орынға ие болуға ұмтылуымыз керек.
Қазақстан Республикасында кезінде эко­но­микалық байланыстардың үзілуі, шаруа­­шылық жүргізу формасының ауысуы, мине­ралдық тыңайтқыштардың қымбаттауы сал­дарынан 1990 жылдан бастап республикада 672,1 мың тонна минералды тыңайтқыш өндірілген. Өндіріс көлемінің де, танаптарды пайдаланудың да ауқымы күрт төмендегені байқалады. Бұл үрдіс бүгінгі күнге дейін сақталып келеді. 2015 жылы Қазақстанда минералдық тыңайтқыштарды пайдалану гектарына 5 келе әсер етуші зат шамасына ғана жетті. Ал, бұл көрсеткіш дамыған елдерде 300-400 келеден құралды. Елбасы Н.Назарбаев өзінің халыққа арнаған жолдауларында біздің республикамызда ауыл шаруашылығын жүр­ізудің басым бағыты болып табылатын, органикалық егіншілік екенін үнемі айтып жүр. Бұл сала әлем бойынша қарқынды түрде дамып келеді.
«Жасыл экономиканы» қалыптастыру Қа­зақ­стан дамуының стратегиялық векторы не­гізінде Президентіміз былай деген: «Біздің елімізде жерлердің 90 пайызы химикаттармен ластанбаған. Сондықтан да, бүкіл әлем бойынша үлкен сұранысқа ие болатын таза органикалық ауылшаруашылық өнімдерін өсіруге мүмкіндік бар. Азық-түлікке деген сұраныс 2050 жылы 40 пайызға артады және «Жасыл экономика» индусти­алды революцияның негізі болады». Осы тұрғыдан бірқатар міндеттер де алдымызға қойылды: егіншілік мәдениетін өзгерту, мал шаруашылығын жандандыру, ет, сүт және өсімдік шаруашылығы өнімдерінің ірі экспорттаушысы болу. Қабылданған шаралардың нәтижесі ретінде 2050 жылға дейін ауыл шаруашылығы өнімі еліміздің ВВП үлесінде 5 есеге артуы тиіс.
Қазіргі кезде елімізде органикалық өнім­дерді өндірудің статистикалық хабарламасы жүргізілмейді. Бұл бағыт Қазақстанда енді дамып келе жатыр. Дегенмен, зерттеулер барысында анықталғандай, жалпы көлемі 300 мың гектар алқапта өсімдік шаруашылығының органикалық өнімдерінің экспорты жүзеге асырылады. Бидай, рапс, майбұршақ, зы­ғыр және тағы басқа өнімдерден. ҚР ҰҒА академигі, экономика ғылымдарының докторы В.В.Григоруктың мәліметтері бойынша, Қазақстан Республикасында эко өнімдерді шығаруға жарамды егістіктердің көлемі келешекте 13 млн. гектардан астам жерді алуы мүмкін. Жағдайды түзеу және шикізат пен азық-түлік өндірісінің көлемін арттыру мақ­сатында келесі міндеттер шешілуде:
– Өсімдік шаруашылығы саласында: кеңі­нен әртараптандыру, ауылшаруашылық өнім­дері өндірісінің көлемін арттыру, топы­рақ құ­нар­лылығын арттырудың негізгі жағ­дай­ларын жақсарту, суармалы жерлердің өнім­ділігін арттыру және экологиялық таза өнім алу, ауылшаруашылық айналымына қазір қол­да­нылмайтын және қордағы 6,8 млн.гектар жерлерді тарту, бұрын пайдаланылған 60 мың гаектар суармалы жерлерді қалпына келтіру;
– Мал шаруашылығы саласында: еттің экс­порттық әлеуетін арттыру, отарлы мал шаруа­шылығын өркендету, жемшөп өндірісін дамыту, азып кеткен жайылымдық жерлерді қалпына келтіру. Пайдаланылып жатқан 63 млн.гектар жайылымдық жерлерден 20 млн.гектар жерлерді суландыру жоспарланып отыр.
– Қайта өңдеу саласында: сапаның халық­аралық стандарттарына көшу, өндірісті техни­калық және технологиялық жағынан қайта жа­рақ­тандыру және т.б.
Осыған байланысты 2015 жылдың соңында «Органикалық өнімді өндіру» туралы заң қабыл­данды. Ол экологиялық таза өндірісті дамыту үшін мүмкіндіктер ашты. Осы заңды қабылдай отырып Қазақстан органикалық өндірісті қол­дайтындығын көрсетті және оны өндірілетін өнімнің тазалығына кепіл беруге қабілетті мемлекет ретінде әлемдік нарықта орнықты.
Қазақ егіншілік және өсімдік шаруа­шылығы ҒЗИ-да 1996 жылдан бастап егіншілікті биологизациялау бағытында ке­зінде ауылшаруашылық дақылдарын өсіруді зерттеу бойынша кешендік сынақты зерттеулер жүргізілді. Ол ең алдымен, топырақ құнарлылығына орай өндірісті қарқындату ықпалының кері әсерін төмендетуді, сонымен қатар заманауи жер пайдалану жағдайларында кеңінен пайдалану мүмкіндігі мен оңтайлы жүзеге асыруды қамтамасыз ету. Институт ғалымдары сидералды дақылдарды, өсімдік қалдықтарын және биологизация амалдарын (биогумус, көң, сабан және т.б.) қолдану негізінде егіншіліктің органикалық жүйесін, Қазақстанның Оңтүстік шығысындағы суармалы және тәлімі топырақ жағдайларында егіншіліктің органикалық жүйесінде топы­рақтың құнарлылығын реттеудің ғылыми негіздерін әзірледі.
Экологиялық таза өнім алу және то­пырақ құнарлылығын жаңғыртуды қамтамасыз ете­тін, егіншіліктің биологиялық жүйесінде әле­уеті мүмкін өнім­дерді алу агрокешенінің алго­ритмдері мен тех­нологиялық моделі, ғылыми ауыспалы егіс­тіктер даярланды. Институт зерт­теулерінің нәтижелері ауыспалы егістікте да­қылдарды алмастыру мен рационалды құрамы есебінен топырақтың құнарлылығының нашарлауын, онда гумустың төмендеуінің алдын алып қана қоймай, сонымен бірге айналымнан айналымға дейін танаптық дақылдардың өнімділігін арттыруға болатындығын көрсетті. 1993 жылдан бастап минералдық тыңайтқыштар қолданылмаған суармалы егіншілік стационарында осы жүйені зерттеушілер жыл сайын гектарынан 60 центнерден астам күздік бидай, 40 центнерден майбұршақ, 70 центнерден дәндік жүгері, 400-450 центнерден қант қызылшасының тәтті тамыр жемісін алуда.
Қазақстанның жыртылатын жерлерінің қо­рын 80 пайыздан астам тәлімі жерлер құрайды. Қазақстанның Оңтүстік шығысында тәлімі жерлер сұр топырақ және ашық-сұр топырақтардан тұрады. Олар төмен табиғи құнарлылығымен сипатталады: ашық сұр топырақтардағы гумус құрамы шамамен 0,6-1,2 пайызды құрайды. Кәдімгі сұр топырақта – 1,5-1,8 пайыз, ал ашық қоңыр топырақтарда 1,9-2,4 пайыз шамасында болады. Институт ғалымдарымен алғаш рет топырақтың минималдық және нөлдік өңдеу амалдары зерттелді. Онда сидералды дақылдардың биологиялық массасы жыртылатын қабатқа салынып, олар өздерінің қасиеттерімен топырақ құнарлылығына оң әсер етті. Сидераттар ретінде бұршақ дақылдары мен астық – бұршақ қоспалары (12 түрі) пайдаланылды. Олар өздерінің қасиеттерімен топырақ құнарлылығына оң әсер етті.
Келесі көрсеткіштер бойынша топы­рақтың құнарлылығын арттыру мен оның экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ететін, топырақ құнарлылығының негізгі элеиенттерін тиімді реттеу амалдары мен тәсілдері дайындалды. Жалпы гумус құрамы 0,06-0,12 пайыз, лабильді гумус – 420-970 мг/кг, жеңіл гидролизделетін азот – 12-20 мг/кг, жылжымалы фосфор – 6-14 мг/кг, ауыспалы калий – 45-105 мг/кг, агрономиялық құнды агрегаттар – 6-13 пайыз, суға тұрақты агрегаттар – 6-12 пайыз, су өткізбеушілік- 0,2-0,4 мм/мин бірінші сағатта, тығыздықтың төмендеуі – 0,03-0,08 г/см3, топырақтың ылғалмен қамтамасыз етілуінің артуы – 25-35 пайыз және дәнді дақылдарыдың өнімділігі гектарына– 3-5 центнерден.
Үш жылдық дақылдардың егістіктерінде пайда болған бұршақ шөптері мен шөп қос­паларының оң ықпалы байқалды. Осылайша, алынған мәліметтер негізінде, ауыспалы егістіктердегі биологизациялау амалдары эко­номикалық және экологиялық тұрғыдан өзін-өзі ақтады. Бірақ, біздің республикамызда орга­никалық өндірісті кеңінен дамыту үшін мыналарды әзірлеу және бекіту қажет:
– Органикалық өнім мен шикізат өнді­рі­сінің техникалық регламенттері;
– Органикалық өнімді өндіру, тасымалдау, сақтау, сату субъектілерінің жұмысын мемле­кеттің бақылау акредитациясының, сертифи­ка­циясының ұлттық жүйесі;
– Органикалық өнімді маркерлеудің талаптары мен тәртібі;
– Органикалық өнімді өндіру үшін топырақ жарамдылығын бағалау тәртібі, сонымен қатар:
– Әлеуетті экспорттық нарыққа марке­тинг­тік зерттеу жүргізу;
– Азаматтық қоғам ұйымының жұмысын бел­сенділендіру;
– Білікті кадрларды дайындауды ұйым­дас­тыру;
– Органикалық өнім мен шикізат өндірісі саласындағы ғылыми зерттеулерді тереңдету және т.б.

Міне, осы бір маңыздылығы жоғары мәсе­лелер өмірдің өзінен туындап отырған қа­жет­тіліктер. Осыларды іс жүзінде өндіріс ауқымында пайдаланатын болсақ, көп уақыт өткізбей-ақ қол жеткізе алатынымыз анық. Бұған тек ауадай ынта мен ықылас қажет. Сонда ғана таза органикалық егіншіліктің атап айтуға тұрарлық биік деңгейінен көрінетін боламыз. Бұл бүгінгі осы сала мамандарының мазасын алып жүрген мақсатты мұраттары екенін біз жақсы білеміз.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *