Қазақтың ақыны Т. Айбергенов биыл – 80 жаста!

811

Мына өмірге сәби боп келіп сол жаны таза қалпымен поэзия атты  айдынның тұнығында ғана емін-еркін жүзіп, келе жатып жұлдыздай ағып түскен қазақ әдебиетінің қайталанбас дара тұлғасы ақын Төлеген Айбергенов  биылғы жылдың  көктемінде 80  жасқа толғалы отыр.  30 жыл өмірінде талай ғасырға жүк болар мол мұра қалдырған ақындар қазақ тұрмақ күллі  адамзат баласының  талай жылғы тарихында көп бола қоймаған тәңірдің бір тартуы  екенін ұғынғанымыз жөн болар.  Осы тұста исі қазақтың маңдайына жарқырай бітіп,  таңдайына шынайы поэзияның шырынынан дәм татқызған  қазақтың ақыны  —  Төлеген Айбергенов Алла қаласа,  қашанда өз биігінде бола бермек. 

Ақынның  шығармашылығын насихаттауға арналған  «Айбергенов әлемі» байқауы жыл сайын ақпан  айының  аяғында өтіп жүрген болса осы бір жылы айтулы дата болғандықтан  қаңтар айының  21 жұлдызында  Алматы облысы Іле ауданы №36 орта мектептің үлкен залында  өткен болатын.  Бұл дәстүрлі жыр бәйгесінің  мақсаты жастар арасында ақын шығармашылығын кеңінен тарап,  болашағымыздың  рухани сусынына айналдыра алу болса,  байқаудың қозғаушы күші  — Т. Айбергенов шығармашылығын сүйіп өскен өскелең ұрпақ пен  оларға бағыт-бағдар нұсқаған аға буын өкілдері.  Ал биылғы жылғы 4 рет ұйымдастырылып отырған  байқаудың демеушісі, қатысушылыраға сыйлық тағайындаған, ақын шығармашылығының жанашырлары —  Әл-фараби атындағы ҚазҰУ және сол оқу орнының  аға оқытушысы, журналистика факультетінің докторанты —  Нұрлыайым Тұрсынбайқызы  Данаева ханым!  Жаны жомарт тұлғаларымызға үлкен ризашылығымыз бен алғысымызды білдіреміз!01

 Жалпы байқауға арнайы іріктеу турынан өткен 16 үміткер, Сен менің өзімді көрсең… (үміткердің өзін-өзі таныстыруы), Қара өлеңнен қар боратам… (ақын өлеңдерін мәнерлеп оқу), Төлеген  мұрасы – жастар назарында (Ақын рухына ескерткіш ретінде  кесте, портрет сахналық қойылым, қолөнер заттары  т. б. жанр түрлерінде жасалған авторлық шығармаларын қорғау,   естеліктер айту.), Айбергеновтың әдеби-ақындық әлемі (ақынның өмірі мен шығармашылығына байланысты викториналық сұрақтарға жауап беру)  бөлімдері бойынша бақ сынап, сынға түскен еді.  Сын-сайыстың төрелігін айту мақсатында ақын шығармашылығы мен қазақ  әдебиетінің қыр-сырын жетік меңгерген әдебиет пен өнер саласының майталмандары шақырылды, атап айтар болсақ; Ақын, Қазақстан Жазушылар, журналисттер одағының мүшесі, Алматы облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі —  Мақпал Мыса, Әл-фараби  атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің аға оқытушысы, Журналистика факультетінің докторанты – Нұрлыайым Тұрсынбайқызы Данаева,  Абай атындағы ҚазҰПУ  оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, журналист, ақын атындағы Республикалық «Айбергенов әлемі» журналының бас редакторы, ақынның қызы   — Салтанат Төлегенқызы Айбергенова,  ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, академик, Т. Жүргенов атындағы ҚазҚӨА сахна тілі кафедрасының меңгерушісі  — Дариға Тұранқұлова ханымдарға төрелік тізгіні бұйырса, Бас қазының ауыр жүгін атқару – ақынның ерекше сағынышына бөленген ақын інісі, Қазақстанның Халық жазушысы, ақын, драматург, қоғам қайраткері – Мұхтар Шаханов ағамызға табыс  етілген болатын.  Сонымен бірге кеш қонағы ретінде ақынның қызы – Махаббат Айбергенова ханымда алыстан аттерлетіп келген болатын.

 300 адамға арналған, биыл пайдалануға берілген жаңа  мектептің жарқыраған акт залына жер-жерден жиналып,  арнайы Маңғыстау мен Ұзынғаштан, Алматы мен Тараздан жеткен жырсүйер қауымға,  ауылдың  көпшілік халқына қарап сайыс қызу аламан додаға айналар деген сеніміміз ә дегеннен ақ  растала  кеткендей,  аталмыш шараны ақынның 80 жылдығына арналған құттықтау сөзімен  ашқан білім ошағының басшысы, мектеп  директоры —  Исабек Қызайбекұлы өзі  сөзінде ақынның творчествосымен 80 жылдығына тоқтала келіп,  арнайы келген қонақтарға алғысын білдірді. Исабек ағамыздан кейін микрафон кезегі Мұхтар аға Шахановқа ұсынылып, көпшілік күткен бірнеше жауһар жырлар ақтарылып жатса, келесі бір кезекте сөз алған Салтанат Төлегенқызы ақын творчествосын жан-жақты жарнамалауға үлкенді-кішілі болсын үлес қосып жүрген жанашыр жандарға алғысын айтты. Қазақ Ұлттық Өнер академиясының  асқақ жалауын көтеріп келеген ұстазымыз Дариға Тұранқұлова ханым болса ақын өлеңдері жайлы сыр ашты.  Ал сайысқа қатысушы балалар өз-өзін таныстыру бөлімдерінде  қара өлеңнің кетігіне кірпіш болып қаланып келе жатқан, қауырсын қаламның құпиясына үңіліп қызығушылығы артып жүргендіктерін көрсетті, осы бір тұста Қазихан Өмірхан,  Бекзат Дәулет, Мұқағали Бақытжан  секілді жас дарындар  Төлеген жырының арнасында келе жатқанын көрсетсе Камила Каримбаева, Меруерт Өмірхан, секілді аруларымыз да жігіттер жағынан қалыса қоймай, намысқа тырысты.05

Ал ақын өлеңдерін жатқа айту сынынан  сүрінбей өтіп ерекше көзге түскен қатысушылар көшін Камила Каримбаева, Қазихан Өмірхан, Ғалымжанұлы   Мерейлер бастап жатты.  Таңғы шықтай мөлдір, бұлақтың суындай кәусар жырларға көпшілікті таңғыла білген қатысушымыз  Өмірхан Қазихан «Қызым менің» өлеңін орындағанда көзіне жас алған көрермендер де болғаны рас. Қаратау  өлеңін орындаған Камила атты қатысушы ақынның ұйқастан ұйқас туғыза алатын қаламгер екенін ашып айтып, орындаған өлеңімен дәлелдеп кетті.  Мұқағали орындаған Алматыға атты өлеңде өзінше түрлене түсті. Ақын рухына секерткіш қою  бөлімі қазылар алқасының ыстық ықыласына жыл сайын бөленіп жүрген дәстүр болса биыл да сол сүрлеуден адаса қойғанымыз жоқ, осы бір жер де тағы да көзге тұскен Қазихан Өмірхан ақынның  «Бір тойым бар» өлеңінен  шағын үзінді компазиция жасап келді, Қазиханның жасаған екінші бір ескерткіші қолөнер бұйымдарының көп ішінде көзтартары болғаны тағы бар. Бұ жерде осы бір бала екі бірдей дүние дайындағанын да айта кетпеске болмайды, ал Каримбаева Камила дайындаған  ақынның Марфуға әні де өте ұтымды шықты деуге әбден лайық, Бақытжан Мұқағалидың да картинасының сәтті шыққаны жөнінде ақпар шындық,  алдағы бөлім сұрақ – жауап айдары болса  алуан-алуан жүйріктер әліне  қарай шауып жатты солай болса да ақын творчествосы мен мұраларын саралай түсіп, зердеге ұялату қажеттілік екенін байқадық.

Ұзақ уақытқа созылған талас-тартыстан кейінгі жүлделер төмендегідей бөлінді: әуелі барлық қатысушы үміткерлерді ақын Мақпал Мыса арнайы дипломдармен марапаттаса, үшінші орынды  Нұрлыайым Тұрсынбайқызы – Бекзат Дәулетке,  Кеунімжай Абайға,  Мұратова Лилахандарға табыстаса, екнші орынды Өмірхан Қазихан мен Аманғали Нұрғалиев бөліске салды, бірінші орынды қамшы салдырып, құрық ілдірмей оза шапқан Каримбаева Камила жеңіп алса, Бас жүлде Бас қазы Мұхтар Шахановтың шешімімен Дулат Қалдыбекке бұйырды

 Кеш қортындысын шығара келе қазылар алқасының  Төрағасы Мұхтар Шаханов №36 орта мектепті ақын Төлеген Айбергеновтың 80 жылдығын алғаш бастап атап өткен қасиетті шаңырақ екенін, осындай тамаша естеліктерімен тарихта қалатынын айта келіп,  мектепке ақын – Төлеген Айбергеновтың атын беру туралы ұсыныс жасады, енді қалғаны уақыттың еншісіндегі дүние болар…

Жыл сайынғы дәстүрлі бұл шара осымен тоқтап қалмақ емес, 80 жылдық мерейтойы қарсаңында жер-жерде осындай кеш өтіп жатса  қолдарлықтай іс деп білейік, ардақты ағайын…

 

Нұрбек Жаңғабаев




One thought on “Қазақтың ақыны Т. Айбергенов биыл – 80 жаста!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *