Ер мен әйелге ортақ есімдер

 Бүгінде «адам есімінде оның тағ­дыры жасырылған» деген пікірді көбісі растағанымен, сәбиге есім таңдауға келгенде «құлаққа жағымды естіледі екен» деп ныспының мән-мағынасына назар аудармайды. Ал ұлтымызға жат адам аттарын естігенде кұлаққа түрпідей тиеді. Алайда, қазір сөз етейін деп отырғанымыз «ерекше есімдер» емес, ер мен әйелге бірдей қойылатын, яғни оларға ортақ ныспылар. Осы күнге дейін жазылған қазақ ономастикасының зерттеу еңбектерінде ер және әйел адамға ортақ антропонимдер тұтастай қаралып, шығу тарихы, қалыптасу кезеңі турасында арнайы түрде сөз болмаған.  Осы орайда жоғарыда айтылған тақырып төңірегінде қызықты ақпаратты ұсынбас бұрын, ер мен әйелге тән ныспыны өмірлік серігі  етіп жүрген тұлғаларды сөзге тарттық. Есімі қандай мақсатта қойылғанын, психологиялық тұрғыдан өміріне әсерін және атына байланысты болған қызықты оқиғаларды да сұрап білдік.

MerekeМереке Құлкенов —  жазушы, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері:

— Мен 1951 жылдың 7 қазан күні дүниеге келіппін. Сол таңда бүкіл ауыл аймақ Ұлы қазан революциясы мерекесін тойлап жатырса керек. Менің есімімді ауылдың белгілі деген ақсақалдары «бүгін бүкіл кеңес үкіметі үшін ұлы мереке. Мейрам әрмен қарай жалғасын тапсын. Ендеше Қабылдың немересінің аты Мереке болсын» деп ырымдап қойған. Кейін мен Мереке есімді қыздарды көргенде қатты таң қалғаным бар.

 

BAkyt BedelhanБақыт Беделхан — ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі:  

 — Біздің отбасымызда он екі бала. Ал мен үйдің кенжесімін. Қартайған шағында ұлды болған ата-анам сол кезде бақытты болды, әрине. Айналасына, жүрген ортасына тек бақыт сыйлап жүрсін деген мақсатпен менің атымды Бақыт деп қойды.

 

Bakyt shadaeva

Бақыт Шадаеваәнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

— Менің әкем айтатын «сен туылардың алдында бір күн бұрын жақсы түс көрдім. Бақытты болып жүр екем. Сосын мен дүниеге келген күні қыстың алғашқы қары жауған. Бүкіл ауыл, үй іші  жылдың алғашқы қарын көріп бақытқа кенелген. Осылайша мені әкем Бақыт деп қойды. Бірақ бала кезімде «Маған неге ұлдың атын қойдыңдар?» деп әкеме өкпелейтінмін. Өйткені мені барлығы келемеждейтін.

 Назым Алмасбекұлы – ұстаз:

— Бөгде адамдармен танысқан кезде «менің атым Назым болады» десем көбі сенбей. Тіпті «мазақ қылып тұрсың ба?!» деп ашу шақырады. Ал ұстаз болып жұмыс жасағаннан кейін, танымайтын оқушылар немесе ата-аналар мені іздегенде «Назым ағай, Назым Алмасбекұлы» деп емес, «Назым апай, Назым  Алмасбекқызы» деп атайды. Өзімнен де келіп сұрайды «Назым апайды көрдіңіз бе?» деп. Менмін десем мынаны жын қаққан ба? — дегендей маған қарап күледі. Ақыры соңында төлқұжатымды көрсетуге тура келеді.

Jenis Жеңіс Ысқақова – әнші, КР еңбек сіңірген қайраткері:

— Мен 9 мамыр күні дүниге келгенде әкем мен оның інісі Ұлы Жеңіс мерекесін үйде тойлап отырған. «Өмірге қыз келді…» дегенде үй іші қуанбаса да, әкем қатты қуаныпты. Қуанғаны соншалық «Бүгін жеңіс күні, қызымның есімі Жеңіс болады. Анасына солай хабарлаңдар…!» деген екен. Ол қыз бала ғой дегенше болмады. «Менің айтқаным болады, қызымның аты бүгіннен бастап Жеңіс» дейді. Бірақта мен әкеме өз өкпемді айтып, ер баланың есімін маған неге қойдыңдар дегенде: «Айналайын қызым сен кез келген ортада жеңіске жетіп жүресің. Мен оған сенімдімін…» деген еді. Иә, әкемнің ырымдап қойған есімі бүгінгі таңда  өміріме оң нәтиже бергендей. Қазір өз атымды мақтан тұтамын.

 ArdakАрдақ Назаров — Ережесіз жекпе-жектен әлем чемпионы:

— Менің есімімді кіші әкем яғни, әкемнің інісі Тұрлықожа деген кісі «өмірде бұл баланың арына дақ түспесін, еліне абыройлы болсын» деп атымды ырымдап қойған.  Алайда мен кішкентайымда өз есімімді айтуға қатты ұялатынмын. Өйткені бұл есім қыз балаға да қойыла береді ғой. Ал казір керісінше өз есімімді мақтан тұтамын. Еліме ардақталып жүрмін. Яғни есімімнің өміріме деген үлкен әсері болды.

 

KapashҚапаш Құлышова — дәстүрлі әнші, ҚР халық әртісі:

— Бүкіл ауыл анамды ұл туады деп күткен екен. Содан 9 мамыр күні таңның шапағында анам торсықтай ұл емес, аппақ қызды дүниеге алып келіпті. Ауылдың шежірелі қарттары үйге жиылып «жаны нәзік қыз ғой,  көрінгеннің көзі мен сөзі тимесін. Біз сәбиге жұмбақ есім қоямыз. Оның үстіне таң шапағында дүниге келіпті» деп менің есімімді Қапаш қойыпты. Бұл есімнің қандай жұмбағы бар десеңіз «Шапақ» сөзін артынан алдына қарай оқысаңыз түсінесіз.

        Жоғарыда аталған тұлғалардың есімдері ырым-тиымға және белгілі бір оқиғаға байланысты қойылған. Бір өкініштісі ер мен әйелге ортақ есімдер қоғамдық ортада түсініспеушілік туғызып жататынын байқадық. Мысалы  бүгінде қазақ сахнасында төрт бірдей Жеңіс бар: Жеңіс Сейдоллаұлы, Жеңіс Ысқақова, «Сазген сазы» ансамблінің әншісі Жеңіс Ержан және жас әнші Жеңісхан. Бірде Жеңіс Сейдоллаұлы халық алдына шығып енді ән орындай бастағанда, Жеңіс Ысқақованың фанограмасы қосылып кетіп, абыройлы әнші топан күлкінің астында қалған. Алайда логикалық түсінікке сүйенетін болсақ «Жеңіс» есімі тек ер адамға қойылады. Сол секілді ер мен әйелге ортақ есімдерді әиелік еткен әншілер Бейбіт Қорған мен Бейбіт Сейдуалиева және ақын, айтыс өнерінің жанашыры  Жүрсін Ерман мен ҚР картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының ғылыми қызметкері Жүрсін Әбдіғаппарқызын айта кетуге болады.

Ал енді ер мен әйелге ортақ ныспы қою үрдісі қай уақыттан бастау алатынын және де қалыптасу кезеңіне зер салып көрсек. Оның өзіне тән тарихы мен қалыптасу жолы бар. Қазіргі ер мен әйелге ортақ ныспылар ерте заманда-ақ қойылып, орта ғасырға тән және жаңа дәуірде жасалғандары да көп. Ол адамның өткен тұрмысын, қоғамдық-әлеуметтік құрылысын және материялдық әрі мәдени өмірдің қыр-сырында көрсете алады. Бастапқы кездегі жалпы кісі аттары тіліміздің байырғы төл сөздерінен қойылғандығы байқалады. Ал «сол кезде ер мен әйелге ортақ есімдер қойылды ма?» деген сұраққа келетін болсақ. Оларды екіге бөліп қарастыруға болады:

Біріншісі, қойылған есімдегі түбірдің, яғыни нақты мағыналық сипатқа ие болып тұрған бөлшегі ұл мен қызға ортақ болып, оған жалғанған «бек», «би», «бай», «жан», «гүл» тіркестері ғана жынысын ажыратады. Мысалы: Қызға «гүл», «жан» деген  тіркестер тіркелсе, ұлға «бек», «бай», «би». Мысалы: Алтынбек (ер) – Алтынгүл (әйел), Күміс (әйел) – Күмісбай (ер), Темір (ер) – Теміргүл (әйел), Айгүл (әйел) – Айбек (ер), Күнжан (әйел) – Күнбек (әйел). Салт-сананың сәбиге ат қоюдағы қалыптасқан дәстүрдің кейбір ерекшеліктеріне сай осы есімдерге хан, бай, би, бек, гүл, жан және т.б. секілді кейбір компоненттердің жалғануы, ұлттық болмыспен байланысты антропонимдер құрамының толығуындағы өзіндік ерекшеліктерді байқатса керек. Екіншіден, тұтастықтың тағы бір белгісі ретінде түркі тілдеріндегі және кірме сөздерден болған кісі аттараның өзара қарым-қатынасын атауға болады. Бұл хан, бай, би, бек, гүл, жан тіркестері көптеген түркі тілдеріндегі антропонимдік компоненттердің кірме сөздерден болған кісі аттарына жалғануы арқылы жасалуынан байқалады. Мысалы ұл мен қызға ортақ есімдерге байланысты: Хамзагүл – Хамзабек, Торымжан – Торым, Айжан, Аршабек – Аршагүл т.б. секілді екі компонентті кісі аттары кірме және байырғы түркі сөздерінің бірігуінен жасалып тұр. Сонымен қатар тек кірме сөздердің өзара бірігуінен жасалатын ортақ антропонимдер де бар. Мысалы: араб тілінен: Ырысжан, Нұрәлі – Нұргүл т.б.; парсы тілінен – Досжан, Ақынжан т.б. сынды есімдерді осы топқа жатқызамыз. Бұл антропонимдердің қазақ тіліне тән ерекшелігін көрсетіп, ер мен әйлге ортақ қойылу құқығын аңғартып тұрған басты белгі.

Екіншісі, мағыналық сипаты және құрылымы толықтай сақталған ортақ есім. Мысалы: Жұлдыз, Алтын, Жанат, Ләззат және т.б.. Бұл есім қазіргі таңда ерге де, әйелге де қойылып жүр.

Ер мен әйелге ортақ есімдердің мағыналық тұрғыдан даму барысы тіптен қызық. Қоғамда эстетикалық талғамның өсуіне байланысты кісі аттары әр дәуірде жаңаша сипатқа ие болып отырған.  Мысалы Марал тек қыз балаға тән есім секілді көрінеді. Бұл есім ер балаларға да қойылып жүр. Оның бастапқы мағынасы  жануардың сұлулығына таңданау, таңырқау және киесін қастерлеу мақсатында қолданылған. Өйткені 18 ғасырда өмір сүрген қазақтың пірі Марал баба Құрманұлы жайлы айтылатын аңыз-әпсана әлі күнге дейін ел аузында жүр. Марал ишан Баба Құрман баласы – бұрынғы Сырдария облысына қарасты Қазалы уезіне және Торғай облысына қарасты Торғай және Қостанай уездеріне айрықша мәлім болған көрнекті тұлға. Қазақтың шежіресінде ойып орын алатын атақты ишан осындай қасиетімен кейінгі ұрпаққа өнеге болып қалды. Міне Марал бабасындай дініне берік, ағартушы ғалым болсын деп қазіргі таңда ер балаға да  Марал деп есім беріп жүр. Жаңа дәуірде жаңаша  қалыптасқан пікірлер есімге басқалай сипат беруде. Бұған себеп жоғарыда айтылған белгілі тұлғалардың тірісінде істеген толымды әрекеттері. Сол секілді Баян деген есімді ер балаға Батыр Баяндай ержүрек, қыз баланы Баян Сұлудай көркем боп жүрсін деп ырымдап атайтын болды. Қарап отырсақ Баян есімі алғашқы мағыналық сипатынан қазір алшақ. Алайда «Баян» сөзі көне түркі, монғол тілдеріне ортақ. Ол «мықты», «зор», «бай» деген мағынаға ие болса, араб тілінде – «айқын», «ашық», «түсінік», «анықтама», «хабарлама» деген сөздердің синонимдік қатарын құрайды.

   Көне түркілерде Көк Тәңірге деген сенім мен шаманизмнің ықпалы болуына байланысты буддизм, манихаизм, масторизммен басқа да сырттан болған әсерлердің нәтижесінде әлемдегі адам есімдерін жынысқа қарай ажырату қиын.

9-10 ғасырда ер мен әйелге ортақ есім қою үрдісі жаңғырды. Оған дәлел Оғұз, Қорқыт әпсаналарында олардың балаларның аты Айхан, Күнхан, Көкхан т.б. болып келеді. Осы ай, күн, жұлдыз, планета атаулары «бас» сөздерге байланысты жасалған есімдер түркі, қазақ халықтарының тілінде өте ертеден бар. Сонымен қатар бұл есімдер ер мен әйлге тегіс қойыла береді.

Профессор Ә. Марғұлан жаратылыс заттарының бұл кезде де қазақ-моңғол жұртына символ болғанын айта келіп, былай дейді:

а) Күн – махаббат, әділетті ғашықтықтың белгісі, «күнім» деу махаббаттың, сәби – тазалықтың күшті түрі санаған.

ә) Ай – сұлулық, сана ишараты болған.

б) Жұлдыз – мереке, ойын-сауық, жастық белгісі болған.

в) Теңіз, су – ой, сана, білім, байлық белгісі болған.

г) Тау – күш, беріктікті көрсеткен.

д) От, аспан денелері – ой тірегі, табынатын тәңірі деп санады. Бұл көрсетілген сөздер түркі тілдеріндегі ер мен әйелге ортақ кісі аттары құрамының компоненті ретінде кездесе береді. Мұнда ай, күн сияқты әдемі көркем болсын деген теңеу идеясы бар. Айжан, Жұлдыз, Шолпан, Айбала сияқты ер мен әйелге ортақ аттар жоғарыда аталған символға, теңеуге байланысты шыққан болуы керек.

Ал ғасырлар бойы қалыптасып эпостар мен лиро-эпикалық дастандарда ер мен әйелге ортақ есімдер көп кездесе қоймады. Батырлар жыры мен лиро-эпостық жырларға зер салып қарасақ ер адамға жуан буыннан құралған есімдер қойылса, әйелдерге жіңіш буыннан тұратын есімдер тән болып келген.

Қазан төңкерісінен соң мәдениет пен шаруашылыққа, ғылым мен техникаға байланысты қойылған кісі аттарының саны күн санап көбейе түсті. Бүл кезде қазақ халқы дәстүрлі орыс аттарын немесе мағынасы жақсы сөздерді балаларының есімдеріне кеңінен арқау етті.

        Жалпы орыс тілінен енген ер мен әйелге ортақ есімдерді төмендегідей топтастырдық:

  1. Орыс тілінен тікелей енген ер мен әйелге ортақ кісі есімдері: Валерий(я), Валентин(а), Виктор(ия), Евгени(ия)
  2. Белгілі бір оқиғаға байланысты туған ортақ есім: Ренат
  3. Кеңестік дәуірде қойылған есімдер: Кеңесжан, Советжан, Мира, Жеңіс, Дамир(а), Руслан(а).

Қазақ жеріне ислам дінінің халық санасына, ғұрпына ене бастағаннан-ақ адамға қоятын есімдердің қатары өзгерді. Соның ішінде ер мен әйелге ортақ ныспылар. Әмин(а),  Аман, Асыл, Зейнұр, Қамар, Қанағат, Бағдат, Аңсар, Назар, Дидар, Мархаббат және т.б. есімді сәбилердің көбеюі қазіргі қоғамда да исламның жетекші ықпалы­ның күшейгендігін аңғартады. Араб тілдерінен келген ер мен әйелге ортақ аттардың сипаты мен құрлысы түрліше болады. Үйлесімді, құлаққа жағымды, қазақтың төл сөзіне, төл әрпіне жақын.

Сәби мереке қарсаңында немесе атаулы күндері өмірге келіп жатса халқымызда оған ырымдап ат қоятыны ежелгі дәстүр бар. Соның бір дәлелі 2010-2011 жылдары елімізде болып өткен қысқы Азияда ойыны. Мәселен, Азияда есімі ең алғаш 2010 жылдың 21 желтоқсанында Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Қарауылтөбе ауылында тұратын Бисенбай Тілебай есімді азаматтың отбасында алтыншы болып дүниеге келген сәбиге Азияда деп ат қойылыпты. Оны ата-анасы елімізде өткен Азияда – қысқы спорт ойындарының құрметіне атаған. Азияда есімді кішкентай қыздың әкесі Бисенбай бұқаралық ақпараттар көзіне берген сұхбатында «кенже қызымның орны бөлек, өзге балалардан гөрі ерекеше. Оның болашақта спортшы болатынына сенімдімін. Сәбиге Азиада есімін бергенім – байрақты бәсекеде спортшыларымыздың бағы жанса екен деп ырымдадым», — дейді. Кейін осындай есім ұлдарға да қойыла бастады. Дүркіреп өткен Саммит кезінде де қаншама ұл-қыздар Саммит пен Саммит(а) есімдерін иеленді. Ал енді алдағы күндері «ЭКСПО» есімді сәбилер дүние есігін ашып жатса таң қалмаймыз.

Міне, байқағанымыздай ер мен әйелге ортақ ныспылардың басым көпшілігі рухани танымдық мазмұндағы прецеденттік және этнонимдік, этнографиялық сипатта. Өйткені қазақ тіліндегі ұл мен қызға ортақ есімдердің 80 пайызы өзге ұлттан енген. Десекте, есімдер тарихында жаңару, ecкipy, ер баланың есімі қызға немесе қыз баланың есімі ұлға арқау болу, архаизмге айналу пpoцeci болып отырады. Бұл заңды құбылыс. Қазір ер мен әйелге ортақ есімдер құрамы мен саны жағынан өте бай әрі көп. Есім қоры негізінен сырттан келген есімдермен (сөздермен) және қордағы бар есімдерді аффикстермен түрлендіру арқылы молайып, толығып отыр. Сондықтан ер мен әйлге ортақ есімдерді әлі де болса танымдық және ғылыми тұрғыдан зерттеуді қажет ететіндей. Ал сіз тағыда қандай ер мен әйелге ортақ қойылатын есімдерді білесіз?

 Тәуірбек Бозекенов   




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *