Мәдениет – рухани мәйек

371

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласымен ұлт пен мемлекет алдына үлкен міндеттер қойып отыр. Күрмеуі күрделі мәселелерді шешуде философия, яғни даналық ғылымына жүгінетініміз белгілі. Рухани жаңғыру және ұлттық мәдениет жайында ҰҒА академигі, философия ғылымының докторы, профессор Әбдімәлік НЫСАНБАЕВПЕН сұхбаттасқан едік. 

– Әбдімәлік аға, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан қандай әсер алдыңыз?
– Елбасымыз бұл мақаласымен біздің алдағы мәдени-рухани жаңғыруымыз мәселесін айқындап берді деп ойлаймын. Ол үшін тұтас ұлт қалай дамуы қажет, қандай тегершіктер іске қосылуы керек деген өзекті жайттар атап көрсетілді. Меніңше, біз ендігі даму үрдісімізді темірқазық етіп алуымыз керек. Мақалада мәдениеттің түп негізі ұлттық болып келетіндігі айтылған. Ұлтсыз мәдениет жоқ, мәдениеттің субъектісі – ұлт. Ол соның иесі, соның жасаушысы, дамытушысы. Айталық, қазақ мәдениеті дейміз. Оның субъектісі – қазақ халқы. Философия – сол мәдениеттің «тірі ­жанры». Ғұламалар айтып кеткендей, философиясыз халық жоқ. Яғни философия ұлттық мәдениеттің өзегі болып есептеледі. Қазақ мәдениетінің «тірі жанры» – қазақ философиясы.
Әр кездің өз талабы бар. Бізге өзі қандай мәде­ниет қажет? Бұл сауалға Елбасы аталған мақа­ла­сында жауап бере отырып, өткен мәдени мұраларымызды игеріп, қазақтың ұлттық мен­талитетін заман талабына сай жаңғырту қажет­тігін алға тартқан. Бүгінгі дамыған әлеммен өзара мәдени әсерлесу арқылы әлеуметтік тұрақ­ты­лықты нығайта түсу тиімді жол екенін атап көр­сет­кен. Біздегі тұрақтылықтың бір факторы – мәдениет екенін Елбасымыз өте орынды тарқатқан.
– Өміріңіздің алпыс жылға жуық уақытын ғылымға арнадыңыз. Енді өзіңіз зерттеп келген философия ғылымының түйткілді мәселелеріне тоқталсақ. Түп негізіміз шығыстық дүниетаным бертін келе батысқа да бет бұрғаны белгілі. Ал осы екі көзқарас тұрғысынан келгенде ұлттық философиялық тұғырнамамызды жасай алдық па?
– Қазақ халқының этникалық шығу тегін ашып зерттеу үлкен мәселе. Ұлттың қалай, ­неден, неліктен пайда болғандығы жөнінде сан түрлі болжам бар. Ал осыларға зерделі көзбен қарасақ, халқымыздың ойы да, бойы да биік тұрғанын байқаймыз. Оны бай мәдениетінен, тарихынан, қоғамдық ойынан көруге әбден болады. Дәл бүгін тарих алдында қайталанбас үлкен құндылықтар жасау міндеті тұр. Соның бірегей санатында ұлттық құндылықтар тұғырнамасын қалыптастыру ісі жоталанады. Ұлттық философиялық тұғырнамамызды жасай алдық деп айтуға болады. Бірақ жаңаша жаңғырып қалыптаса қойған жоқ. Бұл алдағы атқарылмақ жауапкершілігі зор, салмақты шаруа. Бір ғана мысал. Қорқыт бабамыз өлімді қобыз сарынымен қайтару идеясын ұсынған. Дәл осындай философиялық терең тұжырым шығыс тұрмақ, батыста болып көрмеген. Ендеше, бізде сүйегі сомдалған мықты негіз бар. Бірақ соның бәрінің басын біріктіріп, ұялмай ұсына алатындай бірізділік керек.
Өткенде Конституциямызға өзгерістер ен­гіздік. Оны жүзеге асыру алдымен өз ұлты­мызға сын. Қазақстанға ең бірінші жауапты біз – қазақтар. Әлеуметтік-экономикалық, саяси-ұлтаралық тұрақтылықтың басым салмағы бізде. Әлі де әлсіз тұсымыз – еңбек ету мен тәртіптің осалдығы ортамыздан ойып орын алып отыр. Бұл біздегі заңдарымыздың күшіне ене алмай отырғанының көрінісі. Ал мына Конституциямыз соның солқылдақ соқпағын құшып жүрмеуі үшін әрбір Қазақстан азаматы оны бойына сіңіру арқылы күнделікті ісінің қағидасына айналдыруы қажет. Сосын бұл Конституцияның бұқаралығын арттыру үшін Президенттік аппараттан бастап, мемлекеттік мекемелердің барлығы атсалысса, құба-құп және осы жұмысқа жаңа адамдар көптеп тартылуы тиіс. Олар енді сырттан келмейді. Өз арамызда жүрген талантты жастарды тарта білсек жетіп жатыр.
– Ал қазіргі халықаралық қауымдастыққа кі­рігіп жатқан тұста аларымыз қайсы, қосарымыз қайсы?
– Егемендік алғалы бері бұл тұрғыда көп жұмыс атқарылды. Осы орайда қосарымыздан аларымыз басым ба деймін. Данышпан Абай айтып кеткендей білімге, өнерге, ғылымға, мәдениетке енді, міне, кәсіпкерлікке, тағы басқа таңсық дүниелерге бой ұру – алда тұрған міндет. Соған іштей ұлт болып бірігу жетіспейді. «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес, ол бірақ қайтып келіп ойнап күлмес…» деп Абай адамның адамдығын айтқан. Абылай хан, Бұқар жырау, Төле, Әйтеке, Қазыбек билер неге өледі? Өлмейтіндігі сол, артында керемет сөз, ой қалды ғой.
– Бүгінгі біздің әңгімемізден түйетін түйін: ­ойымыз артта емес, бірақ оқшауланып қалған сындымыз. Енді әлемдік айдынға иек артқанда мұнымыз аздық етері анық. Сол себепті қазір қоғамдық ойымызда томаға-тұйықтық құбылыс байқалмай ма?
– Мәскеуде оқып жүргенімде мұғалімдеріміз «Батыс, орыс мәдениетін, философиясын мықтап үйреніңдер» дейтін. Оқыдық, қажетімізге жараттық. Бірақ оның зиянын да тартудамыз. Еуроцентризм ауруына шалдықтық. Еуропаның зерттеу әдістері, категориялары, ұғымдары, заңдары басымызда бар да, шығыстың ілімі жоқ. Бұдан шығатыны кеңестік қоғамдық ой оқшаулана түскендігі еді. Яғни әлемдік ойдан бөлініп, бүйректен сирақ шығардық. Ақиқат біздің жақта деп оқытты. Содан маркстік-лениндік идеология төңірегіне топтастық. Ал қазір идеологиялық плюрализм. Кезінде ­Ясауи сияқты ғұламаларды батыстық шеңберге сыйғызбақ болды. Оған өз «мені» бар дана мұрасы көне ме? Сондай-ақ орыс ойының көзімен қазақ мәдениеті, философиясы өлшеніп келді. Тек қана Шоқанның, Ыбырайдың, Абайдың ғана аты әлсін-әлсін аталды. Басқа даналар шаң астында жатты. Оларды енді қолға алдық. Қазақтың қоғамдық ойын әлемдік тұрғыдан қарастыруға кірістік. Болашақта «Орталық Азия халықтары ойының қалыптасуы мен дамуы» деген үлкен еңбек жасалса түркі тектес халықтардың қай-қайсысына болсын абырой әперер еді.
Қазақ сөзге тоқтаған халық. Сөз құдіретінің сиқыры – даналықта, оны сүюде. Философия әуел бастан даналық атаулының ежелгі атасы. Көне грек заманына қажет болған философия өркениет әлемінде өз орнын іздеп жатқан бүгінгі егеменді елімізге де, бізге де керек емес деу – күпірлік. Философия, ең алдымен, дүниетаным, өмірлік ұстаным, көзқарас, іс-әрекет, өзіндік ұлттық сананың дәрежесі. Енді осыларсыз іс-қимыл жасап көріңізші, қалай болар екен? Адам мен дүниенің арақатынасы қандай? Адам өмірінің мәні неде? Шындық деген не? Өтпелі кезеңнің философиялық негізі қандай деген секілді мәңгілік сұрақтарды ысырып қоя тұрып, қазіргі нарық әлемінің құпия сыры неде деген сауалдарды алға тартайықшы. Оған қалай жауап береміз? Әрине, философияға жүгінеміз.
Философтарымыздың бүгінде алдынан шығатын аяққа оралғы тығырығы осы. Оған халық кінәлі емес. Кінә – түсінбегендікте. Түсінік – философиялық ұғым. Мәселе соның жоқтығында. Біздің философиялық түсінікке сәйкес келмеуімізде. Оны қалай, қайтіп жолға қоямыз? Өтпелі кезеңнің қайшылықтарын қалай шешеміз? Бұл – күрмеуі қиын, күрделі түйін. Дегенмен, ой жүгіртіп көрейікші. Реформа неге толық жүріп кете алмай жатыр? Оны іске асыратын адам ғой. Халық бұрын естіп-білмеген нарыққа тап болды да, бет-бетімен бытырап, өз білгенімен күн кешуде. Оған дайын болмады. Ха­лыққа философия турасындағы әңгіме тіптен қызық емес. Ол заңды. Мұның негізгі себебі – нарық­­тық сауат жоқ. Сауатты халық қана салауатты.
– «Философ патша болуға тиіс, ал патша философ болуға тиіс» деген Платон ақсақалдың афоризмін бүгінгі талаптан қарасақ әншейін айтыла салмаған сынды. Қазірде қалыптасқан ахуал осындай өзекті ойлардың ақиқатын алға тартуды сұранып тұр емес пе?
– Бұл ой ежелгі гректің ғұлама философы Платонның «Идеалды мемлекет» турасындағы еңбегінде айтылған. Арада сан уақыт өтті. Ойды ескірді дегеннен аулақпын. Ал нешеме түрлі өзгерістердің орын алғаны ақиқат. Ол заманда философия бар ғылымның басын қосқан бабасақал тұғырында болатын. Философтың өзі даналыққа құштар адам. Даналыққа құштарлық ұғымының аясына төрткүл дүниедегі бар ғылым-білім ­сыйып жатыр. Тарқатып айтсақ, міне, сол кезден келе-келе басқа ғылымдар өмір қажеттілігінен өз еншілерін алып бөлек-бөлек отау тікті. Оған қоғамдық еңбектің бөлінуінің, ғылымның үздіксіз даму үрдісі мен тәжірибесінің әсер ықпалы зор еді. Байқап отырғанымыздай, о баста философия сан-қырлы әмбебаптығымен ерекшеленген. Айталық бір Рене Декарттың бойында қаншама ғылымды игерген білімпаздық қасиет тұтасқан еді десеңізші. Рефлекс ұғымын ашып тұсауын кесіп берген сол кісі. Дифференциалдық есептеудің негізін қалап, атасы атанды. Бір басына қаншама ғылым сыйып кетті. Математик, қоғамтанушы, аналитик ретінде танылып қана қоймай, даналыққа құштарлықтың ұлы үлгісін көрсетті. Ал ежелгі грек академиясы –данышпан ғалымдар үйінің есігінің маңдайшасына: «Ғылым Академиясына геометрияны білмейтін адам кірмесін» деп жазып қойған. Платонның диалогқа құрып жазған сан түрлі еңбектері өз алдына. Бұдан шығатыны бұрнағы философия бар ілім-білімнің атасы екендігі. Яки, адамзат баласының саналы ғұмырында салтанат құрған рухани-мәдени игіліктердің көзі сол даналыққа сүйіспеншіліктен, философиядан бастау алған.
– Осы ойларыңыздан туындайды. Әлі де ұлттық ойдың қазақы шеңберінде қалып қоюы­мыздың себебі не?
– Себебі сол, өткен данышпандардан дәріс алмағанбыз. Білмейміз де. Қысқасы әлемдік классиктерді қазақ тілінде сөйлету керек. Сонда көп нәрсені ұтамыз деп топшылаймын. Қазақ туа біткен философ халық. Бізде бай мұра бар. Философиямыз негізінен Аллатану мен адамтануға иек артқан. Сол арқылы әлемді ­мойындата аламыз. Бұл жерде түйін мынау: философ өресі биік, өзгеден озып туған данышпан. Сондықтан Платон айтқандай, ол ел басқара алады, халық оған сенеді. Терең жан-жақты дамыған адам ел басқару ісіне де кібіртіктемейді деген сөз. Ол кең ойлап, пайдалы, өнімді жұмыс істей білетін адам. Біздің бүгінгідей тығырыққа тіреліп, тұралауымыз сол кем ойлап, кең жұмыс істемейміз деген өркөкіректігімізге байланысты. Шындығында ол тіптен мүмкін нәрсе емес. Оны өркениетті елдердің өзі сан мәрте дәлелдеп берген. Ал Платонның елді философтар басқару керек деген пікірінің құндылығына ешкім шәк келтіре алмас. Алайда одан кейін айтарлықтай ел басқарған философтар жоқтың қасы. ­Дегенмен, Абылай секілді хандар, Бұқар жырау сияқты данагөйдің сөзін, ақылын бірінші кезекте тыңдады. Құлақ асып, ел билеу істерін тізе қосып бірге шешіп, жауын тізе бүктірді. Және қай уақыт, қай заман болсын, данышпандарына арқа сүйеген. Бұдан әлгіндей Платон пікірінің ақиқат екенін аңғарамыз.
Қазақ әлі өзін танып білген жоқ. Ұлттық рухы, ұяты, намысы бар халық екеніміз әлемге аян. Бізді Америка халқымен шатастыруға болмайды. Қазақстанда екі этнос бар. Бірі – өзіміз, атамекеннің қожалары. Екіншісі – XVІІ–XVІІІ ғасырлардан бастап әртүрлі мақсатпен келген өзге ұлт өкілдері. Табиғи жолмен-ақ, халықты тілі мен дінінен айырып, оп-оңай отарламақ болған. Мен айтар едім, ендігі уақытта мемлекет болмағымыз этностың ізгілік арақатынасында. Келген адамдар табиғи жолмен қайта кетеді. Қазақ елі екі нәрсені: жерін, жесірін даулаған ғой. Бір ұлт, бір халық болу үшін «мен – қазақпын» деген сезім әрбір адамның санасында салтанат құруға тиіс. Ендігі кезде рулықтан ұлттық санатқа көтерілсек етті. Әлі қазақтың ұлттық бірлігін күшейту көп жұмыс.
– Осы ұлттың рухы несімен асқақ деп ойлайсыз? Алдындағы алыптарды қайталамай, қайта жаңғыртып, жаңалық қосумен айбынды емес пе?
– Қазақтың ерте тарихындағы тұлғалы үш алып еріксіз еске түсе береді. Олар Қожа Ахмет Ясауи, Қорқыт, Асан қайғы. Бұлар әлемдік тұрғыдан екшеп, өлмес идея қалдырған данагөйлер. Қорқыт өлімді қобыз сарынымен қайтарамын деген. Мұндай философиялық терең тұжырым шығыс тұрмақ батыста болып көрмеген. Қожа Ахмет Ясауи адам санасын тазалау идеясын ұсынған. Оның жолы имандылық пен махаббат. Құдай жолы хақ дейді ол. Бар бәле адамның санасында екенін салмақтаған Асан қайғы: «ізгілік, имандылық ұятта, ал ұят адамгершілікте» дейді. Асан қайғының әлемдік зердемен саралаған әділетті қоғам идеясы Платонның әділетті мемлекет туралы ойларымен үзеңгі қағыстырып, иық тірестіріп тұр. Бұлардан кейін де қазақ топырағында туып, әлемдік сана–болмысты игере алғандар болған. Бола да бермек.
Философиялық ойсыз мәдениет жоқ. Ал халық мәдениетсіз қараң. Ағылшын философы Ф.Бэкон өзінің төрт идеясының бірінде айтып кеткендей қазіргі уақытта да адамдар санасы лас заттарға толған. Соны тазалау міндет. Бұл бүгінгі қалыптасқан қазақтың ахуалына да тән. Бір ұлтты бытыратып жіберуге жетерлік имансыздар өсіп шықты.
Қазақтың философиялық ойы терең және өте бай. Қазақтың этикасы, эстетикасы, тарихы әлі зерделі зерттеуді қажет етеді. Ауыз әдебиеті, әсіресе айтыс пен терме философиялық бағалы байлықты ішіне бүккен. Абай, Шоқан, Шәкәрім, Мұхтар бар халықтың келешегі жоқ деп тон пішу көзсіз соқырлық дер едім. Солар сынды тұлғалар көп кешікпей тууға тиіс.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан
Болатбек Төлепберген




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *