ТҰҢҒЫШ КӘСІБИ ҚАЗАҚ ЖАЗУШЫСЫ – ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТҰЛЫ

Алаш қайраткерлерінің басым көпшілігі, олардың арасында, әрине, ақын-жазушылар да бар, өткен ғасырдың басындағы аласапыран жылдарда қолына қаламмен бірге қару да ұстауға мәжбүр болды. Өкінішке орай, олардың қай-қайсысы да сталиндік «қызыл террордың» дауылынан аман қала алмады. Мойнына қан жүктемеген, жан баласына жәбір көрсетпеген бір жан болса, ол Жүсіпбек еді. Тұңғыш кәсіби жазушының шығармашылық ғұмыры жиырма жылға да жетпеді: жазықсыздан жазықсыз саяси репрессияның алғашқы толқынына ілініп, құрбан болды. Бір түйір қорғасын классик жазушының шыбын жанын ғана қиған жоқ, халқына қалқан болар ондаған роман, хикаят, пьесаларды құндағында тұншықтырды. Толағай таланттың тауы құлап, дариясы сап тиылды… 

АЙМАУЫТҰЛЫ Жүсіпбек (1889, қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданы Қызылтау атырабы – 1931) – классик жазушы, драматург, аудармашы, зерттеуші, публицист.
15 жасында Павлодар қаласына қашып барып, бала оқытып қаражат табады, өзі де орыс-қазақ екі класты мек­тебін бітіреді. 1914-18 жылдары Семей оқытушылар ­семинариясын тәмамдайды. Осы ­Семейде Мұхтар Әуезовпен бірге 1918-19 жылдары «Абай» журналын шығарды, «Екеу» деген бүркеншік атпен мақалалар жазды.
1919-22 жылдары Семей губерниялық оқу бөлімінің бастығы, Халық ағарту комиссариатында алқа мүшесі. Осы жылдары «Қазақ тілі» газетіне редактор болды. 1922-24 жылдары Қарқаралыда мұғалім, 1924-26 жылдары Тәшкенде шығып тұрған «Ақ жол» газетінде әдеби қызметкер. 1926-29 жылдары Шымкент педагогикалық техникумында директор.
Қазақстанды толқын-толқын болып шарпыған саяси қуғын-сүргін мыңғырған малдан тігерге тұяқ қалдыр­маған «кәмпеске» науқаны мен соның қанды жалғасы – қырдағы көтерілістер тұсында басталған болатын. Осылайша ашыққандарға көмек ретінде елден жиналған малдың дауымен 1929 жылы жазушы ұсталып, түрмеге жабылды. Араға жылдар салып атылды (Алаш.Алашорда.Энциклопедия. Алматы: «Арыс» баспасы, 2009, 19-20-бб.).
«Қартқожа» мен «Ақбілек» сынды романдарды дүниеге әкелген ұлы дарын бір сөзінде: «Екі сөздің басын шатып, дәмі жоқ жаза бергенмен жақсы жазушы болмайды. Жазушылықтың өз алдына шарты бар, соған сәйкес келсе ғана жазушы деуге болады» деп толғанған болатын. Оның таланты мен талабы тек сұлу да сиқырлы көркемсөзінде ғана емес, айдынды да айбарлы көсемсөзінде де күйлі саздай есіліп тұрар-ды. Енді соларға бір үңілелік.
*Өзіңе тілегенді біреуге де тіле, адам баласын бауыр тұт.
*Адам сүю, күю, азап шегу үшін жаралады екен.
*Тіршілікте адам баласы нелер күйге түспек: бейнет шекпек, рахат таппақ, өкінбек, үміт етпек, адаспақ, түзелмек, талай ажалға басын байламақ, талай соққы да жемек…
*Адамда аз да болса бір үміт, бір таяныш болу керек. Ондай таяныш болмаса тіршілік етіп не керек.
*Адамның қандай мінезді болуы өз еркінде емес. Алайда ол өзінің күллі нәпсісіне ықпал ете алады.
*Адамның өмірдегі ісі – алған тәжірибесінің жемісі. Жанның тәрбиеленетін үш сипаты бар: ақыл, сезім, қайрат. Адам жаратылысынан ақылды болып, үш сипаты бірдей тәрбиеленген болса, ол кісі данышпан болады.
*Бір адамның бақыты – бір ұлтты бақытты қылуға жетпейді. Ұлтын, ­Отанын көркейту, қандас, діндес, тіл­дес бауырларының қамын жеу – бұл жақсы жұмыс. Адамның өз басының көркеюімен ұлт көркеймейді, ұлты көркейсе өзі көр­кейеді. Бір ұлт бақытты болса, ол бақыт сол ұлттың ішіндегі адамдарға да ортақ.
*Ұлты үшін құрбан болуға шыдаған­дық – ұлтшылдықтың осы күнде ең берік ережесі.
*Ұлтшыл болу – адамшылық ісі емес, заманның ісі. Адам туа сала ұлтшыл, туа адамшыл бола бермейді. Ұлтшылдық сезім де сол сықылды: әуелі үй ішінен, одан қала берсе туған ауыл, туған жерден бастап жоғары өрлейді. Туған ауылын, жерін сүймеген адам ұлтшыл да бола алмайды.
*Мен халыққа кіндігіммен байланып қалғам, оны үзе алмаймын, үзу қолымнан да келмейді.
*Халыққа қиянат жасаған үкіметтен, биліктен кешірім сұрамаймын…
*Оқығандар! Бұл уақыт жан тыныш­тығын іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт. Ойланыңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз; олай болса, мойнымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр.
*Қазақты тура жолға бастайтыны да, адастыратыны да – оқығаны. Оқығанын қазақ сыйлайды, соңынан ереді. Білімді, ақылды, жақсылықты, үлгіні, тәртіпті, ақиқатты, әділдікті, қызметті – оқығандарынан күтеді.
*Жалпы жұрт ел болайық деген нанымды көңіліне тоқыса – ел болады. Басшының соңына ерсе, айтқанын қылса, азаматын, ат-тонын аямаса – ел болады. Артынан елі ермеген басшы – басшы бола алмайды. Басшысының артынан ермеген ел – ел бола алмайды.
*Ендігі тілеу, елімізге тілеу – елімізге ес кіріп, ер етегін түйіп, жер-су, үрім-бұтақтың қамын ойлатар күн болсын! Сонда Алаш туы желкілдеп түрленерсің, сонда Алаш баласы іргелі ел боларсың!
*Қазақта қашаннан білгіштің соңынан ергіштік береке бар.
*Ұлты үшін қызмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар, әне, Германия, Жапония, Англия, Түркиялар; олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі. Есейген соң бар білімін өз жұртының күшеюіне жұмсайды.
*Тыныш отырып, бәрін біліп, іске орайсыз болған адам – кемел адам емес. Қайта бір нәрсеге құлшынған, құмартқан адам, іс жүзінде тапқыш зерек адам – адамшылықтың көгіне өрлеген адам болып табылады.
*Қазақы тәрбие алмаған, қазақша сөйлеп, қазақша ойлай алмайтын қазақтардың өзін жоғары билікке жақындатуға болмайды.
*Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын; [әркім] баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек… Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды.
*Орыстың білімін алуға, өнерін білуге, жақсы жағын жаттауға еліктеу – дұрыс та; кәпірлігін, мақтаншақтығын, рақымсыз, қызықшыл, қалташыл, антшыл «суық» шенеуніктігіне еліктеу, ақсүйек болуға, салтанат түзеуге, тұрмысын, жүрісін, үй ішін жат түрге салып, қазақтан қашыртуға еліктеу – үлкен мін, кемшілік.
*Ерлік, қайрат үнемі ірі жұмыста көріне бермей, күндегі уақ-түйек жұмыста да көріну керек.
*Өнер, ғылым – қаражатпен табылады, өнер, ғылым – қаражат табады; қаражат жан асырайды. Халықтың бай өнерлі болып жетілуіне де байлық керек. Жалаңаш кедейге өнер үйрен деу – өгізбен жарысып бәйге ал деген сияқты.
*Ғылым – білімге қонады…; білімді орнына жұмсау керек, жамандыққа салынған білімдіден – білімсіз артық.
*Өмірге, тіршілікке пайдасыз білімнің – білім сәні жоқ. Қандай білім болса да күндегі тіршіліктің азды-көпті түзелуіне қолқабыс ету керек.
*Мектеп деген – ең үлгілі орынның бірі, сондықтан мектептің барлық ісі тәртіпті жолмен ешбір мүлтіксіз жүріп отыруы керек.
*Тіл мәдениетінің өсуін қолымызға алып, күнде көріп отырмасақ болмайды, өйткені тіл мәселесі өте қиын, бірақ барынша керекті мәселе.
*Тілді түзеудің бірінші шарты – тіл, термин мәселесін біз, үкімет өз қолымызға алуымыз керек. Тілдің билігі өкіметтің өзінде болсын.
*Балаға бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек.
*Ана тілін жақсылап меңгеріп алмай тұрып өзге пәндерді түсіну мүмкін емес.

Ғарифолла ӘНЕС




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *