maqal

Мақал-мәтел мәніне үңілсек…

Көпшіліктің талқысына, ой безбеніне салатын бір өзекті жайт бар. Ол – кезінде сөз қолданыстарында «өмір сүрген», бірақ сол заманның ғана аясында қалып қалған көнерген сөздер мен ұғымдар. Сөз көнеретін зат сияқты болмаса да, ол да қолданыстан шығып, ұмытылуымен көнерген болып саналары анық.

Жалпы айтайын дегенім, кез келген көзі ашық, көкірегі ояу азаматтың күнделікті өмірде, шығармашылықта, қызметте пайдаланатын белгілі бір сөздік қоры болады. Алайда қоғамда, әлемдегі ақпараттық-технологиялық құбылыстар олардың өзгеруіне де әкеледі. Тиісінше, уақыт өте, заман дамып, өркендеген сайын жаңа сөздердің пайда болуынан сөздік қорымыз көбейіп жатса, қолданыс аясында жүрген кейбір сөздердің қолданылу аясы тарылып, бірте-бірте көнерген сөздер қатарына енеді.Көнеру үрдісі кенеттен туындайтын құбылыс деп айта алмаймыз. Ол әуелі қолдану жиілігін бәсеңдетіп, төмен дәрежедегі сөзге ауысады да, жас ұрпақтың біріне түсінікті түрде жеткенмен, енді біріне толық жете алмай, ұмытыла бастайды. Осыдан келіп көнерген сөздер пайда болады. Архаизмдердің мән-мағынасын белгілі бір деректерсіз ашу қиын және өзге сөздермен үйлесім табуы екіталай.
Көнерген сөздер – мақал-мәтелдерде аз емес. Әрбір мақалдың өзіне тән астарлы ойы бар және де ол түрлі жолмен көрініс табады. Мысалы, «Ынтымақ – оқ өтпес сауыт, татулық – тамаша саулық»,«Иілген басты қылыш кеспес» мақалдары белгілі бір тиянақты ойды білдіре отырып, қазіргі күні қолданыс тапқанымен, «сауыт», «қылыш» сөздері – заман ағымына қарай, артта қалып отыр. Соғыста ат үстінде ұрыс жүргізу үшін жеңіл әрі кесіп түсер қару ретінде қылышты пайдаланса,қару-жарақтан қорғануға арналған киімді ертеде «сауыт» деп атаған. Осы күні бұл сөздерді тек қана тарихи немесе әдеби туындылардан ғана көреміз. «Керекейді атпа, қонжығы жетім қалады». Мұндағы «керекей» деп отырғанымыз – аюдың ұрғашысы болса, «қонжық» – аюдың күшігі. «Бірдің кесірі мыңға, мыңның кесірі түменге». Ал «түмен» сөзі – он мың деген ұғымды білдірсе керек. Бұл сөздердің мағыналары іздестіріп, сұрастыру арқылы ғана анықталып отыр.
Жоғарыда айтқанымыздай, көнерген сөздердің қатары бүгінгідей технологиялар заманында артып отыр. Кейбір көнерген сөздер қолданыстан шығып қалғанымен, мақал-мәтелдер мен фразеологиялық тіркестердің құрамында әлі де бар. Мысалы, «Таныған жерде – бой сыйлы, танымаған жерде – тон сыйлы» деген мақалда «тон» сөзі сол кездегі киім-кешек атауын білдірсе, қазіргі күні байырғы мағынасында қолданылмайды.
«Күн – бір жауса, терек – екі жауады». Мұндағы «терек» сөзі – қазіргі күнгі ағаштың бір түрі. «Бақа – көлінде патша, балық – суында патша, жігіт– елінде патша». Бұл жерде «патша» сөзі – билеуші, басқарушы мағынасында қолданылғанымен, қазір көп айтыла бермейтін сөздердің құрамында. Сол сияқты «Қараша үйден ханша шығар», «Жалғыздың жағы жоғалса да табылмас, көптің оғы жоғалса да табылар», «Шықсаң ұзақ сапарға, арымас ат – отарба», «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас», «Бақпен асқан патшадан, мимен асқан қара артық», «Есекке алтын ноқта тақсаң да есек болады» деген мақалдарда көнерген сөздердің көп бөлігі кездеседі.
Ғылыми тұрғыда көнеру сипаты мен қолданылу ерекшеліктеріне қарай көнерген сөздерді архаизмдер мен историзмдер толықтырады. Көне әдет-ғұрыптарға қатысты ескі әдебиеттерде ғана кездесетін, күнделікті тұрмыста өте сирек қолданылатын көнерген сөздерді архаизмдерге жатқызамыз (тұқаба, отарба, ханым, ханзада, ауылнай, т.б). Егер архаизмдер өздері атайтын заттармен бірге жоғалып, қолданыстан шығып қалса, онда оны историзмдер қатарына кіргіземіз (қорамсақ, биқасап, атқамінер, шабарман, кит кию, тоғанақ, т.б). Көнерген сөздер бір ретте көп қажеттілікті талап етпей жойылып жатса, енді бір ретте жойылуға жақын сөздер қайта оралып, ескі салт-дәстүрден хабар беретұғын бір ұшқын іспеттес. Мәселен, ханым, мырза, бикеш, қазылар алқасы, бәйбіше, тоқал, сарбаз, т.б сөздерді жатқызуға болады.
«Бір жылдығын ойлаған халық – бидай егеді, жүз жылдығын ойлаған халық – ағаш егеді, мың жылдығын ойлаған халық – саналы ұрпақ тәрбиелейді» демекші, ­саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін, алдымен «аталар сөзі – ақылдың көзі» екенін ұғынып, мақал-мәтелдерді насихаттап, ондағы әрбір сөздің мән-мазмұнына жете назар аударып және кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде, бұл асыл қазынаны аманаттай білу – біздің парызымыз. Тақырып аясы кең, терең мағыналы, ой саларлық мақал-мәтелдер арқылы халық дамып-жетілмесе, құлдырамасы хақ. Сондықтан әрбір қазақтың мақал-мәтелдерден хабары болу керек. Ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрімізді мақтан етіп, қаймағы бұзылмаған қалпында ұрпақтан-ұрпаққа қалдырумызға мақал-мәтелдегі айтар ойдың маңызы зор.

Айнұр МАМАЕВА




Пікір қалдыру