Сатира жанрының жүйрігі

Қазақ сатирасының дара саңлағы, әрі сарбазы көрнекті драматург, көркемсөз шебері Садықбек Адамбеков 1922 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданы, Қараспан ауылында дүниеге келген. Арыс қаласындағы Төлеген Тәжібаев атындағы балалар үйінде тәрбиеленді. Заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезовтің дуалы ауызымен айтылған «жеті жұлдыздың» бірі жазушы атамызға өзі тәрбиеленген отбасында, балалар үйінде жылда үлкен құрмет көрсетіліп, жыл сайын туған күні салтанатты түрде тойланады.
Ұлы Отан соғысы (Ашаршылық) жылдарында Садықбек атамыздың отбасы мен туған туысқандары Қарақалпақстанға қоныс аударып бара жатқан кезде, Садықбек атамыз адасып кеткен. Сосын, тауып алған азаматтар Арыс қаласының балалар үйіне тапсырыпты. Ол кезде шамамен он жасар бала болған екен. Кейінірек көп ұзамай, Мұсабек атасы іздеп, тауып келгенде, немересі барғысы келмеген көрінеді. Ол жерден алып кетсе, қайта сонда қашып барады екен. Алып келген сайын қайта-қайта қашып кете берген-ді. Садықбек Адамбековтың негізгі алға қойған мақсаты оқу жолы болған. Білім жолынан нәр алып, өнер жолын құрғысы келген-ді. Ал, егер атасының қолында болса, мұндай мүмкіндіктер болмас еді. Себебі, үлкендер оқу үрдісіне қарсы болған екен. С.Қожанов атындағы орта мектепте білім алады. Жастайынан әдебиетке құмар, зерек те сезімтал Садықбек Адамбековтың тырнақалды туындылары-өлеңдері, сатиралық әңгімелері аудандық «Социалистік жол», «Оңтүстік Қазақстан» және республикалық басылымдарда мектеп қабырғасында жүрген кезінде-ақ жиі жария-ланып тұрған. Университет бітірмей ұлы атанған жазушы, қазақ сатирасының сардары.
Қазақ әдебиетінің ұлыларының бірі Ғабиден Мұстафиннің мерейтойында суырылып сөз сөйлеген Садықбек Адамбеков: «Одақта университет бітірмей ұлы жазушы атанған қаламгер — үшеу. Біреуі — атышулы Максим Горкий, екіншісі — Ғабиден Мұстафин. Ал, үшіншісі…» ‒ деп, тойшыл қауымға сынай қараған сатирик аз-кем кідіріңкіреп барып, жұлып алғандай былай депті: «Үшіншісі — Садықбек Адамбеков». Кейініректе өзінің белгілі сұхбаттарының бірінде Ғабиден Мұстафин «Мерейтойыңыздан қандай нәрсе есте қалды?» деген сұраққа Садықбек атамыздың жоғарыдағы сөздерін айтыпты.
1941 жылы Қызылордадағы педагогика училищесін бітіріп, сондағы педагогика институтына түседі. Бірақ, Ұлы Отан соғысының басталуына байланысты оқуын тоқтатуға мәжбүр болады. Оның алғашқы шығармашылық жолы Ұлы Отан соғысы жылдарында басталады. Садықбек Адамбеков 40 жылдардың басында Ұлы Отан соғысының қиян кескі шағында қаламын ұштап, Ұлы майданның шеруіне қосылып қалам тартты. «Тәнім туған жердің топырағына тисін» деп өмірінің соңғы оншақты жылын Арыста өткізді. 1990 жылдардың басында Алматы қаласынан Арыс қаласына қоныс аударып келген. «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман деп қайран Абай қалай айтқан?» ‒ депті бір сапарында жазушы атамыз. Жас еңкейген соң, туған топырақтың қадір-қасиеті де өлшеусіз арта түседі екен. Көкіректе арман көп. Ал, армансыз адам — өлген адам. «Көзінен от шашыраған, табанынан шоқ шашыраған» Садықбек Адамбеков өзі айтқандай «Жағасын кір шалмай, көңілін мұң шалмай» арыстықтардың аялы алақанында соңғы сапарға аттанды. Ащы мысқыл мен ажарлы күлкіге суарылған көркем дүниелерімен қалың оқырманын жылатып отырып күлдіретін жазушы атамыз еді.
Иә, қасиетті адамның құдіреті-ай десеңші. Сатираның сарбазынан сардарына дейін көтерілген С.Адамбеков соңғы күнін күнтізбеге (календарьға) белгілеп кетіпті. Садықбек Адамбеков 80 жылдық мүшел тойының қарсаңында дүниеден озды. 2002 жылы 17 қыркүйек күні көз жұмған болатын. 19 қыркүйек күні екінші меккеге Түркістан қаласына апарып жерледі.
Сатириктің арғы атасы Мұсабек старшын болған. Мұсабектің жарының есімі Күлімхан. Төрт ұлы бар, олар: Адамбек, Атабек, Сұлтанхан, Молдахан.
Садықбек атамыз Адамбектің баласы.
Адамбектің бес әйелі болған. Бәйбішесі ‒ Алмагүлден: Қалдыкүл және Садықбек. Қалдыкүл апамыз соғыста хабарсыз кеткен жан-жарын 9 жыл күткен. Күдерін үзген соң екінші рет тұрмыс құрған. Қалдыкүл апамыздың Мақбоза және Қапиза, Фатима атты қыздары бар. Ал, Садықбек атамыздың бір ғана қызы бар, аты — Маржан.
Екінші әйелі ‒ Айханнан: Алтынкүл (әкемнің анасы яғни, менің әжем), Құндызай, Тәңірберген. Тәңірберген 16 жасында суға кетіп қайтыс болған. Алтынкүл апамыз 2006 жылдың шілде айында дүниеден озған болатын. Құндызай апамызда қазір арамызда жоқ. Алтынкүл апаның 9 ұлы, 1 ғана қызы бар. Құндызай апаның 5 ұлы, 3 қызы бар.
Сатириктің әкесі Адамбек ұлым жоқ дей бергенге ұқсайды. Ал оған Садықбек атамыз қатты ренжіген. Сондай-ақ, әкесімен айтысып қала берген. Адамбек үшінші әйелі ‒ Ырысқалды әжемізді әкелгенде, Садықбек атамыз: «Адамбек алып ұшып алдың пұшық, көрсең егер кетеді зәрең ұшып, үйіне бара қалсаң ас ішуге, кетесің құсып, құсып» депті. Сонымен не керек, Ырысқалды әжемізден бала жоқ.
Енді, төртінші әйелі ‒ Дариғадан: Мереке (жарының есімі Жеңіс. ОҚО Қараспан ауылдық округіне қарасты Мақташы елдімекенінің тұрғыны), Тамаша, Сағынбек (жарының есімі Нұрхан. ОҚО Арыс қаласының тұрғыны), Алпысбай, Ерсінбек (жарының есімі Әтіргүл. ОҚО Арыс қаласының тұрғыны). Мереке апамыздың 6 қызы бар. Сағынбек көкенің 3 ұлы, 1 қызы, Ерсінбек көкенің де 3 ұлы, 1 қызы бар.
Бесінші әмеңгерлікке алған әйелі ‒ Пернекүлден Арыстан есімді жалғыз ұл. Жанысбай атты немере ағасының әйелін әмеңгерлікке алған екен. Мұсабектің екінші ұлы – Атабек. Жарының есімі Піру. Атабек атамызда Күнсұлу, Манап, Ханша, Әлімбек, Амантай есімді 3 қыз, 2 ұл.
Үшінші ұлы ‒ Сұлтанхан. Оның Ермек, Сәрсен, Саттар, Әбдіғали, Гүлзия, Күләш атты төрт ұлы, екі қызы бар.
Ал төртінші ұлы Молдахан соғыста хабарсыз кеткен.
Садықбек атамыз Иса Байзақовтың Мақбоза атты (қарындасы болуы керек) қызына ресми түрде үйленген болатын. Бірақ, одан нәресте болғаны-болмағаны белгісіз.
Жазушы соңғы күндерін Сағынбек көкеміздің үйінде өткізгені маған мәлім. Сағынбек және Ерсінбек көкелерімнің аузынан біршама естеліктер жазып алған едім:

***
Бірде, есіктің алдында ақсақ итке қарап, тапшан үстінде жатқан көкеміз Сағынбекке:
‒ Ой, Сағынбек, Сағынбек,
Есігіңнің алдында
Ақсақ ит пен ақсақ шал,
Сенде қандай арман бар, ‒ деген екен.

***
Сондай-ақ, бір күні есіктің алдында отырған Садықбек атамызбен, көзілдірік таққан бір танысы амандаспай, өтіп бара жатқанда:
‒ Дүниенің төрт бұрышын ұстап тұрған сен емессің,
Көзіңді соқыр қылған мен емеспін,
неге сәлем бермейсің? ‒ деген екен.

***
Жазушы осылай әзілімен өз ойын айтып, астарлап жеткізе білген.
Бір күні Ерсінбек көкенің үйінен таңертеңгісін үйден шығып кетіпті, пенсиясын алам деп. Ол кісінің әдеті пенсиясын алса, нан алып, ет алып, сосын ақшасын жетім балаларға таратып келеді екен. Сосын түске таман келіп, келіндеріне етті беріп, ас әзірлеткізеді. Біраз уақыттан соң, ақшасын іздей бастайды. Әрине барлығы бірге іздейді. Сонда атамыз: «Неде болса, мына балалар алған ғой, осылардан дұрыстап сұрайық, осылар біледі, осылар айтады», ‒ деп, балалардан көреді. Үйдің іші у-шу болып жатады. Уласып-шуласып жатқан кезде, үйге қонақтар келіп қалып, барлығы бірден тынышталып дастарқан жая бастайды. Сонда атамыздың айтқаны: «Әй, шырақтарым, онда жалғасы келесі санда», ‒ депті.

***
Міне, осындай кекесін сөздерімен жан-жағын тек жайпай күлдіре жүрген сатириктің сыртқы пішініне қарасаң, күлкіге, күлдіруге ғана жаралған секілді. Десек те, ішкі болмысы күліп жүрді ме екен, күлкіге жаралды ма екен?
Алматыдағы ақын жазушылар, әдебиет сүйер қауым Садықбек атамызды ойнап-күліп, арқын-жарқын қабылдайтын болған. Әсіресе, Сырбай Мәуленов, Тахауи Ақтанов, Қайнекей Жармағамбетов және басқалармен де достығы, әзіл-қалжыңы жарасып тұрады екен.
Қайнекей Жармағамбетов аса салмақты, мінезді, үлкенге де, кішіге де тонның ішкі бауындай жақын, шүйіркелесе кететін, оқыған-тоқығаны көп, керек десеңіз, бірге қыдырып кете беретін адам болған.
Көлемі шағын болғанымен, журналдарды шығару оңай емес. Материалдары қызықты да, өткір болуы керек дегендей… Бас-аяғы бес-алты адамнан аспайтын жазғыштардың бар-жоғы бірден көзге түседі ғой. Қайнекей Жармағамбетов көңілсіздеу отыр екен. Көзілдірігін маңдайына ысырып қойыпты да:
‒ Әлгі сасқалақ Садықбек қайда жүр? ‒ депті.
«Мені редактор сұрай қалса, редакция тапсырмасымен жүр дей сал» ‒ деп, айтып кеткен атамызды:
‒ Ә, ол нөмірге материал әзірлеу үшін кеткен, ‒ депті Мыңбай Рәш.
‒ Мені іздеді ме, ей? ‒ деп, Садықбек атамыз келеді.
‒ Іздегенде қандай! Сасқалақ сары Садықбек қайда жүр? — деп жатыр деген көрінеді Мыңбай мырза..
‒ Қап-ай, ә! қап-ай! ‒ деп, толқып, іле редакторға кіріп, себебін айтып, кері шығарында бастықтан ақша сұрапты. Қайнекей Жармағамбетов мырс етіпті де: «Есікті жауып бөлмеден шық та, іле қайта кіріп, төрт жол өлең шығар. Сосын көреміз» ‒ депті.
Сәкең де шапшаң басып, шығып кетеді де, артынша қайта кіріп, сахнадағыдай алдына келіп, бір тізерлей, жүгіне қалып:
‒ Қайнекей-ау, Қайнекей
Қаржың бар ма, канекей?
Садықбегің мінекей,
Рестораның әнекей! ‒
деп, терезе жақты нұсқай, айтқан әзілі кейін жұртқа тарап кеткен көрінеді. Қарап тұрсам, әрине, құрдастарға бәрі де жарасады.

***
Институтта оқып жүргенде, Садықбек Адамбеков орыстардың жерлеуіне қатысып, трубада ойнап, ақша табады екен. Сырбай Мәуленов болса, Садықбекті аңдып тұрып, тапқан ақшасын бөлісіп, сыра ішетін көрінеді. Тағы бір ақша тапқан күні Сырағаңды көре салып, Сәкең қаша жөнеліпті. Сонда, Сырағаң соңынан:
‒ Садықбек-ау, ақшасыз болсаң қашпас ең,
Кәпір, көму кәсібіңді таста сен!
Тартып алам қалтаңдағы арам ақшаңды,
Құдай айдап қолыма егер бір түссең, ‒ деп, айқайлапты. Сәкең мен Сырағаң бір жылдың төлі екен. Екеуі шынайы дос болып, әзіл-қалжыңдарын сапырып жүретінін жұрт білетін.

***
Сыраға екеуі Сырға шомылуға барады. Сонда:
‒ Ойбай! Суға кеттім! ‒ деп, сүңги жөнелген Садықбек атамызға:
‒ Айттым ғой, иірімге жолама! – деп, Сыраға үрейленіп, тездетіп жүзіп барып құтқарыпты. Сәкең Сырағаның қорыққанына қарамастан тағы да, көзін ақшита қарай, тізесін нұсқай көрсетіп:
‒ Ойбай аяғым-ай, ‒ деп, айқайға басыпты. Әлден уақыттан соң, Сыраға Сәкеңді арқалап алып, ауыр денесімен осынша салмақты көтеріп қара терге түсіпті.
Ойбайын доғармаған соң, демалмастан қонақ үйге арқалап барады. Жеткеннен соң, екі метрдей қалғанда Сырағаңның арқасынан жерге қарғып түсіп, «Алдадым», ‒ деп, қашқан екен. Сонда Сырағаң: « Әй, сасқалақ сары, сені ме, бәлем!» ‒ деп, көзінен жас шыққанша күлген көрінеді.
***
Қайран жазушы он жыл бойы көріспеген достарын, құрдастарын аңсап жүрген екен. Сағынышын, мына бір мінезімен дәләлдейді.
«Сыр айтам Сәкең туралы» дейді Зұпар Мүсілімов:
‒ «Арыс» шипажайындағы нөмірі қырық бесінші бөлмеде отырғанбыз газет қарап.
‒ Зұпаржан, айда, кеттік вокзалға, ‒ деді, шалт сөйлейтін әдетімен. «Неге, не мақсатпен барамыз онда?» дегім-ақ келіп тұр. Бірақ, Сәкеңнің ашуы мұрнының астында екені өзіме аян. Жинала бастадым.
«Арыс-1» станциясындағы жолаушылар вокзалына келдік. Көкем көңілді. Өткен-кеткендердің арасынан сұлу қыз-келіншектер көрсе, әдемі әзілін де жолдап жатыр.
«Алматы-Мәскеу» пойызы бірінші жолға тоқтайды. Сақ болыңыздар!» ‒ деп хабарлағанда перронға қарай жылдам жөнелді. Пойыздан түскен жолаушылардың арасынан біреуді іздегендей алақ-жұлақ қарады.
«Қап, Алматыдағы достарымның ешқайсысы көрінбейді ғой. Жолаушылауды қойған ба, тәйірі», ‒ деп, өкінгендей болды. Басы төмен салбырап, баяу басып, үнсіз келе жатты да, кенеттен: «Шығар, қаламсабыңды», ‒ деп, кілт тоқтай қалғаны. Сонда жазылған шумақ мынау:
‒ Шығарып салам күнде мен,
Алматы-Мәскеу пойызын,
Сафуан деп қаламын,
Біреуді көрсем бойы ұзын.
***
Сабыр ағамыз «Социалистік жол» газетінің редакциясында бөлім меңгерушісі болып жаңадан келген кезі екен. Кеңседе редактор мен оның орынбасары жоқ кезде телефон шырылдайды. Телефон шырылдап қоймаған соң, көтерсе аржақтағы адам:
‒ Әй, бұл редакция ма? Тыңдап тұрған қай данышпан? Қазір мен барамын. Есіктің алдына шығып күтіп тұр, ‒ деп, бұйыра сөйлепті.
«Данышпан» деп, мазақтамақшы болған кім екен, неде болса, келген соң көрермін, ‒ деп, ойлапты.
Бір кезде аяғын сілтей басқан ашаң сары кісі келіп:
‒ Менімен сөйлескен данышпан сенбісің? Танысып қой, мен ‒ Садықбек Адамбековпін, ‒ депті.
Сөйтіп, кеңсеге кірген соң, етене таныстықтан соң, Сабыр ағамыздың ағасы Әшім Шаймерденұлымен бірге Арыс балалар үйінде тәрбиеленгенін, Қызылордада оқуға бірге барғанын, 21-жасында соғыста қайтыс болғанын, «Біздің үйдің жұлдыздары» деген пьесасында оның да аталатынын айтып берген екен. Содан бастап, Садықбек атамызды Сабыр ағамыз туған ағасындай сыйлап, құрметтеген.
Көзі тірісінде атамыз: «Сабыр! Сен қай жағынан алсаңда, маған жақын адамсың. Ең жақындығы ‒ байырғы журналист, өзің, әліңді білетін, қанағатты журналистсің — осыныңды жақсы көрем. «Қанағат» деген сөз ‒ жалқау, сылбыр болу деген сөз емес. Жан-жағыңа сезімтал болу деген сөз. Тек айтатындарыңызды аудандық газет бетінде ғана айтпай, ел азаматтарының атын облыс, рес-публика көлеміне шығару керек. Сабыла бермей, науқанға ұрына бермей, газетті өте таза ұстау ‒ сенің қолыңда. Сүйекке біткен мінез етпен кетеді. Ал, халыққа қызмет істеу ‒ ардың ісі», ‒ депті, Сабыр ағамызға жолдаған хатында.
Сатира жөнінде, сатирашыл жазушы жөнінде, әдеби сынның шеңберінде түсініксіз сыр бар сияқты. Мәселен, осы Садықбек Адамбеков шығармалары жайында осы уақытқа дейін жарытып кім жазыпты? Жалпы тілімізде, әртүрлі шолуларда аталғаны болмаса, жазушының шығармасы түбегейлі сөз болған емес. Мәселен, С.Адамбековтың 1981 жылы «Аюбайдың ажалы» деген драмалық шығармалар жинағы басылып шыққаны бар, осы үш кітап жөнінде әлі күнге дейін жібі түзу талдау жасалынбады. Жалпы сатиралық шығармаға да көзқарастың түзулігі жоғары деңгейде болса екен деймін.
Басын бәйгеге тіккен біртуар Алаш арыстары кеше де аз болмаған, бүгін де аз емес. Ертеңде аз болмайды деп білем. Ұлт тәуелсіздігі нақ осындай азаматтардың күнделікті, әрі тегеурінді іс-әрекетінің жемісі. Олар сөзімен де, ісімен де, бүкіл болмысымен де ұрпақ есінде мәңгі қалады. Олардың бірі – сатирик Садықбек Адамбеков екені даусыз.

Әйгерім Бимырзаева
Астана қаласы




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *