«Адамзаттың анасы»

266

Дәл осы күндері Қазақстан астанасында өтіп жатқан «ЭКСПО – 2017» көрмесі дүниежүзін жалт қаратты десек, асыра айтқандық болмас. Осы кездерде дүниенің  төрт бұрышынан – әр елдің өнері, мәдениеті, дамыған экономикасы, салт-дәстүр-этнографиясы, өзгені қызықтырар құндылықтардың баршасы – «ЭКСПО – 2017» аясында өтіп жатыр.

Сондай игілікті шаралардың бірі – Бейбітшілік және келісім сарайы – ­«Пирамидада» өткен көрнекті жазушы Сәбит Досановтың шығармасы бойынша Қырғыз Республикасы, К.Жантөшев атындағы Ыстық көл облыстық музыкалық драма театры қойған «Адамзаттың Анасы» атты спектакль – астана көрермендерінің жүрегіне жол тапты.
Қойылым көрермен қауымды бірден баурап алды. Оның басты себебі, С.Досанов бүгінгі таңда бүкіл адамзат баласын алаңдатып отырған – Жер мәселесін шығармасының арқауы етуінде болып отыр.
Шығарма бірден динамикалық күшпен шиыршық атып, бүгінгі таңдағы заманның шынайы көрінісі көз алдыңа келе қалады. Сол сәттегі «Жер сатылады» деген хабардың халықтың жаралы жүрегіне қалай әсер еткенін айтып жеткізу өте қиын, оны тек сахнада көзбен көру керек. Өзі де ақын драматург Сәбит Досанов осы арада тебіреністі сөздерін төгіп-төгіп тастады. «Жер – біздің туған Анамыз, Анасын адам сата ма?!» Осы сөзді бүкіл драмасының өн бойына лейтмотив қылып алған автор, сахнада жеке дара кейіпкерлердің ерекше тұлғасын сомдайды. Автор ата – Нұрдәулет, әке – Қазыбек, немере – Кемал арқылы тұтас бір дәуірдің картинасын көрерменге қапысыз жеткізеді.
Сахнада – жаралы жүректің зарын айтқан тұлғалармен қоса байлыққа белшесінен батып, қызық-рақатқа кенелген кейіпкердің кескін-келбеті кезек-кезек жүріп отырады. Сахнада – адалдық пен арамдық, жақсылық пен жамандық бір-бірімен арпалысып, арбасып тұрып алады. Қай кезде де – заманауи арпалыс үстінде арамдықтың салмағы басып кете берген, бірақ ол – мәңгілік емес, түптің түбінде, адалдық үнемі жеңіске жетіп, салтанат құрған. Міне, осы өмірлік өлмес идея – С.Досанов драмасында алтын арқауға, үзілмес тінге айналған.
Қазіргі таңдағы бүкіл сана-түсінік басқаға емес, ақшаға ауған тұстаға тығырыққа тірелген қоғамның өзіндік бейнесін жазушы-драматург тек қана сөзбен сомдап қоймай, сахнаға тән қимыл-әрекеттердің кілтін тапқан.
Мәселен, «атадан мал қалмаса да тал қалсын» деген тәмсіл-спектакльдің шарықтау шегінде қапысыз көрініс табады. Спектакльдегі Нұрдәулет бейнесінің Қазыбекке қасиетті домбыраны аманат етуі – ұлтымыздың ұлы дәстүрін дәріптеудің тамаша да жаңаша көрінісі екені анық.
Бұл сөз жоқ, қоюшы режиссер Қырғызстанның халық әртісі Дәулет Нұрғазиевтің ерен еңбегінің жемісті нәтижесі деп түсінуіміз керек. Бұған, әрине, негізгі материал бүгінгі күн болмысынан жазылған, болашаққа жол тартқан озық ой, батыл қадамнан туған туынды құдіретін басып айтуымыз орынды. Олай болса, біз, алып Ресейдің ең ірі әдеби сыйлығы– Михаил ­Шолохов атындағы сыйлыққа ие болған қазақтың талантты жазушысы, кешегі өткен Алаш арыстарының ізін қуған, үнемі ізгілікті мұрат тұтқан, тұғырлы да тарлан тұлға – Сәбит Досановтың тынымсыз еңбегінің ерен жеңісі екендігін мойындауымыз керек. Мұндай шығарманы шыңыраудың түбінен суырғандай, жарық дүниеге шығарып, халық кәдесіне жарату, әсіресе бұл күнде, екінің бірінің қолынан келе бермеуі ақиқат. Бұған жүрек жұтқан батырлық, халқын сүйген кемеңгерлік керек. Құр талант болып туу аз, халқы үшін шырылдап жарғақ құлағы жастыққа тимейтін жанкешті еңбек керек. Бұл жазушы-драматург, қоғам қайраткері, талантты тарлан жазушының тағы бір ірі жеңісі деп мойындаған жөн.
Тағы бір атап өтер жайт. Бұл қойылымның «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінің шеңберінде, Бірінші Дүниежүзілік «Астана» ­театр фестивалінің аясында Елорда жұршылығына ұсынылуы бекер емес. Өйткені бұл драма Қырғызстан көрермендерінің сарабынан өтіп, сарабдал сыншылардың разылығына ие болған туынды екенін еске саламыз. Дәл қазіргі кезеңде әлемнің әр тұсынан келіп, ЭКСПО-дағы өнер додасына түскен Досановтың бұл шығармасының өзінің тақырыбы мен танымалдығы тұрғысынан басқалардан мойны озық тұрғанын әлемдегі аса білікті театр мамандарынан түзілген қазылар алқасы қадап айтты. Мәселен, Берлин драма театры, Мәскеудегі А.П.Чехов атындағы көркем театр, Оңтүстік Кореяның «Мулькель» театры, Янка Купала атындағы Беларусь театры, Грузияның Шота Руставели атындағы кәсіби драма театрларының шығармашылық ұжымдарымен бәсекеге түсіп, бәйгеге бәс тігуі – алдымен, драматург еңбегінің шығармашылық ізденісі екендігін еске сала кетуіміз жөн болар.
Осы орайда, Досанов драмасының бағын ашып, беделін көтерген, қойылымда ерекше көзге түсіп, көрермен көңілінен шыққан театр әртістерін атап өтпеске болмайды. Мәселен, драманың алтын діңгегі – Жер-Ананы сомдаған Бақтыгүл Қарабаеваға көрермендердің ықыласы ерекше болды. Бас кейіпкерді сәтті сомдаған Қанат Шабданов. Қазыбекті мүсіндеген – Ерлан Қазақбаев, АҚШ Президенті Франклин Пирастың бейнесін берген – Нұрбек ­Акматов, Үндістан көсемі Сиэтл ­Дювамаш – Төлеп Боранбаев, Нұрдәулетті бейнелеген – Құрсан ­Абдрахманов сынды актерлардың көп уақыт көрермен есінде қалары хақ.
Талантты жазушы-драматург бүкіл дүниежүзінің алдында тұрған күрделі мәселе – Жер туралы әңгіме қозғап, ауыр жүкті иығына артқаны өз алдына, сол тақырыпты терең игере отырып, болашаққа ой жүгіртіп, жол нұсқайды. Өз елінің патриоты ретінде, өзі аса құрметтейтін Қазақстан Президенті – Елбасының тұлғасын бәрінен биік қойып, көрерменге қапысыз таныта білген. Мен қойылым туралы пікірімді Сәкеңнің осы драмадағы Елбасының ерекше тұлғасын кейіпкерлер арқылы қалай сомдағанына тәнті болғандықтан, бөгде сөз қоспай, драма диалогтарымен түйіндегім келіп отыр. «Қазыбек әйелі Салтанатқа:
– Мен Жер жайлы, еліміздің өзге проб­лемалары жайлы хатты Парламентке емес, Ақордаға тура, Президенттің өзіне жазамын. Ең сенімді жол осы!
Салтанат: Содан бірдеме шықса….
Қазыбек: Шығады.
Салтанат: Соған сенесің бе?
Қазыбек: Сенгенде қандай. Алла Тағалаға қалай сенсем, өзімнің Президентіме солай сенемін!» дейді.
Сөйтіп. Сәбит Досанов өзінің айтулы драматургиясында, халық алдында тұрған ауыр жүкті атқару жолында, Елге де, Елбасыға да сенім артып, болашаққа жол бастайды.
Қойылымды көріп отырған ел-жұрт жүрегіне қуаныш, көңіліне сенім ұялатып, бойына жігер күш жиып қайтады. Міне, бұл талант құдіреті, жазушы шеберлігі.
Ресейдің ең ірі сыйлығы Шолоховтан бастау алып, бүкіл Түркі, Еуропа елдерінің санаулы саңлақтарға ғана берілетін беделді марапаттарын иемденген қазақтың хас тұлпардай қанатты жазушысы – Сәбит Досановтың басқа шығармалары өз алдына, мынау Астанада салтанат құрған «Адамзаттың Анасы» атты драмасының әлемдік деңгейге көтерілген тұғырлы туынды екендігіне көрермен қауым тағы да бір тәнті болып, разылықпен тарасты.
Әр шығарманың шырайын шығара білген талантты қаламгердің тұғыры әрдайым биік болсын дейміз біз де.

Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ,
ақын, драматург, 
Халықаралық «Алаш» 
әдеби сыйлығының лауеаты




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *