Хорасан әулие

Бисмиллаһи Рахмани Рахим.
Соңғы жылдары қа­лып­тасқан дәстүр бойын­ша биылғы наурыз айында Жаңа­қорғандағы «Хорасан Бабаның» басында тағы да үш-төрт мың қаралы адам бас қосып, қасиетті әулиеге құран бағыштады. Жиналған қалың топтың ортасында Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Есенғали Раушанов, белгілі сатирик Көпен Әмірбеков, мемлекет қайраткері Сейілбек ­Шаухаманов сияқты ел зиялылары төбе көрсетіп, әулие басына көшет отырғызып, оған өз есімдерін жазып қалдырды. Осы бір ұлағатты дәстүр соңғы жылдары жүйелі жалғасын ­тауып келеді. Қазір әулие маңындағы Өзбекстаннан келген Шахан бағбан күтіп баптаған бақта қазақ зиялылары тігіп кеткен мәуелі ағаштар бой сылап, алды өткен жылдан бастап өз жемісін бере бастады.
Бұндай бас қосу – болмысында дінімен туған дін қожасы мұсылман қауымы үшін қашанда жарасымды тірлік. Қасиетті бабалар басына зиярат жасау, оның тұрған жерін абаттандыруға қол ұшын созу ибалы жандар тірлігі. Қазір мұндай игі шаралар өткізу Ақтауда «Бекет Атаның», Созақта «Қара бураның», Аламатыда «Әлмеректің», Отырарда «Арыстанбаб» тағы да басқа көптеген қасиетті бабалар басында дәстүрлі жүйелі жолға қойылғанын айтуымыз керек. Әулиелердің жатқан жеріне иманды азаматтар демеушілігімен жаңа ғимараттар бой көтеріп, солар арқылы адамдарды имандылыққа шақырар тәрбие орталықтары қалыптасып отыр. Тұтас жыл көлемінде күнделікті жұмыс жасап жатқан осы тіршілікке сабырмен түсініп қарасаң әуесің кетеді. Сондықтан «Хорасанда» өткен бұл игі шараны ыстық ықыласпен құптаумен қатар осы орайда біраз мәселені ортаған сала кеткенді мақұл көріп отырмыз. Алдымен Хорасан Ата кім?
Хорасан Ата – Әбдіжалил баб ­туралы сөз қозғау арысы қазақ тарихы, оның ішінде дін тарихы туралы сөз ету деген сөз. Күрделі тақырып. Хорасан әулие – тарихта болған кемеңгер тұлға, Орта ғасырдағы ел тарихының жаңылдырмас бір беті, темірқазығы. Жаңа Қазақ тарихын дайындаушылар осы деректі діңгек етер болса ел тарихы да шындыққа етене жақындай түсер еді. Осыны біле тұра, Кеңес үкіметі кезінен қалған сырқат – діннен алшақтап кеткен тарихшы ғалымдарымыздың бұл салаға әлі күнге үрке қарауы салдарынан шынайы тақырыппен айналысып жүргендері сирек, тіпті байқалмайды. Бүгінге дейін арамызда сөз болып жүрген аз-кем табылған деректер ат үсті ұшырасқан жанама шежіре деректер мен аңыздар ғана. Ал діндар деген ғұламаларымыз басы ашық әңгіме аруақ-әулиелер туралы айтудан қорқады.

Хорасан Ата – Әбдіжалил баб туралы сөз қозғау  арысы қазақ тарихы, оның ішінде дін тарихы туралы сөз ету деген сөз. Күрделі тақырып. Хорасан әулие — тарихта болған кемеңгер тұлға, Орта ғасырдағы ел тарихының  жаңылдырмас бір беті, темірқазығы. Жаңа Қазақ тарихын дайын­даушылар осы деректі діңгек етер болса ел тарихы да шындыққа етене жақындай түсер еді. Осыны біле тұра, Кеңес үкіметі кезінен қалған сырқат — діннен алшақтап кеткен тарихшы ғалымдарымыздың бұл салаға әлі күнге үрке қарауы салдарынан шынайы тақырыппен айналысып  жүргендері сирек, тіпті байқалмайды. Бүгінге дейін арамызда сөз болып жүрген аз-кем табылған деректер ат үсті ұшырасқан жанама шежіре деректер мен аңыздар ғана. Ал діндар деген ғұламаларымыз басы ашық әңгіме аруақ-әулиелер туралы айтудан қорқады.

«Хорасанға» сырттай шырақ­шының бірі болып жүрген менің білетінім, алғаш 1995 жылы осында 100 қаралы үй тігіліп «Хорасан ата – Әбдіжалил бабтың» өмірден өткеніне 1100 жыл толуына орай арнайы ас беріліп, оған Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстандағы әулиенің ұрпақтары келіп қатысты. Осы ­жиында он үш ғасыр бойы сақталып келген Әзірет Әліден Хорасан Атаға мирас болған Ту сабының ұшар басына кигізер лауха сатылап келіп «Қожакент» ауылының тұрғыны Берден ақсақалға салтанатты түрде тапсырылды. Бұған дейін бұл лауха Ташкент облысының «Янги юль» ауылында тұратын Патша қожаның қолында болған. Лауханың жоғары жағында «Аллаху Ахад», одан төменірек «Әли» деген арабша жазу бар. Бұл лауханы Берден қажы өмірден өтер алдында Хорасан шырақшысына тапсырғанды мақұл көріпті. 2006 жылы Өзбекстанда тұратын Изатулла Шарапов бастаған әулие ұрпақтары биіктігі 14, ұзындығы 16, ені 8 метр әулие мүрдесі үстіне көтерілген қос күмбезді кесенені қайта жаңғыртты. Астанада тұратын, осы жердің тумасы Омар Жусанбаев пен ұлы Ғалымжан екеуі кесенеге Хиуадан 10 000 дана қаптама кірпіш жеткізіп, бұған қосымша 6 миллион қолма-қол теңгедей қаржы, шырақшыға «Джип» автокөлігін сыйға тартты. Ақтөбелік Төрехан Жәдігеров әулие бейітін қара мрамормен қаптат­ты. Жиын соңында – Жаңақорған ­ауданы орталығында Хорасан Атаның ­(… — 895) 1995 жылы өмірден өткеніне 1100 жыл толуы аталып өтті. ­Демек, ұйымдастырушыларда әулие хижраның 150 жылы өмірден өтті деген пәтуа болған. Бұлай пәтуа жасауға мына төменгі деректер негіз болса керек, бірінші;
Бабам Хорасан, келдім Арасан, ­Зиярат етейін деп ісімді сұрасаң.
Мүшкіл ішімні қылғайсың, әнсам Рахмет ете көр, бабам Хорасан
Атың дүр машһүр арзи самада, ­Тауап етей деп келдім пияда.
Үміт етіп мен қаушы рыжада ­Рахмет ете көр, Бабам Хорасан.
Аршының үстінде суффат құрар­сың, Әзіреті Хызыр да ұлпат болырсан.
Сексен шайхыны жанында көрдім Тоқсан шайхыны артыңда көрдім.
Қағба маһаллаңны алдыңда көрдім. Рахмет ете көр, бабам Хорасан.
Сұлтан Хұсайынның ұлы боларман Астанасының құлы боларман.
Шашым – сақалымның шыпта қыларман, Рахым ете көр бабам ­Хорасан.
Әлінің әулеті шери құдасан Келген бәлеге дәпі қыларсан.
Таңа Қажы Ахметке жары берарсан Рахмет ете көр, бабам Хорасан – деп әулиеден жалбарынып дәремет сұраған Ахмет Ясауидің жыры.
Ясауи – шежіреде Ысқақ баб­тың он үшінші ұрпағы, ал Ысқақ баб кезінде Хорасанның патшасы болған Әбу Мүсілімнің ұлы. Әбу Мүсілім Маруазидің құлағына азан шақырып қойған өз аты Абд ар-Рахман. Қолданыстағы шежіреде Абд әл-Қақһардың екі ұлы болған. Бірінің аты Абд ар-Рахман, екіншісінің аты Абд ар-Рахим. Өз кезегінде Абд ар-Рахманның да екі ұлы болды. Бірінің аты Ысқақ баб, екіншісінің аты Абд ұл-Жалил. Абд ар-Рахман өмірден өткен соң оның інісі Абд ар-Рахим екі інісі Ысқақ баб және Абд ұл-Жалил баб үшеуі VIII-ІХ ғасырда түрік тектес тайпаларға Ислам дінін сіңістіруге күш салған. Абд ар-Рахим Қашқарияда 30 жыл патшалық етіп Сатуқ Бұхрахан атанып, сол кездегі Қарлұқ-Қарахан Ислам мемлекетін басқарды. Бұхраханнан тараған ұрпақтар күні бүгінге дейін өздерін Имам Мұхаммед Ханафиядан тараған «Қарахандық қожалармыз» дейді. Тарихшылар – Садыр Ата, Баба Туклас осы Қарахандық қожалар әулетінен екендігін жеткізуде. Осы Бұхраханды кейінгі кезде Бурахан Ата, Қара Бура атаған. Мұның да жөні бар. Қара бура әулиенің Орта Азия мен Қазақстанда Ислам дінінің орнығуына елеулі ықпал еткеніне ешкім де күмән келтірмейді. Оның үстіне бүкіл Түркі әлемі өзіне пір тұтқан Ясауидің өзі өмірден қайтқанда жаназасын шығаруды осы кісіге ғана аманаттауы және оның үлкен қызы Әмбар бибіні ( Енібар бибі, құлағында қалы болған. Б.А.) өзінің ең сүйікті мүриді Хакім Ата Сүлеймен Бақырғаниге құда түсіп, некелеп қосуы қос әулиенің өз заманында бірімен-бірінің тығыз байланыста тіршілік кешкенін дәлелдейді. Қарахан Ата мүрдесі деген белгі қазіргі ескі Сауран қаласы маңындағы сахабалар қорымының ортасында тұр.
Екінші, Ысқақ бабтың інісі ­Хорасан Ата XIII ғасырдың екінші жартысында Сырдарияның төменгі ағысында құрылған Оғыз мемлекетінің негізін қалаған патшалығы тарихтан тағы мәлім.
Үшінші, ғалымдарымыздың зерт­теуінде Өзбек хан заманынан бері Аққорғандық қожа Саййид Ата Ұлы Жүздің, Қарахан қожалары Орта Жүздің пірі болса, Хорасан баб 25 таңбалы Кіші жүз Алшынға, Қарақалпақ және Түркімен руларына пір болған. Діни ұғымда пайғамбардың көзін көргендер сахаба, ал олардың көзін көргендерді – таумин, тауминдерді көріп жүздескендерді – баб деп атаған. Ал әулиелік атақ – тіршілігінде қаншама ғұлама, елден асқан данышпан, не әлем мойындаған патша болсын, өзі өмірден озған соң ғана қасиетіне орай берілетін Жаратушының сыйы.
Төртінші, Қазақ жеріне Исламның келуін ғахлия ғалымдарының бір тобы, Мүсілім бастаған араб әскерлері Күлтегін мен Соғдылықтардың біріккен күштерін Түркістан жерінде 712-713 жылы жеңіп, аз уақыт болсын Сайрам мен Тараз қалаларын өз қол астарында ұстаған кезден бастаса, екінші тобы 766 жылы Хорасаннан шегінген Ысқақ ат Түрік бастаған оппозициялық күштермен бірге исламның қасанийа-мүбаийдиана бағытын қабылдаған түрік билеушілері құрған Түркістан жеріндегі алғашқы Ислам мемлекетінен бастауда. Өз жеке басым осы екі тарихи датадан ертерек басталатын; «Түркілер Исламды пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тіршілікте өмір сүрген кезінен бастады» деген Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының тұжырымын мақұл көремін. Оған нақтылы дәлел Мұхаммед(с.ғ.с) пайғамбардың ­Ахмет Ясауиге жолдаған аманаты құрманы алып келген – пірмұған Арыстан баб пен оның нөкерлері Қарға баб, Лашын баб, Қышқыш баб. Бұған қосымша осы Жаңақорған ауданына қарасты Қаратау етегінде, «Домбы Атада» жатқан – дерегі бұдан 100 жыл бұрын хатқа түскен Құттықожа сахаба мүрдесі. «Қазақ шежіресі» кітабында кіші жүздіктер қазақты Аныс сахабадан таратады. Анысты айтқанда Нәзірұлы Ақкөсе мен Мәлік ауызға алынады. Мәліктен Аныс туылады. Құттықожа кезінде бұл маңға осы сахабалар тобын бастап басшы болып келген…
Бесінші, бұл ауданның жергілікті тұрғындары:
Бұрынғы өткен заманда,
Дін мұсылман аманда.
Жиделі Байсын жерінде,
Қоңыраттардың елінде
Байбөрі деген бай бопты… – деп басталатын «Алпамыс батыр» эпостық жырындағы әулие-баһадүр батырдың ұрпақтары. Жыр Байбөрі бабамыз бен Аналық анамыздың:
Әулиеге ат айтып,
Хорасанға қой айтып.
Қабыл болған тілегі,
Жарылғандай жүрегі, – деген жыр жолдарымен жалғаспаушы ма еді. Бұлай тәптіштеп көбірек айтып отырғаным ел болып жоғымызға иелік ету үшін алдағы уақытта да Хорасан әулие мен Алпамыс батыр арасын осылай біріктіре сөз еткеніміз мақұл. Бұл дерек алдымен Алпамысты кейінгі кезде: «Жиделі Байсын біздің жеріміз, Алпамыс біздің батырымыз» деп түбі бір түркілік идея мен туысқандықты ұмытып, өз еліне бұра тартып, алдымен астанасы Тәшкенде, соңынан Байсын қаласында батырдың 1000 жылдығын жеке иемденіп атап өтіп өзеуреп жүрген өзбек ағайынға тоқтау салу үшін керек болса, екіншіден ­Хорасан әулие есімі ең алдымен осы жыр арқылы ел есінде ғана емес, қазақтың тарихында да сақталып келгенін еске салу. Болмаса өзбек ағайындарда ру жоқ қой…
Жаңақорған – тарихта алдымен Алпамыстың әкесі Байбөрі, соңынан өзі басқарған кешегі қоңырат рулары мекен еткен Жиделі Байсын жерінің бір пұшпағы болса, екінші еске алар тағы бір дерек – Гүлбаршын. Гүлбаршын Алпамыстың жастай атастырып алған қалыңдығы. Мұны айтып отырғаным осы Жаңақорған маңында, кезінде республикалық дәрежедегі тарихи ескерткіштің бірі ретінде тіркеуге алынған Көккесене шаһары тұр. Орыны Төменарық станциясының солтүстік күншығысында 5 шақырым жерде, қазіргі Қожамберді ауылында. Бұл шаһар туралы кезінде академик Әлкей Марғұлан: «Оғыз елінің атақты бір қаласы – Баршынкент. Баршынкенттің тағы бір қызық тарихы ол қаланың оғыз елін басқарған жеті данышпан қыздың бірі – ­Баршын сұлуға арналып салынғандығы. Қазақтар ол қаланы бергі кезге дейін «Қыз қала» деп келді, демек қызға арнап салды дегенді мегзейді» («Ежелгі жыр, аңыздар», 196-197 беттер. «Жазушы» баспасы, 1985 жыл деп жазды. Ғұлама осы қаладағы Көккесене күмбезіне Гүлбаршынның жерленгенін де ескертеді. Алпамыс батыр кезінде қалыңдығын осы жерден тапқан. Жоғарыда осы Оғыз мемлекетінің негізін Хорасан патша қалағанын айтып өттік қой. Бұған қосарымыз таяуда өмірден өткен белгілі балалар жазушысы ­Адырбек Сопыбеков 2008 жылы жарық көрген «Жаңақорған» атты тарихнама еңбегінде Гүлбаршынның әкесі Қармыс байдың қазіргі Жаңақорған қыстағының түбіндегі «Өзгент» қаласында тіршілік еткенін жазса, өткен жылы Баршынкенттің «Өзгент» қаласының маңына орналасқан ескі тарихи картасын тауып, баспасөз бетінде сүйіншіледі.
Соңғы дерек 2007 жылы қараша айында жаңартылып қалпына келген «Хорасан Ата» кесенесінің қайта ашылу рәсімі өтіп, тағы да үлкен ас берілді. Аудандық мәдениет үйінде «Орта Азия мен Қазақстанға Исламның келуі және ондағы Хорасанның рөлі» деген тақырыпта аймақтық ғылыми-теориялық конференция өтті. Асқа арғы жағы Ақтөбе, бергі жағы Семейден мың қаралы жан бас қосты. Осы басқосуда ғалымдар Хорасан бабаның еліміздің ортағасырлық тарихындағы орны мен рөлі туралы деректерді нақтыландыру, сол ғасырдан көздің қарашығындай болып жеткен тарихи жәдігер әулие басындағы Қағба көшірмесін келер ұрпаққа аманттап тапсыру туралы нақтылы ұсыныстар айтқан.
Бұлай айтып отырғаным осы соңғы сөзге орай ортаға салар өзекті әңгіме бар. Бұл сөздің шетін осыдан үш жыл бұрынғы бас қосуда, Түркістанда Әзірет Сұлтан кесенесінде көп жылдар қызмет жасап, зейнеткерлікке шыққан Саян Шерментайұлы деген қария әулие зираты маңында көз алдымызда тұрған Қағбаның жәдігер көшірмесін төнген қауіптен қорғауға байланысты үнпарақ таратып, алаңдаушылығын білдірген.
Одан соң ентелей шығып сөз тізгінін алған аудан әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Ә.Төлегенов: «…Қазір елімізде Дін агенттігі ашылған. Облыстарда сол агенттіктің бөлімшелері жұмыс жасайды. Аудан осы басқару орындарымен тығыз байланыста. Бізге солардан арнайы тапсырма болады. Таяуда ғаламтор сайтының бірінде жарияланған: «Ислам әлемінде бір ғана Қағба бар, екінші Қағба болуы тиіс емес» деген сынға байланысты жоғары орындарға жауап беруіміз керек. Осындағы тұрған Қағбаның көшірмесін бұзып тастамасақ та, тым болмағанда түрін өзгертуіміз керек! Жиынға ауданның бас имамы Сейдулланы әдейі ертіп келдім» деді. Сол кезде аудан әкімшілігі атынан келіп сөйлеген азаматтың бұл сөзі баяғы отызыншы жылдардағы «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын!» ұранын көтерген шолақ белсенділердің сөзіндей көпшілік көңіліне қатты қаяу салған-ды.
Несін жасырамыз, әулие жанында тұрған тарихи жәдігер Қағба көшірмесіне діни басқарма тарапынан бақылау болмағандықтан, қазіргі кезде бақылаусыз кеткен бақсы көріпкел-құшынаштар осында келіп өздерінше жасырын қажылық рәсімдер өткізуге үгіттеп жүрген де болар. Оған тоқтау салу пәлендей қиын шаруа емес қой. Тіпті көне жәдігерді көзден таса етпеу үшін жанындағы сыңсыған қалың сексеуілден ашып, «бұл жерде жасалған қажылық қабыл болмайды» деп ескерту жазып қойса, жасырын рәсім-тірлік жасаушыларға оп оңай тоқтау салынбай ма? Оның үстіне қазір біздің елімізде қажылық жұмыс оңды жолға қойылған. Ол жерге есі дұрыс адам барып қажылық парызын өтемейді. Осылай сыпайы ғана түсіндіру орнына «шаш ал десе бас алатын» кейбір діндарлар «осы мешіттің бұлай тұруы шірік» деп пәтуа айтатын көрінеді. Бұл – дүмшелік. Шірік сөзі Құранда Аллаға теңеу қоспау үшін ғана айтылады. Алла – жалғыз, Алла – хақ! Меккедегі – Қағбаның өзі мешіт. Оған жабылатын жыл сайынғы алтын жіппен өрнектелген жамылғы «кисва» кейінгі жылдары ғана Қағбаға құрмет есебінде дін жанашырларының мақұлдауымен қалыптасқан. «Бұрын ондай болмаған, мынау кейіннен қосылған, шірік» деп осыған қарсыласып жатқан мұсылман бар ма? Тіпті Араб елшісі өз патшасының атынан осындай «кисваны» тарту етіп әкеліп президентімізге тартқанда ­Елбасымыз да, еліміздің халқы да үлкен мақтаныш, зор құрмет есебінде қабыл алған жоқ па. Осы көрініс қай Құранға жазылыпты. Бірақ бұл тарту заман ағымына сай өз жарасымдылығымен ел есінде қалар абырой болды. Алла Қағбаны салу арқылы «Жер әлемде мұсылмандар осындай мешіттер салып, оны таза ұстап, сол мешітте жамағат болып намаз оқысын» дегенді айтқан. Алла Тағала: «Ей, Мұхаммед!» деп Құранды түсіргенде, «Сенің міндетің – ескерт, өзіңе түскен Құранды насихаттау. Қалған жұмыс, айтқандарыңның қалай іске асуы – ол Жаратушының тірлігі» деп ескерткен емес пе. Ондай болса дін қожасы болып жүрген діндарларымыздың бұл дүмшелігі дінге жарасымсыз қимыл ма? Діннің иесі Алла болса, қожасы – «руым қожа, мен діннің қожасымын» деп жүргендер емес, мұсылмандар, діңгегінде діні барлар, дін жанашырлары. Мұнда зиярат етіп келетіндер бұл үйді ескіден жеткен тарихи жәдігер ретінде қызықтайды. Бұндай жәдігерді ұлт болып, ел болып сақтауымыз керек қой.

2004 жылдан бастап елімізде осындай уран өндірісімен айналысатын кәсіпорындардың әлеуметтік мәселесімен айналысатын «Демеу» қоры құрылған. Осы қормен жергілікті билік дұрыс жұмыс жасай білсе күні бүгінге дейін кеніш жанындағы елді мекен түгілі, аудан көлеміндегі біраз әлеуметтік мәселені шешіп алған болар еді. Жергілікті аудан басшыларының дәрменсіздігінен ондай қимыл көрініп отырған жоқ. Сондықтан әулиенің аты мен қойнындағы қазынасын пайдаланып отырған мекеме есебінен Хорасан Ата кесенесі басына ел ықыласы ауар, көрші Қармақшы ауданындағы «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» үлкен трассасы бойында Қорқыт Атаға салынған жаңа кешендей көрікті  ғимарат салуды міндеттеу керек. 

Асқа жиналғандар мен соңынан бас қосқан ақсақалдар әкімшілік маманының бұл түсінбестігіне жабыла басу айтты: «…Қазір – кейбір бетімен кеткен бейәдеп жандар ғаламторлық желілер де не жазбай жатыр. Мұндай негізсіз жазылған хабарға жауап жазу міндет те емес. Иманды сабырлылыққа салып, айтысып бет жыртыспай-ақ ғаламторды көрмеген болайық та, бұл мәселені бұдан былай жылы жауып қоя салайық…» деген пәтуаға келіскен. Бірақ бұл мәселе аталынған азамат тарапынан одан әрі жалғасын тауып жатыр деген соң, «Тарт қолыңды «Хорасан Ата» жанындағы Қағба көшірмесі тарихи жәдігерінен» деген менің БАҚ беттерінде жарық көрген мақалам сол кезде облыс әкімі атына жолданып, содан бір сәт сабыр тапқандай болған. Осы мәселе кешегі кездесуден кейін сол азамат тарапынан үлкен жиындарда: «Қағба жәдігеріне байланысты менің айтқан ұсынысымды ешкім қолдамай отыр» деп тағы да көтерілгенін естідім. Бұл енді ұят тірлік қой. Менің білетінім Елбасының тікелей жарлығымен құрылған «Дін істері және азаматтық қоғам туралы министрлігі» де дінге және оның ішкі жұмысына аралас­пайтын – елдегі тарихи жәдігерлерді жою емес, оны көздің қарашығындай сақтап қалуға мемлекет тарапынан қолдау жасап отыратын орын. Бұл ­бастама Елбасының: «…Енді Ислам тарапынан болатын мифтік қауіп-қатер туралы емес, Исламның өзін нақты қорғаудың қажеттілігін сөз ететін кез келді» деуінен туындаған. Ал пайымы аз мына азамат аузынан шыққан мұндай қаңқу сөзге уақтылы тоқтау салмаса, аяғы насырға шабуы мүмкін ғой. Бұлай айтып отырғаным әулие аруақты ашындыру аяғы ешқашан жақсылыққа соққан емес. Осы Хорасанның басында бұрын ­зияраттаушылар намаз оқитын көне мешіт болатын. Сол мешітті 1980 жылы аудан басшыларының қолшоқпары болып тапсырыспен өртеткен сол кездегі ферма және ауылдық кеңес басшыларының тағдыры қандай қиын жағдайға ұшырағанын жергілікті тұрғындар әлі күнге қиналып еске алады.
Біз қазір өз егемендігін алған мұсылман мемлекетіміз. Дін – аруақ жоқ деп айтпайды. Аруақ та өзіміз сияқты күні кеше тіршілік жасап өмірден өткен адам. Құранда айтылғандай аруақтың да алдында, артында қалған жазуы бар. Алдындағы жазуы деген Алланың жазып қойған өзі кешкен тағдыры болса, «артында қалған» деген сөз тіршілікте істеген қылықтарына байланысты өлгеннен соң да дәптеріне жазылып жатқан жазулары. Демек, аруақ тек жатқан жоқ, аруақ тірі сияқты, бірақ қызметі басқа. Олар – алмай бере алмайды. Алатыны – бізден дұға, беретіні – бізді жебеу. Аллаһ аруаққа «нәрді тірі арқылы беремін» деген. Тәңірге табынатын тірі бізбіз, барар жеріміз – Құран. Жер қойнауындағы байлығымыздың жер бетіне қопарылып көрініп шығып жатуының өзі содан, ол Құдайдың белгісі. «Қазына бітті» деп жатса патшаң өз сөзінде, ол қазына қазына емес, ол жиналатын дүние ғана. Аруағың шығып кетсе ештеңе жинай алмайсың деген сөз айтылады дінде.
Осы жерде «әулиенің сырттай шырақшысының бірімін» деген сөзімді дәлелдей түсейін. Осыдан 20 жыл бұрын, кезінде «Ақбаян» әнімен халықтың ыстық ықыласына бөленген аяулы досым, марқұм Бексұлтан Байкенжеевты ертіп осы «Хорасан әулие» жайлы арнайы телехабар дайындаған кезімде, бүгінде басы дауға түсіп отырған, осындағы Меккедегі Қағбаның шағын көшірмесі орнында сыңсыған қалың сексеуіл құшағында жасырынған, төрт бұрышты дуалдың тозып құлаған үйіндісі жатқан еді. «Хорасан Ата» тақырыбы мен түсірілген сол хабардың көшірмесі әлі күнге мұрағатымда сақтаулы тұр. Сол кезде лауха иесі Берден қария осы жәдігер Қағба көшірмесі кесенесінің құлаған үйінді топырағының өзін қызғыштай қорып, тарихи топырақтың әулиеге зиярат етіп келушілердің алып кетуімен таусылуға айналғанын, жәдігерді демеуші ­тауып ертерек қалпына келтіріп, қалған топырағын ішінде қалдыру керектігін шырылдап құлаққа сіңер әдемі иманды әңгіме етіп айтып берген еді. Ақсақалдың айтуы – осы Мауараннахр жерінде алғаш Ислам мемлекеттік дін болып қабылданғаннан кейін, мұсылмандықтың бесінші парызы қажылыққа баратындарға: «Қағба деген қандай қасиетті орын, ол қайда орналасқан, оған кімдер және қандай дайындықтармен бару керек?» ­деген сауалға нақтылы түсіндірме беру үшін, бұрынғы заманда дін орталығы болған осы бір киелі жерге қажылық сапар алдында соғып, шағын жәдігер маңында дайындық сабақтарын өткізген және қажылық сапарға да көбіне осы жерден аттанатын болған. Біз тарихын білетін кешегі Құнанбай сұлтан да 1874-76 жылы осындағы Қоңырат руының діндары Алысаймен бірге ниет етіп Меккеге қажылыққа осы жерден аттанған. Бұл бір дәйек болса, екінші дәлел Ясауидің жоғарыда келтірген ғазалында «Каабайи Мәккәні алдыңда көрдім» деген жол бұл жәдігердің Әзірет Сұлтан заманынан да бұрын келе жатқанын айтып тұрған жоқ па? Сондықтан өткен тарихтан жеткен мұндай санаулы жәдігерлерімізді көзіміздің қарашығындай сақтау баршаның абыройлы борышы екенін есте сақтағанымыз жөн.
Ендігі айтылар сөз 2007 жылдан ­бастап осы әулиенің аты мен қойнындағы байлығын өз білгендерінше пайдаланып жатқан «Қызылқұм», «Солтүстік Хорасан», «Хорасан-2» уран кен орындарында түпкі өнім саналатын «Сары кек» алып, оны уран тотығы – шала тотығына айналдыру жобасын жүзеге асыруда. Құрылтайшылары: «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, Energy Asia (B.V. I.) Limited (жапон энергетикалық компанияларының консорциумы), Ur Asia London Limited (канадалық Uranium one кәсіпорнының еншілес компаниясы). Уран өндірісінің пайдасы мен зиянын бізден гөрі жақсы білетін ғалымдарымыз кезінде өнім өндіруі өте қауіпті бұл саланы қолға алған жағдайда мемлекет қатаң бақылауда жұмыс жасауы керектігін ескерткен болатын. Аттарынан ат үркетін құрылтайшыларға қарап-ақ бұл кен орындары қазір кімнің еншісінде кеткенін ұғынуға болар. Аталынған кеніш орындары қазіргі уақытта жылына 5000 тонна уран алатын жобаға шығып отыр. Қазір құны жиі ауытқып тұрғанмен, бағасы артпаса кемімейтін уранның әлемдік нарықтағы құны шарықтап тұр. Солай бола тұра, осыншалықты қазынаны қалтасына басып отырған компа­ниялар –абайласаң пайда, абайламасаң апат келтірер, жұрт үрейін тудырып отырған бұл кеніштерден – ел қазынасына не түсіп жатқаны түгілі жәбір көріп отырған жергілікті тұрғындарға экологиялық зардаптан басқа не пайда түсіріп отырғанын ешкім толық білмейді. Аталынған дөкей мекемелер орталығы мен ­Хорасан әулие кесенесі орналасқан жердің аралығы небәрі 7-8 шақырым. Қазір уран өндіру үшін жердің қалың қыртысына енетін бұрғы осы әулие шекарасына да түсіп кетіпті. Соның салдарынан уран тасымалдайтын ауыр салмақты есепсіз автомашиналар қимылымен кеніш орналасқан жақтан келетін қара жол бұл күнде жеңіл машиналар аттап қадам баса алмас «тозақы жолға» айналған. Кезінде урандаы игеруге байланысты осы ­Хорасан кеніші жанындағы «Байкенже» елді мекенін тұтастай көшіру мәселесі көтеріліп, оған қаншама қаржы қажеттігі талқыға салынған. Сол мәселе бүгінде сөз күйінде қалды. Жергілікті тұрғындардың момындығын пайдаланып, ел де көшірілмеді, бөлінетін қаржы да ізім-қайым жоғалды. Тірлік сықпаттары жер қойнауындағы байлықты апыл-ғұпыл тонап күні ертең басқа жаққа кетіп қалатындардың қимылы сияқты. Ен далада ірі өндіріс қаласын салу ниеттері байқалмайды.
2004 жылдан бастап елімізде осындай уран өндірісімен айналысатын кәсіпорындардың әлеуметтік мәселесімен айналысатын «Демеу» қоры құрылған. Осы қормен жергілікті билік дұрыс жұмыс жасай білсе күні бүгінге дейін кеніш жанындағы елді мекен түгілі, аудан көлеміндегі біраз әлеуметтік мәселені шешіп алған болар еді. Жергілікті аудан басшыларының дәрменсіздігінен ондай қимыл көрініп отырған жоқ. Сондықтан әулиенің аты мен қойнындағы қазынасын пайдаланып отырған мекеме есебінен Хорасан Ата кесенесі басына ел ықыласы ауар, көрші Қармақшы ауданындағы «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» үлкен трассасы бойында Қорқыт Атаға салынған жаңа кешендей көрікті ғимарат салуды міндеттеу керек. Бұл кешенде еліміз үшін осы күнге дейін қолға алынбаған мешіттер мен әулиелер тарихын зерттейтін «Дін тарихы орталығы» музейін ашу өзінен-өзі сұранып тұр. Және 1980 жылы әдейі өртетіп жіберген мешітті қайта салып беру де иманды тірлік болар еді. Әулие маңынан Меккеге сапар түзеген керуеншілер ескерткішін орнатса тіптен Алланың разылығына бөленер еді. Бұлай жасау өткен тарихты нақтыландыру ғой.
Мұны айтып отырғанымыз мақала басында айтып өткеніміздей осы Хорасанмен бір түзудің ­бойында Қаратаудың етегінде ­«Дамбы Атада» Қазақстанға Ислам дінін алғаш жеткізуші Құттықожа сахабаның мүрдесі жатыр. Сахаба басына алматылық бизнесмен ­Майра ­Мажитова деген қарындасымыз жарқыраған мрамордан үйлестіріп белгі көтеріпті. Иманды қыз әруақтың рахымына бөленсін деп тілейік.
Сахаба – Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздан кейінгі діни тұлғаға берілетін атақ. Екі аралыққа бас аяғы 10 шақырым жерге қосымша асфальт төселсе бұл жол аудан орталығын кесіп өтер даңғылмен ұштасып Құттықожа сахаба – Хорасан баб, жолай Алпамыс батыр ескерткіші үстімен өтетін тарихи кешеннің басын біріктіретін имани жол болғалы тұр. Бұл орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы басшылары да осы ұсынысымызға өз тараптарынан қолдау көрсетер деп ойлаймыз.
Иә, қазір «Хорасан Ата» әулиенің жаны кішігірім өндірістік қалашыққа айнала бастады. Алла абырой беріп, әруақтар рухы қолдап жатса, кешегі қазақ даласындағы тоты құстай таранып «Тотықұс» қаласы атанған ­Хорасан Ата – Әбдіжалил бабтың сүйегі жатқан аралдың қайта дәуірлеу заманы басталып отырған сияқты. Киелі жер бұрынғы имани абыройы­на бөленер сәт қашық емес. Сол қаланың рухани орталығы бүгіннен бастап қолға алынып жатса еш артықтығы болмас. «Хорасан әулиеге» қолымызды созып, қолдау көрсетейік!

Бақтыбай АЙНАБЕКОВ,
жазушы




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *