«Екінші ұстаз» Әбу Насыр әл-Фараби еңбектерінің библиографиясы тағы бір жаңа қолжазбамен толықты

Отырарлық ұлы ғалым, ойшыл, кемеңгер Әбу Насыр әл-Фарабидің (870-950) мұрасы сан қырлы. Ғалымның мазмұнға бай жазба мұрасы алдымен қолжазба күйінде әлемге таралса, олардың кейбірі ортағасырлық араб тілді библиографиялық дереккөздерде еске алынып, кейбірі ғылымға латын және иврит тілдеріне аудармалары арқылы жетіп жатты. Кейін баспа ісі өмірге келуімен бірге, Батыс­та ХІХ ғасырдың соңын ала, Шығыста ХХ ғасырдың басында ғалым трактаттарының мәтіндері мен аудармаларының алғашқы нұсқаларымен қатар, оның шығармашылығы жайлы зерттеу еңбектер де басылып шыға бастады.
Өткен ғасырдың соңында араб ғалымы, белгілі фарабитанушы Ибраһим Мадкур (1924-2007) Әбу Насыр әл-Фараби туралы былай деген: «Қырық жыл тіпті одан да көп уақыттан бері Әбу Насыр әл-Фара­бимен бірге жасап келемін, бұл әрине, аз уақыт емес. Сол уақыт аралығында ғалым шығармашылығын аса зейінмен зерттедім. Сонда түсінгенім, оның оқу мен ізденуден бір сәт де қол үзбегені болса, заманы оны елеусіз қалдырып, бағасын беруде әділдік танытпаған екен. Ал, шығармалары белгісіз қолжазбалар күйінде дүниенің төрткүл бұрышында шашырап қалды» [1,5].
Ғалым сөзінің жаны бар. Олай дейтініміз, Әбу Насыр әл-Фарабиді ұстаз тұтқан бірі шығыстық, бірі батыстық екі ойшыл – Әбу Әли ибн Сина (990-1037) мен Мухаммед ибн Ахмад ибн Рушдтың (1126-1198) француз шығыстанушысы Диляс Олъири сөзімен айтқанда «еңбектеріндегі кез-келген идеялардың түпкілікті мәндік негіздері әл-Фарабидің ілімінде» [2,166] жатқанына қарамастан, олардың беделі ХІІ ғасырда, әсіресе Батыста, Әбу Насыр әл-Фарабиден анағұрлым ілгері кетті. Ғалым Ибраһим Мадкур: «…ибн Синаның философияға сіңірген еңбегі Екінші ұстаздың ислам философиясы саласында айтқан ойларын түсіндіруінде, оларды дамытуында, әл-Фарабиді танытуында» [1,7] болғанымен, Әбу Насыр әл-Фарабимен салыстырғанда ол «ХІ ғасырдан бастап ислам әлеміндегі философиялық зерттеулердің алдыңғы қатарынан көрінді, оның еңбектері көп оқытылып, сілтемелер көп келтірілетін, оның көзқарастарына түсіндірмелер жиі жазылатын еді», – дейді [1,8]. Ғалымдар Реале Дж. және Д.Антисери де «ХІ ғасырда өмір сүрген еуропалық теологтар мен ғалымдардың назарында аристотелизмнің алғашқы жүйелі негізін ұсынған… …олар барынша беделді деп санап кел­ген Әбу Әли ибн Сина Аристотель фи­лософиясына толыққанды, жалғыз ав­торлық түсініктеме беруші болды» [3, 120], – деп жазады. Әбу Насыр әл-Фарабидің кез-келген философиялық ілімінің зор ықпалында болып, ойшылдың эманация (файд) теориясын дәл сол күйінде қабылдаған Әбу Әли ибн Сина Батыста ортағасырдың өзінде-ақ, жеке мектебін қалыптастырып үлгерді. Ортағасырлық көпшілік христиан ойшылары, әсіресе Ұлы Альберт пен Р.Бэкон әл-Фарабидің еңбектерін түсінуде көбінесе ибн Синаның түсіндірмелеріне сүйенді деуге болады, нәтижесінде, ибн Синаның есімі күллі әлемге таралды.
Екінші ұстаздың пайғамбарлық (ан-нубуа) және байланыс (иттисал) туралы теорияларын мойындаған, оның себептілік немесе жасампаз себеп дәлелдеріне жүгінген, түптеп келгенде, ойшылдың бірсыпыра ой­ларының әсерінде қалған испандық фи­лософ ибн Рушд (Аверроэс) ортағасырлық латын тілді әдебиеттерде кеңінен танымал болды. Оның философиялық көзқарастары топтастырылған еңбектері өзі өмірден озғанына қырық жыл толмай жатып-ақ, латын тіліне түгелдей дерлік аударылып үлгерді деуге болады. «Ұлы комментатор» атағына ие болған ибн Рушдтың Аристотель еңбектеріне берген түсіндірмелері латындық еңбектерде әлі күнге дейін бағаланып келеді. «Шамамен үш ғасыр бойында – он төртінші ғасырдан он алтыншы ғасырға дейін – ибн Рушд пен оның ізбасарларының еңбектері жаппай оқытылып, көп зерттелді. Бір сөзбен айтқанда, рушдиялықтар өз ұстаз­дарының ілімін кеңінен таратты» [1, 9].
Кезінде тұңғыш қазақ фарабитанушы ғалымы Ақжан Машанов (1906-1997) дүниежүзіне үлгі болған ортағасырлық араб ғылымын жасауға зор үлес қосқан Орта Азия мен көне қазақ жерінен шыққан ғалымдардың ішінен Әбу Насыр әл-Фараби мұрасын іздестіріп, ғалымның ешқандай еңбегінің Қазақстанда жоқ екеніне көз жеткізген соң «…әл-Фараби мұрасы біздің қолымызда атымен жоқ болып шықты. Басқалардың аты да, заты да, еңбектері де бар, ал, әл-Фарабидің аты да заты да жоқ. Әбу Әли ибн Сина, Әбу Райхан әл-Бируни (973-1048) сияқты ірі ғалымдар әл-Фарабиді өзіне ұстаз тұтқан. Ал, олардың еңбектері көп томды болып шыққан. әл-Фарабиден ешнәрсе жоқ… басқа елдің ғалымдары білген әл-Фарабиді оның туған елінде отырған біз неге білмейміз?» [4, 47], – деген орынды сауал тастап, ұлы баба мұрасын іздестіріп, зерттеу ісін өзі бастап қолға алған еді…
Әлемнің әр түкпірінде басталған осындай игі бастамалардың нәтижесінде,ортағасырдың өзінде-ақ, шығармалары аударыла бастаған ғалым еңбектерінің ХІХ ғасырдың соңын ала алғашқы нұсқалары баспа бетін көріп, қазіргі таңда ғылымның барлық саласын дерлік қамтитын бірегей туындылары Орта және Таяу Шығыс, Еуропа, Қиыр Шығыс елдерінде сандаған тілдерге аударылып жарияланып, оның мұрасы мен ол туралы ғылыми-зерттеу еңбектер әлі күнге дейін жазылып келеді. Сан қырлы ғылым саласын философия мен логикадан тарата зерттеген ғалымның шығармашылық мұрасына арналған зерттеу еңбектер мен оның трактаттарының библиографиялық көр­сеткіштерінің өзі ғана бүгінде ғылымның әр саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарға таптырмас деректерге айналды. Ғылым тарихында Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен қолжазба мұрасы жайлы ең алғашқы деректанулық және библиографиялық сипаттағы еңбектер ортағасырлық араб тілді дереккөздер болып есептеледі. Ойшыл мұрасына зерттеу арнаған ғалымдардың көпшілігі олардың қатарында алдымен, Әбу Насыр әл-Фарабидің замандасы, араб тарихшысы Ибн ан-Надимнің (?-384 һижра) («әл-Фихрист»-«Тізімдер») [5] еңбегін атайды. Дегенмен, мұнда жылнамашы Әбу Насыр әл-Фарабидің бар болғаны жеті (7) еңбегінің ғана тізімін келтірген.
Ғалымның шыққан тегі мен еңбек­терінің санына қатысты маңызды бір де­ректі ортағасырда өмір сүрген (ХІІ-ХІІІ) Әбу-л Хасан әл-Қифти (1172-1227) жет­кізеді. Тарихшы өзінің атақты еңбегінде («Ихбару-л ‘улама’би ахбари-л хукама’»-«Ғалымдар тарихы»): «…философ әл-Фараби Мауа­раннаһрдағы түркі қалаларының бірі Фарабтан шыққан. Ол сөзсіз, мұсыл­мандардың философы. Иракқа барып, Бағдатта тұрақтады. Онда Йуханна ибн Хайланнан хикмет ілімін оқыды… оны терең меңгеріп, сол (хикмет) арқылы замандастарының алдына шықты. Ол логикалық кітаптарды зерттеп, оның түсініксіз тұстарына түсіндірме беріп, сырларын ашуда оларды (замандастарын — авторлар) басып озды… осы себептен де, оның еңбектері шексіз, жан-жақты әрі аса кемел болып жетті» [6, 55], –деп жазып, Әбу Насыр әл-Фарабидің «Дәлел» кітабынан («Китабу-л бурһан») бастап, «Хабарлардан үзінді бөлімдер» («Әл-фусулу әл-мунтаза‘ату мин әл-ахбар») шығармасымен аяқталған жетпіс төрт (74) еңбегінің тізімін береді. Араб зерттеушісі Йақут әл-Хамауи әр-Руми (1178-1229) «Му‘жам әл-булдан» («Елдер туралы сөздік») еңбегінде былай деп жазады: «Әбу Наср Мухаммад ибн Мухаммад әл-Фараби хакім, философ, фалсафа өнері туралы шығармалардың иесі» [7, 11].
Әбу Насыр әл-Фараби туралы жазылған келесі бір араб тілді еңбектің авторы ХІІІ ғасырда өмір сүрген араб жазушысы әрі тарихшы, Ибн Халликан есімімен танымал болған Ахмад ибн Мухаммад ибн Ибраһим Ибн Халликан (1211-1282) еді. Ортағасырлық жылнамашы «Уфайату-л а‘йан уаан­ба’’абна’иаз-заман» («Ұлы адамдардың қа­за­сы және заманының ұлдары жайлы мағ­лұматтар туралы кітап») атты еңбегінде: «…әл-Фараби ат-түрки, мәшһүр хакім. Ол логика, музыка және басқа да ғылымдар бойынша шығармалардың авторы. Сондай-ақ, мұсылман философтарының ең үлкені.Олардың ішінен оның өнердегі дәрежесіндей дәрежеге жеткендері болмаған» [8, 230], – дейді. Еңбегінде Отырарлық ғұламаның негізгі трактаттарының атауын берген араб тарихшысы Омар Рида Каххала (1905-1987).Ол өзінің «Му‘жам әлму’аллифин» («Авторлар туралы сөздік») атты кітабында ғалымның «…көп шығармаларынан: «Қайы­рымды қала тұрғындарының көз­қарас­тары», «Музыка өнеріне кіріспе», «Ғы­лымдар классификациясы және олардың мақ­саттарын түсіндіру», «Логика іліміне кіріспе», «Бақытқа жету» еңбектерін» атайды [9, 65].Омар РидаКаххала осы аталған еңбегінде «Ибн Әби Адаса«Фи мифтах ас-са‘ада» («Бақыттың кілті») атты кітабында Әбу Насыр әл-Фарабидің «кітаптары мен трактаттарынан тұратын шығармаларының саны жетпіс (70)» деп жазады» [9, 65] деген мәлімет бере кетеді. Бұдан өзге, Ахмад ибн әл-Құртубидің (ХІ ғ.) еңбегінде («Китаб табақату-л умам»-«Ұлыстар кітабы») ғалымның төрт (4), Ибн Аби Усайби‘аның (1203-1270) «‘Уйуну-л анба ’фи табақати-л атиба’» сында («Дәрігер топтары жайлы жаңалықтардың қайнар көзі») жүз он үш (113) шығармасының атауы кездеседі. Ғалым еңбектерінің библиографиялық көрсеткішінің қатарын ХІХ ғасырдың ортасынан бастап ойшыл мұрасын жүйелі түрде зерттеуді қолға алған ғалымдардың еңбектері толықтыра түсті. «…ХІХ ғасырдың ортасынан бастап оның еңбектеріне қатысты зерттеу сипатындағы жұмыстар қолға алына бастады… ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың басындағы фарабитануға қосылған үлес дегенде, ең алдымен, неміс шығыстанушылары мен философия тарихшыларының орасан зор еңбегін ерекше атап өткен жөн» [10, 56].
Неміс ғалымы Морис Штейншнейдер (1816-1907) 1869 жылы Петербург академиясы жарыққа шығарған «әл-Фараби» [11] атты еңбегін жариялайды. Ғалымның бұл еңбегі Әбу Насыр әл-Фараби туралы ең алғашқы арнайы әрі біршама көлемді жұмыс болды. Автор бұл еңбегінде ойшылдың жүз он жеті (117) қолжазбасын анықтағанын жазады. Еуропа әдебиетіндегі Әбу Насыр әл-Фараби мұрасын зерттеуге арналған келесі еңбекті неміс арабтанушысы, ірі философия тарихшысы Фридрих Дитерици (1821-1907) жариялады. Ол 1890 жылы әл-Фарабидің араб тіліндегі бірқатар философиялық трактаттарының мәтінін жарыққа шығарды. Фридрих Дитерици батыс ориенталистикасында алғаш рет фарабитанудағы мәтінтанулық және аударма жұмыстарын енгізді деп айтуға болады. Оның басшылығымен, 1892 жылы Әбу Насыр әл-Фарабидің сегіз (8) трактатының неміс тіліндегі аудармасы басылып шықса [12], 1895 және 1904 жылдары ғалымның атақты «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» еңбегі мен «Азаматтық саясат» трактаты неміс тілінде сөйледі [13]. Екі ғалымның Әбу Насыр әл-Фараби мұрасына деген үлкен ізденістерінің арқасында ол «…шынымен де, ортағасырлық арабтілді философия тарихындағы көрнекті тұлғаға айналды»[10, 58].
Әлемдік фарабитану ғылымында Әбу Насыр әл-Фарабидің шығармашылық мұрасына арналған ең алғашқы библио­графиялық көрсеткіш америкалық ғалым Николас Решердің (Nicholas Rescher,1928, 15-july) «әл-Фараби: аннотациялы библиография» («аl-Farabi: an Annoteted Bibliography») [14] атты еңбегі деп айтуға болады. Кітап 1962 жылы Питсбургте басылып шықты. Н.Решердің бұл еңбегі ХVІІ ғасырдан бастап ХХ ғасырдың ор­тасына дейінгі аралықта жарық көрген әл-Фарабиге қатысты зерттеулер енген тұңғыш еңбек болды.
Ғылымда Шығыстағы Әбу Насыр әл-Фараби шығармашылығына қатысты іргелі зерттеулердің жемісті жылдарын ХХ ғасырдың ортасымен белгілейді. Сол жылдары Шығыстың рухани мәдениетінің тарихына, соның ішінде әл-Фарабидің жазба мұрасына байланысты көптеген ғылыми-зерттеу еңбектер өмірге келді. Араб философы, ірі ғалым Ибраһим Мадкурдың (1902-1996) Әбу Насыр әл-Фараби мұрасын зерттеуге қосқан үлесі орасан зор. Оның «Мұсылман философиясындағы әл-Фарабидің орны» («La place d’al-Farabi dans l’ecole philosophique Musulmane», Paris, 1934) [15] деген монографиясы мен өткен ғасырдың ортасында ғалымның 1000 жылдық мерейтойы қарсаңында құрастырған«Әбу Наср әл-Фараби фи-з зикр әл-алфиа ли уафатиһи» («Әбу Насыр әл-Фараби өмірден өткеніне 1000 жыл. Каир, 1983») [1] атты естелік-кітабы әлемдік фарабитануға қо­сылған іргелі зерттеулер.
Көрнекті ғалым М. Хайруллаев (1931-2002) араб фарабитанушысының аталған монографиясын Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектеріне арналған ең алғашқы арнайы әрі терең философиялық зерттеу еді деп баға береді [10, 45]. 1983 жылы жарық көрген жоғарыда аталған естелік-еңбекте ғалым Ибраһим Мадкур өз еліндегі Әбу Насыр әл-Фараби мұраларын зерттеудің үш түрлі бағытын ұсынған: «…алдымен, философымыздың кейбір қырларын аша түсетін осы естелік-кітапты жа­рық­қа шығару, екіншіден, әл-Фараби қол­жазбалары туралы библиографиялық зерттеулерді жаңғырту, үшіншіден, әл-Фараби шығармаларын ғылыми әрі толыққанды түрде жариялауды қолға алу» [1, 9]. Сонымен қатар, кітаптағы «әл-Фараби уа әл-мусталах әл-фалсафи» («әл-Фараби және философиялық термин»), «әл-Фараби әл-муаффиқ уа аш-шарих» («әл-Фараби ортақтастырушы жән комментатор»), «әл-Фараби шарих Аристу» («әл-Фараби Аристотель комментаторы»), «әл-Фараби уа ат-тауфиқ» («әл-Фараби және бірлік»), «Ат-тауфиқ байна ад-дин уа ал-фалсафа ‘айнда әл-Фараби» («әл-Фарабидегі дін мен философия бірлігі жайында»), «әл-Фараби уа нузум әл-хукми фи-л қарни-л ‘ишрин» («әл-Фараби және ХХ ғасырдағы билік ету жүйелері»), «әл-Фараби фи фикри әл-латини әбан әл-қуруни уста» («Орта ғасырлар кезеңіндегі латындық ойдағы әл-Фараби») атты зерттеулердің маңызы ерекше. Араб текті ірі америкалық ғалым Мұхсин Махди (1924-2007) әлемдік фарабитану ғылымында тарихи, философиялық деректану және мәтінтану саласын біршама ілгерлетіп, мұсылман текті ғалымдардың философиялық мұраларын жинау, түгендеу, еліне алу жолында толассыз еңбек етті. Ол әлемнің түрлі елдерінде болып, ортағасырлық араб-мұсылман мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан араб ғұламаларының шығармаларымен қатар, отандасымыз Әбу Насыр әл-Фарабидің жарық көрмеген бірқатар еңбектері мен аракідік баспа бетін көрген кейбір туындыларының қолжазбаларын ойшылдың өмір сүрген ортасы араб елдеріне қайтарған ғалым. Оның басшылығымен, Бейрут қаласында әр жылдары ғалымның «Фалсафа Аристуталис» («Аристотель философиясы») (1961), «Китабу-л милла уа нусус ухра» («Дін кітабы және өзге де мәтіндер») (1968), «Китабу-л әлфаз әл-муста‘милә фи-л мантиқ» («Логикада қолданылатын сөздер кітабы» (1968) және «Китабу-л хуруф» («Әріптер кітабы») (1970), «Китаб әл-уахид уа әл-уахда» («Бір және бірлік кітабы») (1989) еңбектері баспа бетін көрді.
Ғалым Мұхсин Махдидің салмақты зерттеулерінің нәтижесінде, сол жылдары әлемдік фарабитануға Отырар ойшылының бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған «Китабу-л милла» («Дін кітабы»), «Фусул мабади ’ара ’’аһл әл-мадинати әл-фадила» («Қайырымды қала тұрғындары көзқарастарының негіздері бөлімдері»), «Фи-л ‘илми-л мадани уа‘илми-л фиқһ уа‘илми-л калам» («Азаматтық ілім, фиқһ ілімі және кәләм ілімінде»), «Ду‘а’‘ азим» («Ұлы дұға») және «Мин әл ’аси’лати-ллами‘ати уа-л ’ажуибати-л жами‘ати» («Жарқыраған сұрақтар мен толымды жауаптардан») атты шығармалары мен ғалымның «Фусул мунтаза‘а» («Үзінді бөлімдер») трактатының ғылымға белгісіз бірнеше қолжазбалары (Файдалла нұс­қасы,Стамбул, Милет кітапханасы, №1279; Стамбул, Дияр Бакр нұсқасы, №1970; Те­геран нұсқасы, Иран, Тегеран университеті, Иләһиәт факультетінің кітапханасы, №795) келіп қосылды. Солардың ішінде, отандық фарабитануда Әбу Насыр әл-Фарабидің «Ұлы дұға», «Жарқыраған сұрақтар мен толымды жауаптардан» [16] трактаттары түпнұсқадан тікелей аударылып, қазақ тілінде алғаш рет жарияланды. Бұдан өзге, Әбу Насыр әл-Фараби философиясының ғылыми мазмұнын аша түсетін араб ғалымы, профессор Мұстафа Ғалибтің «әл-Фараби» (1998) [17] атты еңбегінің үлесі зор. «Философиялық зерттеулер» сериясының алғашқы томы ретінде жарық көрген бұл еңбекте ғалым Отырарлық ғұламаның өмірінен бастап, оның шығармашылығындағы саяси-әлеуметтік («Ра’ис әл-мадинати әл-фадила» — «Қайырымды қала басшысы», «Хисал ра’ис әл-мадинати әл-фадила» — «Қайырымды қала басшысының қасиеттері», «Әл-мудун әл-жаһилийә ‘айнда әл-Фараби» — «әл-Фарабидегі надан қалалар») діни-философиялық («Әл-илаһиат ‘айнда әл-Фараби»- «әл-Фарабидегі иләһиәт», «Әл-файд уа-л уқул әл-ибда’иә ‘айнда әл-Фараби» — «әл-Фарабидегі файд және жасампаз ақыл», «Ән-нафс ‘айнда әл-Фараби» — «әл-Фарабидегі «жан» мәселесі», «Ма‘ани ‘ақл ‘айнда әл-Фараби» — «әл-Фарабидегі ақыл мағыналары», «Мазһаб әл-Фараби уа фалсафатиһи» — «әл-Фараби мазһабы және оның философиясы», «Әл-маса’ил ат-таби‘а» — «Табиғат мәселелері») мәселелерді кеңінен қамтуға тырысқан.
Таяу Шығыста Әбу Насыр әл-Фараби еңбектерінің библиографиялық көрсеткішін Хайдарабадтағы «Осман энциклопедиялық» жинағы жариялады. 1973 жылы жарыққа шыққан «Әл-қа’имату-л жадидату ли-матбу‘ати-л арабиати» («Араб тіліндегі басылымдардың жаңа тізімі») атты зерттеуде Әбу Насыр әл-Фарабидің бірқатар еңбектерінің атауы кездеседі [18]. Сондай-ақ, ХХ ғасырдағы белгілі ирандық ғалым Деххудо «Лугатнамэ» (1946) [19] деген ең­бегінде Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығы туралы баяндап, ғалымның жүз тоғыз (109) еңбегінің тізімін береді. Араб елдеріндегі Әбу Насыр әл-Фа­раби шығармаларының библиографиялық көрсеткіші 1975 жылы жарыққа шықты деуге болады. Бағдад қаласындағы Әдебиет пен өнерді қолдаудың Жоғары кеңесіне қарайтын Философиялық және әлеуметтану комиссиясының қолдауымен әл-Фараби есіміне арналған фестиваль (1975) өтті. Осы шараға орай, ирақтық профессор-ғалымдар Хусейн Әли Махфуз және Жағфар әл-Йасин Әбу Насыр әл-Фараби шығармаларына арналған 500 беттен тұратын ірі көлемді «Му’аллафат әл-Фараби»(«әл-Фараби шығармалары») [20] атты зерттеу еңбек жариялады. Бұл жинаққа ғалым еңбектерінің классикалық дереккөздердегі орны мен әлем тілдеріне аударылған нұсқаларының атауы, сондай-ақ, ғалым трактаттарының біршама толық тізімдері енді.
Әбу Насыр әл-Фараби мұрасының Таяу және Орта Шығыста зерттелуін әдістемелік жағынан өзгеше өрбіткен түрік ғалымдарының ішінде Ахмед Атештің еңбегі орасан. Ол 1951 жылы Стамбул қаласында әл-Фарабидің 1000 жылдық мерейтойына арнап Түрік тарих құрымы ұйымдастырған бюллетеньде «Фараби шығармаларының библиографиясы» («Fârâbî “nin Eserlerinin Bibliyografyası») [21] атты баяндама жасайды. Ғалым А. Атеш аталмыш зерттеуінде Әбу Насыр әл-Фа­рабидің жүз алпыс (160) шығар­масының тізімін көрсетеді. Ойшыл шығар­ма­ларының қолжазбаларымен қатар, баспа бетін көрген еңбектері мен түсіндірмелері және аударылған туындыларының атауы енген біршама көлемді көрсеткішті ан­каралық ғалымдар Мужган Гумбүр-Ис­мет пен Бинарк-Нежат Сефержиоғлу әзір­леді. «әл-Фараби библиографиясы» («Fârâbî Bibliyografyası»,1973)[22] атты библиографиялық-еңбекте ғалымның ғылыми өмірі мен оның еңбектері жайын­да жазылған зерттеулерге де орын бе­рілген. Ғалым мұрасына арналған «Фараби библиографиясына кейбір қосым­шалар» («Fârâbî Bibliyografyası “na Bazı İlâveler», 1987) [23] деген көрсеткіш түрік тіліндегі ойшыл библиографиясының қа­тарын то­лықтыра түскен еңбек болды. Мұнда көбінесе Әбу Насыр әл-Фараби туралы Түр­кияда жарық көрген зерттеу еңбектердің тізімі көрсетілген.
Әлемдік фарабитану ғылымындағы Әбу Насыр әл-Фараби туралы библиографиялық еңбектердің қатарын ресейлік ғалымдардың зерттеулері толықтырды.Ғалым шығарма­шылығына қатысты алғашқы мәлімет беру­шілердің бірі көрнекті шығыстанушы В.В.Бартольд (1869-1930) [24] болды. Ол Әбу Али ибн Сина, Әбу Райхан әл-Бируни және Әбу Насыр әл-Фарабиді ортаазиялық ұлы ойшылдар ретінде бағалай отырып, Әбу Насырдың өмір тарихына қатысты бірқатар мәліметтер береді. Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығы туралы келесі бір мәліметті беретін орыс шы­ғыстанушысы Е.Э.Бертельс (1980-1957) [25] зерттеуі. Ғалымның «История персидско-таджикской литературы» атты еңбегінде ортағасырлық Орта Азия мен Ирандағы тарихи идеологияға әл-Фараби ілімінің еткен әсері сипатталады. Ғалым С.Н.Григорянның «Из истории Средней Азии и Ирана VІІ-ХІІ вв.», «Избранные произведения мыслителей стран Ближнего и Среднего Востока» [26]еңбектерінде Әбу Насыр әл-Фарабидің шығармашылығындағы қоғамдық-философиялық ойлардың алғышарттары мен даму жолдары қарастырылған. Ресей ғылымындағы Әбу Насыр әл-Фараби туралы ең алғашқы библиографиялық көрсеткіш 1970 жылы жарыққа шықты [27].Алайда, Санкт-Петербургтегі М.Е. Салтыков-Щедрин атындағы Мемлекеттік кітапхананың анық­тамалық-библиографиялық бөлімі жасаған көрсеткіште ғалым еңбектерінің бар болғаны он үш (13) атауы ғана енген.
Түркі халықтарының арасында Әбу Насыр әл-Фараби шығармашылығы жайлы зерттеулердің үлкен бір бөлігі Өзбекстандық ғалымдарға тиесілі. Өзбек ғалымы Мұзафар Хайруллаев (1931-2002) «Об изучении научного наследия Абу Насра Фараби в Уз­бекистане» (1961), «Форобий ва унинг фалсафий рисололари» (1963), «Абу Наср аль-Фараби» (1965), «Мировоззрение Фараби и его значение в истории философии» (1967) [10] сынды іргелі зерттеу еңбектерінің соңғысында ғалым трактаттары мен оның шығармашылығы жайлы түрлі тілде жарық көрген екі жүздей (200) ғылыми мақа­лалардың тізімін енгізген. Сондай-ақ, 1973 жылы «Өзбекстандағы қоғамдық ғы­лымдар» журналында (№6) «Әбу Насыр әл-Фараби туралы Кеңес уақытындағы әде­биеттерінің нұсқағышы» [28] жарияланды. Отырардан шыққан ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми мұрасының өз Отаны – Қазақстанда зерттелуі ірі ғалым, тұңғыш фарабитанушы Ақжан Машанов есімімен тікелей байланысты. Сонау ХХ ғасырдың 58-60-жылдары әл-Фарабидің туған елінен ғалымның бай мұрасынан ештеңе таба алмаған зерттеуші Ақжан Машанов кеңес кезіндегі түрлі кедергілерге қарамастан,басқа қалалардан, одан кейін шет елдерден ғалым еңбектерін іздестіруді қолға алады.Алдымен, Москва мен Ленинград кітапханаларының Шығыс бөлімдері библиографиялық көрсеткіштерін пайдаланып, Әбу Насыр әл-Фарабидің неміс, ағылшын, түрік тіліндегі төрт (4) еңбегінің библиографиясын табады.Осылайша, 1962 жылы Қазақстанда алғаш рет әл-Фарабидің «Философияны үйрену үшін оның алдында нені білу керек» деген трактаты қазақ тілінде жарық көрді[29]. Осыдан кейін ғалым Ташкент, Уфа, Қазан қалаларында болып, әл-Фарабидің неміс, араб тілінде жарық көрген он екі (12) еңбегінің нұсқаларына қол жеткізеді. Бұдан кейін ғалым Әбу Насыр әл-Фараби еңбектері көп сақталған Еуропа мен Таяу Шығыс елдеріне дейін шығып, түрлі кітапханалар мен кітапхана қорларынан баба мирасының түрлі басылым-нұсқаларын еліне қайтаруға орасан зор үлес қосты.
Ғалым А.Машанов ойшылдың энциклопедиялық мұрасын зерттеу барысында көптеген ғылыми зерттеу еңбектерді жарыққа шығарды. Әсіресе, оның «әл-Фараби және Абай» атты кітабының маңызы ерекше. Сондай-ақ, ғалым «әл-Фараби және ислам», «әл-Фараби, Кеплер, Галилей және ислам тағылымы», «Әбу Насыр әл-Фараби – мұсылман хакімі» атты зерттеу мақалаларында ойшылдың діни қағидалармен астасқан космогониялық ілімін қазіргі ғылыммен сабақтастыра отырып түсіндіреді. А.Машановтың сабақтастық принципі аясында жазылған бұл зерттеу мақалалары отандық ғылымдағы Әбу Насыр әл-Фарабидің нұрнамалық іліміне қатысты математикалық зерттеулердің көшбасшысы болып саналады. Кейінгі ізденушілер еңбектерінде дамытылған ғалым А.Машановтың бұл тұжырымдары өз кезегінде тұғырнамалық міндет атқарды.
Әбу Насыр мұрасының библиографиялық көрсеткішін құрастыру ісі Қазақтанда ХХ ғасырдың ортасында қолға алына бастады. Алғаш рет отандық ғалым Қ.Жарықбаев 1975 жылы «Қазақстан мектебі» журналының 11-санында «Әбу Насыр әл-Фараби туралы қазақ тіліндегі әдебиеттердің библио­гра­фиялық көрсеткішін» [30] жариялап, ға­лым­ның қазақ тіліне аударылған еңбектері мен ол туралы қазақ тіліндегі зерттеулерден тұратын 157 әдебиеттің тізімін береді. Бұдан кейін 1995 жылы автордың «әл-Фараби (870-950)» атты қазақ, орыс тілдеріндегі екінші библиографиялық көрсеткіш еңбегі жарияланды. Қазақстан республикасы тәуелсіздігінің 20-жылдығы, сондай-ақ, оқы­­мысты-энциклопедист ғалым есімінің Қа­зақ Ұлттық университетіне берілуінің 20 жыл­дығына арнап 2012 жылы «Әбу Насыр әл-Фараби (870-950)» [27] атты биб­лио­графиялық көрсеткіш жарыққа шықты. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрген бұл еңбек Шығыстың ұлы ойшылының ғылыми мұрасына арналған толық көрсеткіш болып табылады. Мұнда ғалым туралы шет тілін­де жарияланған мақалалар мен ТМД ел­де­рінің және қазақстандық ғалымдардың диссертациялары мен авторефераттарының тізімі енгізілген.
Қазақстандық шығыстану ғылымының көшбасшысы, ойшылдың ғылыми мұра­ларының бірден-бір зерттеушісі, отан­дық филологиялық деректану саласының белді маманы, профессор Әбсаттар Дербісәлі өзінің негізгі ғылыми-зерттеулерімен қатар, көне қазақ даласының ұлы перзенті Әбу Насыр әл-Фараби туралы ортағасырлық араб тілді жазба жәдігерліктерді іздеп, тауып, аударып, «әл-Фарабидің эстетикасы» (1980), «Шыңырау бұлақтар» (1982), «Қазақ даласының жұлдыздары»(1995) сынды іргелі зерттеу еңбектер жазған ғалым. Ол Әбу Насыр әл-Фарабидің «Өлең өнерінің қағидалары туралы трактатын» (1975) тұңғыш рет қазақ тіліне аударып, ғылыми айналымға енгізді. Ғалым Ә.Дербісәлі Отырар ойшылы туралы алғашқы дерек­көздер саналатын ортағасырлық араб тіл­ді жылнама-еңбектерден (Захир ад-Дин Әбу-л Хасан әл-Байһақи (1099-1170) «Таттимай суану л-хикма» («Даналық сөздерге толықтырма»); Ибн Сайдәл-Қифти(1167-1148) «Ихбару-л ‘улама’би ахбари-л хукама’»(«Ғалымдар тарихы»);Ибн Халликан (1211-1282) «Уфайату-л а‘йан уа анба’’абна’ иаз-заман»(«Ұлы адамдардың қазасы және заманының ұлдары жайлы мағұлматтар туралы кітап»); Ибн Аби Усайби‘а (1203-1270) «‘Уйуну-л анба ’ фи табақати-л атиба’»(«Дәрігер топтары жайлы жаңалықтардың қайнар көзі»)ғалымның туған өлкесі мен өмірі туралы тарихи құнды деректерді қазақ оқыр­ман­дарына қазақ тілінде таныстырған тұң­ғыш арабтанушы. Сонымен қатар, ғалым Ә.Дер­бісәлі көне қала Отырарда туып-өсіп, мұраларын араб тілінде жазған әл-Фараби есімді өзге де ғалымдардың бар екенін анықтап, олар туралы тарихи, филологиялық зерттеулерін үнемі жариялап келеді. Қазіргі таңда ғалым зерттеулері бір ғана Отырардың өзінен әртүрлі ғылым, білім, мәдениет пен дін салаларының өкілдері болған отыз майталманның шыққанын көрсетіп отыр. Ал6 қазақ жеріндегі ортағасырлық мәдени, ғылыми, рухани орталықтар бол­ған Отырар, Сүткент, Түркістан, Сауран, Сығанақ, Баршынкент, Жент, Исфиджаб-Сайрам, Тараз, Баласағұн сынды тарихи қала­лардан шығып, өз мұраларын араб, парсы тіл­дерінде жазып қалдырған ғұламалар мен олар­дың жазба жәдігерліктері туралы жазған шы­ғыс­танушы ғалым Ә.Дербісәлінің құнды зерттеулері ұлттық әдебиетіміздің тарихын байыта түскен өлшеусіз туындылар.
Қайраткер ғалымның жан-жақты, зерделі ізденістерінің нәтижесінде Оты­рарлық ғұлама Әбу Насыр әл-Фа­ра­­бидің тек арабша ғана емес, түрік, ағыл­шын, француз тілдерінде жазылған жиырма бес (25) еңбегін Түркияның түрлі кітапханаларынан тапқанын ерекше атап өткен жөн. Ғалым «Түркиядағы жазба жәдігерліктеріміз» атты аса құнды мақаласында Түркия кітапханалары мен қолжазба қорларына сүйеніп Әбу Насыр әл-Фарабидің 100-ден астам еңбектерінің атын келтіріп, ғалымның «…өмірі мен шығармаларына арналған әлемдік деңгейдегі бір ізді, біртұтас, толыққанды библиография әлі еш жерде, ешқандай елде жасалған емес» [31, 23] деген еді. Ғалым Ә.Дербісәлі 2014 жылдың қазан айында Испания Корольдігінде арнайы іс-сапарда болып, Марокко мен Испания кітапханаларынан еліміздің тарихына қатысты құнды құжаттарға қол жеткізді. Со­лар­дың қатарында, арабтанушы ғалымның Эскуриал кітапханасынан ұлы бабамыз Әбу Насыр әл-Фарабидің теріге жазылған он (10) трактатының қолжазбасын тауып, Отанына оралтуы үлкен оқиға болды. Ол трактаттардың атауы төмендегідей:
1) «Китаб та‘лиқ исагуджи ала фурфурис», 2) «Ард әби Наср фи китаб Бариирминийас», 3) «Китаб әл-ибара», 4) «Китаб әби Наср фи-л қийас», 5) «Иртийас фи китаб ат-тахлил»,6) «Калам ала аууал китаб әл-бурһан ли Әби Бакр бин Йахиа», 7) «Қаул әби Бәкр Мұхаммед бин Йахия китаб әл-Бурһан», 8) «Шарх Садр әл-мақала әл-аууал мин китаб Иқлидис ли Абу Наср Мұхаммед бин Мұхаммед әл-Фараби», 9) «Шарх әл-мақала әл-хамис минһу ли Аби Наср айдан», 10) «Китаб әл-мақулат»[32, 23]. Қазіргі таңда Әбу Насыр әл-Фараби еңбектерінің тізіміне қатысты ең көп таралған сан – жүз елу (150) мен екі жүздің (200) арасын құрап отыр. Ал, шын мәнінде, Отырарлық бабамыздың жазба мұрасының саны бұдан да көп болуы әбден ықтимал. Себебі, оның құнды жазбаларының біразы жоғалып, біздің заманымызға дейін жетпеді. Кейбірі әлі күнге дейін бізге беймәлім әртүрлі жеке, мемлекеттік мұрағаттарда, музейлерде, кітапханаларда т.б. жерлерде сақтаулы.
Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылымға белгісіз осындай бір жазба мұрасының қолжазбасы Мысыр Араб Республикасының Каир қаласындағы Араб қолжазбалары институтының (The Institute of Arabic Manuscripts) кітапхана қорынан табылды. Қорда Әбу Насыр әл-Фарабидің «әл-Мау‘иза» (“الموعظة”) (№382) атты трактаты микрофильм түрінде сақталған екен. Аталған қолжазба араб каллиграфиясы өнерінің классикалық бір түрі насх жазуымен көшірілген. Көлемі – 13×18 см, бет саны – 32, әр бет 14-15 қатардан тұрады. Қолжазба нұсқаның көшірілген мерзімі – һижра жыл санағы бойынша сегіз жүз жетпіс тоғызыншы (879) жыл болып шықты. Ал, трактаттың қолжазба (№3195/3) күйінде сақтаулы орны Түркияның Стамбул қаласындағы Ахмед ІІІ кітапханасы.
Трактат басмаламен басталады. Одан кейін «Қала әл-му‘алиму ас-сани Әбу Наср әл-Фараби ради Аллаһу ‘анһу фи-л Мау‘изати…» (Екінші ұстаз Әбу Наср әл-Фараби (р.а.) «Уағыз» атты еңбекте…)деген сөйлем келеді. Еңбектің соңғы беттері өшкін тартып, көрінбеуге айналған екен.Шығарма соңында «Тамма әл-китаб би а‘уни Аллаһ Та‘ала уа хусун тауфиқиһи» (Кітап Алла Тағаланың көмегімен аяқ­талды) деп келіп, әрі қарай хамдала, салваламен жалғасады. Соңдай-ақ, соңғы қатардан «…фи хамис ‘ашара мин рамадан әл-му‘зам…» (Ұлық Рамазан айының он бесінші жұлдызында…) деген сөйлемді де оқуға болады. Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылымға белгісіз бұл еңбегінің электронды көшірмесінің Каирдегі Қолжазбалар институтына қай жылы, қашан келіп түскені туралы мәліметті қолжазбалар каталогынан кездестіре алмадық. Оны анықтап, зерттеу болашақтың еншісінде.
Сөзімізді түйіндесек, ІХ-Х ғасырларда Отырарда дүниеге келіп, өмірінің көп бөлігін араб елдерінде өткізіп, еңбектерін түгелдей дерлік араб тілінде жазып қалдырған ұлы бабамыздың араға бес-алты ғасыр салып (һижра ІХ /милади ХҮ) хатқа түскен бұл шығармасын оқып, аударып, зерттеп, ғылыми айналымға енгізу – ұлт алдындағы парызымыз болмақ.

Ә.Дербісәлі, 
Р.Б.Сүлейменов атындағы
Шығыстану институтының 
директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор
А.Хаван, гуманитарлық ғылымдар магистрі

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Ибраһим Мадкур. Әбу Наср әл-Фараби фи-з зикр әл-алфиа ли уафатиһи. Каир. – 1983. 5 б.
2. Диляс Олири. Әл-фикр ал-араби // Даират әл-маариф әл-исламийа. – Каир. – 1952. – Т. 1 – C. 166.
3. Реале Жд., Антисери Д. Западная фи­ло­софия от истоков до наших дней. 2.т. Средневековье. Спб; ТОО «Петрополис», 1994. – С.120.
4. Машани А. Әл-Фараби және Абай. Алматы: 2005. 47 б.
5. Ибн ан-Надим. Әл-фихрист. Каир. – 1978.
6. Әл-Қифти. Ихбару-л ’улама‘ биахбари-л һукама‘. Бейрут. – 1990.
7. Йақут әл-Хамауи әр-Руми. Му‘жам әл-булдан. Каир. – 1930. С.11. С.55.
8. Ибн Халиккан. Уфайату-л а‘йан уа анба’’абна’иаз-заман.Каир. – 1938. С.
9. Омар Рида Каххала. Му‘жәм әл-му’аллифин. Бейрут. – 1990. С.11.
10. Хайруллаев М.М. Мировоззрение Фараби и его значение в истории философии. Ташкент. – 1967.
11. M.Steinschneider. Al-Farabi. S.Petersbourg. – 1869.–56 p.
12. Dieterici F. Alfarabi’sphilosophischeAbhandlugen. Leiden. – 1890.
13. Dieterici F. Alfarabi’sphilosophischeAbhandlugen. Leiden. – 1892; 1895.
14. Nicholas Rescher, Al-Fârâbî: An Annotated Bibliography, University of Pittsburgh Press, Pittsburgh 1962.
15. Ibrahim Madkour. La placed’al-Farabidansl’ecolephilosophiqueMusulmane. Paris. — 1934.
16. Әбу Наср Мухаммад әл-Фараби. Ұлы дұға. Жарқыраған сұрақтар мен толымды жауаптардан. Астана. – 2017.
17. Мұстафа Ғалиб. әл-Фараби. Бейрут. – 1998.
18. Әл-қа’имату-л жадидату ли-матбу‘ати-л арабиати /Даирә ма‘ариф әл-усманиа. Хайдарабад. – 1973.
19. Деххудо. Лугатнамэ. Тегеран. – 1946.
20. Хусейн Әли Махфуз, Жа‘фар әл-Йасин. Му’аллафат әл-Фараби.Бағдад. – 1975.
21. Аһmеd Атеş.Farabi Eselerinin Bibliyografyasi. Анкара. – 1951.
22. Müjgân Cunbur-İsmet Binark-Nejat Sefercioğlu, Fârâbî Bibliyografyası, Kitap- Makale (Doğumunun 1100 üncü Yıldönümü Münasebetiyle), Ankara 1973.
23. Süleyman Tülücü, “ „Fârâbî Bibliyografyası na Bazı İlâveler”, Türk Dünyası Araştırmaları, sy. 48 (Haziran 1987), s. 191-208.
24. Бартольд В.В. Культура мусульманства. Петроград, –1918.
Бертельс Е.Э. История персидско-тад­жикской литературы. М., ИВЛ, – 1960.
25. Григорян С.Н. Из истории философии Средней Азии и Ирана ҮІІ-ХІІ вв. Ан СССР, 1960; Средновековая философия народов Ближнего и Среднего Востока. М., Наука, – 1966.
26. Abu Nasr al-Farabi (870-950): the bibliographical index/compiler: K.B.Zharikbaev, G.S.Kourdakova, B.D.Duisekova. – Almaty: Kazakh University, 2012.Әбу Насыр әл-Фараби (870-950). Библиографиялық көрсеткіш. Алматы: Қазақ университеті, –2012.
27. Әбу Насыр әл-Фараби туралы Кеңес уақытындағы әдебиеттердің библиографиялық нұсқағышы // Өзбекстандық қоғамдық ғылымдар. 1973. № 6.
28. Машанов А. Әбунәсір әл-Фараби еңбектері алғаш рет қазақ тілінде. «Білім және еңбек» журналы, – 1962. № 1.
29. Жарықбаев Қ. Қазақ тіліндегі Әбу Насыр әл-Фараби туралы әдебиеттің библиографиялық көрсеткіші // Қазақстан мектебі. – 1975. №11.
30. Дербісәлі Ә. Түркиядағы жазба жәдігерліктеріміз //Имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабы және қазіргі заман. Алматы. – 2009. 43 б.
31. Әбсаттар Дербісәлі. Өнегелі өмір. Алматы: Қазақ университеті, Ш.77. –2016. – 400 б.

1. Осы жерде және бұдан кейін келетін араб тіліндегі әдебиеттерден аудармалар біздің тарапымыздан берілді, – авторлар.
2. Әбу Насыр әл-Фараби еңбектерінің осы жерде және бұдан кейін келетін атау­лары араб тілінен біздің тарапымыздан аударылды, – авторлар.
3. Осы жерде және бұдан кейін келетін Әбу Насыр әл-Фараби шығармашылығы ту­ралы жазылған мақалалардың атаулары араб тілінен біздің тарапымыздан аударылды, – авторлар.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *