Бес Тәңірдің басынан шашылған «Шұғыла»

Бақытбек  Бәмішұлы – ақын-жазушы, филология ғы­лым­­­да­рының кандидаты

Күншығысы Қиянған жоталарынан басталып, күнбатысы Қарпат (Карпат) тауларына ұласқан Ұлы Дала, ұлан байтақ әлемнің түп кіндігінде тұрған тау – Алтай. Алтай Көкбөрі ананың сүтімен қоректеніп, Көкті Тәңірі тұтып, Жерді Ана деп таныған, төрінің тыныштығы үшін түнде ұйықтамай, күндіз тізе бүкпей жортқан Көк Түркінің түмен-түмен жұрт болған тұқым жұрағатының Тал бесігі. Тіні де, діңі де Алтай топырағынан жаралып, алтын, күміс аралас суынан нәр алған, алтай текті тілі бар түркі дүниесінің Қара Шаңырағы аталған қазақ баласын Алтайдан ажырата алмаймыз. Алайда, Алтай тауының Моңғолияға қараған солтүстік шығысын Қобда, Ресейге бағынышты орманды таулы терістік өлкесін Таулы Алтай, ал, Қытай иелігіндегі нулы, сулы өңірі Өр Алтай, бізге, Қазақстан меншігіндегі аумағы Шығыс Қазақстан аталды. Осылай қыр арқасынан таспа тілгендей жарылып, бөлінген Алтайды орап әр кімнің жетегінде кеткен үш тарап қазақ ұлты өмір сүріп жатыр. Күні бүгінге дейін созылған отаршыл саясаттың сұрқиялығы сондай сол Алтайдың байырғы тұрғындары саяси ұстанымдар құрбаны болып, бір-біріне жат, бөркің қалай болса, елің солай өмір сүріп, бірін-бірі қас көріп, бір-бірінен білген қастығын аямаған кездер де болған. Байқасаңыз, әсіресе, сәбеттік жымысқы саясат отаршылдық мақсатты тежеудің орнына оның көрігін онан арман үдетіп, қазақ санасынан «Алтай» топоним-тотемін біржолата аластауға барынша күш-жігерін жұмсаған. Оның мысалы, Алтай атты жер-су, әкімшілік атаулары бізден гөрі шет елдерде, Ресей, Моңғолия, Қытайда молынан сақталғандығынан көрінеді. Ал, Қазақстанда  Шығыс Қазақстан облысында жалғыз ғана кент «Алтай» деп аталады. Алтай десең көз алдыңа мүлдем басқа әлем елестейді. Бұл не? Өзіңдікін өзіңе жат қылған отарлық басқыншылық қызыл саясаттың салдары салмағынан ботасынан жеріген іңгендей өзімізден өзіміз жеріп, салғырттыққа ұрындық па, Алтай аты шулы коммунизмнің қас жауындай көрініп, әсіресе, қазақтың өзі Алтай десе ат тонын ала қашты. Ел жұртттың Алтай атауын, Алтайын ұмытқаны, жадынан шығарғаны сондай әлде кім «Алтайданмын» десе «ГорноАлтайданбысың?!» деп сұрайтын халге жеткенді. Сөйтіп, қазақ баласы өз Алтайын, меншік мекенін мүлдемге ұмытуға шақ қалған болатын. Ал, Алтайдың ата қоныс, ежелгі мекен, туған жер, атажұрт екенін тек көркем әдебиет, өнер арқылы ғана келешек ұр­пақтың жадына шегелей алатын уақыт туған еді. Сол«қып қызыл қан тулы» кеңестік дәуірде классик жазушымыз Сәбит Мұқанов «Сұлушаш» атты өлеңмен жазылған романында Алтай есімін бас кейіпкеріне айналдырды. Осы туындысында Алтайды аузының суы құрып отырып, шалқыта жырлады. Болашақ санасына құйды, көркем суреттеді, ұлына Алтай деп ат қойды. «Көкте бұлт, жерде жел боп гулеген, жер еркесі…» сыршыл ақын Мағжан еркін ырғып шықан асқар Алтайын, қос қанатының біріне теңеп, «Әлпіге барғам Алтайдан» деп алшая көсілді. Арғы беттегі қазақтар «Тасы да алтын Алтайдың, су да алтын, ескен желі Алтайдың қоңыр салқын, Өр Алтай» деп сұңқылдай ән салса, Жамал Омарова апамыз «Алтай-алтай» деп шырқаумен «қартайыпты». Осының барлығының астарын аңдап бажайлап көрсеңіз, аңсарына зер салып үңіліп қарасаңыз Алтай деген текті, киелі тау екенін, ол қа­зақтың ежелгі мекені екенін келешек есі­нен еш ұмыттырмаудың қамы, амалы бол­ғанына көз жеткіземіз. Сөйтсе де, түп тұқиянымыздың түп тамыры, ата тегі­міздің бастау көз қайнары, бойымызға зор рух, киелі қасиет дарытқан асыл мекен Алтай топырағынан қазақ баласы әлі де қол үзіп, айырыла қойған жоқ…
Алтай тауының солтүстік шығыс қап­талы, бүгінгі Баян-Өлгей Байбесік жеріне алғаш аяқ басқан адам үшін осы өлке қалың тапал төбешік, тазығыр, жалаңаш төбелерден жаратылғанға ұқсайды. Алайда, сол төбе-төбешіктерге шыға қалсаңыз бүкіл азия аумағының шығыстан батысқа созылған үстірттері мен сайын жазығы алақаныңызға сал­ғандай жайылып сала береді. Бес Тәңір мұздарынан бастау алатын Қобда, Мәңгі Қайырқан мұзарттарынан бұлықси аққан Бұлғын сынды өзендері суға толы, орман-тоғайлы, сай-cала, самалды төсті салқар мекен теңіз деңгейінен орта есеппен 1301-4374 м биіктікте орналасқандықтан да оның суы бал, шөбі шүйгін, ранотты, суыққа төзімді, шымыр аязға шыдамды, дәні нәрлі, құнарлы, бір талының өзі бір күндік азық болса керек. Оны жеп өскен бес түлік мал, алуан аң-құс, жан-жануарларының да бітім, тұлғасы бөлек, ет-сүті ерекше, жүн-терісінің де бағалығы әлемнің небір айтулы алпауыттарының назарын өзіне ежелден еріксіз тартады.
Міне, осы өлкеде, 1940 жылы, Алтай тауының солтүстік шығыс қапталын түгел алып Моңғолия құрамында қазақ аймағы дүниеге келеді. Жаңа орнаған аймақты Баян-Өлгий (Байбесiк) деп атады. Баян-Өлгий – мұңғұл сөзі. Қазақ тілінде «Байбесік» деген мағынаны береді. Ал, «Байөлке» деп атау мүлдем дұрыс емес. Жергілікті халықтың ауыз екі сөйлеу тілінде «Байөлгей» деп айтылып келгенімен, соңғы жылдарда қазақтардың моңғол тілін еркін меңгеріп, сол тілде таза сөйлеуге бейімделуіне бай­ланысты атаудың моңғол тіліндегі орфоэфиясына жақындатып «Байын өлги» деп айту жиі ұшырасады. Ал, ресми құжаттарда моңғол тіліндегі орфографиясы сақталынып «Баян-Өлгий» деп жазу қалыптасқан.
Байбесiк атына заты сай құтты мекен болды. Бұған дейін өзен бойлап қыстап, қыстаудан көктеу, жайлауға, тау жайлап, жайлаудан күзеу, қыстауға қотарыла көшіп-қонып келген қазақтар Қобда өзенінің оң жағында Өлгий атты орталық қала құрып, жұдырықтай жұмылып, бір түпке бағынып, Моңғол Халық Революцияшыл Партиясы мен үкіметінің жетегінде терри­ториялық әкімшілік басқарудың үлкен өзгерісін жасап, ірі-ірі саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік, жасампаздық игі жеңіс­терге жетті. Бұл жеңіс аз уақыт аралы­ғында қоғамның үлкенді-кішілі бүкіл саласын түгелдей дерлік қамтыды. Су жаңа инфрақұрылымдар пайда болды.1930 жылдардан бастап Кеңестер Одағы тарапынан қазақ­стандық рухани көмектің іске қосылуы жергілікті қазақ қауымының, әсіресе, руханият өмірінде жаңа бетбұрыстар жасап, осы салада қарқынды табыстарға қол жеткізуге мүмкіндік тудырды.
1942 жылы баянөлгейлік қазақтардың бұған дейін қолданыста болып келген латын әліпбиінің орнына Қазақстан жұртшылығымен бірдей кириллица алфавитіне өтуі қазақстандық оқу-құралдарды пайдаланып, халықтың жап­пай сауат ашуына игі әсерін тигізген елеулі оқиға болды. Жергілікті халықтың қазақстандық оқу-құралдарды пайдаланып, қазақ көркем әдебиет туындыларын оқуға мүмкіндік алуы жергілікті қазақтардың аумақтық-рулық сипаттағы (Ш.Сарыбаев) тілінің орнына, жалпы қазаққа ортақ қазақ әдеби тілінің орнығып, оның қоғамдық қызметiнiң өсуiне зор ықпал жасады. 1930 жылдардан бастап қазақ тілінде алғашқы парақша-газеттер өмірге келді. Қазақтілінің баспасөз саласындағы қызметі қалыптасуымен қатар сарқылмас қайнар бұлағы халық ауыз әдебиетінен бастау алған көркем әдебиет саласы да осы жылдардан бастап жаңа қарқында дами бастады.
Баян-Өлгей қазақтарының жазба әде­биетi Ақыт Үлiмжiұлы шығармаларынан бастау алады. Алайда, мұны біреу мойындайды, ал біреу мойындамай жатады. Мойында­майтыны Ақыт Үлiмжiұлының өмірінің соңғы жылдары Қытайда өткендігінде. Ол кезде Қытай мен Моңғолия арасындағы саяси жағдай жайсыз болды. Соның әсері Ақытты Моңғолия қазақтарының жазба әдебиетінің қайнары деуге салқынын тигізді. Сондықтан, баянөлгей қазақ көркем әдебиетінің көрнекті өкілі Ақтан Бабиұлы жазба әдебиеттің бастауы деп те айтылады. «Күркіреп зеңгір аспан, естілді үн, //Селк етті, шошынғандай меңіреу түн. //Таң атып, көк жиектен көтеріліп, //Жайнатып дүниежүзін жарқ етті күн». Бұл Ақтан ақынның жыры.Жырласа жырлағандай, 1942 жылы Өлгий қаласында аймақ жазушыларының «Өлеңдер жинағы» атты кітапшасылатын қарпімен жарық көреді. Ал, 1947 жылы қазақ тілінде «Өркендеу» атты тұңғыш газет шықты.Әрине, алғашқы газеттің төңірегінде, оның ыстық суығына төзіп, баянөлгейлік қазақ әдебиетінің алғашқылары болған ақын-жазушылар жүрді. Осы газет беттерінде жергілікті қаламгерлердің тырнақ алды туындылары да жарияланып тұрды. Бұл жан-жақты бiлiмді, ғылымның әр саласын меңгерген ұлттық зиялы қауым қалыптасып, қаулап өсіп келе жатқан кезі болатын. Солардан қалыспай жергілікті қаламгерлердің де қарасы молайып, қатары көбея түсті. Олар өмірдің өзекті мәселелерін арқау еткен өткір тілді көркем очерк, көрнекті өлең, әсерлі әңгіме, драма, қилы хикаят қатарлы сүбелі шығармаларды өмірге әкеле бастады. Құрманхан Мұқамәдиұлының 1955 жылы «Өркендеу» газетінде жарық көрген, кейін оның шығармаларының толық жинағына енген «Жұт ала ма, жұрт ала ма?» атты очеркіндегі «Алыс пен жақынды жортқан біледі. Кімде-кім ат үстінде көп жүріп, алуан-алуан сапар шексе, сәскедегі жүрістің қадірін сол біледі. Қутың қағып құлағынан үріккен Құлагердің тұяғы атақты волейбол мастерлерінің қолында ойнаған допша ал, дегенде, онда бір, мұнда бір тиеді. Желдей есетін болған соң «желіс» деп атайды жүргіншілер мұны» деген бір сөйлемінен-aқ ХХ ғасырдың орта тұсында Баянөлгейде қалыптасқан көркем әдебиет тілінің толық қара сөзбен жазылған айшықты үлгісін көруге болады.
Баянөлгейлік ақын-жазушылардың аздаған жылдың ішінде ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетіп, жергілікті халық-бұқараның басынан кешірген қилы тарихы, қиын-қыстау өмірі, бүгінгі тыныс-тіршілігі, ілгергі жарқын болашаққа деген нық сенімін реалистік тұрғыдан көрсетіп, шынайы суреттеуде көркем әдебиеттің түрлі салаларына түрен салып, меңгеріп, елдің де елді басқарып, билеген биліктің де мүдде, үдесінен шығуы 1955 жылы аймақта Моңғолия Жазушылар ода­ғының қазақ бөлімшесінің құрылуына мұрындық болды. Осылай, Моңғолиядағы қазақ ақын-жазушылары ресми орталыққа топ­тасуы олардың шығармашылдық ынта-жі­герін қанаттандырып қойған жоқ, өзінің эпицентрінен тысқары жердегі, шалғайдағы қазақ көркем әдебиетінің еселей дамуына үлкен күш-қуат берді.1957 жылы Баян-Өлгей қазақтарының рухани өмірінде тағы бір үлкен жаңалық болды. Сол кездің мақамымен айтар болсақ аймақтық атқару әкшілігінің мәдениет отделі мен әдебиет әуесқойлары коллективінің әдеби журналы «Жаңа талап» өмірге келді. Бұл шынында да «түрі ұлттық, мазмұны социалистік лениндік ұлт саясатының» жемісі еді. «Жаңа талап» журналының алғашқы саны журналдың редакторы Ә.Қажекбердің «Қазіргі өлеңге және басқа әдеби жанрларға қойылатын талап күшейді. «Жылтырағанның бәрі алтын болмайтыны сияқты» ұйқасқанның бәрі өлең, сөз тізбегінің бәрі көркем сөз бола бермейді» деген салмақты алғы сөзімен ашылып, жергілікті қаламгерлердің елуге жуық өлеңдері мен ән мәтіндері, бірнеше очерктер мен әңгімелер жариялаған. «Жаңа талап» журналы жарық көрген күннен бастап халықтың саяси-мәдени өмірінде зор міндеттерді атқарды. «Жаңа талап» журналы арқылы байөлгейлік қазақ көркем әдебиеті туып, қалыптасып, да­мып, өнегелі өркен жайды. Оншақты жылдың ішінде өз миссиясын абыроймен орындаған «Жаңа талап» журналы 1970 жылы өзгертіліп, «Шұғыла» деген атпен жаңғырып шыға бастады. Сөйтіп, байөлгейлік ақын-жазушылар жаңа талапкерлік деңгейден шартарапқа өзінің нұрлы шұғылалы сәулесін ша­шар жаңа өріске қадам басты. Ол Моңғолия Жазушылар одағының (МЖО) Баян-Өлгий аймақтық бөлiмiнiң қазақ әдеби журналы деп аталды. Осы журналдың мақсаты мен міндетін МЖО-ның бастығы С.Удвал: «Қандай бiр революциялық баспаның қоғамдық, саяси жаңа жағдай, жаңа талаптарға сай дамып отыратын заңдылығы бар. Баян-Өлгий аймақ жазушыларының басы­лымының идеялық деңгейі жоғары, әдебиет өмiрiн дұрыс бағытта бейнелеу талабы биiк, тек жазушыларды ғана емес, жалпы интеллигенцияны, еңбекшiлердi тәрбиелеуде, жас жазушылардың шебер­лiгiн жетiлдiруде аса маңызды рөл ат­қармақ… Қалқа, қазақ тiлiнде шығып жат­қан таңдаулы туындыларды екi тiлге бiрдей аударма арқылы таныстыруда журнал көрнектi мiндет атқаруы тиiс» деп белгілеген. Сөйтiп, Моңғолиядағы қазақ әдебиетi дамудың екiншi сатысына аяқ басады. Әдеби кадрлар өсiп жетiлдi. Олар барлық шығармаларын қазақ тiлiнде жазды. Шағын әңгiме, шумақ өлеңнен тартып, ұзақ жыр-дастан, эпикалық романға дейiнгi әдебиеттiң барлық жанры туып, қалыптасып, дамыды. «Шұғыла» журналы тоқсан сайын жаңарып, әр мезгіл сайын әсерленіп, күтімі келіскен гүлдей құлпырып, өсіп, толығып, әдеби көркем журнал ғана емес, өткеннің жоқтаушысы, жоғалғанның іздеушісіне айналып, тарихи шындықты қалпына келтіріп, ақтаңдақтардың орнын толтыруда руханиятқа баға жетпес үлесін қосты. Соның барлығы да «Шұғыла» журналы арқылы өмірге жолдама алып жатты. «Шұғыла» журналының оқырманы да көбейіп, таралымы молайды.
«Жаңа талап» – «Шұғыла» журналының 1957-2017 жылдар аралығында 192 саны жарық көрген. Кестеге 1984 жылдан 1992 жылдар аралығындағы «Шұғыла» жур­налының ең бір өнімді шағы қамтылды. Баян-Өлгий аймағында журналдың таралымы 1985-1987 жылдары ең жоғарғы көрсеткiшке жеткен. «Жаңа талап» журналы алғаш 1957 жылы 2000 данамен жарық көрсе, «Шұғыла» журналының жалпы таралымы 1989 жылы 16600 данаға өскен. Бұл сандық көрсеткіштер әдебиет дамуынан да хабар береді. «Шұғыла» журналының аузын айға білеген арыстандай күш қуаты мол, қайратты, алымы кең, кеңістік пен уақыт мөлшерін еркін меңгерген, теңіздей толған үлкен әдебиеттің көп қырлы, көп салалы әдеби көркем журналына айналғанын көреміз.
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Бабиұлы Ақтан, Мұхамадиұлы Құрманхан, Байбатырұлы Имашхан, Жаңжұңұлы Кәкей, баянөлгейлік алғашқы роман авторы Мұхамәдиұлы Елеусіз, Моңғолияның Халық Жазушысы Сұлтанияұлы Мағауия қатарлы ақын-жазушылар шықты. Жалпы Моңғолия қазақтарының жазба әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан қаламгерлер: Даниял Дікейұлы, Арғынбай Жұмажанұлы, Шабдарбай Қатшанұлы, Дайын Қалаубайұлы, Байыт Жанатұлы, Икрамбек Жәбенұлы, Шерияздан Нығышұлы, Махфуз Құлыбекұлы, Кәп Құмарұлы, Егеухан Мұқамадиқызы, Қауия Арысбайұлы, Яки Ілиясұлы, Зу­қай Шаріпақынұлы, Ақын Алақанұлы, Шынай Рахметұлы, Кеңес Ілиясұлы, Той­лыбай Құрмандолдаұлы, Солдатхан Орай­ханұлы, Жамлиха Шалұлы, Сейітхан Әбілқасымұлы,Берімбай Ысқақұлы, Сұлтан Тәукейұлы, Қуанған Жұмажанұлы, Мұрат Бұшатайұлы, Рысбек Зұрғанбайұлы т.б. Қабидаш Қалтасқарұлы, Ислам Қабышұлы, Қаржаубай Сартқожаұлы қатарлы әдебиетші, тарихшы ғалымдар, алысты аралап көрген кейінгі толқын інілердің барлығы да «Шұғы­ла» журналының түлектері болумен қатар оның өркендеуіне бір кісідей атсалыс­қанын мақтанышпен атап өтуіміз ләзім. Қазақ қаламгерлерінің бiр жылда 60 әңгiмесі жарық көрген. Бұл үлкен табыс. Бүгiнге дейiн 200-ге тарта повесть, 40-қа тарта романы өмiрге келсе, соның барлығы да «Шұғыла» журналы арқылы пісіп, жетіліп өмірге жолдама алып жатты. Әдеби кейіпкерлерін тапқа, топқа бөліп, «бай – ақымақ, ақылды кедей, молла – пасық, би – паң, шонжары шұбар төс» болып келетін ескі қоғамды жеріне жеткізе желкелей, жексұрын етіп, жаңа қоғам жетекшісі компартияға шаң жуытпай аспандата дәріптеп, партия хатшысын ал­ғыр-данышпан, жұмысшы қауымын өң­кей жететелі, жеңімпаз етіп көрсеткен әдеби туындылармен қатар өмірдің шынайы кел­бетін суреттеген шығармалар да бір-бірі­м­ен жарыса қатар жариялануы «Шұғыла» жур­налының тағы бір жетістігі деп бағалауға болады.
Өзiнiң ұлттық этникалық отанынан жырақта басқа тiлдi елдерде жүрiп үстем тiлдердiң қоршауында қалған ана тiлiнде көркем әдебиет туындыларын жасау – өмiрде сирек кездесетiн құбылыс. Әлемге аты әйгілі көптеген әдебиетшілердің ұлты мен жазған шығармаларының тілі сәйкеспей жататыны соның айғағы. Шы­ғарма қай тілде жазылса, сол ұлттың әдебиеті көркейеді. Өйткенi, Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Әдебиетсiз оқу қуаттану жоқ, оқусыз мәдениет қуаттану жоқ, мәдениет қуаттанбай қазақ қорлықтан, зорлықтан құтылу жоқ». Осы тұрғыдан келгенде Қытай, Моңғолия, Өзбекстан қазақтарының көркем әдебиет саласында қол жеткiзген жетiстiктерi Қазақстаннан шалғай ортадағы көркем әдебиетін дамыту арқылы қазақтың бай әдеби тiлiн аясын кеңейтіп, ұлттық құндылықтың басты кодын сақтап қалды. Мысалы, Қытай, Моңғолия, Өз­бек­стандағы қазақ ақын-жазушылары көркем әдебиеттiң арнасы толған, ең үлкен жанры дастандар мен романдарды өмiрге әкелсе, Түркия қазақтары аз да болса кең көлемде жазылған көркем-публицистикалық роман-эссе, естелiк-эсселер (Х.Алтай «Алтайдан ауған ел», Х.Оралтай «Елiм-айлап өткен өмiр», Д.Жаналтай «Қилы заман, қиын күндер» т.б.) жазды. Ал, Ресейдегі бір миллионға жуық қазақтардан қазақ тілінде жазылған бірде-бір шығарма тумағаны өкінішті. Бұл жергілікті жерде «Шұғыла» журналы сияқты көркем әдебиет өкілдерінің басын қосып, бағыт-бағдар беретін органның болмауы да әсер еткені сөзсіз.
«Шұғыла» журналы қазақ тiлiнiң көркем әдебиеттің аударма саласында да өлшеусіз бiрқыдыру еңбек сiңiрдi. Аудар­ма арқылы өзін басқаға, басқаны өзіне танытты. Мың жылдық бай тарихы бар Моңғол әдебиетiнiң ертедегi тамаша үлгiлерi мен бертiнгi кезеңдердегi көркем туындылары қазақ тiлiне аударылды. Қазақ әдеби тiлiнiң сөздiк қорын кеңiнен пайдаланған аудармашылар моңғол тiлiндегi шығармаларды сәттi тәржiмалады. Моңғол халқының көне шежiрелерi «Моңғолдың құпия шежiресi», «Гэсэр», «Жаңғыр» сынды эпикалық дастандарымен қатар моңғолдың жаңа әдебиетiнiң белдi өкiлдерi Д.Нацагдорж, Д.Сэнгээ, Ч.Лодойдамба, Ц.Дамдинсүрэн, С.Эрдэнэ, Б.Явухуулан, Д. Намдаг, Ц.Гайтав, Б.Бааст, С.Удвал, Л.Түдэв тағы басқалардың көптеген туындылары қазақ оқырманының игiлiгiне айналды.
«Шұғыла» журналы жер жүзiндегi барша қазақтың ұлттық ана тiлi, Қазақ тiлiнің өркен жаюына өз тарапынан өлшеусіз үлес қосты. Солай болса да, қазақ тілінің бүгінгі күйіне баға беріп, ертеңіне алаңдаған күрделі мәселелер де жоқ емес еді. «Жаңа талап», «Шұғыла» журналдары жергілікті жерде қалып­тасқан тілдік жағдаятқа қатысты тол­ғақты, көкейкесті мәселелерді дер кезінде көтеріп, оның оң шешімін табуынан тыс қалмай, тұрақты түрде атсалысып, қызмет қылды. Көркем әдебиет тiлдiң жергiлiктi ерекшелiктерiн азайтуға зор үлес қосатындығы белгiлi. «Жергiлiктi халықтың тiлiне әдеби тiлдiң әсерi не­ғұрлым күштi болса, соғұрлым ондағы диалектiлiк ерекшелiктер тез жойылады» (Ш.Сарыбаев). Бұл күнде баянөлгейлік қазақтар қазақ тілін қаймағын бұзбай сақтап, ана тілінде сөйлеп отырса оған жергілікті жерде дамыған көркем әдебиеттің, оның органы «Шұғыла» журналының үлесі зор деп білеміз. Алайда, 1991 жылдан бастап «Шұғыла» журналының таралымы күрт құлдырап, кей жылдары жарық көрмей қалған. 1999 жылы аталмыш журналдың 2 саны бiрiктiрiлiп, әдебиет сүйер жандардың демеуімен Ұланбатыр қаласында 500 данамен шықты. Бұның себебі мынада еді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында елде демократиялық өзгерістер жүріліп, нарықтық экономикаға бетбұрған шақта журналды орталықтан қаржыландыру тоқтатылып, «Шұғыла» журналының тұрақты шығуы қаржылық тапшылыққа байланысты аса қиын жағдайға душар болды. Сөйтсе де, «Шұғыла» журналы жоғарыда айтқанымыздай көркем әдебиеттің шынайы демеуші, жанашырларының арқасында тыныс-тірлігін тоқтатқан жоқ. Ал, «Шұғыла» журналының бас редакторлығына ақын, тарихшы, іскер азамат, «Шұғыланың» шын жанашыры Сұраған Рахметұлының келуімен «Шұғыла» журналы өзінің жаңа бет бейнесін тауып, бұл күнде беделді журналға айналып отыр. Соның нәтижесінде елімізде өтіп жатқан ЭКСПО аясында «Шұғыла» журналы Астанадағы халықаралық кітап көрмесіне қатысып, өзінің 60 жылдық мерей-тойын атап өтті.
«Шұғыла» журналы әдеби тілдің дамуына үлкен үлес қосты деп айттық. Алайда, қазiргi жағдайда әдеби тiлдiң үстемдiк алуына қызмет атқаруға тиiстi көркем әдебиет туындыларының таралымы азайып, жергілікті халық­тың ауыз екі сөйлеу тiлінiң қолдану аясы кеңейіп, әдеби тілдің нормаларының тұрақты сақталмауы байқалады. Көркем әдебиет өкiлдерi өз туындыларын әдеби тiлде жазғанымен оны жұрты түсiнбесе табиғи жолмен-ақ халық толыққанды түсiнетiн тiлге көшуге мәжбүр болады. Егер, біз шет елдердегі қазақтардың тілін сақтап қалғымыз келсе олардың көркем әдебиетінің дамуына, «Шұғыла» сияқты халықтың көңілінен шыққан оқылымды журналдарының тұрақты шығып тұруына жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек. Әйтпейiнше, жергiлiктi халық қазақ тілдерін араластырып сөйлейтін жаңа тілге қоныс аударады. Бұл үдерiс тым ұзаққа да созылмайды.
Көркем әдебиетке бауымызды ашқан, бауыр басқан шұғылалы «Шұғылаға» 60 жылдық мерейтойың құтты болсын, Алтай тауының Бес Тәңірі басынан шашар шұ­ғылаң шартарап жетіп, туған елдің көркем әдебиетін, өнерін, мәдениетін байытуға қосар үлесің мол болсын, қажыр қайратың сарқылмасын дейміз.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *