Қазақстанда жаңғыртылатын энергия секторын дамыту бойынша жұмыс жанданды

Энергетика министрлігі жаңғыртылатын энергия көздерінің (ЖЭК) электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі үлесін 2020 жылы 3% дейін жеткізуге ниетті. Аталған мақсатқа жету үшін қандай жұмыс атқарылып жатқаны туралы энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев ҚР Үкіметіндегі баспасөз конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды Kazgazeta.kz ақпарат агенттігі  Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Вице-министрдің мәліметінше, ҚР-дағы жаңғыртылатын энергия көздерінің үлесі қазіргі уақытта шамамен 1% құрайды.

«Көмірсутек және көмір қорларына бай ел екенімізді ескерсек, бұл айтарлықтай жақсы көрсеткіш. Алға жылжу үшін үздік, оған қоса арзан технологияларды тартуды көздейміз. Соңғы жылда ЖЭК секторындағы инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша едәуір қадамдар жасалды», — деп атап өтті вице-министр.

Мағзұм Мырзағалиев атап өткендей, желілік инфрақұрылым мен табиғи-климаттық жағдайларды ескере отырып, нысандарды орналастыру жоспары, сондай-ақ ұлттық валютаның құбылмалы бағамын ескере отырып, тиянақталған тарифтерді ішінара индекстеу қағидасы бекітілді. Бұдан өзге, ЖЭК бірыңғай сатып алуысы жанынан сақтық қор құрылды.

«Қазір тиянақталған тарифтерден аукциондық әдіске көшуге мүмкіндік беретін жаңа тетік әзірленіп жатыр. Аталған әдісті енгізгеннен кейін инвестициялар да, технологиялар да біздің елімізге белсендірек келеді деп күтілуде», — деді М. Мырзағалиев.

Оның айтуынша, бұл шаралар алғашқы нәтижелерін беріп жатыр. Мысалға, ЕҚҚДБ мен Энергетика министрлігі арасында басқа қаржы ұйымдарынан тағы $480 млн тарта отырып, Қазақстанда ЖЭК жобаларына $200 млн көлемде қаражат бөлу туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл таяу жылдары шамамен 500 МВт қуаттылықты енгізуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, ENI және General Electric компанияларымен жел энергетикасы саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімге қол қойылды. Жамбыл облысында қуаттылығы 50 МВт күн электр станциясын (КЭС) салу, Қызылорда облысындағы қуаттылығы 50 МВт КЭС жобасын және Ақмола облысындағы қуаттылығы 100 МВт ЖЭС жобасын қаржыландыру туралы келісімге қол қойылды. Бұдан өзге, ACWA Power ірі Сауд Арабия компаниясын тарту туралы келісімдерге қол қойылды. Сондай-ақ, қазіргі уақытта «Масдар» әмірлік компаниясымен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

«Яғни, ЖЭК ілгерілету бойынша жұмыс елімізде айтарлықтай белсенді жүргізіліп жатыр», — деп түйіндеді вице-министр.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *