Өмірәлі Жалаири, Д.Қонаев атындағы Еуразия заң академиясының ректоры: Әр адам өз құқығын білуі тиіс

Ректордың қабылдау бөлмесінің алдында біраз адам жиналып қалыпты. Кіруге кезек күтіп тұрмыз. Ауылдан келгені бірден байқалатын ақ сақалды қария бөлмеге енді. «Жарты минутқа кірем де шығам» деп өтініш айтқан үлкен кісіні алға жібердік. Атамыздың жарты минуты жарты сағатқа созылды. Шыға салып, өзін ректордың бөгеп қалғанын айтып ақталып жатыр. Алдына келген адамға қол ұшын созбай қайтармайтын, есігі үлкенге де, кішіге де әрдайым ашық басшыны күтіп отырып, бір әріптесіміздің өзі жұмыс істейтін оқу орнының ректорына айлар бойы кіре алмай жүргенін айтқаны еске түсті.  Адамды басты құндылық санайтын құқық саласының маманы болғандықтан ғана емес, әділеттілік пен адалдық өмірінің басты ұстанымына айналған белгілі заңгер, Д.Қонаев атындағы Еуразия заң академиясының ректоры, заң ғылымының докторы, ҚР Жоғары мектеп академиясының академигі, ҚР Президенті жанындағы Құ­қық­тық саясат жөніндегі кеңестің мүшесі, ҚР Криминология қауымдастығының президенті Өмірәлі Жалаиримен сұхбаты­мыз жоғары білімнің бүгінгі жай-күйі, ха­лық­тың құқықтық сауаттылығы және заң сала­сындағы қазақ тілінің жағдайы жайында өрбіді. 

– Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында білім беру жүйесіне баса назар аударғаны белгілі. Бүгінгі күні ғылыми зерттеулер жүргізбейтін, тек диплом таратумен айналысатын ЖОО-лардың күні өтті. Осы ретте сіз басқаратын академияның ғылыми әлеуеті қандай?
– Д.Қонаев атындағы Еуразия заң академиясы өзіндік дәстүрі бар, оқыту және ғылыми жұмыс тәжірибесі қалыптасқан оқу ордасы. 1993 жылдан бері 40 мыңнан астам техникалық, заң және экономика мамандарын даярлап шығарды. Жалпы академияның құрылымы университетке қарағанда басқаша болады. Университеттердегідей ғылыми-зерттеу институты болмағанмен де ғылымға баса көңіл бөлінеді. Қазақстан заңгерлерінің шоқтығы биік бір тобы осында жұмыс істейді. Академияда 15-тен аса заң ғылымының докторы, 30-дан аса кандидаттар бар. Білім және ғылым министрлігі ғылыми зерттеулер бойынша жариялайтын гранттарға жиі қатысамыз. Шын мәнінде жоғары оқу орындары білім мен ғылымды ұштастырмаса бұл сала алға қарай баспайды.
Академияның халықаралық байланыстары жүйелі жолға қойылған, БҰҰ-ның, ОБСЕ-нің, Еуропалық комиссияның қатысуымен ғылыми мәселелерге қатысты жиындарды академия қабырғасында өткізу дәстүрге айналған. Қазақстанның Конституциялық кеңесімен тығыз байланыста жұмыс істейміз.
– Кез келген жоғары оқу орнында берілетін білімнің сапасын түлектердің еңбек нарығында сұранысқа ие болуымен де өлшеуге болатын сияқты. Дегенмен, елімізде алған мамандығы бойынша жұмыс істемейтіндер көптеп саналады. Осы ретте академияны бітірген мамандарды жұмыс берушілер қалай бағалап жүр? Олар мамандығы бойынша жұмысқа тұра ала ма?
– Қазіргі Қонаев атындағы Еуразия заң академиясы бұған дейін университет, Көлік және құқық университеті болғаны көпшілікке мәлім. Құқық және заң саласының мамандарын даярлайтын оқу орны ретінде біздің түлектерге сұраныс өте жоғары. Мәселен, жуырда Бас прокуратура жариялаған байқауда Алматы қаласындағы оқу орындарының ішінде біздің академия студенттері ҚазҰУ-дің заң факультетінен кейінгі 2-орынды иеленді. Еліміздегі бүкіл құқық қорғау органдарында, прокуратурада, сот саласында, әсіресе ішкі істер бөлімдерінде жұмыс істейтін түлектеріміз көп. Алматыдағы Гарнизондық соттың төрағасы Жанат Жайлаубаев, Павлодардағы Экономикалық соттың төрағасы Мәди Рысбеков, Қаржы министрлігі Атырау облыстық Кіріс департаментінің экономикалық қылмыстарды зерттейтін басқармасының төрағасы Дәулет Ақылбеков осы академияда оқығанын ауыз толтырып айтуға болады.
Мамандардың сапасы олардың кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты. Олар білім ошағында жай теориялық біліммен қаруланып қоймай, таңдаған кәсібінің қыр-сырын біліп шығуы тиіс. Сондай әдістің бірі дуальдық білім беру негізінен техникалық оқу орындарына тән саналады ғой. Біз осы академияда бірінші болып дуальдық білімді енгіздік. Біздің студенттер бұрын 3 айға тәжірибеден өтуге прокуратура, сот, ішкі істер органдарына баратын. Бірақ олардың студентке көңіл бөлетін уақыты бола бермейді. Сол себепті енді біз бүкіл тәжірибені академия қабырғасында өткізетін болдық. Прокурор, сот, тергеуші болып қызмет еткен адамдарды жұмысқа алып, солар біздің студенттерге ісқағаздарын жазуды, құжат толтыруды үйретеді, сот процестерін өткізеді. Бұған дейін дипломы бар жас маман барған жерінде бір жылға дейін неше түрлі қаулы-қағаз жазуды үйренетін болса, біздің түлектер бірден іске кірісе береді. Сондықтан да студенттеріміз әрдайым сұранысқа ие.
– Жекеменшік оқу орындары ақылы негізде жұмыс істейтіні белгілі. Дегенмен, жекеменшік ЖОО-лардағы білім берудің сапасына күмәнмен қарайтындар бар. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
– Жекеменшік оқу орындары пайда бола бастаған кезде кеңестік кезеңнен қалған теріс түсінікпен оғаш көзқарас болғаны рас. Бірақ жекеменшік оқу орындарының мемлекеттік оқу орындарынан ешқандай айырмашылығы жоқ, барлығы бір стандартпен жұмыс істейді. БҒМ тарапынан грант тек аккредитациядан өткен ЖОО-ға ғана беріледі. Саннан сапаға ауысу, бәсекеге қабілеттілік жөнінде айтатын болсақ, сапалы маман даярлауға баса мән береміз. Қонаев атындағы академия – Қазақстан Республикасындағы бірден бір заң бейініне мамандандырылған оқу орны. Заң университеті тек заң шеңберінде жұмыс істеуі тиіс. Оқу орнына есімі берілген Д.Қонаевты студенттерімізге үлгі тұтамыз. Әділеттілік, адалдық, өз ісіне шын берілгендік қасиеттері оқу-тәрбие жұмысында басты назарда.
Алдағы уақытта еліміздегі бүкіл жоғары оқу орындары академиялық дербестік алатын болады, бұл үдеріс басталып та кетті. Жалпы басқаруда дербестік беру дұрыс нәрсе, мәселен, кейбір ­шетелдерде білім министрлігі деген жоқ. Оларды жұртшылық қоғамдық негізде бақылап отырады, өзара рейтингтері бар. Біз де осыған ақырындап келе жатырмыз.
– Отандық білім беру жүйесінің Болон үдерісіне қосылуына байланысты үш сатылы білім жүйесі (бакалавриат-магистратура-докторантура) енгізілді. Алайда соңғы жылдары кейбір жұмыс берушілер бакалавриатты бітірген түлектерден магистрлік диплом талап ететін болды. Бакалавр дайын маман емес пе, ол неге тағы екі жыл оқуы тиіс?
– Академияда үш сатылы білім беру жүйесіне сәйкес маман даярланады. Біздің бакалавр-түлектерді барлық жерде жұмысқа ала береді. Бірақ, кейбір құқық қорғау органдары, әсіресе прокуратура, сот органдары тек қана магистратура бітіргендерді жұмысқа аламыз десе, бұл бакалаврдың сапасы төмен деген сөз емес. Жаңа жүйе бойынша бізде сондай пікір қалыптасып отырғаны рас. Негізі қызметке тек магистратура бітіргендерді алу мамандардың көбейгенін, таңдау пайда болғанын көрсетеді. Жалпы магистратураның екі түрі бар, бір жылдығын оқығандар құқық қорғау органдарында жұмыс істей береді. Ал екі жылдығы ғылыми зерттеулермен шұғылдануға, ЖОО-да сабақ беруге арналған.
Болон үдерісі туралы айтар болсам, бұл жүйе бізге ертерек енгізілді. Мұнда барлық жауапкершілік студентке жүктеледі, «кредит» деген терминнің бір түсінігі сенім деген сөз. Яғни, студентке артылған сенім. Бірақ бұған біздің азаматтар дайын емес еді. Сол асығыстықтың салдары әлі бар.
– Бүгінгі студент кешегі мектеп оқушысы. Осы ретте орта білім сапасына көңіліңіз тола ма? Ұлттық тестілеу (ҰБТ) талапкердің ЖОО-да оқуға даярлығын тексерудің тиімді тәсілі ме?
– Мен өзім барлық пәнді тестпен тапсыруға қарсымын. Негізінен бұл ҰБТ деген техникалық, инженерлік мамандықтарға тән нәрсе. Ал гуманитарлық білімдерді бағалауға сай келе бермейді. Мәселен, заңгер болатын адам сөйлей білуі керек, тест арқылы оның қабілетін байқау өте қиын. Сондықтан бұл салада тікелей ауызба-ауыз емтихан алған дұрыс. Гуманитарлық мамандықтарда шығармашылық қабілетін тексеру маңызды. Біздің мектептеріміз ҰБТ тапсырамыз деп жоғары сыныптарда тек тест жауаптарын жаттатуға көшті, ол оқушының сана-сезімін дамытпайды деп ойлаймын. Жалпы тар мамандыққа оқу шет елдерге тән тәжірибе. Ал біздің балалар бұрыннан жан-жақты білім алып шығады.
– Елімізде қазақ тілі мемлекеттік тіл болғанымен, Парламент қабылдайтын заңдар алдымен орысша әзірленіп, содан кейін қазақшаға аударылады. Осы уақытқа дейін қазақ тілінде жазылған заң біреу-ақ, ол – Көші-қон туралы заңнама екенін білеміз. Кейбір кезде заңдардың ресми және қазақ тілдеріндегі нұсқаларындағы баптар бір-біріне сәйкес келмей жатады. Құқық саласы адам тағдырына тікелей қатысты болғандықтан, ондай қателікке жол берілмеуі тиіс емес пе?
– Шын мәнінде, бұл дұрыс емес. Үкімет те, шенеуніктер де орысша сөйлейді, менің осыған қарным ашады. Қазір мемлекетімізде қазақтың саны 70 пайыздан асты, қазақ тіліне көшетін уақыт келді. Осы орайда Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтқан бастамасы бойынша латын әліпбиіне көшуіміз осыған түрткі бола ма деп ойлаймын.
Заңдардың қазақша жазылмауының бір себебі, бізде заңды ұсынатын, жобаны беретін екі-ақ тұлға бар, олар – Үкімет және депутаттар. Яғни, Парламентке түсетін заңдардың субъектісі осы екеуі. Айталық, біз заң академиясы ретінде бір заң жобасын жасасақ, оны Парламент қабылдауына ұсына алмаймыз, қарамайды. Ал жоғарыда мен айтқан екі субъект берген жобалар міндетті түрде қаралады. Бірақ олар тек орыс тілінде жазады. Сол себепті заң ұсыну құқығы бар субъектілер санын көбейту керек.
Сіз келтірген олқылықтар болмауы үшін заң қазақша жазылуы керек, одан кейін басқа тілдерге аударыла берсін. Мен Қытайда болған кезімде Бейжіңде аудармамен айналысатын арнаулы мемлекеттік институт қызметкерлерімен кездестім. Онда отырған ғалымдар Қытайдың парламенті шығарған қытай тіліндегі заңдарды қазақ, ұйғыр, корей және басқа тілдерге аударады. Бізде де солай Парламент жанынан институт құрылып, қазақ тілінде қабылданған заңдарды мамандар басқа тілдерге аударуы тиіс.
Сондай-ақ заң, құқық терминдерін қазақ тіліне аударумен тек филологтардың айналысуы да осы саладағы қателіктерге жол беріп отыр. Сол себепті аудармаға заңгерлер де қатысуы керек. Негізі заң терминдері баяғы Рим құқығынан ­бастап шет тілдерінде қалыптасқан. Терминдердің шығу тарихымен жақсы таныс маман-заңгерлер тіл мамандарымен бірлесе отырып аудармаса, ұғымы өзгеріп кетуі мүмкін.
– Елімізде халықтың құқықтық сауаттылығы әлі де төмен екені белгілі. Осы орайда қарапайым азаматтардың құқықтық мәдениетін жақсарту үшін қандай жұмыстар жүргізілуі керек?
– Елімізде құқықтық нигилизм әлі жойылмай отыр, әсіресе ауыл тұрғындары өз құқықтарын біле бермейді. Біздің басты құжатымыз – Конституцияны мүлде оқымайды. Мен Ата Заңды балабақшадан бастап балалардың миына сіңіру керек деп айтып жүрмін. Әркім өз құқығын білуі тиіс. Онсыз біз құқықтық мемлекет құра алмаймыз. Адам құқығының негізгілері Конституцияда бекітілген. Кейбір шетел азаматтары Конституцияны кішкене кітапша түрінде қалтасына салып жүреді. Сол секілді халқымыз Ата Заңымызды біліп, оның аясында қызмет жасаса, ештеңеден ұтылмайды.
Жалпы тұрғындардың құқықтық сауаттылығын көтеру Әділет министрлігіне тапсырылған. Дегенмен, бұл жұмыс тиісті деңгейде жүргізілмей отыр. Бұрын «Білім» қоғамы арқылы әрбір ғалым халыққа қажетті ақпарат беру үшін ауыл-ауылға жіберілетін. Менің өзім осы қоғамның тапсырмасымен көптеген елді мекенде түрлі тақырыптар бойынша дәрістер оқыдым. Одан беріде «Рахат» телеарнасында алты жыл бойы «Адам және заң» деген хабарда құқық, заң мәселелері бойынша ақыл-кеңес беріп келдік. Сол кезде, тіпті сонау Петропавлдан арнайы келіп сұрақ бергендер болды. Ал қазір қарапайым халық арыз-шағыммен әкімге барады. Әр нәрсенің өз жөні бар, кей жағдайда сотқа барып жүгіну керек, кейде прокуратураға арыз жазу керек. Азаматтарымыз соның жөн-жосығын біле бермейді. Осыған септігі тиер деген оймен біз қазір халыққа заңгерлік көмек берумен айналысатын «Заң клиникасын» аштық. Оны біздің оқытушылар мен жоғары курстың студенттері жүргізеді. Олар бір жағынан тәжірибеден өтіп, құқықтық салада жұмыс істеуге бейімделеді. Бүгінгі күні клиникаға келіп, ақыл-кеңес сұрағандар өте көп. Олар мазалаған сұрақтарына жауап алып, арыз-шағым жазу жөнінде көмек алады. Клиникада заң көмегі тегін көрсетіледі.

– Академияда студенттердің әлеуметтік жағдайына қаншалықты көңіл бөлінеді? Талантты жастарға жеңілдіктер қарастырылған ба?
– Мұнда әлеуметтік қамқорлыққа мұқтаж балаларға берілетін рек­тордың гранты бар. Биыл бізде осындай грантпен оншақты бала оқып жатыр. Одан бөлек, үлгерімі жақсы студенттерге 30 пайызға дейін жеңілдік беріледі. Жалпы бізде оқу ақысы жоғары емес, халықтың жағдайы ескерілген. Дәріс залдары, оқу кабинеттері, ғылыми кітапхана, спортзал, асханамен қоса 2 жатақхана студенттердің игілігіне берілген.
– Елімізде жүргізіліп жатқан Конституциялық реформаға орай ­Президент өзінің көптеген өкілеттіктерін Үкіметке, Парламентке берді. Осыған орай құқық саласында қандай өзгерістер күтілуде?
– Енді осы реформа аясында барлық заңға өзгертулер енгізілетін болады. Жақында ғана прокуратура туралы заң қабылданды, мұнда прокурорлық қадағалау­дың түрлері азайтылмақ. Мәселен, бұрын кез келген мекемені прокурор барып тексере алатын, ал қазір ол өкілеттіктердің бірқатары қысқарады. Бұл реформа қарапайым азаматтардың құқықтарын сақтау үшін жасалып жатыр. Сондай-ақ Қылмыстық-процессуалдық, азаматтық кодекстерге де өзгерістер енгізіледі.
Бұрын қазақта түрме болған жоқ, есігімізге құлып салынған жоқ. Бүкіл мәселені билер соты шешті. Міне, енді жаңа реформаға сәйкес кейбір экономикалық қылмыс­тарды айыппұл салу арқылы жазалау енгізіліп жатыр. Бұл да дұрыс, өйткені кез келген қылмыс үшін түрмеге жабу дұрыс емес. Ертедегі заңдарымызда «құн» деген болды ғой, айыппұл салу соған келеді. Әрине, бұл жеңіл қылмыстарға қатысты қолданылады, ал терроризм және басқа ауыр қылмыстардың жазасы бөлек.
Сонымен бірге медиация деген бар. Бұл сотқа жүгінбей тұрып, алдын ала өзара мәмілеге келуді білдіреді. Аралық сот болса екі араздасқан адамға үшінші адам төрелік айтады. Бұл да билер сотына ұқсайды. Міне, осындай ізгілікті шаралар жасалып жатыр. Жақында ­Президент жанындағы Құқықтық кеңесте халыққа заңдық көмек көрсетуді реттеу мәселесі қаралды. Мұның бәрі халықтың құқықтық мәдениетін көтеру үшін қажет.
– Сізді көпшілік қауым Өмірәлі Қопабаев ретінде біледі, таниды. Аты-жөніңізді өзгертуге не себеп болды?
– Мен 70 жыл бойы Өмірәлі Қасымбайұлы Қопабаев болып келдім. 9 жасымнан мені баққан әжем аты-жөнімді өзінің күйеу баласының атына жазып жіберген екен. Менен кейін Қалиахмет деген інім бар еді, қайтыс болып кетті. Содан әкемнен жалғыз қалдым. Кеңес заманында өзіңіз білесіз, аты-жөнді өзгерту қиын болатын. Енді егемен ел болдық, демократия дамыды дегендей. Осылайша мен тегімді өзгерттім. Шакарап – менің әкемнің аты, бірақ ол да өзінің әкесінің ­фамилиясында емес болатын. Әкесі 1920 жылдары кәмпескеленіп, ұлын бір кедейдің атына жазып жіберген екен. Осылайша мен Қадырғали ­биден кейінгі екінші Жалаири атандым. Қадырғали Жалаири – қазақтың тұңғыш тарихшысы, би болған адам. Қазір сол бабамыздың атында халықаралық қайырымдылық қорын құрып, жұмыс істеп жатырмыз.
Өмір жолыма келсем, 1968 жылы Қазақ ұлттық университетінің заң мамандығына оқуға түстім, аспирант болдым. Осында оқытушы болып 1995 жылға дейін үзбей жұмыс істедім. Менің еңбек кітапшамда екі-ақ жазу бар, ол – ҚазҰУ мен Қонаев атындағы заң академиясы.
Отбасымызбен заңгерміз, 4 қызым да заң саласында. Қазір бір немерем Мәскеу университетінің заң факультетінде оқып жүр.
– Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен
Дина ИМАМБАЕВА




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *