Ән бар жерде өмір бар

Дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі  Рамазан Стамғазиевпен сұхбат

Ән! Қазақ әні! Осынау тамыр-тегі көнеден бастау алған құдіретті құбылыс халқымыздың сыры мен сенімін, талайлы тағдырын, болмыс-бітімін, күйініші мен сүйінішін арқалап, ғұмырының көркем шежіресіндей бірге жасап келеді. Қай әніне құлақ түрсең де тереңнен сыр тартып, көңіл тербетеді, әуезімен әлпештейді, ­барша ­бояуымен баурап алады. Қазақтың қасиетті топырағында туған, мәңгілік рухани игілігіне айналған сол әндер бүгінгі күні ұлтымыздың ұлы қазынасының үлкен бөлігін құрап отыр. Баға жетпес асыл мұрамыз әнші, орындаушыға ешқашан кенде болған емес. Аспандағы аққуға үнін қосқан, қазақ әнінің бұлбұлдары Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Мұхит, Кенендермен керегесі кеңейсе, одан беріде Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов және басқа ақиық әншілер ұлттық музыканың көсегесін көгертті. Дәстүрлі ән дүлдүлдерінің ізбасары, бүгінгі қазақ өнеріндегі талантты шоғырдың өкілі – Рамазан СТАМҒАЗИЕВПЕН сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамыз. 

– Табиғат берген талантпен шыр етіп дүниеге келу бар да, сол ұшқынды дер кезінде байқап, бағыт-бағдар беретін жанашыр жандарға жолығудың жөні бір бөлек. Бұл жағынан сіздің жолыңыз болған сияқты. Бала Рамазанның бойындағы қабілетті көзі шалып, ауыл-аймақ сахнасына алып шыққан аудан әкімі Бексырға Данышпановтан бастап, эстрада-цирк училищесіндегі ұстаздарыңыз, «ән академигі» атанған Жүсіпбек Елебековтің төл шәкірттері Жәнібек Кәрменовтің, Қайрат Байбосыновтың алдын көрдіңіз. Сол тұлғалардың үлгі-өнегесі жайында айтсаңыз.
– Ауылдан келген біз әнді үйреніп айтып жүргеннің бәрін әнші деп ойладық. Бала кезімізден алдыңғы толқын ағалардың үнтаспаларын тыңдап өстік, солар сияқты әнші болсам деген бір арманым болғаны рас. Сол арманның жетегінде ауылдан Алматыға келдік. Жай келген жоқпыз, ауыл ақсақалдарының, алдыңғы буын ағаларымыздың бата-тілегін арқалап келдік.
Қазіргі Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк училищесіне емтихан тапсыруға келгенде мүйізі қарағайдай Жәнібек Кәрменовтің өзі қабылдап жатыр екен. Бұған дейін біздің ауылға қонаққа келген Жәкеңнің даусын алыстан тыңдап, атына қанық едік. Емтихан қабылдап отырған Жәнібек ағамыз «сен менің тілімді алсаң 2 жыл әскерге барып кел. Бізде кейбір балалар оқып алып әскерге кетеді де қайтып келгенде өнерге деген көзқарасы өзгеріп қалады» деп ақылын айтты. Әскерде 2 жылды өткізіп тағы тапсырдым. 75 баланың арасынан біздің Кеген ауданынан Ғалымжан Серікбаев, Ербол Қырғызәлиев үшеуміз де өттік. Оқуға түсе салып студенттерді бір айға егін жинауға жіберді. Содан келсек Қайрат ағамыз өз сыныбына қабылдау жүргізіп, қайтадан емтихан тапсырдық. Бізді дауысқа қарай бөліп, тенорлар Ж.Кәрменовке, баритон дауысты жігіттер Қ.Байбосыновқа кетті. Мен сол 2 жыл бойы Қайрат ағаның қолында оқыдым. Маған ең алғаш әннің әліппесін үйреткен – Қайрат Байбосынов. «Бір әріп үйреткен адамға 40 жыл сәлем бер» деген, ең алғаш ән деген құбылыстың үлкен дүбірлі көш, алып мұхит екенін ұғындырған, кәсіби сахнаға шығуды үйреткен ұстазым – Қайрат ағамыз.
Ол кезде оқу бітірген түлектерді облыстық филармониялар алдын ала тапсырыс беріп, жас маман деп бөліп алып кетеді. Мені училищені бітіре салысымен Алматыда қалдырды. Өйткені оған дейін мен бірнеше конкурстың лауреаты атанып, сахнаға шығып жүрдім. Әнші бала әнші жігіт атанды. Өнерден хабары бар адамдар тани бастады. Содан 1989 жылы «Қазақконцерт» бірлестігіне қарасты Қазақстанның халық артисі Нұрғали Нүсіпжанов жетекшілік ететін «Жазира» ансамблінің белді әншісі болып шыға келдім. 15 тамыз күні жұмысқа алынып, бір аптадан кейін ансамбльмен Қостанайға кеттік бір айға. Осылай айлап жүретін гастрольдік сапарлар басталды. Мінеки, оған да 30 жылдан асып барады.
– Сіз атаған саңлақтар өнер адамы ғана емес, кісілік келбетімен, адами биік бейнесімен де дараланған дарындар еді ғой. Ұстаздарыңыздың осы қасиеттерін айта отырсаңыз.
– Біз әдетте өнерде жүрген азаматтарды тек әнші ретінде қабылдаймыз. Ал әншінің өзі ең алдымен адам болуы керек. Егер адамгершілікті биік қоймасаң көрсетіп жатқан өнеріңнің құны көк тиын. Оқуға қабылданған күннен бастап ұстаздарымыз бізді өздерінің баласындай, бауырындай көрді. Бір әке-шешеден тумасақ та, ауыл-еліміз алыста жатқанменен, сол үйдегі жеңгелердің шайын беріп, ұлылар дәм татқан дастарқаннан ауыз тигізіп, бауырларына басты. Алшақтатпай, алысқа жібермей, күндегі оқу үдерісінен тыс кезде де мықты қамқорлық көрсетті. Сыныптан шықсақ та іздеп, сөйлеген сөзіңе, алғашқы сұхбатыңа дейін байқап жүретін. Жәнібек ағам «Рамазан, әрбір сөйлейтін сөзіңнің жанына шырақшы қой» дейтін. Олар жақсы сөз, жақсы ән болса түртіп жүріңдер деп, үнемі төсқалтамызда блокнот, қаламсап жүруін талап етті, солай қалыптастырды. Ұстаздарымның арқасында Несіпбек Айтов, Тұрсын Жұртбаев, Сағатбек Медеубекұлы, Тұрсынжан Шапай сынды тұлғалармен аралас-құралас болдық. Бір әнді үйрену үшін Әуезов театрына барамыз, қандай актерлар ойнайды, олар кімдер, осының бәріне мән беруші еді. Ақанның әнін үйрену үшін Сәкен Жүнісовтің кітабын оқу бір басқа, «Ақан сері – Ақтоқты» қойылымын көру тіпті бөлек. Біз сияқты даладан келген қазақ іштегі дүниемізді жеткізе алмаймыз, ұяламыз, қыздың қолын ұстап этюдте ойнайын десек шынайы шықпайды. Әрбір концерттен кейін әншінің жетістіктерімен қоса кемшіліктерін айтып отырады, үнтаспаларын тыңдатып қойып талдайды. Бұл әнді Елебеков қалай орындады, Ешекеевтің ерекшелігі неде, болмаса Манарбек Ержанов, Қали Байжановтар қалай тыңнан жол салды? Қосымжан Бабақовтың ән қайырымдары қандай? Осының бәрін әр сабақ, әр отырыс сайын санамызға құюға тырысатын.
Бұл буынның ең кереметі, олар қолымыздағы домбыраның шешен сөйлеуіне, техникасын мықты меңгеруімізге дейін атсалысқаны. Қазір қарап отырсам, мұның бәрі бізді қайрап, қашап, жанығандары екен. Сахнаға шығар кезде де сол кісілермен ақылдастық. Әнші репертуарын қалай таңдау керек, әннің айтылатын орны қандай, осының бәрі маңызды. Гастрольге шығар кезде алдын ала дайындық жасататын, сол жерден шыққан өнер майталмандары, ақын-жыраулар, қыл аяғы ол аудан немесе облыс немен айналысатынына дейін алдын ала біліп алуыңды қадағалайды. Нұрғали Нүсіпжановтың қасында 8 жыл жүрдім. Өнерге шөліркеген ауылдың адамдары таңға отырғысы келеді, сонда шаршадым деп қисайғанын көрмедік.
Кезінде сонау Шымкенттегі Сызғанға, Төлеген Момбеков деген аңыз адамның үйіне апарғаны бар. «Салтанат» атты атақты күйін тыңдап, кірпік ілмей отырдық. «Үміттің зары» деген әнді сол Төлеген ағаның аузынан жазып алдық. Егер де таңға дейін қасында отырмасақ үйренер ме едік, үйренбес пе едік. Міне, осы ұстаздарымның оқу жүйесінде кәсіпке бағыттауы бір бөлек те, адами тәлім-тәрбиесі өз алдына бір мектеп болды. Күлсе шын күлді, қуанса шын қуанды. «Адам бақыттың қонғанын емес қайтқанын сезеді, сондықтан кеш түсініп жүрмеңдер» дейтін. Осылайша сонау ата-әжелерімізден ауылда алған тәрбие ұстаздарымыздың өнердің хан базарына қарай бағыттауына ұласты.
Қазақтың қара топырағында жаралған әуенді санамызға сіңіріп, үні мен сазынан құралған ұлы мұхиттың дариясынан су ішуге ықпал еткен ұстаздарымызға жолығу маңдайымызға жазылған болуы керек. Менің бақытым да сол деп білемін. Олар бос жүруді ұнатпайтын. Қайрат аға бір минутын босқа жібермейді, қолы босай қалса домбырасының қақпағын ашып тастап, қайтадан қақпақ салып, тиегін жасайды. Үнемі үн іздеп отыратын. «Сап-сау домбыраны неге бұзасыз, аға» десек, маған бір нәрсе жетпей тұрады дейді. Әрбір жаста дауыстың өз бояуы болады, жастықтың шыңылтыр, ақшыл бояуы жас өте келе салмақты, қоңыр тартады. Қайрат ағамыз өзіне керек дүниені іздеп, уақытын босқа жібермейтіні сол екен. Біз де осы күні араға ай салсақ та, жыл салсақ та бір нәрсе жасағымыз келеді. Өйткені бұдан басқа бізде кәсіп жоқ. «Шын өнердің адамы өнермен келіп өнермен кетеді» дейді Жәнібек Кәрменов.
Ақселеу Сейдімбеков бір тойда «Әй бала, бері келші» деді. Шеке тамыры шығып, соғып жіберердей болып тұр екен. Бардым. «Саған осы әнші деген атақ аз ба? Елдің баласы өлең айтып ақша тауып, бала-шаға асырап жүр. Саған не көрінді, иттің итақайының қолына су құйып біттің ғой» деді. Сол кездерде айлап-жылдап той қуалап кеткен кейбір жігіттердің даусы отырып қалды, әншілік мектептен шығып кетті. Міне, Ақселеу ағамыздың «Тәйт!» деген бір ауыз сөзі мені содан аман алып қалған еді. Сол сөз мойнымызда үлкен аманат тұрғанын, өнердің қамытын киіп алғанымызды үнемі еске салып тұрады. Шынымен де, әншілік деген ұлы құбылысты кейінгі ұрпаққа жеткізсек арман жоқ қой деп жүрміз қазір.
– Халық өмірінің көркем шежіресіндей көнеден келе жатқан дәстүрлі әннің бүгінгі күнгі тыныс-тіршілігі қандай?
– Қуанатын жағдай да бар, өкінішті жағы да аз емес. Қуанатынымыз, мына заманда домбырасын, қобызын құшақтап, өнерді жалғастырсам дейтін жастар көп. Біздің Жүргенов атындағы өнер академиясының дәстүрлі музыкалық өнер кафедрасына биыл, мәселен, 20-ға жуық студент қабылданды. Барлығы таңдайына үн қонған, тұнып тұрған таланттар. Кемшілігімізге келсек, әлі күнге дейін мемлекет деңгейінде оларға қамқорлық жасау, ұлттық музыканы насихаттау жағы кемшін. Санаулы өнерпаз ғана танымал. Қалған жастарды ешкім білмейді. Өйткені таңнан қара кешке дейін тәуелсіз еліміздің телеарнасында бұл жастарға орын жоқ. Ертең олар диплом алғаннан кейін жұмыс істейтін орны тағы белгісіз. Концерттік бірлестіктерде белгілі бір штаттан артық қабылдамайды. Әйтеуір қуанатынымыз қолдарында домбырасы, ауыздарында әні жүр.
– Сіз әнші, ұстаз ғана емес, ұлттық қазынамызды зерттеу саласына да үлес қосып жүрсіз. Ғұлама ғалым Әлкей Марғұланнан бастап, кешегі абыз Ақселеу Сейдімбековке дейінгі қазақ ән өнерін зерттеу үрдісі қазір қай бағытта дамып отыр? Қазақ музыкатануының олқы тұстары қандай?
– Бізде дәстүрлі әнге қатысты даулы нәрсе көп. Мәселен, қазір жекеменшік баспалардан кез келген адам кітап шығара алады. Ол кітап бұрынғыдай мемлекет тарапынан сүзгіден өткізілмейді. Бір кітапта халық әні делінсе, екінші антологиясын ашсаң сол әнді бір авторға теліп қойған. Сондықтан қазір қазақтың аумалы-төкпелі заманында авторынан айрылған әннің бәрі халық әні боп кетті. Адам түгілі сөз де сотталған кез болды ғой, ән жоғалмас үшін Иса Байзақов сынды ақындар сөз жазып, жаңа мәтінмен айтылды. Шынын айтқанда, ғылыми түрде дәлелденіп, анықталмағаннан кейін халық әні дегенге тоқтап отырмыз. Өйткені екі кісі кітап шығарса екеуінде екі түрлі жазады, бірізділік жоқ. Ғылым деген осындай болған екен деген жорамалға көнбейді, фактіге сүйенуі тиіс. Қысқасы, музыкатану саласында атқаратын шаруа шашетектен.
– Жақсы әннің табиғаты орындаушының жан дүниесімен үйлесім тапқанда ән ғұмырлы болады деген қағида бар. Жазушы-журналист Несіп Жүнісбаев «Тұрсынжанның арманы-ай, Несіпбектің жазғаны-ай, Рамазанның салғаны-ай» деп тамсанатындай, сіз айтқан талай ән тың­даушының жүрегіне жетті. Әр сөзінің астарында терең ой жатқан халық әндерін былай қойғанда, «Дариға-дәурен», «Арман-ай» секілді әндер сіздің мәтіннің мән-мағынасына жіті қарайтыныңызды көрсетеді. Қазір қандай авторлармен жұмыс істеп жүрсіз?
– Қайрат, Жәнібек ағаларымыз «сендер қазір өнерді, әнді іздеңдер, әнші ретінде қалыптассаңдар ән сендерді іздейді» деуші еді. Қазір маған көптеген авторлар әндерін алып келеді, бірінің әуені жақсы, бірақ сөзі келіспейді, енді бірінің мәтіні керемет болғанмен әуені келмейді. Бірақ ол ән емес, өнер емес. Ондай әндер жетерлік. Ал енді кейде тамыры көнеден тартатын, сөзі абыздардан қалған шумақтар жүрегіңізді тербетіп, санаңа маза бермейтіні рас. Сол әнмен ауыра бастайсың, құлағыңа келе береді. Ондай төрт құбыласы тең әндер сирек. Оқығанда көркем болғанмен әнге түскенде құмығып қалатын мәтіндер болады, ақынның ойы әнмен қауышпай жатады. Жалпы ән айтқанда әрбір дыбыс маңызды, оны біреу ұғады, біреу ұқпайды. Кейбір ақындар түсініп қайталап жазып береді. Несіпбек Айтовтың ерекшелігі де сонда, ол саз авторының не айтқысы келгенін бірден түсіне қояды. Бір ән үшін 6-7 ай отыратын кездеріміз болады.
Менде қазір 500-ге тарта ән жатыр. Соңғы 5 жылдың ішінде Ербол Спанәлиев деген композитордың 20-30 әнінің ішінен «Қоңыр әуен» және «Көктем сағынышы» деген екі әнін орындадым. Ерболмен бірлесе отырып сол екі әннің басына үкісін тағып, үстіне шапанын кигізіп, 4-5 айдың ішінде тыңдаушыға жеткіздік.
– Қазақтың қара өлеңінің Хантәңірі Мұқағали Мақатаев: «О, Жетісу! Сандық тау, сандал белім, Шоқтығы өсіп, жал бітіп, жанданды елің. Күнім туды көгіңде самғар менің, Алатаудан биікпін демеуші едім, Әттең шіркін, ғарышпен жалғар ма едім!» деп шабыттана жырлаған Жетісу өңірінде дүниеге келдіңіз. Туған жерге деген перзенттік парызыңызды қалай өтеп жүрсіз?
– Туған елдің, балалық шағымыз өткен орынның жөні бөлек қой. Бірнеше жылдан бері аудандағы талантты жастар арасында байқау ұйымдастырып жүрміз. Алды республикалық байқауларда лауреат атанып жатыр. Ғылымға бет бұрғандары бар.
Бұрынғыдай емес, қазір елге баруды жиілеттім. Кенен атам айтқандай, туған жердің тауы да ыстық, тасы да ыстық. Басына аппақ тәж киген биік шыңдар, аспан тіреген қарағайлары, Шарынның шатқалдары, Шалкөденің жайлауы, Жалаңаштың қыраттары, Қарқара, Ереуілтөбе, Мұқағалидың Қасқабұлағы, осылардың бәрі ауылға тартып тұрады. Сол өңірді аралап келген шәкірттерім «ана тау мен мына тауға айқайлап жүріп әнші болып кетіпсіз ғой, аға» деп әзілдегені бар. Отбасымызбен Екіашаның жайлауында демалып, таудың таза ауасын аңсап тұрамыз. Қарасазға барып, Мұқалағи ағамыздың музейін аралаған достарым, студенттерім нарынқолдықтардың ақынға деген құрметіне таңғалған еді. «Мен таулықпын!» деп, алты жасар баладан малын өрістен айдап келе жатқан ақсақалға дейін Мақатаев өлеңін жатқа оқығанда «Мұқаң тірі екен ғой» деп көзіңе жас тығылатыны бар. Еркін Ібітанов, Баққожа Мұқай, Бердібек Соқпақбаев, Сағат Әшімбаев, Тұрсынжан Шапай сынды таланттар туған киелі мекен ғой бұл.
«Көкпияз» деген 70 үйден тұратын кішкентай ауыл. Бала кезімізде төбеге шығып алып ауыл үйлерінің түтіндерін санап отырамыз. Бөкеш деген ағамыз болды, күнде үш мезгіл шешесінің сауған сүтін орталыққа барып өткізеді. Сүтті апара жатып өлең айтады. Сонда біздің ауылдың адамдары сағатқа қарамайды, тәуліктің мөлшерін Бөкештің әніне қарап айырады. Таланты адам еді. Шын есімі Темірболат, анасы «Бөкеш, Бөкешім» деп жүріп бүкіл ауыл солай атап кетті. Ағамыз облыстық филармонияда, Кеген ауданының Мәдениет үйінде жұмыс істеді. Ауылда домбырашылар оркестрін құрып, үлкен-кішіні өнерге тартты. Қолымыз жетпесе де оркестрдің соңғы қатарында тұрып күй тартқанға мәз болатынбыз. Ауылдан қол үзбейтінім де, үнемі сағынып тұратыным да осындай ерекше сезімдер мен естен шықпайтын естеліктерден болса керек.
– Жәнібек Кәрменов, Мәдениет Ешекеев сынды жезтаңдай әншілеріміз қалақ домбыраны ұнатқан екен. Әнші үшін аспап қаншалықты маңызды?
– Қалақ домбыра ыңғайлы, дыбысы жинақы келеді. Аспап таңдау әр әншінің ойнау ерекшелігінен шығады. Мысалы, Қайрат ағам көсіліп ойнайды, арқыратып айтады. Үлкен сахнада жеті, тоғыз шанақты домбыралар жақсы естіледі. Аспаптың сапасы бет тақтайына да байланысты, біреулер қарағайдан, қарағаштан жасайды. Әрбір ағаштың дыбысталу ерекшелігі бар, соның бәрі әншіге әсер етеді. Жәнібек ағамыз «Сіздің домбыраңыз қандай ағаштан жасалған?» деп сұрағанда, әзілдеп: «Менің домбырамның беті ұрғашы қарағайдан салынған» деді бірде. Кейіннен сұрасам қарағайдың аналығы екен. Домбыраның мықтысы кез келген үндестікті ұстап қалуы керек. Кеуделі домбыра деген болады, жай отырыста ойнайтын домбыра басқа. Мағауия Хамзин өзінің жасаған домбырасымен түрегеп тұрып ойнаса дыбысы бөлек те, отырып ойнаса басқаша шығатын.
– Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
– Қазақтың дәстүрлі әнінің қаймағы бұзылмаған қалпында осы күнге дейін жетуі өнердің киелі рухы деп білемін. Ән бар жерде өмір бар. Айтқан әнің тыңдаушының көңіл пернесін тап басып, сырласы мен мұңдасына айналса – әншінің бағы. Осы жолда өнерге қызмет ету парызымыз. Мен үшін, ең бастысы, ата-анам мен ұстаздарым ұялмауы керек.
– Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен
Дина ИМАМБАЕВА




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *