Жауапкершілік – бәрімізге ортақ

Ақтөбе облысындағы Темір ауданының әкімі  Асқар ЖҮСІБАЛИЕВПЕН әңгіме

– Асқар Қазиханұлы, Сіз бұған дейін облыстық басқармаға басшылық жасадыңыз, Қобда ауданында әкім болып қызмет атқардыңыз. Әр аймақтың өзіндік ерекшеліктері болады, сол тұрғыдан қарағанда өзіңіз соңғы жылжарымнан астам уақыт бірінші басшы ретінде Темір ауданына қысқаша сипаттама берсеңіз…
– Ауданымыз өндіріс және ауыл шаруашылығы салаларына негізделген. Бір қалалық және он ауылдық округтерге қарасты 25 елді мекенде 37 мың бес жүз адам тұрады. Оның ішінде 11 елді мекен орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылып, тұрғындардың 86 пайызы қамтылды, тұрғылықты халық түгел дерлік телефон байланысын пайдаланады, 82,7 пайызы көгілдір отын игілігін көріп отыр.
Өңірде мұнай-газ өндірісі қалыпты түрде дамып келеді. Теміржол бойындағы Шұбарқұдық стансасында, Кенжалы, Жақсымай, Қалмаққырылған бекеттерінде осы саланың бірқатар мекемелері жұмыс істеп, аудан экономикасын нығайтуға өзіндік үлес қосуда.
Ауыл шаруашылығы саласы да қарқынды дамып, мал саны жылдан жылға көбею үстінде. Шағын және орта бизнес саласының субъектілері артып, қызмет көрсету мен сауда-саттық саласы дамып отыр.
– Өңірдің 2017 жылдың алғашқы жеті айындағы экономикалық-мәдени дамуы жөнінде не айтасыз?
– Бұл кезеңде ауданда өнеркәсіп өні­мінің көлемі 78933,6 млн теңгені құ­рады немесе өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 95,3% орындалды.
Ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемі 60008,4 млн теңгеге жетті, яғни 2016 жылдың 7 айы қорытындысымен салыстырғанда 103 пайызды құрады. Малдың барлық түрінен өсім байқалып, сала келешегіне сенімді нығайта түсті.
Негізгі капиталға салынған инвес­тициялар 7686,5 млн теңгені құрады немесе 2016 жылмен салыстырғанда екі еседен астам ұлғайтылды.
2017 жылдың 1 тамызына дейін 9409 шаршы метр көлемінде тұрғын үй салынып, белгіленген меже алынды. Жалпы құ­рылыс жұмыстарының көлемі 1354,5 млн теңгені құрады, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда әлдеқайда артық.
Ауданда 2017 жылдың 1 тамызында 1788 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелді, оның ішінде 1647-сі толық қуатында жұмыс істеп тұр.
Бөлшек сауданың көлемі 1069,5 млн теңгені құрады. 464 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
– Елбасымыздың жыл сайынғы Жолдауы Қазақстан халқына тың серпілістер беріп, болашаққа сенімін нығайтып келеді. «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын биылғы Жолдау мен мерзімдік баспасөзде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаланы жүзеге асыру барысында жүргізілген жұмыстарды білгіміз келеді.
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың аталған мақаласы әрбір отандасымыздың бойында келешекке деген сенімді нығайтты, туған өлкені, елді қастерлеудің бағыт-бағдарын айқындады. Тарихи маңызы зор құжатты жұртшылыққа кеңінен таныстыру және алдағы міндеттерді белгілеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, іс-шаралар жоспары жасалды. Соған сәйкес 66 іс-шара ұйымдастырылып, оларға 8580 адам қамтылды. Облыстық ақпараттық түсіндіру тобы аудандағы он екі елді мекенде 24 кездесу ұйымдастырды. Атқарылған шаралар туралы ақпарат облыстық, аудандық бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты жарияланды. Аудандық «Темір» газетінде, әлеуметтік желі парақшаларында жарық көрген ардагерлердің, жастардың пікірлері, бейнероликтер Тәуелсіз Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікті аңғартып, замандастарымыздың әр жайға бейжай қарамайтынын көрсетті.
Соңғы кезеңде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Туған жерім – нұрлы елім» жобасы кең қолдау тауып отыр. Маусым айында Ақтөбе қаласында Темір ауданының күндері өткізілді. 2016 жылы осы шара қорытындысымен ауданымыз облыс аудандары арасында бас жүлдені иеленген болатын. Биылғы жаңалық – қалалық және селолық округтердің күндері бекітілген кестеге сәйкес аудан орталығында ұйымдастырылды.
– Соңғы кезеңде жұртшылықты алаң­датып отырған мәселе көбіне-көп діни ахуал төңірегінде болып отыр. Бейбіт тірлік шырқын бұзар жат әрекеттерді болдырмау жөнінде қандай шаралар алынды, белгіленген жұмыстар турасында ой бөліссек…
– Дұрыс айтасыз, бұл жайға енжар қараудың неге апарып соқтыратынын әлемнің бірқатар мемлекеттерінде орын алған оқиғалардан оқып, көріп отырмыз. Өңірде діни ахуалды жақсарту, дәстүрлі дінімізді насихаттау мақсатында құрамында ардагерлер, мекеме басшылары, дәрігерлер, имамдар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, мәслихат депутаттары бар ақпараттық-түсіндіру тобы өз жұмысын тұрақты жүргізіп келеді.
Аудандық прокуратура жанынан құрылған «діни сұрақтар бойынша орталық» қызметі көңілімізден шығып отыр. Сонымен қатар «Жастар арасында дін мәселелері және қоғаммен байланыс жөніндегі орталық» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Діни экстремизм мен терроризмге қарсы бағытта өткізілген тақырыптық кездесулер жастардың, мектеп оқушыларының көп жайды ұғынуына қол жеткізді. Бұл әдіс биыл да жалғасын тапты. Жат діни ағымдардың жетегінде жүрген азаматтарды дәстүрлі дінге бейімдеу мақса­тында әртүрлі деңгейдегі теологтардың қатысуы­мен 473 жеке кездесу өткізілді.
– Қай салада да барлық жұмыстардың тиянақты атқарылуы кадрлардың білік­тілігіне, ойлау қабілетіне байланыс­ты. Мемлекеттік қызметте ысылған ұйымдас­тырушы ретінде Сіз не айтар едіңіз?
– Елбасымыз бұл мәселені қай уақытта да басты назарда ұстап келеді. Шынында мемлекеттік қызметшінің ойлау көкжиегі, мәдениеті, адамдармен тіл табысу шеберлігі міндеттерді уа­қы­тында, сапалы орындауға жол ашады. Ауданымыздың мемлекеттік мекеме­лерінде қызмет атқаратын адамдарды тәрбиелеу, талапты күшейту игі нәтиже беріп отыр, олардың арасында жастардың, әйелдердің арта түсуі сүйінішті.
Биылғы тамыз айының 8-де жоспар­ға сәйкес Ақсай, Алтықарасу, Кеңестуы, Қайыңды, Саркөл, Тасқопа, Шұбарши ауылдық округтерінде әкімдер сайлауы өткізілді. Аудандық мәслихат сессия­сында депутаттар Еламан Бегімов, Самат Төлеуов, Сағынғали Туранов, Ардақ Сүйіндіков, Айгүл Таңа­тарова, Мәрзия Қожақова, Азамат Өсербаевқа сенім көрсетті, аталған адамдар әкім қызметіне тың жігермен кірісті.
Аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған Жолдас ­Қалмаған­бетовтің облыстық дін істері басқар­масының басшысы болып тағайындалуы, аудандық бөлім жетекшісі Нұржаһан Садықованың аудан әкімінің орынбасары қызметіне жоғарылатылуы, Мәди Жақсылықовтың селолық округ әкімдігінен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы болуы – жағымды құбылыстар.
Үстіміздегі жылы барлық мемле­кеттік қызметшілер аттестаттау сына­ғынан өткізілді. Халық пен биліктің арасында үнемі байланыс орнатылса кез келген мәселе оңтайлы шешіледі деп есептеймін.
– Тұрғындардың өмір сүруі үшін қолай­лы жағдай жасау, ауылдың көркеюі де – на­зарға қойылатын басты мәселелердің бірі. Бұл тұрғыда қандай шаруалар жасалуда?
– Ел экономикасы нығайғанының бір көрінісі – ауыл-селолардың келбеті жақсара түсті. Ең бастысы – адамдар өз қолымен атқарылған игілікті шаруаларға жанашырлықпен қарайтын, ортақ мүдде тұрғысында бағалайтын болды. Ауданда ауылішілік жолдарды күрделі жөндеуден өткізу ұлғайтылып келеді, бүгінге дейін үш жарым шақырымдай жол қалпына келтірілді. Коммуналдық тұрғын үйлер құ­ры­лысына серпін берілді. Тұрғын­дар­ды таза ауыз сумен қамту мақсатында су желі­лері жаңартылуда. Жергілікті ат­қару­шы органдар осындай маңызды мә­се­лелерді тұрақты назарға алып келеді.
– Әңгімеңізге рақмет! Қызметтеріңізге сәттілік тілейміз!

Әңгімелескен  Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
Қазақстан Республикасы   ақпарат саласының үздігі
Ақтөбе облысы




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *