Жанармайға жаримыз ба?

Globalpetrolprices аналитикалық базасының мәліметіне сәйкес, 16 қазанда әлем бойынша бензиннің орташа бағасы литріне 1.08 U.S. Dollar құрады. Бұл ретте әр елдегі баға айырмашылығы әдетте оның бақуатты мемлекеттерде анағұрлым жоғары, ал кедей, сондай-ақ мұнай экспорттаушы елдерде төмен болып келетіндігімен сабақтастырылады.

Сайтта келтірілген статистикалық деректерге назар аударсақ, Орталық Азия елдерінде бензин бағасы айтарлықтай айырмашылыққа ие екендігін аңғаруға болады. Айталық, соңғы кездері Түрікменстанда бензин литрінің орташа бағасы $0,29, Өзбекстанда $0,41, ал Қазақстанда $0,47 құраған. Осы ретте мән беретін мәселе, алдыңғы екі республика газ өндіруші елдер ретінде белгілі болса, Қазақстан – мұнай өндіруші мемлекет. Соған қарамастан, Түрікменстан мен Өзбекстан бензин бағасын қазақстандық бағадан төмен деңгейде ұстаудың жолын тауып отыр. Десек те, Түрікменстан Қазақстан секілді нетто-экспорттаушы ел болып табылады. Бірақ, каспиймаңы республикасының өндіретін (жылына шамамен 10 миллион тонна) және экспорттайтын (6,5 миллион тонна көлемінде) көмірсутегі шикізатының көлемі біздегіден әлдеқайда (сәйкесінше, жылына 80 миллион тоннадан астам және шамамен 68 миллион тонна) аз. Сондай-ақ олардағы дәлелденген мұнай қорын (600 миллион баррель, яғни 100 миллион тонна), біздікімен (30 миллиард баррель, яғни 4 миллиард тонна) салыстыруға келмейді. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Катар және Бразилия секілді ірі мұнай өндіруші елдерді басып озып, әлемде 12-орында тұр. Ал Түрікменстан болса, 44-45 орындарды Румыниямен бөліседі.
Ал нетто-импорттаушы ел болып саналатын Өзбекстан мұнайды тек Ресейден ғана емес, Қазақстаннан да сатып алады. Мысалы, «Узбекнефтегаз» АҚ басқарма төрағасының баспасөзде жариялаған мәліметтеріне сәйкес, оның компаниясы 2018-2020 жылдар ішінде 1 миллион тонна көлемінде шикі мұнайды импорттауды көздеп отыр. Ал 2021 жылдан бастап Жизақ облысындағы мұнай өңдеу кешені іске қосылғаннан кейін импорт көлемін 5 миллион тоннаға дейін арттырмақ. Айта кету қажет, Өзбекстан кеңес дәуірінде де өз мұнай өңдеу зауыттары үшін мұнай тапшылығын сезінді. Дегенмен, республика тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылдан бастап 1999 жылға дейін мұнай шикізатын өндіру көрсеткішін тәулігіне 66 мыңнан 162 мың баррельге дейін, яғни жылдық сипатта 8 миллион тоннаға дейін ұлғайтып, импорттан толық тәуелсіз болған еді. Алайда, елдегі мұнай тапшылығы кейін қайта туындап, баяғы қалпына оралды. Мысалы, шикізат өндіру 2001 жылғы 7,2 миллион тоннадан – 2012 жылы 3,2 миллион тоннаға төмендеген. Осы кезеңде шикізатты тұтыну 6,7 миллионнан 4,4 миллионға дейін қысқарған. Былайша айтқанда, объективті факторлармен түсіндірілетін мұнай өндіру көлемінің азаюы елде оны тұтынуды, сәйкесінше, бензин өндіруді қысқартуға негіз болды. Өзбекстанда автомобиль отынының тапшылығы әсіресе 2013 жылы қатты байқалды. Осындай жағдайларға байланысты елдегі мұнай өңдеу зауыттарында импорттық көмірсутегі шикізатының көлемін өсіру жолымен автомобиль жанармайы өндірісін ұлғайту бойынша күшейтілген шаралар қабылдануда. Кеңес одағы кезінде Өзбекстанда мұндай екі кәсіпорын – Фергана МӨЗ және Алты-арық МӨЗ жұмыс істеді. 90-жылдары Бұхара мұнай өңдеу зауыты іске қосылса, қазірде Жизақ облысындағы жаңа мұнай өңдеу кешенін іске қосу жоспарланған.
Өзімізге келсек, Қазақстанда мұнай өндіру көлемінің төмендеуімен байланысты қиындықтар болған емес. Тіпті посткеңестік кезеңде мұнай өндіру көрсеткіші 25 миллионнан 82 миллион тоннаға дейін өскен. Бүгінде елімізде бұрынғыша үш МӨЗ – Шымкент, Атырау және Павлодар зауыттары бар. Ал бензин бағасы әлемдік нарықта мұнай қымбаттағанда да, арзандағанда да өсіп отыр. Сөйтіп, елімізде жанар-жағармай материалдарына бағаның өсуі тұрақты түрде байқалуда.
Қыркүйектің екінші онкүндігінде республи­камыз­дағы жанармай бекеттерінде бензин бағасы орташа есеппен екі-үш теңгеге, ал қазан айының басында тағы да үш-төрт теңгеге көтерілді. Мұның себебін Энергетика министрлігі мұнай өнеркәсібін дамыту департаменті бізде ресей бен­зині мен дизельді отынына импорттық тә­уелділік сақталып отырғандығымен түсіндірді. Нақтырақ айттқанда, Аи-92 маркалы бензинге – 30%, дизельді отынға – 15% тәуелді болып отырмыз. Өз кезегінде зауыттар ашық түсті мұнай өнімдерін өндіруді арттыру бойынша жұмысты жалғастырып жатқандығы айтылды.
Үнемі импортқа тәуелділікпен түсіндірілетін осы мәселені импорттан арылу жолымен шешуге не кедергі, қарапайым халыққа осы жағы түсініксіз боп қалуда. Өкінішке орай, ірі көлемдегі мұнайды артығымен өндіретін еліміз жанар-жағармай материалдарымен өзін лайықты деңгейде қамта­масыз етуге қол жеткізе алмай отыр. Бұл Қазақ­стан өзінің энергия құрауыштарымен алдымен халықаралық нарықты толтырып, содан кейін ғана қалдықтық принциппен ішкі нарықты қа­нағат­тандырады дегенді білдірмей ме? Әлде сыртқы нарықта біздің шикізатымызға сұраныс артқан сайын оның бір бөлігін осында, өз елімізде өтімді тапшылықты тұтынуды бәсекеге қабілетті тауар өнімінің өндірісімен толтырмайтын халықтың басым бөлігінің қажеттілігін өтеу үшін қалдыруға тура келетіні басқарушылардың көңілінен шықпай ма? Интернетте осы тектес пікірлер де айтылуда.
Қалай десек те, күз басталғалы бензин бағасы 10-11%-ке өскен. Жанармай бекеттеріндегі ұзын-сонар кезек, талонмен де табылуы қиындаған бензин қазақстандықтардың жүйкесін біраз жұқартқаны белгілі. Енді жыл соңына дейін қалған бірер айда бензин бағасы тағы да шарықтап кетпей ме? Бұлай дейтініміз, жанармай станциялары тарапынан қабылданған бензин бағасын өзгерту шешімдері уақытша болуы да мүмкін. Өйткені, барлығын нарық реттейтіні жөніндегі қалыптасқан қағидадан бөлек, тәуелсіз сарапшылар тәжірибеде бір өскен бағаның қайтадан түсе қоюы қиын екендігін айтады. Бұған қоса, бензин бағасының өсуі 2025 жылы ЕАЭО аясында бірыңғай энергоресурстар нарығын құру туралы шешімнің қабылдануымен де байланыстырылады. Жағдайдың жағымсыз тұсы сол, біздегі баға ресейлік бағамен теңеспейінше, жанармай литрінің бағасы өсе береді. Негізінде қазіргі тапшылық 40%-ке дейінгі ресейлік жанармаймен толтырылады. Ал егер шенеуніктер ЖЖМ-ды нарықтық бағамен сатып алуға рұқсат еткенін ескерсек, ресейлік бензин қазақстандықтан айтарлықтай қымбат, демек, жанармай импорты да қымбат болады.
Өз кезегінде соңғы апталарда сын мен сөгістен «кенде» болмаған еліміздің Энергетика министрлігі бензинге қатысты жағдайды тұрақтандыру үшін бірқатар шаралар қабыл­дауға шындап кіріскен сыңайлы. Министр Қ.Бозымбаев: «Бірінші, қазан айында Шымкент және Атырау зауыттарында мыналардың есебінен Аи-92 бензинін өндіру көлемі 130-дан 165 мың тоннаға дейін ұлғайды.: Шымкент зауытын мұнаймен барынша жүктеу 380-нен 490 мың тоннаға дейін ұлғайтылды және екі зауытта да Аи-95 бензинін өндіруді тоқтату есебінен Аи-92 бензині қосымша шығарылды. Екінші, Батыс Қазақстан облысындағы «Конденсат» АҚ-ға жеңіл мұнайдың 20 мың тоннаға дейінгі көлемін қосымша жетізу ұйымдастырылып, соның арқасында осы айда қосымша 4,5 мың тонна Аи-92 шығарылатын болады. Мұның барлығы 130 мың тоннаға жоспарланған Аи-92 өндірісінің 170 мыңға дейінгі жиынтық өсімін береді», деп мәлімдеді. Сонымен қатар ол Ресейдің Энергетика министрлігімен, РостНефть, ГазПромНефть, РусНефть компанияларының басшыларымен келіссөздер жүргізгенін және Ресей мұнай өңдеу зауыттарынан 100 мың тоннадан астам Аи-92 бензинін алу уағдаластығына қол жеткізгенін айтты. «Аталған 100 мың тоннаның шамамен 50 мың тоннасы осы аптаның соңына дейін тиелетін болады. Қалған көлемі айдың соңына дейін жеткізіледі. Айдың басынан бері Аи-92 бензинінің 34,6 тоннасы импортталды. Оның 10 мың тоннасы өткен демалыс күндері жеткізілді», деді сала басшысы.
Оның мәлімдеуінше, қабылданған шаралар­дың арқасында елімізде кешегі күні Аи-92 бен­зинінің жиынтық қалдығы 127 мың тоннаны құрады. Бұл бірнеше күн бұрынғы көлемнен 10 мың тоннаға артық немесе қалған бензин мөлшері 13 күн бойы қамтамасыз етуге жетеді. Бұл елдің барлық өңірлерін сатылымда қандай да бір іркіліссіз толықтай қамтамасыз етуге жететін қалдық деңгейі. Қазіргі күні 92 бензинін сатуда шектеу бар өңірлер жоқ деуге де болады. Дегенмен, жанармай сататын 2 желіде Аи-92 бензинін талонмен сату жүргізілуде. «Меніңше, бұл желілер де таяу бірнеше күннің ішінде еркін сатуға көшетін болады. Бұған қоса, өткен аптада мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жұмыстарына аудит жүргізу үшін министрліктің комиссиясы жіберілді. Павлодар мұнай өңдеу зауыты бойынша барлық жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде, зауыттың іске қосылуы 26 қазанға жоспарланған. Қазан айының соңына дейін зауыт 65 мың тонна мұнай өңдеп, тәулігіне Аи-92 бензинінің 2,5 мың тоннасын жөнелтіп отырады деп жоспарлануда. Осылайша, біз осы аптада ахуал толықтай тұрақталады деп отырмыз. Бұған қоса апта соңында 50 мың тонна импорттық бензин кіреді және келесі аптада қазақстандық бензинді барынша өндіру қолға алынады», деп сендірді министр.
Сонымен, желтоқсанда 92 маркалы бензиннің импорттық үлесі 20-%-ке дейін қысқарады екен. Жыл соңына қарай жанармай жағдайы реттеліп, баға тұрақтайтын болады. Ресей тарапынан қосымша жанармай жеткізу жөніндегі келісімшарттар бензин бағасының уақытша өсуіне әкеледі. Қазан айының соңында және қараша айының басында бензин бағасы литрына 160-161 болады деп күтілуде. Бағаны осылай көтермейінше, Ресейден бензин жеткізу мүмкін болмайды. Қараша айының соңына қарай Павлодар МӨЗ іске қосылуымен барлық үш зауыт үздіксіз жұмыс істеп, нарықтағы ресейлік бензиннің үлесі азая түседі. Бензин болашағына қатысты министрдің болжамы осындай. Ал оның әрі қарай қалай өрбитінін уақыт көрсетпек.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *