САН БАР, САПА ҚАНДАЙ?

Кооперативтер құрудағы жылдық меже табысты орындалды

Елбасы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керектігін айтты. Ауыл шаруашылығын әртараптандыру арқылы 2021 жылға дейін азық-түлік экспортын 40 пайызға көбейту, бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тарту міндетін алға қойды.

Осыдан екі жыл бұрын «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заң қабылданып, агроөнеркәсіп кешені өнімдерін өндіру көлемін ұлғайту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалану есебінен өндірістік кооперативтер жүйесін құру шаралары қолға алынған еді. Ұсақ шаруашылықтарды ірілендіріп, кооперацияға біріктіру еңбек өнімділігін арттыруға жол ашады. Яғни өнімділік жоғары болған жерде, жақсы табыс табу мүмкіндігі де сонша болмақ. Осы тұрғыда салалық министрліктің жанынан арнайы құрылған жұмыс тобы еліміздің бар өңірінде болып, ауыл тұрғындарына кооперативтер құрудың мақсаты мен жеңілдетілген несие алу жолдарын түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әр облыста қанатқақты жобалар жүзеге асырылды. Нәтижесінде мәселемен жалғыз айналысқаннан гөрі, кеңесе шешкен істің тиімді, жұмыла еткен еңбектің нәтижесі көз толып, көңіл қуанарлықтай боларын түсінген өзін-өзі жұмыспен қамтыған жұрт кооперативтерге біріге бастады. Олардың ісі тез жандануы үшін жаңа несие өнімдері әзірленіп, тиімді несиелендіру тетіктері іске қосылды. Кәсіпкерлер ұсақ шаруа қожалығын ірілендіру арқылы мемлекеттен техникаға, тыңайтқыштарға, асыл тұқымды мал өсіруге, несие алуға жеңілдіктер барын білді.
Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаның басты мақсатының бірі – ұсақ және орта шаруаларды ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктіру. Осы орайда 23 қазанда өткен үкімет отырысында аталған бағдарламаны жүзеге асырудың 9 айлық қорытындысы туралы баяндаған ведомство басшысының бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов ауыл шаруашылығы кооперациясы картасы қабылданып, мал шаруашылығында алғашқы нәтижелерге қол жеткізілгенін атап өтті. Келтірілген деректерге сәйкес, биылғы 9 айда ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі өткен жылғы есепті кезеңмен салыстырғанда 1,9%-ға артқан. Тамақ өнімдері өндірісі аталған кезеңде 5,3%-ға, мал шаруашылығында өнім өндіру көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 3,3%-ға артып, оның ішінде ет өндіру 5,7%-ға, сүт өндіру 2,8%-ға ұлғайды.
2017 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жылдың басынан бері 56 мыңнан аса жеке қосалқы шаруашылық пен ұсақ шаруа қожалықты қамтыған 745 кооператив құрылды. Оның ішінде 273 кооператив сүт қабылдау бекетімен, 358-і мал сою бекетімен қамтылған. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар жеке кәсіпкер болып қайта тіркеліп, 5 968 бордақылау алаңын құрды. Аталған бордақылау алаңдарында 102,5 мың бас мал семіртіледі.

Осы уақыт ішінде кооперативтерде 44 мың тоннадан астам сүт және 13 мың тонна ет дайындалған.
Иә, кооперативтердің артықшылығы көп. Ең бастысы, кооперация жүйесінің арқасында шағын шаруашылықтар мемлекеттік бағдарламалар бойынша берілетін қосымша мүмкіндіктерге қол жеткізеді.
Несиелендіру жобасының операторы – «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлікті өз қаржысымен қатар 2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша тартылған қаржыдан несиелейді.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасы Жандар Омаров атап өткендей, осы жылдың 9 айында қор тарапынан 39 млрд теңгеге 10 мыңнан астам несие берілген. «Жалпы, жылдың соңына дейін ауылдағы шағын несиелеуге 41 млрд теңге бөлу жоспарланған. Шарттар несие алушылар үшін өте тиімді: несиелеудің мерзімі – 6,5 жылға дейін, үстеме – жылдық 6% аспайды, тиімді сыйақы үстемесі – 6,7% дейін. Несиелеу мерзімінің үштен бір бөлігіне дейін жеңілдетілген мерзім бекітіледі», – дейді басқарма төрағасы.
Бағдарлама аясында биыл ауылдық кәсіпкерлікті шағын неселеуге 16,5 млрд теңге бөлініп, бүгінгі таңда оның 15,7 млрд теңгесі берілген. Одан бөлек 24,5 млрд теңге республикалық бюджеттен және қордың өз қаржысынан бөлінді. Жоғарыда атап өтілгендей, биыл жалпы ауыл тұрғындары мен ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне бөлінген қаржы 41 млрд теңгені құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6 миллиардқа артық.
– Қазіргі уақытта ауылшаруашылық кооперативтері мен олардың мүшелері белсенді қаржыландырылуда, – дейді Жандар Омаров. – Несиелер келесі бағыттар бойынша: «Ынтымақ» несиелік өнімі аясында – ет, сүт, жеміс-жидек және көкөніс өнімдерін өндіру және сату жөніндегі кооперативтердің дамуына; «Береке» – отбасылық мал бордақылау алаңдарына; «Игілік» – мал мен құс сатып алу және көбейтуге; «Ырыс» – отбасылық сүтті-тауарлы фермаларға бөлінуде.
Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы кооперацияларын қолдауға және өнімді жұмыспен қамтуды дамытуға «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша бөлінген қаражаттың 95 пайызы игерілген. Қалған қаржыға өтінімдер тіркелуде.
Сонымен бүгінгі таңда елімізде 745 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Бұл биылғы жылы 467 кооператив құрамыз деген салалық министрліктің жоспарынан да асып түсті. Саны жақсы-ау, сапасы сай ма дегенге келсек, әзірге жұмыс істеп тұрған кооперативтердің экономикасы туралы толыққанды ақпарат жоқ. Және бұл жерде сапа саннан шығадыны алға тарта алмаймыз. Тағы бір үлкен сандық көрсеткіш – ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сәйкес, 6000-нан астам жұмыс орны ашылған. Бұл, әрине, жоғарытехнологиялы жұмыс орындары еместігі түсінікті. Дегенмен, осынау қомақты көрсеткіштен қандай нәтиже күтеміз, азық-түлік молшылығын жасауға қосылар үлес қаншалық болмақ деген мәселеге орай «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасы Жандар Омаров: «Бізден қарыз алушылардың үй шаруашылығымен айналысатын адамдар екенін естен шығармау керек. Олар статистика бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтыған немесе жұмыссыздар қатарына жатқызылған. Осындай бағдарламалардың есебінен біз оларға ақша табуға мүмкіндік береміз. Өзінің қосалқы шаруашылығын жүргізіп отырған кез келген ауыл тұрғынының бізге келіп, несие алу мүмкіндігі бар. Шамамен үш миллион теңге болатын бұл сомаға 15-20 бас мал сатып алады. Оны бордақылап, сатады да, табыс табады. Міне, бұл шаруашылықтың қарапайым түрі», – деп түсіндірді.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өткізудің орталықтандырылған жүйесін ұйымдастыру мақсатында ұсақ өндірушілерді кооперацияға біріктіру және ауыл тұрғындарын тиімді жұмыс, табысты еңбекпен қамту көзделген бағдарламаның іске асырылу барысы сандық көрсеткіштермен өрнектегенде жоғарыда келтіргеніміздей тәп-тәуір. Тек министрлік межелеп отырғандай, сан сапаға ауысса құба-құп.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *