«ХИЗБ УТ-ТАХРИР» ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МЕН ҚАЗАҚСТАНДА

Қазіргідей «Ислам мемлекеті» ұйымы туралы көп сөз болып жатқан заманда «Хизб ут-Тахрир» жайында айтарлықтай ештеңе естілмейді. Ресми Мәскеу оның әрекетiне 2003 жылы тиым салған. Ал Қазақстанда ондай шешiм 2005 жылдың басына дейiн болмаған. Оның алдындағы 2004 жылдың қазан айында елiмiздiң Жоғарғы сотының жабық отырысында ҚР Бас прокуратурасының 11 халықаралық ұйымды террористiк деп тану туралы ұсынысы қаралған. Тiзiмнiң iшiнде мынадай атаулар болды: «Аль-Каида», «Шығыс Түркiстанның ислам партиясы», «Курд халықтық конгресi», «Өзбекстанның ислам қозғалысы», «Асбат аль-Ансар», «Мұсылман-бауырлар», «Талибан», «Боз гурд», «Орталық Азия моджахедтерi жамааты», «Лашкар-и-Тайба» және «Әлеуметтiк реформалар қоғамы». Жоғарғы сот Бас прокуратураның ұсынысын құптап, Қазақстан ауқымында аталған партиялардың iс-әрекетiне тиым салды.

Өздерiңiз көргендей, бұл тiзiмде «Хизб ут-Тахрир» жоқ болған. Оның әркекетіне Қазақстан соты 2005 жылы барып тыйым салды. Неге біздің ел осындай шешім қабылдауды кешеуілдетті? Себеп біреу-ақ болса керек. Ол – Батыс пен Ресейдің бірқатар интеллектуалдарының «Хизб ут-Тахрирді» бүлікшілдік әрекетпен тікелей айналыспайтын саяси ұйым деп қабылдауы. Мәселен, белгілі орыс шығыстанушысы және исламтанушысы, профессор Алексей Малашенко IslamNews басылымына берген сұхбатында ол туралы мынадай пікір білдірді: «Кстати говоря, Хизб ут-Тахрир — это не экстремисты! Да, это радикалы, но это не те люди, которые обещают любой ценой бороться за халифат. […] Хизб ут-Тахрир ставят перед собой только политические задачи. Когда они говорят про халифат, то только политическими средствами, и избегают любых вот таких вот эксцессов. И, кстати говоря, их очень часто сравнивают с Исламским движением Узбекистана, вот те — да, те совершают теракты, те готовы брать оружие, а Хизб ут-Тахрир — нет!».
Бірақ қалай дегенде де, бұл ұйым әрекетіне Ресей де, Қазақстан да, ТМД-ның бірқатар басқа елдері де он жылдан астам уақыт бұрын тыйым салған. Сондықтан қазір ол туралы әңгіме қозғау дұрыс па? Осыған жауап ретінде американдық тарихшы мен саясаткер Уолтер Лакердің 2015 жылы жария еткен мына бір мәлімдемесін келтіруге болады: «Наиболее активным военным движением в Центральной Азии являлась Хизб ут-Тахрир, панисламистская политическая организация, основанная в Иордании в 1950-е годы и намеревающаяся создать всеобщее Исламское государство (халифат). В настоящее время она запрещена почти во всех странах, включая арабские. Её перспективы в некоторых странах Центральной Азии, вроде Киргизии, не следует недооценивать».
Ал бұл болса «Хизб ут-Тахрирді» біздің аймақта есептен шығаруға әлі ерте деген сөз. Осы күнге дейiн қоғамдық пiкiр ауқымында оның қайдан шыққаны және не iстеп, не қойғаны туралы бiрыңғай түсiнiк жоқ.
Ол туралы сөз болғанда, ең алдымен мынадай сұрақ туындайды: қалайша Таяу Шығыста дүниеге келген және Орталық Азияға қатысты мәселелерге тiкелей қатысы болмаған осы бiр панисламдык партия Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжiкстанда кең тараған астыртын ұйымға айнала алды?
Қазақстан қауіпсiздiгiне жауап беретiн лауазымды адамдар бұрындары да журналистердi баспасөз конференциясына жинап, «Хизб ут-Тахрир» белсендiлерiнiң алыс түкпiрдегi өзiмiздiң қазақ ауылдарына да жетiп, өз уағыздарын тарата бастағанын үрейлене айтып жүрген. Ресейде оған тиым Қазақстандағыдан гөрi 2 жыл 1 ай және 14 күн бұрын салынған.
Бүгiнгi күннiң шындығынан хабары жоқ емес адамға билік басындағылардың осылайша әрекет жасауы әбден түсiнктi. Кезінде жария етiлген ақпараттарға қарағанда, Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжiкстан түрмелерiнде отырған «Хизб ут-Тахрир» адамдарының саны кез келген басқа да қозғалыс өкілдерiнiң санынан көп екен. Бұл қозғалыстың Орталық Азия аймағында әрекет жасай бастауы алғаш рет осыдан осыдан жылдан астам уақыт бұрын, 1995 жылы Өзбекстанда тiркелген болатын. Ал арада 4-5 жыл өткеннен кейiн-ак «Хизб ут-Тахрир» идеялары адамдар арасында ең көп тараған және артына ең көп халық еретiн идеялардың бiрiне айналды. Қырғыздың халқы тiптi де көп емес облыстарының бiрi болып табылатын Жалалабад өңiрiнде тек қана 2001 жылдың алғашқы 10 айы (қаңтар-қазан аралығындағы уақыт iшiнде) барысында осы қозғалыстың үндеу парақтарын таратқаны және соның атынан үгiт-насихат жүргiзгенi үшiн 6607 адам ұсталған екен. Жалалабад облысы iшкi iстер басқармасының мәлiметтерiне қарағанда, соншама көп ұсталған адамның iшiнде тек 376-сы ғана ресми түрде «Хизб ут-Тахрирдің» мүшесi болып табылады екен. Қалғандары тек осы қозғалыстың идеяларын қолдаушылар көрiнедi. Бүкiл Орталық Азияда бұқара халық тарапынан осыншама жаппай қолдауға ие болып отырған бiрде-бiр жергiлiктi саяси партияның немесе қоғамдық қозғалыстың жоқ екенi хақ. Ал «Хизб ут-Тахрир» қанша айтқанмен халықаралық қозғалыс болып табылады.
«Хизб ут-Тахрирдың» ең мықты жақтарының бiрi оның ашықтан-ашық күш көрсетуге талпынбауында болса керек. Ресми билік өкілдері оның осындай позициясын алдамшы деп бағалауға талпынған. Бiрақ «Хизб ут-Тахрир» осынысынан танар емес.
Басқаша айтқанда, ол негiзгi салмақты уағызға артып отыр. Бүгiнгi таңда бұл қозғалыс халық арасында идеологиялық жұмыс жүргiзуге ден қойып отыр. Ал бұл қазiргi таңда әскери қимылдар мен террорлық әрекеттерден де уытты болып тұр. Адамзат тарихында қай заманда да сайып келгенде сөз қару мен күш көрсетуден басым түсiп отырған. Бiрақ сөздiң де сөзi бар. «Хиз ут-Тахрирдың» санаулы жыл iшiнде бүкiл Орталық Азияға қанат жайып үлгергенi, сосын тыйым салынған соң астыртын жұмысқа көшуі оның сөзiнiң жай сөз емес екенiнiң дәлелi болса керек.
Тiптi атышулы ӨИҚ-тың (Өзбекстан ислам қозғалысынын) өзi де осы тұрғыдан алғанда, «Хизб ут-Тахрирдан» кейiн қалатын көрiнедi. Солай болса солай да шығар. «Хизб ут-Тахрир» әзiрше ӨИҚ құсап кең көлемдегi әскери қимылдарға барып көрмегенімен, оның уағыз жүргiзу жұмысының кеңiнен қанат жайғанына бiраз болды.
Бүгiнгi күнi бар радикалды исламшыл қозғалыстардың iшiнде «Хизб ут-Тахрирдын» алға қойып отырған мақсаттарының ең бiр түсiнiксiздеу және уақытына сай емес көрiнерi хақ. Ол ислам қағидаларына негiзделген саяси партия болып табылады. «Хизб-ут-Тахрир» өз iс-әрекетiн Умманын (бүкiләлемдiк мұсылман қауымдастығының) Ислам мақсатын өз мақсатындай қабылдауын көздей отырып, халықтың арасында жүргiзетiнiн және сол халықпен жүргiзетiнiн жариялайды. Оның құжаттарында мұсылман елдерiндегi үкiметтер исламдық емес үкiметтер ретiнде сипатталады, ал бүкiләлемдiк мұсылман қауымдастығының бүгiнгi күндегi барлық мәселелерi күнделiктi өмiрде «ислам талаптарының сақталмауының», бұның iшiнде, әсiресе, «исламдық басқару жүйесiнiң болмауының» салдары деп танылады.
Нақтырақ айтқанда, «Хизб ут-Тахрирдың» көздейтiнi алдымен Орталық Азия мен Қытайдың Синьцзян провинциясын, сосын бүтiн Умманы бiрiктiрiп, халифат құру. Бұндай кең көлемдегi халифат тарихта 632 бен 661 жылдар арасында болған. Ол «Халифат-и-Рашида» деп аталған. «Халифат-и-Рашида» тұсында ислам дiнi әскери жорықтар мен уағыз арқылы бүкiл Таяу және Орта Шығыс пен Солтүстiк Африкаға тараған.
Сондай халифатты қайта құруды көздейтiн «Хизб ут-Тахрир» қозғалысын 1953 жылы Сауд Арабиясы мен Иорданияда Шейх Такиуддин ан-Набхани Филастыни («Палестиналық» дегендi бiлдiредi) бастаған палестиналықтар құрған. Ан-Набханидiң өзi жаңа Израиль мемлекетiнiң құрылуы тұсында Палестинаны тастап кетуге мәжбүр болғанға дейiн Каирдегi Аль-Азхар университетiн бiтiрген оқытушы және дiни қазы болған. 1953 жылы ол Иорданияға қоныс ауыстырып, сонда өзiнiң қозғалысын құрады. 1962 жылы жарық көрген «Ислам мемлекетi» деген кiтабында ол: «Мақсат көп мемлекет емес, бүкiл мұсылман әлемiн қамтитын жалғыз және ортақ мемлекет құруда», – деп жазған. Ал «Ислам мемлекетi Конституциясының жобасында» ол партияның бүкiл ислам әлемiн бақылауына алатынын және исламның мұсылман еместер әлемiне тарайтынын ешбiр күмәнсіз болжаған.
«Хизб ут-Тахрирдың» қазiргi басшысы Ата Абу Рашта Каир университетiн тамамдаған. Оны Amnesty International ұйымы «ар-ождан тұтқыны» деп жариялаған. Қозғалыстың Орталық Азиядағы жетекшiлерiнiң шетелдiк авторларға берген сұбхаттары түрiнде жарияланған мәлiметтерге қарағанда, «Хизб ут-Тахрир» жаңартылған ваххаби ағымы ауқымында пайда болғанымен, бұның одан арасы бiраз мәселелер бойынша алшақ екен. Пакистандық журналист және жазушы Ахмед Рашидке олардың атын автор «Али» деп атаған бiреуi 2000 жылы былай деген: «Бiздiң ваххабилермен бiрге ортақ бағдарламамыз болған, бiрақ тез арада-ақ айырмашылықтар пайда болды. «Хизб ут-Тахрир» әр елдiң адамдарымен жекеше жұмыс iстеудi және шариғатты бейбiт түрде апаруды қалады, ал ваххабилер партизандық соғысты және ислам армиясының құрылуын қалайтын әсiрешiлдер болып табылады» (Ahmed Rashid “Asie Centrale, champ de guerre. Cinq republiques face a l’islam radical”, Editions AutrementFrontieres, 2002 ж.).
Қалай дегенде де, «Хизб ут-Тахрир» Орталық Азия мен Қазақстанда өзiмен санасуды талап ететiн нақты күшке айналып алған болса керек.

Мақсат КӨПТIЛЕУОВ




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *