Қазақстан қандай елдерге ұн экспорттап отыр?

4

Алматыда 1 желтоқсанда «Орталық Азиядағы астық және ұн нарығы: даму ағымдары және қатерлер» тақырыбында халықаралық конференция болып өтті. Іс-шараны БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылығы ұйымының (ФАО) қолдауымен Қазақстанның астық өнімдерін өңдеушілерінің одағы қырғызстандық және украиналық әріптестерімен бірлесе ұйымдастырды. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей Федерациясы мен Украина секілді 5 елдің ірі астық өңдеуші және ұн өндіру кәсіпорындарының өкілдері, қауымдастық басшылары мен сарапшылар қатысты.

Конференцияға қатысушылар ұн және астық өңдеу өнім­дері нарығының дамуы, осы өңір және одан тысқары жерлерге өнім экспорттау жайы, Қазақстан астығының сапасы және ұнды байыту, сауда-саттықтағы тарифтік және тарифтік емес реттеу шаралары талқыланды.
БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылығы ұйымының экономисі Дмитрий Приходьконың мәліметінше, кейінгі 10 жылда дүниежүзі бойынша бидай өндіру көлемі 17 пайызға өскен. Соның ішінде азық-түліктік мақсатта бидай тұтыну мөлшері 509 млн тоннадан 600 млн тоннаға дейін артқан.
Бидай тұтыну мөлшері бойынша әсіресе Үндістанда секіріс жасалып, ондағы тұтыну мөлшері 79 млн тоннадан 90 млн тоннаға дейін өскен. Бұл мемлекет таяудағы 10 жылда тұтыну көлемі бойынша Қытайды басып озады деп күтілуде. Сондай-ақ, Пәкістан, Египет, Эфиопия, Алжир, АҚШ, Иран, Бангладеш, Нигерия, сондай-ақ, Сахарадан оңтүстікке қарай ор­наласқан елдер Судан мен Мозамбикте де тұтыну мөлшері өседі деп күтілуде (Cурет 1).

(Cурет 1)

Ал астықты өңдеу өнімдерімен жасалатын әлемдік сауда-саттық мөлшері соңғы 5 жылда тұрлаулы өсіп, 54 млн тоннадан 60 млн тоннаға жеткен (Cурет 2).

(Cурет 2)

Экономистің мәліметінше, сонымен бірге соңғы 7 жылда астықтың бағасы арзандауына байланысты экспортталған өнімдердің құны, керісінше, өспей, 31 млрд доллардан 30 млрд долларға дейін төмендеген.
«Дүниежүзінде бидай ұнының экспорты 10 жылда 10 млн тоннадан 14 млн тоннаға дейін өсті, демек, әлемдік бидай ұнының саудасы 38 пайызға өскен. Ал басқа да ұн түрлерінің экспорты 1,1 млн тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін, жарма өнімдерінің экспорты – 2 млн тоннадан 2,4 млн тоннаға дейін өсті», – деді Д.Приходько (Cурет 3).

(Cурет 3)

Бұл ретте мөлшері жағынан ғаламдық саудадағы негізгі сауда-саттық ағыны Түркиядан басталуда  (Cурет 4).

(Cурет 4)

2015 жылы 1,2 млн тонна ұн экспорттаған Түркия 2016 жылы бұл көрсеткішті 3,5 млн тоннаға жеткізіп, екі еседен астам ұлғайту арқылы дүниежүзіндегі негізгі экспорттаушыға айналды (Cурет 5).

(Cурет 5)

«Қазақстан бидай ұнын экспорттау мөлшері бойынша қазіргі таңда Еуропалық одақтан біршама оза шауып, тұрақты екінші орында тұрақтап отыр. 2012 жылы ұн экспорты бойынша Қазақстан Республикасы әлемдік көшбастаушы болса, қазір экспорт көлемі сол деңгейде қалса да, ғаламдық рейтингте екінші орынға жылжыды», – деді Д.Приходько (Cурет 6).

(Cурет 6)

«2016 жылы Қазақстан 2 млн 334 мың тонна ұн экспорттап өз тарихында алғаш рет рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Бірақ бұл рекорд еленбей қалды», – дейді «Қазақстанның астық өнімдерін өңдеушілерінің одағы» ЗТБ президенті Евгений Ган.
«Бүгінгі күні статистикаға сәйкес Қазақстанда 350 ұн өндіруші кәсіпорын бар. Қоғамдық денсаулық сақтау ко­митеті, яғни бұрынғы санитарлық-эпидемиологиялық ба­қылау мекемесі 250 өндіріс орны қызмет етеді деп растайды. Олардың 100-і маусымдық сипатта жұмыс істейді немесе әрекет етпейді. Осы уақытта өңдеу ауқымы 9,5 млн тоннаны құрады және бұл мөлшер азайған жоқ. Егер біз 5,5 млн тонна ұн өндіретінімізді ескерсек, біз 11 млн тонна бидай өңдейміз деп есептейміз», – деді одақ басшысы (Cурет 7).

(Cурет 7)

Ұн экспорттау көрсеткішінің шарықтау шегі 2010 жылы тіркеліп, сол кезде Қазақстан феномені деген атауға ие болған. Ал 2013, 2014 және 2015 жылдары ел тұрақты түрде ша­мамен 1,8 млн тонна ұнды шетелдерге шығарды (Cурет 8).

(Cурет 8)

Евгений Ганның айтуынша, кейінгі жылдары сыртқы нарықтың көлемінің азаю ағымы байқалып отыр, оған себеп, Қазақстан ұнын импорттаушы негізгі елдер болып табылатын Орталық Азия республикалары сауда-саттықты тарифтік емес шектеу шараларын қолдана бастады. Мәселен, Өзбекстан өнімнің келісім-шарттық құнының 5 пайызы мөлшерінде акциздік салық енгізіп, оны биыл алып тастаса да, 2012 жылы бұл мемлекет ұн енгізуге 10 пайыздық баж салығын қолдана бастады. Ал Тәжікстанда импортталатын тауарларға түрлі ҚҚС енгізілген: ұнға – 18%, бидайға – 10%, Қырғызстанда елімізден импортталатын бидайға ҚҚС біржола алынып тасталу арқылы онда сол елдегі ұн өндірушілерге қолдау көрсетілуде (Cурет 9).

(Cурет 9)

Осыған байланысты көршілес мемлекеттерге ұн экспорттау көлемі азайып, керісінше Ауғанстан нарығы күрт өсті (Cурет 10).

(Cурет 10)

«Бұл тұрғыда Ауғанстан бізге сәттілік әкелді. Егер біз бұл елге 2016 жылы шамамен өз ұнымыздың 67 пайызын экспортаған болсақ, 2017 жылы бұл көрсеткіш 80 пайызға жетеді деп болжап отырмыз», – дейді Е.Ган.
Ал бұл нарықтық тәуекел тұрғысынан айтарлықтай жақсы көрсеткіш емес. Өйткені, экспорттаушының жалғыз елдің импортына бағынышты болуы қорқынышты жайт болып табылады.
Егер онымен көршілес Пәкістанда нарықты реттеу саясаты кенеттен өзгерсе, елімізде ұн экспортының нарығы үшін жағдай күрт нашарлайды. Ал әзірге Ауғанстан ұн мен астық өнімдерін алатын Пәкістанда жергілікті өнім өндірушілерді қолдау мақсатында астықты сатып алу бағасы 270 доллар мөлшерінде белгіленген және ел ішінде өнім өңдеуге квота белгіленген. Бірақ бұл елде ұн өндіретін зауыттар толық қуаттылықта жұмыс істемейді. Олар толыққанды жұмыс істей бастаса тағы да еліміздің экспорты үшін неғайбыл жағдай туындамақ.
Сарапшылар Қазақстан үшін тағы бір келешегі бар нарық – Қытай нарығы дейді. Бірақ бұл ел импортталатын өнімге таза органикалық өнім болуы қажет деген талап қояды (Cурет 11).
Бұған қоса экономист Дмитрий Приходько Таяу Шығыс мемлекеттерін, соның ішінде Египетті, Солтүстік Африка мен Сахара шөлінен оңтүстікке қарай орналасқан Африка мемлекеттерін, Ирак, Судан, Индонезия, Таиланд, сондай-ақ, Молдова, Швейцария, Үндістан мен Сербияны да экспорт үшін келешегі бар елдер ретінде атап отыр. Ал Еуропалық одақта бір тоннасына 172 доллар мөлшерінде ұн енгізуге тыйымдық баж салығы енгізілген. Бұл одаққа еркін сауда-саттық туралы келісім-шартқа отырған елдер ғана өнім кіргізе алады.

Төлеген Жанбота




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *