ТАНЫС ТА БЕЙТАНЫС ЛАТЫН ӘРІП-ТАҢБАСЫ

Сәбит БЕКСЕЙІТОВ – филолог, қаламгер

Латын әріп-таңбасы қазақтың жаңа әліпбиінің көпшілік назарына ұсынылған нұсқалары төңірегіндегі пікірталас бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде қызу өтті десек, артық айтқандығымыз емес. Оған, тіпті, «қауіп еткеннен айтамын» деген ыңғайдағы орынды пікір, орайлы ұсыныс айтылып жатса да, мұны қарсылық деп қабылдаудың да қылаң беруі куә. Шын мәнісінде қарға тамырлы қалың жұртымыздың басым көпшілігі қарсылық емес, қолдау білдіріп жатыр. Мәселенің мәнісін толық түсінбесе де, еліміздегі орыс тамырлар да, басқа да ұлт өкілдері де барынша қолдау көрсетуде.
Әлемде 65 әліпби бар екен. Десек те, жазу жүйесі және әліпби сияқты ұғымдарды ажырату жөн көрінеді. Әліпби – әрбір тілдің әріптер түрінде ұсынылған барлық дыбыстары болса, бұған қоса буындық жазу, тұтас сөзді білдіретін иероглифтер, тағы да басқалар бар екен. Сондықтан, қазіргі сәтке барлығы қырық алты әліпби бар деп есептеледі.
Арабтардың, грузиндердің, армяндардың, еврейлердің (иврит), гректердің, жапондардың (кандзи, ромадзи, хирагана, катакана), кхмерлердің, тіпті жаңа гвинея папуастарының төл әліпбилері бар. Кезінде қайран Ақаң (Ақселеу Сейдімбек) көне түркі руникалық жазуын жаң­ғыртып, қазақтың төл әліпбиін жасауды ұсынған еді. Ға­ламторда «Әлемнің барлық әліпбилері» (Все алфавиты мира) деген тізбеде сол Ұлы Жазуымыз жоқ, тіркелмепті…
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері жаңа әліпбиімізді латын әріп-таңбасы негізінде түзуге ойыстық. Содан бері осы мәселені қаузап келеміз. 2003 жылғы 6-7 қарашада Алматыда өткен Қазақстан Республикасының сол кездегі Мәдениет министрі Дүйсен Қасейінов ашып, жүргізген «Қазақ терминологиясы және бұқаралық ақпарат құралдары» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, көп жылдардан бері осы мәселемен тікелей айналысып жүргендіктен, төл мамандығым филолог ретінде, қырық жылдан астам ала қағазды айналдырып жүрген қаламгер ретінде өзімнің қазақтың жаңа әліпбиі төңірегіндегі ойыммен бөліскенді жөн көрдім.
Сөздің реті келген соң айта кетейін, сол алқалы бас қосуда әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетінің про­­фессоры, филология ғылымдарының докторы С.Мырзабеков: «Қазақ тілінің тыныс- тіршілігі, болашағы терминге тіреліп отыр. Мұндағы зор түйткіл мәні халықаралық, әні (дыбысталуы) орыстық сөздерге байланысты. Түбір тұрғысынан қарағанда қазақ тілі орыс тіліне кірме күйде. Алда екі жол: 1) Осы қалыппен зырлай береміз, жырлай береміз. Ақыры – құрдым. 2) Қазақ тілі өз дыбыстық жүйесіне келеді. 28 әріп дыбыспен барша сөзін қайта сөйлетеді. Орыс сөздерінің омыртқасын омырып, қабырғасын қаусатып дыбыстық жақтан қайта игереді. Өзінің тілдік иммунитетін қалыптастырады. Бұл тілдің болашағы үшін керек. Қазіргілер үшін мұндай әрекет құбыжық болып көрінетініне күмән жоқ», – деген еді. Осы сөздің шындығына күні бүгінге дейін көз жетіп келеді.
Басты гәп өзгетілді дыбыстардан арылу болса, кирилше құрастырылған әліп­биімізден 11 дыбысты (в, ё, ф, ц, ч, щ, ъ, ь, э, ю, я) алып тастасақ, қалған 31 дыбыс (а, ә, б, г, ғ, д, е. ж, з, и, й, к, қ, л, м, н, ң, о, ө, п, р, с, т, у, ұ, ү, х, Һ, ш, ы, і) өз тілімізге ете­не екені анық. Осылардың ішінен а (a), б (b), г (g), д (d), е (e), і (i), ж (j), з (z), к (k), қ (q), л (l), м (m), н (n), о (o), п (p), р (r), с (s), т (t), у (u), х, һ (h), ы (y) 22 дыбыстың латынша таңбалануы дау туғызбайды.
Қазақтың латын әріп-таңбалы әліпбиін түзу барысында биліктегі шенеуніктер де, тілші ғалымдар да, қалың көпшілік те «Бізде таза қазақ тіліне тән сегіз әріп бар – соларды таңбалау керек. Басты мәселе осы», – деп Елбасымыз айтқан қағидатты ұстануы керек. 25 әріптен тұратын әліпбиге зерделеп қарасақ, төрден орын алған 3 әріп (Ц, Ф, В) қазақ тіліне тән емес дыбыстар және дауыссыз дыбыстар. Ал, қосұрықтанып, яки, қосәріптеніп диграф түрінде жертөлеге түсіп кеткен қазақтың 3 дауысты дыбысы – Ә, Ө, Ү. Бұл дыбыстар (әріптер) әредік емес, күнде минөт сайын, секөнт сайын, өмір бойы қолданылатын қазақтың ежелден келе жатқан төл дыбыстары. Міне, осы дыбыстар жеке әріппен таңбаланып, төрден өз орындарын алуға тиіс. Мейлі, қалай таңбаланса да: Ә, Ө, Ү деп өз бетінше қалдыруға да болады (бұл таңбалар компьютерде «Символдар» легінде бар, қазір пернетақтада да бар) немесе неміс әліпбиіндегідей Ä, Ö, Ü умлаут таңбалармен берілсе, ешқандай қиындық келтірмейді. Осы бір үш әріпті енгізгеннен өркениет көшінен қалып қоймаймыз… Ал, үлгі ретінде көлденең тартып отырған ағылшын әліпбиіндегі zh (ж), ch (ч) әріптері – дауыссыз дыбыстардың таңбалары.
Ұсыныс ретінде келесі айтарым: қа­зақ тіліне тән емес В, Ф, Ц, Ч дыбыс­та­рының V, F, C (Ц), С (2-ші бір нұсқада Ч болып жүр) латынша таңбалануларын қазақтың төл дыбыстарына пайдаланған дұрыс. Айталық, V-ны Ү әрпінің орнына, F-ны Ғ(ғы) әрпінің орнына, C-ны Ш әрпінің орнына, ал басы даулы W-ны Ұ орнына (ағылшынша дыбысталуы осы біздің ұлы Ұ-ға жуық) пайдаланған жөн сияқты. V дегеніміз Ү, W дегеніміз Ұ – әдемі үйлесіп, жарасып тұрған жоқ па?! Ал, енді, түрік ағайындардағы В, Ф, Ч дыбыстарын қажет етсек, міне оларды қос әріппен, яки диграфпен таңбалау керек (vh – в, fh – ф, ch – ч).
Ал, түрік алфавитінде, тіпті озық елдің бірі – неміс алфавитінде төбесінде қос нүктесі бар А, О, Ү (Ä, Ö, Ü) және т.б. әріптер бар. Сонда да, көштен қалып жатқан жоқ. Ал, біз 25 әріптік әліпбиге көшсек, тұтастай Ә, Ө, Ұ, Ү, Ғ, Ң, Ш әріп­терінен (7 бірдей төл дыбыстан) айырылайын деп отырмыз. Ә-ні Ае дегеннен, Ө-ні Ое дегеннен не ұтамыз?! Өйткені, қазақтар немістер сияқты қалай жазылса, солай оқып үйренген. Ағылшындар сияқты ұшақ атауын Boeing деп жазып, Боинг деп оқуға немесе француздар секілді автомобиль атауын Renault деп жазып, Рено деп айтуға дағдыланбаған. Атаң қазақтың «Әр елдің салты басқа, иті сарыала қасқа» деген уәжді сөзі осындай жағдайдан туындаса керек.
Әліпби жобаларын жасаушылардың қазақтың Ә мен Ө дыбыстарынан (әріп­терінен) қарадай неге үркетінін білмеймін, тіпті, түсінбеймін?! Тарихтан белгілі, КСРО ОАК жанындағы Жаңа әліпби жөнін­дегі комитеті латиница негізінде «Бірыңғай Түркі Әліпбиін» (Яналиф немесе қаз. Жаңаліп) әзірлеген болатын. Қазақ тіліне тән кейбір түрленімдері бар осы әліпби ресми түрде, 1929 жылдан 1940 жыл аралығында, кириллицаға ауыс­тырылғанша пайдаланылды. Осы әліп­биде Кеңес өкіметінің қылышынан қан тамған заманда Ә мен Ө өздерінің лайықты орындарын алып тұр. Ы әрпінің орнына орыстың айырым белгісі Ь әрпі пайдаланылыпты.
Айтса айтқандай, сәбіздің saebiz нұсқасын қызықтап жатқан тұста қаламдас досым, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің Бас редакторы, Президент сыйлығының лауреаты Мағауия Сембай вацап арқылы мына бір суретті жолдады. Таныс та бейтаныс латын әріп-таңбалы жазулар көзіме оттай басылды. Осы әліпбимен әке-шешеміз сауатын ашқан. Үйімізде латын әріптерімен терілген біраз кітаптар болатын. Шешей зауылдатып оқитын. Бастауыш сыныптарда жүргенде бір-екі бетін ашып көріп, көз тоқтатып еркін оқитынмын. Студент кезімде қарт қаламгер Жайық Бектұровтың үйіне барып, Сәбит Мұқановтың латынша әріптермен терілген «Мағжан Жұмабаев» деген кітапшасынан ақынның өлеңдерін қиналмай көшіріп алып, соңынан кирилшеге жаңылыспай түсірдім.
Міне, таныс таңбалар, бө­гелмей оқып отырмын. «Әдебиет мұра­ларынан. Ақан сері. Таңдамалы өлеңдері. Жинап баспаға дайындаған: Сәкен. Қазақстан көркем әде­биет баспасы. Алматы 1935». Дұрысы осы ғой. Ә, Ө, Ң, Ы, Ж әріптері жеке-жеке таңбаланған. Aelem, Oeleng дегенмен алысқа бармаймыз. Әlem, Өlen (n-нің құй­рығы бар) десе бір сәрі…
Осы жайларды жазып отырғанда, тіл ұшына қыжылы мен қылжағы аралас мына бір өлең жолдары келді:
Қосаяқ нәлет Ae-мен,
Ілгері жүзбек қай кемем?
Аеlim десең Әлімді,
Отыра қоймас жайменен?!
Қосұрық нәлет Oe-мен,
Кідіріп қалды ой кенен.
Оеlim десең Өлімді,
Оеmir ағаң «қой!» деген.
Қосмүйіз нәлет Ue-мен,
Көз жаздық жосық, жүйеден.
Үкілеп жүрген Үмітің.
Түскендей ауып түйеден!
Енді, бүгінгі таңда суретші-лингвист, халықаралық Интербет фонематикалық әмбебап әліпбиінің авторы Виталий Веташ әзірлеген 44 таңбадан тұратын Халықаралық әліпбиде де Ә мен Ө бірі екінші қатардан, енді бірі бесінші қатардан өздеріне тиесілі орындарын тапқан.

Интербеттің  баспа  әріптері 

Интербеттің  жазбаша  әріптері

Парламентте талқыланған латынша қа­зақ әліпбиінің нұсқасын ғылым және білім министрі Ерлан Сағадиев «ұнататынын» айтыпты. Парламент депутаттары Шаймардан Нурумов пен Ирина Унжаковалар Азаттыққа айтқан пікірлерінде парламентте таныстырылған латынша әліпбидің нұсқасын қолдап, оның «компьютерге ыңғайлы» және «экономикаға тиімді» екеніне назар аударған екен. Сонда, Тіл білімі институты әзірлеген жоба «компьютерге ыңғайсыз» және «экономикаға тиімсіз» деп кім айтты? Осы орайда ақын Қазыбек Исаның «Қазақ тілі компьютер үшін бе, әлде компьютер Қазақ тілі үшін бе?» – деген риторикалық сауалын қайталау жөн сияқты. Бәріміздің тіл ұшымызда сол сауал.
Өз басым, латын әріп-таңбасы қазақ әліппесін түрік әліппесіне осылайша жақындастыра түзген дұрыс болар деп ойлаймын. Осындағы қазақ тіліне тән емес әріптерді алып тастап, көпшілік ұсынған пікірлерді ескеріп, өзгерістер енгіз­се, баршамызға ұғынықты және ұтымды жоба болайын деп тұр. Сосын, әлеуметтік желілердегі маған ұнаған жазбалардың ішінде: «Компьютер пернетақтасында әріп пен цифр және кейбір символдарды басуға болатын 35 қосу 13 қосу 15 = 63 түйме бар. Бұл басқа функционал түймелерді айтпағанда. Орыстар Ё , Я, Щ, Ц, Ь, Ъ, Ч-ларға орын тауып отырғанда, біз неге өзімізді жұрт саусағын да сұқпайтын қуысқа тыға береміз! Яғни, қазақы төл дыбыстың әрбірі жеке әріп-белгі иеленуі керек. Ағылшында 26 әріп деген сөз, пернетақтада бар-жоғы 26 түйме бар дегенді білдірмейді ғой. 31-32 әріп, тіпті 33 болса да жолын тауып, бірақ қосақ әріп-белгілерден құтылу керек, жолатпау керек. Жоғарыдағы 35 әріп түймелері, 13 – ё-ден бастап теңдік пен қосу белгілерін, цифрларды басу үшін арналған үстіңгі регистр түймелерінің саны, 15 – оң жақтағы цифртақтадағы түйме саны. Енді осы 63-ті оған қоса 42 басқа функционал түймелерді – барлығы 105 түймені көре, біле тұрып қай сасқанымыз, өзімізден өзіміз құр босқа кең жерде сығылып, қысылып, мыжылып?! – деп, заңгер ғалым Болат Сыздықтың намысқа шақыра айтқан пікірі әрі түсіндірмесі болды. Дұрыс айтады. Мүмкіндігінше диграфқа жоламау керек. Латын таңбасына көшкен соң, жөнімен көшу керек қой! Қазақтың әрбір дыбысы, әсіресе, жуан дауыстылары жеке таңбалануға тиіс. Әйтпесе, Ае-мен, Ое-мен тілімізді бұзып алуымыз, тіпті, жойып алуымыз мүмкін?!.. Ал, тілбұзарлар мен басқатілділерге бәрібір, өз басым оларға дауа жоқ деп білемін.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: біз Рухани жаңғырудың басты темірқазығы – Қазақтың латын әріп-таңбалы жаңа әліпбиін қолдаймыз, басқаша болуы мүмкін емес. Ал, осы келелі іске ақжолтай серік боларлық пайымды пікір, ұтымды ұсыныс – қарсылық емес, кеңесіп ақылдасу, тың жобаны пысықтап, жетілдіруге ақ ниет, ізгі тілекпен жәрдемдесу. Ортақ іске бүкіл қазақстандықтар бір кісідей жұмылуы керек. Келісім түбі – келелі іс десек, Ұлы Дала елінің латын әріп-таңбасы жаңа әліпбиін жасауға дара-дара болмай, бір кісідей атсалысайық. Ұлттың негізгі белгілері – Тіл мен Діл жә­не Туған жер екенін, ал, әліпбиіміздегі Ә – Әкеміз, Ө – Өміріміз, Ұ – Ұлтымыз, Ү – Үкі­метіміз, Ы – Ынтымағымыз, І – Ісі­міз, Қ – Қазақ еліміз, Ғ – Ғасырымыз, Ң – шық­қан Шыңымыздың бектеп, бекемдеп, бе­кітер соңғы әрпі екенін әсте ұмытпайық. Естеріңізде болар, «бектеп, бекемдеп, бе­кітіп» деген сөз тіркесі ұлы Әуезовтің өміршең өрнегі.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *